*2015 – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы
Алтын Жұлдыздың жарығы. Бұрынғы КСРО-да «Кеңес Одағының Батыры» деген құрметті атақ 1934 жылдың 16 сәуірінде тағайындалды. Содан 4 күн өткен соң, яғни 20 сәуірде оның алғашқы иелерінің есімі де белгілі болды. Олар Солтүстік мұзды мұхиттың қыспағында қалған «Челюскин» кемесін құтқаруда ерекше ерлік көрсеткен ұшқыштар А.В.Ляпидевский, С.А.Леваневский, В.С.Молоков, Н.П.Каманин, М.П.Слепнев, М.В.Водопьянов және И.В.Доронин еді. Көп ұзамай бұл жоғары атаққа ие болғандардың қатарын М.Громов, В.Чкалов, Г.Байдуковтың есімі толықтырды. Осы орайда Кеңес Одағының Батыры атағына тұңғыш рет ие болған қыз-келіншектерді де айта кеткен жөн. Олар «Родина» самолетімен Мәскеуден Владивостокқа дейінгі аралыққа қонбай ұшып рекорд жасаған – В.Гризодубова, П.Осипенко, М.Раскова еді.
Сарғайған тарих беттеріне көз жүгірткенімізде, мынадай бір ерекше факт ойға оралары анық. 1938-1939 жылдары Кеңес елінің шығыс шекарасына басып кірген жапон самурайларына қарсы Қызыл армия жауынгерлері ерлік күрес жүргізді. Соның айғағындай 1938 жылғы Хасан көлі маңындағы шайқаста 26 жауынгер, 1939 жылғы Халхин-гол өзені бойындағы ұрыста 70 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
1941-1945 жылдарда КСРО-да тұратын түрлі ұлт өкілдері жаппай ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Осы алапат соғыс кезінде 60 ұлттың өкілінен тұратын 11,6 мың жауынгер мен офицер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Батырлардың ұлтына келетін болсақ, оның 8160-ы орыс, 2069-ы украин, 309-ы белорус, 161-і татар, 108-і еврей, 103-і қазақ (бейбіт кезеңде алған 3 қандасымызды қоссақ – 106.
Авт.), 90-ы грузин, 90-ы армян, 69-ы өзбек, 61-і мордвин, 44-і чуваш, 43-і әзербайжан, 39-ы башқұрт, 32-сі осетин, 18-і марий, 18-і түрікмен, 15-і литван, 14-і тәжік, 13-і латыш, 12-сі қырғыз, 10-ы коми, 10-ы удмурт, 9-ы эстон, 9-ы карел, 8-і қалмақ, 7-еуі кабардин, 6-ы адыгей, 5-еуі абхаз, 3-еуі якут, 2-еуі молдаван, 1-еуі ұйғыр және басқа ұлттың өкілдері еді.
Бұл қаһармандар аса жоғары атаққа бір күнде, бір жылда ие бола салмағаны мәлім. Санақ деректеріне үңілер болсақ, соғыс басталған 1941 жылы оған 128, 1942 жылы 400 адам ие болған екен. Ал 1943 жылы еліміз батырларының саны 2500, 1944 жылы 3000 адамға көбейген. Соғыстың соңғы жылының шежіресінде 4500 адамның есімі алтын әріппен жазылған. 1941-1945 жылдардағы жалпы тізімде олардың 2000-ы ұшқыш, 1800-ге жуығы артиллерист пен минометші, 1142-сі танкист, қалғандары басқа әскери мамандықтың иелері екендігі көрсетілген. Бұдан түйер қорытынды біреу, ол – Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес адамдарының патриоттық сезімінің, қаһармандық іс-қимылының уақыт санап артып отырғандығы, өсе түскендігі.
Ұлы Отан соғысы жылдарында 130 адам Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атаққа екі мәрте ие болды. Солардың ішінен бір отбасынан шығып, кеудесіне Алтын Жұлдыз таққан қаһармандарды ерекше бөліп айтқан жөн. Олар – ағалы-інілі Игнатовтар, ағайынды Луканиндер, Лизюковтар, бір-бірімен біте қайнасқан туыс Городовиковтар болатын. Ал Кеңес Одағының Батыры атағын үш мәрте алған кімдер еді? Бұл орайда әуе ақиықтары А.Покрышкин мен И.Кожедуб, даңқты қолбасшы Г.К.Жуков бірден еске түседі. Ескерте кетейік, Г.К.Жуков кейін бұл атаққа төртінші рет ие болды.
«Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атаққа алғаш рет ие болған қазақ кім?» – деген сұрақ туады осы арада. Бұл сауалға жауапты 1941 жылғы 16 қарашада Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезін қорғаған атақты 28 панфиловшы батырлардың 1942 жылғы Жарлықпен берілген тізімінен табуға болады. Олар қаһарман қазақ жігіттері: Н.Есболатов, А.Қожабергенов, Ә.Қосаев, М.Сеңгірбаев. Содан кейінгі алтын жұлдыздылар тізімін Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, М.Мәметова одан әрі жалғастырды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағының Батыры атағын 500-ге жуық қазақстандық алды. Бейбіт кезеңдегіні қоспағанда олардың 103-і қазақ екені жоғарыда айтылды. 1941-1945 жылдардағы жалпы тізімнің ішінде мұндай жоғары наградаға екі мәрте ие болған төрт жерлесіміз бар. Бұлар: Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов және С.Луганский.
Бейбіт кезеңде де ерлік дәстүрі жалғаса түсті. Ондай қаһармандық істер қатарына Солтүстік мұзды мұхитты бағындыру, ғарышты, игеру, БАМ-ды салу сияқты даңқты бастамаларды жатқызуға болады. Осылардың бәрін есептегенде 1934 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықтағы алтын жұлдызды батырлардың саны 12,6 мың адамға жетеді екен. Олардың ішінде қазақстандық 5 жерлесіміз сөз етіп отырған атақты бейбіт кезеңде алғанын айта кеткен жөн. Ұшқыш М.Шаталов пен В.Пацаев Кеңес Одағының Батыры дәрежесіне 60-шы жылдары ие болды. Содан кейін 1988 жылы МИГ-29 истребителін сынаушы ұшқыш, кейін ғарышкер болған Т.Әубәкіров алса, сол жылы оған Ауғанстандағы интернационалдық әскери борышын үздік орындағаны үшін Орал облысының Чапаев ауданындағы Тасқұдық елді мекенінде туып-өскен Қ.Майданов, 1990 жылы Ұлы Отан соғысының аңызға айналған батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы ие болды. Сөйтіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақтар 106 адамға жетті.
Волгоградтағы қазақ көшесі. Еділ бойындағы осы қаладағы бір проспектінің «Қазақ көшесі» деп аталуының сыры неде? Біздіңше, оның өзіндік тарихы, себебі бар сияқты. Соның біріншісі мынау: Қазақстан Волгоград облысымен шектесіп жатыр. 1942-1943 жылдары қалаға қиыншылық туған кезде, мұндағы көптеген кәсіпорындар, соның ішінде «Красный Октябрь» зауыты түгелімен Батыс Қазақстан облысына қарай көшірілді. Қаһарман қаланы қорғаған 64-армияның резерві, госпитальдары Ақжайық өңірінде тұрды. Сталинградқа көмектің бәрі – Орал – Урбах – Астрахань теміржолы арқылы келіп жатты. Сол қиын-қыстау жылдары біздің республикамыз Сталинград үшін бірден-бір сенімді тыл еді. Екінші жағдай мынадай: Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандықтар біз сөз етіп отырған қаланы неміс-фашист басқыншыларынан қорғау кезінде ерекше көзге түсті. Өйткені, жау Еділ бойындағы қаһарман қалаға төніп келген кезде, оған қарсы біздің республикамыздан жасақталып барған 6 дивизия, 1 бригада ерлікпен шайқасты. Олар 387, 27, 28, 29, 38-атқыштар және 81-атты әскери дивизиялары мен 152-бригада еді. Бұлардың ішіндегі 29, 39-атқыштар дивизиялары Қызыл Армияның басқа бөлімдерімен бірге Сталинград түбіндегі фашистік әскерлердің 300 мыңнан астам тобын қоршап алып, оны жойып жіберуге қатысты. 200 күнге созылған ұлы шайқастағы осындай жанқиярлық ерлігі ескеріліп, біздің осы даңқты құрамаларға кейін 72 және 73-гвардиялық дивизия деген жоғары атақ берілді.
