Оның «Орталық Азия бидайына толық геномды сканерлеу, автоматтандырылған фенотиптеу және интенсивті селекция әдістері арқылы құндылықтар қосу» тақырыбындағы жобасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің грантына ие болды. Үш жылға жоспарланған жұмыс нәтижесінде 450-ге тарта бидай сұрыбының генетикасы стандартталады.
«Белгілі бір ортаға бейімді сұрыпты шығаруға 14-12 жыл уақыт кетеді. Бұл – өте ұзақ уақыт, көптеген ресурсты талап етеді. Ал мен зерттеп жатқан терең генетикалық талдау аталған уақытты алты есеге дейін қысқартады. Бір дақылдың генетикалық коды 16 миллиард әріптен тұрады. Компьютерлік өлшеммен алғанда әрбірінен 16 гигабайт ақпарат алынады. Сонымен қатар жылдам селекциялау бағытының ауқымы кеңейеді», дейді Қанат Ермекбаев.
Жас ғалым осы жоба аясында Орталық Азия бидайының толық геномдық генетикалық (Whole Genome Sequencing) мағлұматтарын алып, зерттей бастады. Сондай-ақ Орта Азия бойынша алғашқылардың бірі болып Жетісу университеті базасында құрылған «Speed Breeding» платформасы кеңейтіліп, «Ұшқышсыз ұшу аппараты» қолданылмақ. Ең маңыздысы, «Speed Breeding», яғни жылдамдатылған селекция технологиясының толық әлеуеті ғалымдарымызға бір жылда алты рет өнім алып, еліміздегі дәнді-дақылдардың селекциясын айтарлықтай жылдамдатуға мүмкіндік береді.