Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар бірлескен 6 шешімге қол қойған. Атап айтқанда, Қазақстанның 2024-2026 жылдар аралығында төрағалығы кезінде ХАҚҚ Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітіліп, құжат 10 түрлі бағыт бойынша 40-қа жуық іс-шараны қамтиды деп жоспарланған.
Сондай-ақ екі ірі өңірлік жоба: Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азиядағы орнықты даму үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаны іске асыру нәтижелері қаралған.
Отырысқа қатысушылар ХАҚҚ ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметін жеке қарастырған. Тараптар осы айдың басында Астанада өткен жұмыс тобының 12-ші отырысының қорытындысын да сөз етті.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банкпен бірлескен Орталық Азия елдерінің гидрометеорологиялық қызметін жаңғырту жобасының қорытындысы шығарылған. Бұдан бөлек, ХАҚҚ елдері Қазақстан мен Франция бірлесіп өткізетін «Бірыңғай су» саммитіне қатысатындарын растады.
«Қазақстан ХАҚҚ-қа енді төрағалық ете бастағанына қарамастан, қазірдің өзінде нәтиже көрініп тұр. Жақында Астанада Қордың нормативтік-құқықтық базасы мен институционалдық құрылымын жетілдіру жөніндегі өңірлік жұмыс тобының отырысы өтті. Барлық елдер жемісті жұмыс жасады, ХАҚҚ басқару құрылымы мен құқықтық базасын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын берді. Барлық тараптар іс–шараның қорытындысына риза», деді Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігінің Су-энергетикалық саясат, ғылым мен техниканы дамыту бас басқармасының басшысы Далер Абдуразокзода.