Сталинград майданындағы қиын да қаһарлы күндерде көптеген қазақ ұландарының есімдері даңққа бөленді. Мәселен, Қарсыбай Сыпатаев ұрыс кезінде жалғыз қалса да, бір адым кейін шегінбеді. Ол қолындағы ең соңғы минасын кеудесіне қысып, жау танкісінің астына түсті. Әуе қыраны Нүркен Әбдірев капитан Гастеллоның ерлігін қайталап, жанған ұшағымен дұшпанның үлкен қару-жарақ қоймасына түсіп, оның күлін көкке ұшырды. Қатардағы жауынгер Бейқұтбай Дембаев Еділ бойындағы осы қала үшін болған қиын да ауыр ұрыста өзінің жүрекжұтқан ерлік қимылымен Даңқ орденінің толық иегері атанды. Қаһарман қаладағы атақты «Павлов үйін» қазір кім білмейді. Міне, тарихта аты қалған сол мекенді екі айға жуық жауға бермей қорғаған бөлімшедегі орыс, украин, грузин, татар, абхаз халқының ержүрек ұлдарымен бірге біздің қазақ бауырымыз да болған еді. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Тәлібай Мұрзаев болатын.
Сталинград пен Қазақстанды туысқандық, достық дәнекерлермен байланыстырған тағы бір факт бар. 1943 жылдың ақпанында гитлерлік басқыншылар осы қаладан кері қуылып тасталды. Кеңес елінің алдында енді қираған қаланы қалпына келтіру міндеті тұрды. Осы кезде үкімет тыл еңбеккерлерін Сталинград құрылысына шақырып, үндеу көтерді. Мұны КСРО-ның түкпір-түкпіріндегі мыңдаған қыз-жігіттермен бірге өзіміздің қазақстандық жалын-жігер, жас түлектер де қолдады. Нәтижесінде қаһарман қаладағы трактор зауытын қалпына келтіру үшін республикамыздан 88 қазақ қызы аттанды. Комсомолдық жолдамамен барған бұл апа-әпкелеріміз онда екпінді еңбек етті, көптеген құрылыстарды салуға белсене атсалысты. Кейін қала әбден қалпына келіп, бой көтерген соң, туған жерге қайтып оралды.
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, бұл қаланың тұрғындары Қазақстан жауынгерлері мен еңбеккерлерінің қиын-қыстау кезеңдегі көрсеткен ерлігін, көмегін ұмытқан жоқ. Олар өздерінің жүрек түпкіріндегі рахметі мен ризашылығын сөз жүзінде айтып қоймай, іске асыруға бел байлады. Ақырында Сталинград қалалық кеңесінің атқару комитеті қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы кезіндегі осы қала үшін жан аямаған қимылын ескере келіп, бір көшені «Қазақ көшесі» деп атауға шешім қабылдады. Сөйтіп, Еділ бойындағы бұл қаланың бұрынғы «Жұмысшы – Шаруа көшесі» соғыс аяқталғаннан кейін көп ұзамай «Қазақ көшесі» болып аталды. Дәл сол жерде 1942 жылдың қыркүйегінде қазақ жігіттерінен жасақталған бөлімше фашистерге әлденеше рет соққы беріп, артқа шегінбестен қаза тапқан болатын. Көше атын беру кезінде қалалық атқару комитеті мұны да ескерген еді. Бұл жайында жазушы А.Шейнин және журналист М.Ритман өздерінің орталық баспасөзде шыққан очерктерінде тебірене жазған болатын.
