Салық • 19 Қазан, 2023

Сән-салтанат салығы немесе жалпыға бірдей жайдақ шкала жойыла ма?

164 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Келер жылдан бастап Қазақстанда сән-салтанат салығы енгізіледі. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров салықтың бұл түрі Салық кодексіне өзгерістер енгізілгеннен кейін күшіне енетінін айтады. Қазір елде біркелкі табыс салығының шкаласы бар. Әрбір азамат табысының мөлшеріне қарамастан, мемлекетке табысының 10 пайызын төлеуге міндетті. Бұл – әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Қосымша құн салығы 12% құрайды, бұл да жоғары жүктеме болып саналмайды. Бұл мәселе біздің елде 2013 жылдан бері ресми емес түрде, 2020 жылдан елдік деңгейде талқыланып келеді. Бірақ азаматтардың қандай заттары мен мүлкіне ұлғайтылған салық салынуы мүмкін екендігі туралы нақты анықтама әлі ресми түрде талқыланған жоқ.

Сән-салтанат салығы немесе жалпыға бірдей жайдақ шкала жойыла ма?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақстанның бюджет саясатына талдау жасаған Дүниежүзілік банк (ДБ) сарапшылары табыс салығына біртіндеп прогрессивті шкала енгізу қажеттігін айтып отыр. Басқаша айтқанда, заң­ды тұлға­ларымыздың табысына салық салудың жалпыға бір­дей жайдақ шкаласына бай мен кедей теңестіріліп, бірдей салық тө­лей­тіндігіне ДБ қатты алаң­дау­лы. Олар өз шолуында қазақ Үкіметінің салық-бюджет саясатын жетілдіріп, мемлекеттік борышты салыстырмалы түрде төмен қалыпта ұстауға деген тал­пынысы барын да атап өткен. Бірақ бюджет саясатының айқын еместігі, сондай-ақ, экономи­ка­ны Ұлттық банк арқылы несие­лен­дірудің, Үкі­мет атынан қарыз тартудың тәуе­келдері бар екенін де қаперге са­лып өткен.

Дүниежүзілік банктің Қазақ­стан­­дағы тұрақты өкілі Андрей Михневтің айтуынша, кейінгі 20 жылда Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі мұнайдан түсетін табыстың үлесі өзгеріссіз қалып кел­генін, бұл фактор бюджетті мұ­найға байлап тастаған. «Қазақ­стан­ның алдында қазір екіұдай міндет тұр. Бірі – экономиканы көмірсутексіздендіру, екіншісі – бұл бастаманы мұнайдан түскен табыстың есебінен іске асыру. Мемлекеттік қаражат саясатын жетілдіру қазіргідей қиын кезеңде Қазақстанға аса қажет», дейді Андрей Михнев.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров журналис­термен өткен кездесуінде жан-жақ­тан ұсыныс түсіп жатқанын, әзірге бірер нұсқаны қарастырып отыр­ғандықтарын жеткізген еді. Шамадан тыс артық табыс табатын жеке тұлғалар олардан пәленбай есе төмен табыс табатын адамдармен бірдей салық жүктемесіне ие екенін Үкімет те сезіп отыр. Қысқасы, тәуелсіз экономистер прогрессивті мөлшер­ле­меге оралуды құп көрсе, Үкі­мет жалақыны кон­вертпен төлеу қайтадан бой кө­те­ріп кете ме деп аяқ тартыңқырайды. Ал «прогрессивті шкала» әділет­сіз­дік­ті жоюға, табысы төмен халық үшін салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретіні бұған дейінгі халықаралық тәжірибелерден бел­гілі. Қоғамдық пікір ең тө­мен­гі жалақы алатын адамдарды (85 мың) ЖТС салығынан мүл­дем босатуды, 500 мың тең­­геге дейінгі табыстарға 5 пайыз­дық салықтық мөлшерлеме бел­гі­леуге басымдық беріп отыр. Ара­да­ғы айырмашылықты жоға­­ры жалақы алатындар мен қал­та­лыларға салық салу ар­қы­лы қай­­тарып алуға болатын көрі­неді. Сарапшылар бұл ұсы­ныс­тың көптен бері айтылып келе жат­­қанын, бірақ екіжақты теке­ті­рестіріп қойған жайттың да осы екенін айтады.

