07 Шілде, 2015

Тұлғалар толғауы

1396 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
28-04-02 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев есімінің Қазақ елінің тәуелсіздік тарихының беттеріне алтын әріптермен мәңгілікке жазылып жатқандығын «Егемен Қазақстан» газетінде 2010-2015 жылдары жарық көрген мақалалар мен сұхбаттар, өлең-жырлар топтастырылып, баспадан шыққан «Президент» атты кітап айқын айғақтап отыр. Ел газеті «Егемен» тағы да жарады! Кез келген дәуірдің тарихы ең әуелі сол елдің баспасөз беттерінде басылып, жазылары бар. Өйткені, әр заманның сәт сайын уақыт талғамай өтіп жатар сан қилы оқиғалары мен сан алуан пікірлері мен көзқарастары да сол кездің жүрек лүпіліндей, тамыр соғысындай болып ең әуелі газет беттерінде басылып қалары да ақиқат. «Сөзі мың жылдық» дейтін сол газеттің сан ғасырларды аралар сөзін архивтерге жіберіп, шаң бастырмай-ақ, жинап, қаттап-шоттап дегендей тұтас бір дәуірдің, соның ішінде тәуелсіздік тарихының шежіресіне аса бір жанашырлықпен қарап келе жатқан «Егемен Қазақстан» шынайы бір елдік іс атқарып келеді. Бұған дейін де, «Елбасы», «Тәуелсіздік», «Астана», « Салтанат», «Дінтұтқа» «Ұлт ұясындағы ұлағат» атты тарихи тәлімі мол жинақтарды баспадан шығарған «Егеменнің» бұл еңбегіне берген бір бағамызда «Егемен Қазақстан» газетінің бір өзі бір тарих институты атқаратын істі атқарып отыр деп айтқан да болатынбыз. Сол бағамыздың лайықты бір баға­мын­дай болып отырған мына «Прези­дент» атты кітаптың маңызы мен маз­мұнын даралап та, биіктетіп те, аспандатып та айтуға әбден жарарлық тари­хи еңбек екендігін атағанымыз да жөн. Тіпті, кей сәтте жүрегіңнің лүпі­лін күшейтетін тұстары да бар. Заман тағдыры мен адам тағдырының аралы­ғындағы ел мен халық тағдырының тұтастығын Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдырынан айқын сезіне алар сөзді Елбасы өзі толғана айтады. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов «Бақытты тағдыр белестері» атты «Президент» кітабының бастар сөзінде Елбасының жүрек түкпірінен шыққан «Көп нəрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бəрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының əлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тəубе!», деген орынды сөзімен ашуының өзінде терең сыр жатыр аңдай білген адамға! Бұл сөз Елбасының жан қуанышы, жан сыры және де тарихтың не бір кезеңдерінен сүзіліп өткен таза көңілдің адал да ақ ниетті сыр сөзі! Елбасының сол осы бір ауыз сөзі жүрегінің көзі бар әр саналыны ойға қалдырары бар. Ойланасың да, сол ойыңды Сауытбектің: «Еліміздің тəуелсіздік тарихының əрбір жылы, əрбір айы, əрбір күні Нұрсұлтан Назарбаевтың антқа адалдығын, сертке беріктігін көрсетіп келеді. Елбасымыз осы жылдардың өн бойында туған Қазақстанын бір белестен кейін бір белеске бастаумен, асудан асуға асырумен келеді. Ол айналасы ширек ғасырдай ғана уақыттың ішінде өз халқын Мəңгілік Ел құрудың Нұрлы Жолына түсіре алды», деген пайымды пікірімен сабақтарың да анық. Жинақты шығаруды мақсат етушілер бүгінгі күні оқырман назарына ұсынылып отырған «Президент» кітабы 2010 жылы жарық көрген «Елбасы» жинағының тақырыптық жалғасы екендігін, бұл жинаққа ел газеті «Егемен Қазақстанның» беттерінде 2010-2015 жылдар аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы шыққан мақалалар, сараптамалар, сұхбаттар, өлең-жырлар топтастырылып, жинақта туған елін бүкіл əлемге танытқан, мойындатқан, құрметті