Аспаннан жұлдыз жауған түн. Бұл оқиғаның тарихы атақты Курск шайқасымен тығыз байланысты. Өздеріңіз білетін шығарсыздар, құрметті оқырмандар, ол әскери операция 1943 жылдың шілдесінде басталды ғой. Соның нәтижесінде 5 тамыз күні біздің әскерлеріміз Орел мен Белгородты азат етті. Осы жеңіс екінші дүниежүзілік соғыстың одан арғы жағдайына түбегейлі бетбұрыс жасады. Кеңес жауынгерлерінің бұл ерлігі ел есінде мықтап қалуы үшін, біздің әскерлеріміздің рухын көтеретін қандай ұйымдастыру шараларын қолға алған жөн? Фашистік Германияның «Цитадель» жоспарының күлін көкке ұшырған сәттегі қуанышты хабарды естігенде, біздің қолбасшыларымыз, міне, осыған ерекше мән берді. Оны армия генералы С.М.Штеменко «Бас штаб соғыс жылдарында» атты кітабында былай деп баяндайды:
«Генерал Антонов екеумізді Ставкаға шақырды. Сталин майдандардағы басқа қолбасшыларды да жинаған екен. «Сіздер соғыс тарихын оқисыздар ма?» – деп Жоғарғы Бас қолбасшы Антонов екеумізге қарады. Біз не дерімізді білмей, күмілжіп қалдық. Сауалдың өзі орынсыздау сияқты. Тарих оқып отыратын уақыт па бұл. Сталин сөзін іле жалғастырып әкетті. «Тарихты оқысаңыздар, білген болар едіңіздер, сонау көне заманда жасақ жауды жеңгенде, қолбасшылардың және олардың әскерлерінің құрметіне барлық шіркеудің қоңыраулары қағылатын. Бізге де жеңістерді құттықтау бұйрықтарымен атап қоймай, есте қаларлықтай етіп өткізген жаман болмас еді. Біздің ойымызша, – ол айнала отырған Ставка мүшелерін нұсқады, – үздік шыққан әскери бөлімдер мен командирлердің, оларды басқарушылардың құрметіне артиллериядан салют берген жөн».
Міне, құрметті оқырмандар, алғашқы Жеңіс салютін ұйымдастыру 1943 жылдың 5 тамызында Мәскеуде осылай қолға алыныпты. Жоғарғы Бас қолбасшы генерал А.И.Антоновпен және басқа Ставка мүшелерімен сөйлесіп болған соң, Кремльге Мәскеу әуе шабуылына қарсы қорғаныс майданының қолбасшысы генерал Д.А.Журавлев шақырылады да, кешкілік мерекелік салют беру туралы бұйрық алады.
Мұндай рәсімнен хабары жоқ артиллеристер архив документтерін ақтаруға отырысты. Сөйтсе «отты думан» өткізуде бірінші Петр патша алғаш әрекет жасапты. Ол «аспаннан жарқыраған жаңбыр жауатын көріністің» сценарийін өзі жазып, оның орындалуына үлкен мән берген екен. Артиллеристер мұны оқып танысқан соң, тағы бір қиындыққа жолықты. Олардың алдында енді зеңбірек пен жай оқталған жарқырауық снарядтарды қайдан алу керектігі жайлы мәселені шешу міндеті тұр еді. Кремль коменданты не бәрі 24 тау зеңбірегін бере алатынын хабарлады. Қалған 100 зеңбірек астананы әуе шабуылынан қорғап тұрған зенит батареяларынан жеткізілетін болды. Қоймалардан бар болғаны жай дәрімен оқталған 1500-дей әртүрлі зарядтар табылды. Осының бәрін есептей келіп, кешке өткізілетін салтанатқа жауапты адамдар салютті 124 зеңбіректен беруге шешім қабылдады.
Жоғарыдағы ұйымдастыру шараларына дайындық біткен соң, еліміздің барлық репродукторларынан диктор Ю.Левитанның даусы саңқылдай естілді. Ол: «Бүгін 5 тамызда, 24 сағатта біздің Отанымыздың астанасы Мәскеу Орел мен Белгородты азат еткен қаһарман әскерлеріміздің құрметіне артиллериядан 12 дүркін салют береді», – деп Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығын оқыды.
...Дәл түн ортасында Мәскеу аспанын артиллерия дүмпуі кернеп кетті. Қызылды-жасылды алау жұлдыздар көшелерді жарқыратып жіберді. Осы күннен бастап салют шеруінің тарихы басталды. Мұны жазушы Константин Федин «Жеңіс музыкасы» деп атады. 1943 жылдан 1945 жылға дейінгі аралықта Кеңес Армиясы жауынгерлерінің маңызды әскери операцияларды табысты орындағаны, жау қолында қалған одақтас республикалардың астаналарын, Еуропадағы басқа да мемлекеттердің астаналарын азат еткені үшін Мәскеуде барлығы 355 салют берілді. Солардың ішіндегі ең қуатты да айбындысы әрі салтанаттысы 1945 жылғы 9 мамырдағы салют еді. Бұл кеште 1000 зеңбірек түнгі аспаннан 30 дүркін жұлдыз моншақ жаудырып, Ұлы Жеңіс қуанышын әлемге паш етті.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».