Ескерте кетсек, біз айырыла алмай отырған салық шкала­сын әлемде 30 ел ғана жөн көре­ді. Ал дамыған елдердің бәрі прогрес­сивті шкалаға басымдық беріп, сол елден мол табыс тауып жүрген тұлғалар елдің дамуына да көбірек үлес қосуға міндеттеліп отыр. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1қыркүйектегі Жол­дауында көтерілген салық тек эко­но­микалық өзгерістерге сезім­тал­дығы төмен жоғарғы тапқа ғана әсер ететінін, өркениетті сауданы дамыту үшін барабар мөлшерлемелері мен қарапайым рәсімдері бар бөлшек салықты қолдануды кеңейту қажет екенін айтты. «Салық реформасының бөлігі ретінде «байлық салығы» деп аталатын салықты енгізуді қарастыру маңызды. Ол қымбат жылжымайтын мүлік, көліктер сатып алу үшін алынады және орта тапқа әсер етпейді», деді Мемлекет басшысы.

Әзірге нақтыланғаны бір басында бірнеше пәтері бар азамат­тар­ға қосымша салық болса, екін­ші нұсқа қосымша (люкс) са­лы­ғы пәтерлердің құнына байланысты анықталады. Мәселелер жаңа Салық кодексінің мәтінін әзірлеу жұмыстары аясында одан әрі талқыланатыны, жаңа Салық кодексіне бұл норма енгізілетіні сол кездесу кезінде белгілі болған.

Бұған дейін байлыққа салынатын салық тағы да Қазақ­стан­да енгізу ұсынылғаны БАҚ ар­қылы хабарланған болатын. Тіпті депутаттар Парла­мент Сенатының сессиясында да бұл мәселені кө­тер­ген. Алай­да ұсы­ныстар заң­на­малық түзету­лер­де көрініс тап­пай, талқылау деңгейінен аса ал­май қалды.

2022 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2023 жылы фискалдық реттеуді қайта жандандыру үшін жаңа Салық кодексі дайындалатынын айтқан болатын.

«Салық реформасы аясында «сән-салтанат» деп аталатын са­лықты енгізу мүмкіндігін қарас­­ты­ру маңызды. Ол қымбат жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алудан алынады және орта тапқа әсер етпейді», деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев. Бай­лыққа салық салу мәселесі көте­рілген кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дамыған елдердегідей жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына көшуді ұсынған болатын. Өткен жылы сән-салтанат са­лығы елімізде жалпыға бірдей дек­ларация енгізілгеннен кейін қа­растырылатыны айтылған еді. Төлем қабілеттілігі төмен адам­дарға салық салуды азайту мақ­сатында енгізілген сараланған салықты енгізуді әртүрлі уәкілетті органдар 10 жылдан аса уақыт бойы талқылап келеді. Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті – декларациялар бойынша салық жинауға жауапты органдар. Осыған дейін салық декларациялары салықтық құпия болып келді. Мемлекеттік қызметтегі жаңа нормалар қызметкерлердің та­бы­сын өз еркімен жариялауына мүмкіндік береді.

Сарапшылар біздің елдегі жеке табыс салығының осымен 4-ші мәрте өзгеріске түскелі тұрғанын айтады. Жаңа нұсқадағы кейбір өлшемдер қоғамға таңсық емес. Оның біразы 2007 жылға дейін қолданыста болды. Ол нұсқада азаматтар жеке табысының 5-тен 40 пайызына дейінгі мөлшерін салық ретінде аударып отыруға міндеттелетін. Бірақ табысы жоға­ры­ларға көбірек салық салынса, елден инвестиция кетеді немесе бизнес көлеңкеге қарай ойысады деп қауіптенетіндер де табылды. Ал мамандар болса бәрі электронды жүргізілетінін, ол жа­ғына алаңдауға себеп жоғын айтып отыр.

Мемлекет басшысы осыдан 16 жыл бұрынғы тәжірибеге кезең-кезеңімен қайта оралуды жөн көріп отыр. Әзірге нақты қандай көлемдегі байлыққа қанша салық салынатынын жіліктеп түсіндіріп айтқан емес, айтылғандардың бәрі ұсыныстар мен қарастырулар деңгейінде.

Сән-салтанат салығы әлемдік тәжірибе үшін жаңалық емес. Бұл – көптеген елде бар және қалыпты жағдай. Алматылық тәуелсіз қаржылық талдаушы Андрей Чеботарев айтқандай, мәсе­­ле оның қаншалықты қол­да­ны­­­латынына, қандай тетік­тер­­ді пай­даланатынына және қалай жина­ла­тынына байланысты.