еткен Ердің ерен бейнесі сан қырынан айшықты ашылғандығын өздері айтқандарындай, негізгі осы бір мақсат ойдағыдай орындалғандығын осы тұста атап өтуді парыз деп білдік. Негізгі мақсат, «елдің ел болып құрылуын, толық тəуелсіздікке қол жеткізуін, ұлттың ұйысуын қамтамасыз еткен, сөйтіп əлем тарихында ұлы мемлекет басшылары ретінде танылатын тұлғалардың тындырған ісін жасай алған адамның лайықты бағасын білгізе түсу», деген «егемендіктердің» бұл қадамдары мен адал ой-ниеттерінің бағы жанғандықтарын да айту керек. Біздің бәріміз де бүгінгі күнге бала­лықтан келгенбіз! «Президент» кіта­бындағы «Болашақты бастап берген балалық шақ» атты Қорғанбек Аман­жолов жазып алған Елбасының туған топырағындағы, Шамалған ауылын­дағы бала күнгі достары мен бірге оқы­ған сыныптастары Нүсіпхан Нұрмаған­бетұлы, қатар өскен туыс əпкесі Шара Шегебайқызы Қатубаева, сондай-ақ, 1958 жылы Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектепті бірге бітірген Жомарт Исабекұлы Сексенбаев пен Сайлаубек Қасенбайұлы Қыдырəлиевтің әңгімелерінің кей тұстарынан бала кездегі Нұрсұлтанның мінезі мен асыл қасиеттерін бүгінгі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бойынан жарқырай көрініс беретіндігін аңдар едік. Бала мінезі даналыққа ұласқан Нұрсұлтан Әбішұлының адами асыл қасиеті өн бойына әуелі анасының ақ сүтімен, әкесінің ұлағатымен, туған топырағының құнарымен дарығанын тағы да бір ұғына түстік. «Жалпы, Сұлтанның өңі, мінезі, отырған жерін думан қылып күлдіріп отыруы, қалжың айтып, тауып сөйлеуі мамасына тартқан. Əлжан жеңешеміз бесаспап жақсы кісі еді ғой. Ол кісінің қолынан бəрі келетін: іс те, сөз де. Ағайынның арасында қадірі тегі жақсы еді. Ол кісісіз бұл ауылда той өтпейтін. Өлім-жітімнің де артын күтудің бəрін сол кісі басқарып жүретін. Қыз ұзатылса, келін түссе, тізгін жеңешемізде болатын. Осындай ұйытқылық, көпшілдік қасиет Нұрсұлтанға анасынан дарыған, – дегенді айтып отырған Шара Қатубаева апамыз­дың бұл мінездемесінде Нұрағаның бүгінгі болмыс-бітімі жатыр. Асыл ана­дан дарыған осы бір адами қасиеттері, мінез бен құлқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қашан болсын адами тұрғы­дан асқақтатып, аруақтандырып, биік­тетіп, даралап тұрары бар. Міне, ана сүтінің қасиеті дегеніңіз осы болар! 2010-2015 жылдар аралығында Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көр­ген сансыз мақалалар, сараптамалар, сұхбаттар, өлең-жырлардың автор­лары­ның әрқайсысының өз айтар ойлары мен пайымды пікірлері және де көңіл сүйсіністері мен сүйіспеншіліктері бар. Әрқайсысының бағасы қымбат салиқалы дүниелер. «Тұңғыш Президент Назарбаевты жүректе сақтай білу керек!» Осы бір асыл сөзді айта білген асыл ағалар-ай! Көкейіме келіп,ойыма орала берген осы бір ауыз сөз жан дүниемді әлдебір сағынышқа бөледі де, жарықтық аруағыңыз шат болғыр Әзағамның, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 2010 жылғы 22 маусым күнгі «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Замандасқа хат» атты жан толғауын қайра бір тебірене оқып шықтым. Біз Нұршайықовтың жан дүниеңді нұрландыра түсер небір тәтті де дәмді шығармаларын іздеп оқып өскен ұрпақ болғаннан кейін бе екен, «Сəлеметсіз бе, замандас! Біз бір-бірімізді көрмесек те бір ғасырда, бір қоғамда өмір сүріп келе жатқан адамдармыз ғой. Сондықтан бір-бірімізге сəлем жолдап, амандық білісіп жатуымыздың артықтығы болмас деймін», – деген Нұршайықовтың