Бизнес • 14 Желтоқсан, 2023

Бизнеске қармақ керек

150 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне айрықша тоқталып өтті. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастаған. Десе де орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсеңдеу.

Бизнеске қармақ керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Президент: «Ең алдымен, орта биз­­нестің дамуын тежеп тұр­ған ке­дер­гілерді жою қажет. Орта кәсіп­кер­­ліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің на­рығында белсенді жұмыс істеп жат­қан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әр­қай­сысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өн­діріс қабілетін арттырып, өнім көле­мін екі-үш есе көбейту шарт», деген еді.

Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейтіндігін ескерсек, бүгінгі күні негізгі салалар бойынша бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отырғанымен нарықтағы шынайы ахуал­­ды көрсете алмай келеді.

Сондықтан сауда-саттыққа қатыс­ты озық тәсілдер еліміздің өнім өн­діру­шілеріне толық қолжетімділікті қам­­тамасыз етуі қажет және сол ма­ңызды болып тұр.

Ал осы орайдан келгенде, елі­міз­де­гі шағын және орта кәсіпкер­лік­тің жедел әрі тұрақты дамуына ықпал етілсе, экономикалық өсім ұлғайып, халықтың өмір сүру сапасы артып, ұлттық экономикамыз нығаяр еді.

Таяуда ұсынылған Ұлттық статис­тика бюросының мәліметіне қара­ғанда, елімізде 2,2 миллион шағын және орта бизнес субъектісі (ШОБ) бар екен. Оның ішінде ең көп үлес кө­терме және бөлшек саудаға, авто­кө­ліктер мен мотоциклдерді жөндеуге (35,9%), қызметтердің басқа түр­лерін көрсетуге (15,4%), сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруа­шы­­лы­ғына (14,4%) тиесілі. Бұл ретте жұ­мыс істеп тұрған ШОБ субъек­ті­ле­рі­нің саны бір жылда 20,2%-ға өсіп, 2 миллионнан астам бірлікті құраған.

Осылайша, еліміздегі кәсіпкер­ліктің белсенділік деңгейі – 91%. Ке­йінгі жылдары шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі драй­ве­рі­нің бірі – цифр­­­­­ландыру ісінің артуы­на мамандар ШОБ субъектілерінің интернет желісін жиі қолданатын ұйымдармен тікелей әріптес болуы­мен де байланыстырады. Бір жыл ішіндегі 16,3% өсім цифрландырудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Бұған елдегі банктер кәсіпкерлерге элек­трон­дық қызметтер арқылы біраз мүм­кіндік бергенін де қосуға болады. Соның арқасында шаруалардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Екінші деңгейлі банктердің цифрлық қызметтері танымалдық танытқаны сонша, ірі банк­­тер де жеке қызметтер мен мобильді қосымшаларды жүктеп жү­зеге асыруда.

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне қарағанда, өткен жылы ел экономикасындағы ШОБ үлесі – 33 па­­­йыз, жұмыспен қамту 44 пайызды құраған.

«Әрине, көрсеткіштер өте перс­пек­тивалы, дегенмен 2050 жылға қарай ШОБ үлесі еліміздегі ІЖӨ-нің 50%-ына дейін артуын көздейді. Қазір бұл көр­сеткіш басқа дамушы елдермен салыс­тырғанда әлі де жеткіліксіз. Экономикадағы оның үлесі 45%-дан 70%-ға дейінгі аралықта ауытқып тұр. Мұндағы басты мәселенің бірі инфляция, валюта бағамының әлсіреуі мен несие мөлшерлемесінің көтерілуі аталған бизнес түріне қаржылай жетіспеушілік туғызып, оның үстіне мемлекеттің араласуы да ықпал етіп отырғаны бар», дейді Қазақстандағы «KPMG Caucasus and Central Asia» халықаралық фирмалар желісінің басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев.