Экономист Айдар Әлібаев бізбен әңгімесінде сән-салтанат салығын енгізу әлі ерте екенін, қазіргі жағдайда оның тиімді болмайтынын айтып берді. Біз бұл тәжірибені енгізбестен бұрын аза­мат­тардың шығындарын бақы­лау­ды енгізу қажет. Мысалы, 100 мың  долларға көлік немесе 1 млн долларға үй сатып алған азамат бұл байлықтың қай­дан келгені туралы есеп беруі керек. Сарапшының пайымдауынша, бізде Салық кодексінде «люкс салығы» түсі­ні­гінің нақты анықтамасы жоқ және мұндай салықтың жеке түрі жоқ. Көлік салығы немесе үй салығы деген атаулармен алы­натын салықтардың шартты атауы. Салық саларда орта және шағын кәсіп иелері зардап шегіп қалмас үшін жалпыға бірдей табыс декларациясын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін, көр­се­тіл­ген мәліметтермен шек­те­­­ліп қалуға болмайтынын айтады. Ең алдымен, билік пен биз­нес­тің аражігін айқындап алу қажет. Заң бойынша мемлекеттік қызметте жүргендердің бизнес­пен айналысуға құқы жоқ. Біздегі Үкімет құрамы күні кешеге дейін бизнес сегментінен келген азаматтармен толығып отырды. Басым көпшілігі бизнесін туған-туыс­та­ры немесе аты-заты белгісіз тұл­ғалардың атына жаздырып қой­ған. Бізде атында 200 мың доллардың көлігі, компанияларда акциздік үлесі немесе 500 шаршы метр зәулім үй тіркелген «зейнеткерлер» жетеді. Күні бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстар соларды анықтаумен шектелді. Ендігі жүріс сол азаматтардың зейнеттегі жасына қарамай табысын қандай жолмен тапқанын талап етсек, оның арғы жағынан көлеңкеде жүрген «мистер Х-тер» «менмұндалап» шыға келетіні ақиқат.

Себебі жергілікті деңгейде мүгедек баланың ата-анасы, зей­нет­керлерге әртүрлі салық жеңіл­дік­тері қолданылды. Нәтижесінде, дәулетті зейнеткерлер «көбейіп» кетті. Ендігі мақсат жа­сына немесе әлеуметтік мәр­те­бесіне қарамай барлық аза­мат­қа табыс салығын немесе табысының қандай көзден алғанын міндеттейтін заң керек. Иелігіндегі кәсіпорындар табы­сын жасырып, кірісін азайтып, нөлдік көрсеткішпен есеп беретіндер де жетеді біздің елде. Ел ішінде акциялық үлесін енесіне немесе балдызының атына жазып жүргендер көп екенін күнде көріп жүрміз. Бұл мәселенің күрде­ле­ніп кеткені соншалықты, ком­панияның шын иесін интерпол арқылы іздесе де таба алмайтын жағ­дайға жеткен. Сондықтан ком­паниялардың акциясы немесе жыл­жымайтын мүліктің шын иесін анықтамай тұрып байлық са­лығын ашық жүргізу мүмкін емес.

Тәуелсіз сарапшы Айбар Ол­жа­ев­тың айтуынша, табыс са­лы­ғы­ның әлемдік жүйесі сан қыры­мен ерекшеленеді. Дамыған елдерде бұл мәселе мемлекет қаржысын жеп қойғандар үшін табанына батқан тас, маңдайына кірген шөңгемен бірдей. Бірақ дамыған елдер үшін бұл жүйе экономиканы тазартудың немесе басы артық қаржыны эконо­ми­каға инвестициялаудың, ал біз үшін өркениетті экономика қалыптастырудың, олигархиялық қы­сымнан тәуелсіздік алудың алғышарты.

Сарапшы осы ретте табыс немесе сән-салтанат салығының экономикалық негіздемесіне де назар аударып өтті. Дамыған елдерде табыс – қор нарығына немесе экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалса, біздің елде – ойланбастан офшорға асырылатын. Үкімет ендігі жерде жүйені тазартуға ниеттеніп отыр. Мақсат – ұлттық инвесторларды қалыптастыру. Себебі елде тіркелген сән-салтанат активтері аз. Барларының басым көпшілігі қайын енелері немесе ауылдағы көршілері мен құдаларының атына тіркеліп кеткен. «Әзірге көп нәрсе түсініксіз. Мысалы, біздегі қалталылардың басым көп­шілігінің қаржысы офшорда, жылжымайтын мүлікте немесе яхталарға айналып кеткен, тұр­ған елінде салығын төлеп, заңдас­ты­рып алғандары да бар. Олар туралы ақпаратты қайдан алатынымыз және кімдердің көмегіне жүгінетініміз туралы ақпараттар ашық айтылса, нәтижелі болады. Себебі табыс салығы жыл сайын салына ма, әлде бір ретпен шектеле ме деген сауалдарға Үкімет жауап беру керек», дейді сарапшы.

 

АЛМАТЫ