Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және жақында жарық көрген «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында салықтық әкімшілік жүргізуді оңтайландыру мәселесіне ерекше басымдық берді. Елбасы аталмыш мақаласында алдағы уақытта «Салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жақсартуға бағытталған шаралар зор маңызға ие болады», деп атап көрсетеді. Осыған байланысты біз төменде еліміздің салық жүйесінің өзіндік ерекшеліктері мен даму бағыттарына тоқталып өтпекпіз.
Қазақстан егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғанына да, міне, ширек ғасырға аяқ басты. Осы кезең аралығында салық жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілді. Салықтар мемлекеттің саяси және экономикалық қызметтерін қаржыландырудың негізгі көзі болып табылады. Ол мемлекеттің өмір сүруінің негізі болып саналады.
Қазақстан Республикасы салық жүйесінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мәселен, Германияда салықтың 50 түрі, біздің елде 13 түрі бар. Неге? Өйткені, салықтың басқа төлемдерден ерекше екеніне байланысты оған арнайы мәртебе беріп отырмыз. Салықтар және басқа да бюджетке төленетін міндетті төлемдерді қоссақ, яғни салықтың 13 түрі, алымдардың алғашқыда 13, қазіргі кезде 6 түрі, 9 төлемақы, мемлекеттік баж, кеден төлемдері, консулдық алымдардың барлығы 50-ге жақындап қалады.
Нарықты экономика мен мемлекеттiң салық саясатының негiзгi мақсаты бюджеттiң кіріс бөлiгiн қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету болып табылады. Ал салық саясатының басты мақсаты – салық жүйесiн құру және оның тиiмді қызмет етуiне мүмкiндiк беретiн салық тетігін iске асыру.
Салық жүйесі өз алдына сала болып қалыптасуы үшін, біршама қиындықтарды бастан кешіре отырып, көптеген өзгерістер мен толықтырулар жасалынып, қазіргі кезде тұрақты жүйеге түсті. Мемлекеттік басқару жүйелеріне көптеген өзгерістер жасалып, бірнеше заң жобалары қабылданды. Оларға қаншама өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Дамыған мемлекеттер мен көрші мемлекеттердің жүргізіп отырған саясаттарын сараптай отырып, өзіміздің ұлттық менталитетке сай, қажетті жақтарын алып отырды. Міне, осындай жан-жақты даму мен толықтырудың нәтижесінде еліміздің салық жүйесі жетілдіріліп келеді.
2008 жылдың 10 желтоқсанында жаңа Салық кодексі қабылданып, 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты Елбасы Қазақстан халқына арнаған 2009 жылғы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауында «Негізгі салықтар бойынша мөлшерлемелерді әлдеқайда төмендеткен жаңа Салық кодексі іске қосылды. Өткен жылмен салыстырғанда, корпоративтік табыс салығы биылғы жылдың өзінде үштен бірге төмендетіліп, 20 пайызды құрайды, ал 2011 жылы 15 пайыз болады. ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайызға дейін төмендетілді. Әлеуметтік салық мөлшерлемесінің регресті шкаласының орнына 11 пайыз көлеміндегі бірыңғай мөлшерлеме енгізілді. Инвестицияларды жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін салық преференциялары көзделген. Осының бәрі экономиканың шикізаттық емес секторын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың аса маңызды ынталандырғышының біріне айналды», деп атап көрсетті.
Барлық елде де салық мемлекет бюджетін толтырудың негізгі көзі болып саналатыны белгілі. Салық кірісі арқылы үкімет ел экономикасының өсімі мен өзге де салаларды бақылап, болашақты болжай алады. Дамыған мемлекеттерде салық түрлері өте үлкен. Мәселен, АҚШ-та ІЖӨ-ге түсетін салық 28 пайызды құраса, Англияда – 36 пайыз, Дания мен Швецияда 48 пайызды құрайды. Сол себепті бұл елдерде жемқорлық деңгейі төмен. Керісінше, білім беру мен медициналық қызметтердің сапасы жоғары. Дамыған мемлекеттердің тұрғындары да үлкен салықтан үлкен табыс келеріне көздері анық жетеді және сенеді. Елімізде жалпы деректерге сүйенетін болсақ, ІЖӨ-ден түсетін салық кірісінің көлемі 11 пайыз. Бұл әрине, шикізат қоры мол, экономикалық өсімі жыл санап артып келе жатқан ел үшін өте аз көрсеткіш.