көбімізге таныс жылы бір үнін естігендей болдым. Cол Нұршайықов «Əр үйдің əкесі болады. Əке балаларына қамқорлық жасайды. Балалар əке қамқорлығын ұмытпай, өмір бойы естерінде сақтап өтеді. Сол сияқты мемлекет те – бір үй. Оның Президенті – ел əкесі. Мен бұл хатымда сол Президент – əкеміз жайында сөз қозғап, сізбен пікір бөліссем деймін», – дегенді айта отырып, «Президент Назарбаевтың жақсылығын жалпақ жұрт – жеті жасар баладан жетпістегі қартқа дейін біледі. Халық іштей айқын сезініп, жан жүрегімен түсінеді», – деп бір тұжырым жасаған Әзағаның мына бір сөзі: «Тұңғыш Президент Назарбаевты жүректе сақтай білу керек! Оның халық үшін қызметін жақтай білу керек. Ел үшін еткен ерен еңбегін ақтай білу керек! Мен осылай ойлаймын», – дегенін қалың еліне қалдырған аманат сөзі деп ұғындым. Әркімнің көкейінде сақталып та, жатталып та қалар Нұршайықовтың «Тұңғыш Президент Назарбаевты жүректе сақтай білу керек!», – деп осы бір айтқаны иә, бұл аманат сөз! «Президент» кітабындағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 6-шы шілде күнгі санында жарық көрген «Тарихты туындатушы тұлға» атты көлемді мақаласы және 2014 жылғы 4-ші шілдеде басылған «Дәуір тудырған» атты Сауытбек Абдрахманов жүргізген сұхбатының уақыттың да, дәуір мен ғасыр дамуының да әр кезеңіндегі бірегей бір тұлғаның, Елбасының қазақ елінің тарихындағы ғана емес тұтас адамзат тарихындағы орны мен рөлін бағамдау мен бағалаудың тамаша бір үлгісі болғандығын айтар едік. «Ұлы мемлекеттік қайраткер болу үшін тарихтың беталысын сезіне білу керек», – деген Тоқаев өзінің осы бір пікірін тағы да мына бір ойымен:   «Əлемге танылу жолы – шырғалаңға толы, бірде тайғақ, бірде тұманды да ызғарлы, тосқауылдары, сынақтары мен қиындықтары мол азапты жол. Н.Назарбаевтың дарыны, жаңа тəуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы оның рөлі күмəн туғызбайды. Ол қазақ ұлтының баршаға, күллі əлемге танылған Елбасы. Ол осы атпен елімізді аймақтық алпауыт мемлекеттер қатарына қосқан біртуар тұлға, мемлекет қайраткері мен саясаткер ретінде Тарихқа енді» – деп тоқайластыра сөйлей отырып Қасым-Жомарт Кемелұлы мұнан кейінгі ой желісін әлемдік көзқараспен орынды ұштастыра отырып, тағы да былай дейді: «БҰҰ-ның бұрынғы қызметкері ретінде айтарым, біздің басшымыз әлемдік қоғамдастықта шынайы құрмет пен беделге ие, оны жаһандық ауқымдағы саясаткер деп санайды. Бұл хаттаманың қатып қалған қасаң сөзі емес.» немесе «Президент Назарбаевтың реформалары шетелдерде ойластырылған ұзақ мерзімді стратегияның негізінде әміршіл-әкімшіл жүйеден ашық экономикаға жылдам өту жағдайында табысты мемлекет құрудың өзіндік бір оқу құралы сияқты зерттеледі. Әлемде Нұрсұлтан Әбішұлын аса көрнекті реформатор деп атайды. Кеңестен кейінгі елдердің бірде бір басшысы мұндай бағаға ие болған емес!» Сөздің әділі де, ақиқаты да осы болар! Ел тәуелсіздігін алу да, оны баянды ету де оңай болмағандығы ақиқат. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітаптағы мына бір: «Осы жылдардың бәрінде ел тұтқасын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстамағанда біздің мемлекетіміз дәл мұндай табысты бола алмас еді дегенді кәміл сеніммен айтамын», – деген пікірінің (605-ші бет) еріксіз ойға оралғаны бар. Ақиқат сөздің қашан болсын алдыңды орай берері де бәлкім осы шығар. Бұл ойлы сөзді тілге тиек ете отырып, Әбіш Кекілбаев пен Мырзатай Жолдасбеков сынды тұлғалардың дуалы ауыздарынан шыққан және де олар айтқан, айтып та келе жатқан әр сөздері мен пікірлерінің тарихи құндылығы әрдайым басым жатарын аңдағанымызды айтар едік. Өйткені, Әбекең мен Мырзекең тәуелсіздігіміздің ауыр жүгін Елбасымен бірге көтерісіп, өздерінің ақыл-парасаттарымен, ділмәрліктерімен ұлттың рухын көтеріп, елдің бірлігін сақтауға өлшеусіз үлес қосқан, әлі де қосып келе жатқан Елбасының сенімді серіктері болып табылады. Міне, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев «Егемен Қазақстанның» беттерінде 2010 жылғы 29-шы маусым күні жарық көрген өзінің «Елдікке қызмет еткен ерлік» атты шығармасында: «Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет», – дейді халқымыз. Пікір етсек те, шүкір етсек те орынды. Ірілі-ұсақты кемшіліктерден біз де құралақан емеспіз. Бірақ, бүкіл дүние ойсырап жатқан тұста, бізде бəрі де Құдайға шүкір. Қай шаруамызға да алыс-жақын қызыға қарайды. Қуана лебіз айтады. Мерейленіп қаласың. Ел мерейі – ер мерейі деген осы ғой. Бізге ешқашан ел болу оңайға түсіп көрген емес. Бұл жолы да оңай болған жоқ. Болашақта да бекем болған лəзім. Бұл мəселеде біз салулы төсек, салқын үйден ешқашан дəметпей, əрдайым қапы қалмайтындай, тас-түйін күй кешуіміз керек шығар. Нұрсұлтан Əбішұлының сарқылмас сабырына, мұқалмас қажыр-жігеріне, жарға біткен жантақты жанынан безген нар жейді дегендей, қиындықтардан сескенбейтін нар тəуекеліне қайранмын», – деген қарымды сөзінде Елбасының кез келген уақытта елдік істер үшін басын бәйгеге тіге білер ерлік бейнесі танылады. Ал, Мырзекең – Мырзатай Жолдасбеков «Егемен Қазақстанда» 2011 жылғы 8 сəуір күні жарық көрген «Елдік туы берік қолда» деген толғаулы дүниесінде 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш сайланған Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі кезіндегі мына бір жайды: «Инаугурация рəсімі аяқталып келе жатты. Бəрі де жиналған жұртшылықтың көкейінен шыққандай болды. Сөйтіп тұрғанда... Сол сəтті есіме алсам, əлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Иə, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі Мемлекеттік ту көз алдымызда қисайып бара жатыр… Кенет, о құдірет, əлгі құлап бара жатқан туды Президент бір қолымен қағып алғаны!.. Ту сыртында тұрған тудың құлап бара жатқанын қалай көріп қалғаны, соны қалай ұстап үлгергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның символдық мəні бар сияқты болады да тұрады маған. Нұрсұлтан Назарбаев, шынында да, қазақ­тың жығыла жаздаған туын қайта тікте­ген азамат», – деген ырымшыл да сыр­шыл көңілімен баяндап, ұлағатты ой түйеді. Назарбаев сынды әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлғаның кемел бейнесін кеңі­нен тани түсудегі Иманғали Тасма­ғамбетовтің «Елорда мен Елбасы егіз ұғымға айналғалы да талай уақыт болды. Бүгінде халқымыз елорданы Елбасының ерен ерлігі, елінің ертеңін ойлап жасаған ұлы шешімі деп біледі», – деуі, Қабиболла Жақыповтың «Қазақстан тәуелсіздігінің тарихын Тұңғыш Президенттің күшті көшбасшылығынан бөліп қарауға болмайды» және де Қайрат Мәмидің «Жиырма жыл ішінде Елбасы Қазақстанды саяси байланыстары мен ішкі дамуы, ұлттың рухани жаңғыруы мен әлемдік беделге ие болуы тұрғысында еш заманда болмаған жаңа деңгейге көтерді», – деген ойлы сөздері, Бақытжан Сағынтаевтың «Нұрсұлтан Əбішұлының арқасында біздің еліміз бар-жоғы екі он жылдық мерзімде кеңестік экономикалық жүйенің жай ғана қосымшасынан – халықаралық