Соңғы бес жылда шағын және орта бизнесті несиелендірудегі өсім­нің ұлғайғаны, бұл негізінен мемле­кеттік бағдарламалар мен бюд­жет­тік субсидиялардың есебінен болып тұр. Қалай айтсақ та бизнес үшін ка­питалға қолжетімділіктің шек­телуі, біздегі экономиканың жо­ға­­ры дең­гейдегі құбылмалдығы, инфля­цияның өсуі, импорттың артуы мен жоғары базалық мөлшерлемеге қа­тыс­ты. Мұның бәрі қаржыға қол­бай­лау екендігі рас. ШОБ жоғары пайызбен несие алғысы келмейді. Өйткені оларға «қымбат және қысқа мерзімді» ақша емес, «арзан және ұзақ мерзімдегі» ақша керек. Нарықтағы қаржылық деректердің көпшілігін ірі және орта бизнес ұсынса, ал ша­ғын және микрокәсіпорындар өз есептерін жариялауға құлқысыз.Қа­зақ­стандағы KPMG – аудиторлық, салықтық және кеңес беру қызметін ұсынатын халықаралық фирмалар желісінің жүргізген сауалнамасында, кәсіпкерлер көбінесе бизнестің өз санын жария етуді қаламайтындығын білдірген.

Шағын және орта бизнесті дамыту үшін оларға қолайлы жағдай жасау, инфляциямен күресу, бизнестегі қатысуын азайту – мемлекеттің жұ­мы­сы болғанымен, кәсіпкерлерге бизнесті басқару, деректерді талдау, үдерістерді автоматтандырудың цифр­­лық технологияларын енгізу, ин­тернет-дүкендер мен әлеумет­тік желілер арқылы онлайн қаты­су ке­ңіс­тігін кеңейту, сату көлемін арттыруда электрондық-коммерциялық платформаны пайда­ланып, тауар­лар мен қызметтерді экспорттау мүм­кін­­діктерін белсенді түр­де жүргізуі ке­рек.

«Қазақстан 2050» стратегиясында көрсетілгендей шағын және орта биз­несті дамытуға қойылған мақсат­тар­ға қол жеткізу үшін кәсіпкерлікті қолдаудың көптеген мемлекеттік бағдарламалары бар. Олардың ішінде кейбіреулері іс жүзінде бизнесті дамыту жолында белгілі бір табысқа жетуіне септігін тигізсе, ал басқалары тиімсіздеу болып тұр.

Дегенмен ШОБ-ты дамыту жө­ніндегі мемлекеттік экономикалық сая­сатта орын алып отырған кемшілік­тер­ді де назардан тыс қалдыруға болмайтындығын ескерген жөн.

«Мемлекет тарапынан көбіне ШОБ-ты қолдаудың дайын шешім­дерін қамтамасыз еткенімен, «қар­мақ бергеннің орнына балық бергендей» олардың даму жоспарын кейінге қалдырып жатады. Сол үшін біріншіден, инфляция деңгейі мен базалық мөлшерлеме төмендеуге тиіс. Сонда қаржыландыру жағы қол­же­тімді болар еді. Бұдан өзге, қар­жы­лан­дырудың баламалы құрал­да­рына жататын қор нарығы мен осы бизнес үшін жеке капитал нарығын әзірлеуді қажет етеді. Бұл ретте мем­лекет бизнесті қорғауды, тиімді сот тәжірибесі мен салық салу, әкім­шілік-құқықтық реттеуге қа­тыс­­ты дәйекті саясатпен қамта­ма­сыз ету ба­ғытында жұмыс істеуі шарт. Қа­лай дегенмен де 2050 жыл­ға қарай ел экономикасындағы үлесті 50%-ға жеткізуіміз керекпіз. Оған қолбайлау болмай, ең алдымен іргелі проблемалардың ішінде эко­но­миканың шикізатқа деген жо­ғары тәуелділігімен, инфляция мен базалық мөлшерлеменің өсуі­мен күресуіміз керек. Аталған мәсе­ле­лерді шешпейінше, ШОБ дамыту­дың оптимистік сценарийі туралы айту қиын. Мемлекет ШОБ-ты дамытуға белсенді түрде күш салып отырғандығы, шағын және орта биз­нестің жыл сайынғы өсуінен бай­қа­ла­ды.

Қазір ШОБ үшін бетбұрыс кезеңі келді. Бұл сала шын мәнінде дамудың жаңа векторына енуге мүмкіндігі бар. Алайда оған жету жолында ең маңызды ерекшелігінің бірі қаржы­лан­дыру мөлшерлемесінің аздығы. Аталған саланы одан әрі дамытып, табысты өркендеуіне кедергі болуы ағымдағы қаржыландырудың жет­кі­лік­сіздігінен тұрған жайт. Жеке инвестицияларды тартудың перспективалы мүмкіндіктері бар екеніне назар аударып, ШОБ өкілдері өз қызметінде ашықтық қағидаттарына белсендірек танытуға тиіс. Ал Үкімет шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін банк секторын ынталандыру қажет», дейді С.Жұмашев.