Халықаралық стандарттарға сәйкес және әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, еліміздің жалпы әлеуетін ескере отырып, 2008 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған жаңа Салық кодексіне салықты есептеу тәртібінде және салық мөлшерлемелері бойынша бірнеше өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, атап айтқанда, көлік салығы, мүлік салығы, акциз салығы. «Молшылық салығы» дер кезінде қабылданған іс-шара болды. Аталған салық түрлері бойынша бюджетке бірнеше есе салықтық түсімдер түсті. 2014 жылдың қаңтар айында БҰҰ-ның сарапшылары «2013 салық жиынтығы – жаһандық көрініс» атты баяндамасын жариялады. Онда көрсетілгендей, дамушы мемлекеттер ішінде Қазақстандағы кәсіпорындар төлейтін салық деңгейі ең төменгі көрсеткіш (28,6 пайыз) деп саналады. БҰҰ-ның бұл тізімінде біздің ел 17-орында тұр. Ал, ең жоғары салық Өзбекстанда (98,5 пайыз). Жалпы, Шығыс Еуропа елдері мен Орталық Азияда кәсіпорындар мен өндіріс орындарына салынатын салықтың орташа көлемі 41 пайызды құрайды.
Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Бес институттық реформаны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары болып табылады. Ұлт Жоспары елімізге «2050» Стратегиясын жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды жүйелі емдеу болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды. Соның ішінде үшінші институттық реформа «Индустрияландыру жəне экономикалық өсім» деп аталады. «100 нақты қадамда» салыққа қатысты бірнеше қадамдар бар, атап айтқанда, 37-қадамда «Салық және кеден саясатын және ресімдерін оңтайландыру», 39-қадамда «Кеден және салық жүйелерін интеграциялау. Тауар салық салу мақсатында Қазақстан аумағына кірген кезеңнен бастап оны сатқанға дейін бақылауға алынады», 42-қадамда «2017 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік қызметкерлер үшін, одан әрі барлық азаматтар үшін кірісті және шығысты жалпы жариялауды кезең-кезеңмен енгізу», 43-қадамда «Салық декларацияларын қабылдау және өңдеудің орталық желісін құру. Орталық салық төлеушілердің электронды құжаттарының бірыңғай мұрағатына кіру мүмкіндігіне ие болады. Декларанттар салықты бақылау бойынша шешім қабылдау үшін тәуекел санаттарына бөлінетін болады. Жариялауды бірінші рет тапсырған жеке тұлғалар үш жыл мерзімде қайта тексерістен өтпейтін болады», 44-қадамда «Жанама салық салу тетіктерін жетілдіру. Қосылған құн салығының орнына сатудан салық алуды енгізу мәселесін жан-жақты зерттеу», 45-қадамда «Кіріске және шығысқа салық есебін міндетті түрде енгізу арқылы қолданыстағы салық режімін оңтайландыру» міндеттері күн тәртібіне қойылған. Осы бағытта Үкіметіміз тындырымды жұмыстар атқаруда.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында «Бүгінде біз бюджетке салықтық түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендегенін айтып отырмыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қосымша қысымды білдіретін болады. Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көрегендік емес. Біз алдағы жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек. Үкіметке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмір шындығы жағдайында қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Бізге мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарау қажет. Ең алдымен, бюджеттің кіріс базасын ұлғайту керек. 2017 жылы қазіргі ҚҚС-тың орнына сатудан түсетін салықты енгізу қажет. Барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жойған жөн. Салықтық режімдерді оңтайландыру қажет – тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады» деп атап көрсетті.
Осыған орай Қазақстан Үкіметі және тиісті министрліктер мен мекемелер бірнеше бағдарламалар әзірлеп, жүзеге асыруда. Уақытында төленбеген салықтың айыппұлы мен өсімпұлы өте жоғары болады. Қазақстан Республикасында салықты мерзімінде төлеу әрбір азаматтың парызы болуы тиіс, яғни төленген салық арқылы дер кезінде ата-әжелеріміз зейнетақысын, аналарымыз әлеуметтік жәрдемақыларын, мемлекеттік қызметкерлер жалақысын, ал білім алушылар (студенттер, магистранттар, докторанттар) шәкіртақыларын алатынын ескеруіміз, сонымен қатар, егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өзіндік бір үлес қостық деп есептеуіміз қажет.
Сонымен, қорыта келгенде, біздің мақсатымыз – еліміздің салық саясатындағы жүзеге асырып жатқан іс шараларын насихаттау, салық төлеушілердің арасында «салық мәдениетін» қалыптастыру, әрбір тұлғаның салық төлеуге деген азаматтық борышын арттыру.
Ғалымжан КЕРІМБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қаржы» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты.
АСТАНА.