сахнада өзін-өзі көрсете білген, қарқынды дамып келе жатқан тəуелсіз мемлекетке айналды. Тек саяси ерік-жігері айрықша тұлғаның жетекшілігімен ғана сан алуан ұлыстар мен дін өкілдері өмір сүріп жатқан елде мұндай ауқымдағы реформаларды ешбір күйзеліссіз жүзеге асыруға болады», – деп пікір тұжырымдауы біздің Тұңғыш Президентіміздің кісілік келбетін де, іскерлік қабілетін де, адами асыл қасиетін де, саяси өрелігін де тани түсуге зор әсері мен пәрмені бар дегенді айтар едік. Ал енді Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Елбасы билікке келуімен қазақтың жаңа дәуірі басталды. Бұл – егемендік, тәуелсіздік, еркіндік дәуірі. Бұл – ер қазақтың Елбасымен бірге дәуірлеу кезеңі», – деп байламды да, пайымды сөз тастауы тарихи ақиқатты тасқа қашап жазған елдік сөз деп бағаларымыз бар. Сонымен бірге, Гүлшара Әбдіқалықованың «Елбасы туралы ой толғау оңай емес. Қазақстан Президентінің еліміз үшін сіңіріп келе жатқан ерен еңбегінің терең бағасын берер бір сөз іздегенде ойымызға «ерлік» сөзі орала береді. Расында да, Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың бүкіл өмір жолы туған Отаны – тəуелсіз Қазақстанды барша əлемге танымал, еңсесі биік мəртебелі мемлекетке айналдырсам деген биік мұратпен суарылған елдік жолындағы ерлікке толы екені айдай ақиқат», – деп халқымыздың көкейіндегі ойын дөп басып айтуы, Арыстанбек Мұхамедиұлының «Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев даналық қасиеттерінің нəтижесінде, тарих үшін ең қысқа мерзім ішінде жаңа да жас, тəуелсіз Қазақстанды əлемдегі келешегі зор, қарқынды дамып келе жатқан əлемдік мемлекеттердің бірі ретінде танытып, халықаралық беделін нығайта білді. Қазақстанды өркендеудің, даму жəне табысты болудың белесті биігіне шығарды», – деген сындарлы ой тұжырымы, Дәурен Абаевтың «Президенттің жас қазақстандықтардың қамын ойлауы – əрдайым болашақты ойлаудың көрінісі. Жалпы адам капиталына, жас буынға жұмсалған игіліктердің барлығы – ел болашағына салынған инвестициялар», – деп орнықты ой толғауы да Елбасының кесек тұлғасын аша түсудегі табылған сөз және де бұл пікірлерді бізден кейінгі дүние есігін ашар ұрпақтарымыздың сан мәрте қайталап айтары да, қайталап жазары да анық. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзат тарихының мәңгілік тұлғасы! Елбасының мәңгілігі – Қазақ елі! Елбасының мәңгілігі – ел Тәуелсіздігі! Елбасының мәңгілігі – Қазақ елінің Көкбайрағы, Әнұраны мен Елтаңбасы! Елбасының мәңгілігі – ел Астанасы! Елбасының мәңгілігі – жалпы Адамзат мүддесі үшін атқарып келе жатқан Істері мен Еңбектері! – деген оймен толғана отырып, «Егеменнің» игі де ізгі ниетімен қолымызға тиген «Президент» атты танымды да, тағылымды кітаптың ел Тәуелсіздігінің шежіресін түзудегі ең бір құнды еңбек екендігін тағы да қайталап айтамыз. Және де кітаптағы әр автордың әрқайсысының өз ой-пайымдарымен, өз айтарларымен де Елбасының тәуелсіз де мәңгілік ел құрудағы өлшеусіз еңбегінің бағасын бере отырып, ұлы Тұлғаны ақын Тұманбай сынды жыр сүлейінің «Ешқашан айнымайтын айтқанынан, жүрек бар қазағыңда сені ұғатын», – деп жырға қосуы да бар қазақтың және де барша қазақстандықтардың жан толғаныстары мен сүйіспеншіліктерін жайып салғандығы да елдік сөзбен астасып жатыр, «Егемен» өз «Президентімен» Елбасының елдік ісін паш етуді мұрат тұтса, сол үдеден шыға да білді деген пікірдеміз. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты. АСТАНА.