Өткен жылдың қазан айында Катар елінде өткен әлем чемпионатынан кейін біздің бетке ұстар боксшыларымызға қарата айтылған сын тым қатты-ақ болды. Мұны заңдылық деп қабылдамасқа амал жоқ. Неге десеңіз, әлемдік әуесқой бокстың үздік үштігінде жүрген ұлттық құрамаға деген қазіргі талап қатаң. Былғары қолғап шеберлерінің Катардан бар болғаны екі күміс медальмен қайтқаны, жүлде біткенді күреп алуды дағдыға айналдырған біз үшін көңіл көншітпейтін көрсеткіш еді.
Дохадағы додадан кейін боксшыларымыздың нәтижесін қорытындылаған жиында Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев Қарағандыдағы Ғ.Жарылғаповты еске түсіруге арналған ХХХІІ халықаралық турниріне қатты маңыз беріп, еліміздің ең мықты былғары қолғап шеберлерінің қарымын осы жарыста байқап көруді ұсынған. Міне, осындай шешімнен соң, аталмыш турнирге құрама команданың мүшелері мен олардың өкшесін басып келе жатқан өрендердің барлығы қатысқан еді. Бұдан бөлек, дүбірлі додаға Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан сынды көрші мемлекеттерден де боксшылар келіп бақ сынады. Дегенмен, жанкүйер мен мамандардың есіл-дерті біздің боксшыларымыздың аяқ алысында болды. Бүгінгі күнге дейін біздің шеберлердің еншісінде Рио-2016 Олимпиадасының төрт жолдамасы ғана бар. Атап айтар болсақ, Біржан Жақыпов (49 кг), Берік Әбдірахманов (60 кг), Данияр Елеусінов (69 кг) және Василий Левит (91 кг) амандық болса, төртжылдықтың басты додасында ел намысын қорғайтын болады.
Енді аса ауыр салмақта бәсекелесі жоқ Иван Дычконы қоспағанда, қалған бес лицензияның тағдыры қандай болмақ? Міне, талайларды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып жүрген мәселе – осы. Былай қарағанда, осы бес салмақ бойынша құрамада жүрген боксшыларымыздың мықтылығына күмән жоқтай көрінген. Бірақ, Катардағы әлем чемпионаты мұндай пікірдің қабырғасын қақыратып жіберсе, Жарылғапов турнирі жағдайды одан бетер ушықтыра түсті. 75 килода өнер көрсеткен басты үмітіміз – әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлі де болса өзіне өзі келе алмай жүргендей әсер қалдырды. Жартылай финалда 18 жастағы Влад Столбовскийді әрең ұтып, онан кейін қызылордалық Тұрсынбай Құлахметпен болуға тиіс шешуші жекпе-жекке шықпағаны мамандардың таңданысын тудырды.
Бұдан әрі 81 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әділбек Ниязымбетовтің өнері де көңілді күпті етіп кетті. Оның ширек финалда 20 жастағы алматылық Әли Ахмедовтен жеңіліп қала жаздағаны жанкүйер қауымды ойландырып тастады. Ал жартылай финалда Арман Рысбектен ұтылғаннан кейін мамандардың өзі Ниязымбетовтің қазіргі қарым-қабілетіне күмәнмен қарай бастағандай. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың: «Шынын айтқанда, Әділбек көңілді қалдырды... Бұл салмақта мықты боксшылардың шоғыры өсіп шықты», – дегені осыған дәлел бола алады. Қазірдің өзінде мамандар Әли Ахмедов пен Арман Рысбекті тәжірибелі Ниязымбетовтің тең дәрежедегі бәсекелестері ретінде бағалап отыр. Дегенмен, турнир аяқтала салысымен Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қалай болған күнде де Ниязымбетов пен Әлімханұлының өз салмақ дәрежелерінде көшбасшы болып қала беретінін айтты...
Ежелгі қарсыластар тайталасып келе жатқан 52 кило салмақтағы тартыс тіпті үдей түсті. Бұл салмақтағы бірінен бірі өтетін Ілияс Сүлейменов, Олжас Сәттібаев және осы турнирде топ жарған Азамат Исақұловтың арасынан шын мықтыны таңдап алу құрама жаттықтырушыларының «бас ауруына» айналар түрі бар...
Турнирде басты назарда болған боксшының бірі жасөспірімдер арасындағы әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы Абылайхан Жүсіпов еді. 64 кило салмақта өнер көрсеткен жас талант бұл турнирде үш жекпе-жек өткізіп, бәрінде де сәтті өнер көрсетті. Тек, ширек финалда Алмас Әлімбековпен болған жекпе-жекте маңдайын жарып алды да, жарыстың келесі сатысынан бас тартуына тура келді. Ал енді Жүсіповтен жеңілген Бекбергенов, Мұқанов және Әлімбеков сынды боксшылар 64 кило салмақта «сен тұр, мен атайын» дейтіндей-ақ сайыпқырандар-тұғын...
Жалпы, Жүсіпов турасындағы мамандар пікірі қақ жарылады. Біреулер оны ұлы дода үшін әлі пісіп-жетіле қойған жоқ десе, екінші тарап Жүсіповті Риоға үкілеп қосуға әбден болады деген пікірде. Мысалы, белгілі бапкер Нұрлан Ақүрпеков бұл боксшыға бала ретінде қарауды қою керектігін ашып айтты. «Пәкістандық Әмірхан Афина Олимпиадасында күміс алғанда небәрі 17 жаста болды. Сондықтан, 18 жасар Жүсіповті 64 кило салмақ дәрежесінде негізгі үміткерлердің қатарына қорықпай-ақ қосуға болады», – деді ол.
Жарылғапов турнирі барысында көптеген мамандармен сөйлесіп, пікір алмастық. Жалпылай алғанда, олар бұл доданың өзінің негізгі миссиясын атқарып шыққанын бірауыздан айтты. Олардың пікіріне құлақ түрсек, бұл турнир Олимпиадаға лицензия беретін ірі жарыстардың алдындағы сығып сөлді алған нағыз сынақ болғанға ұқсайды. Оның үстіне, бұл турнирдің барысын Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Юрий Цхай, құрама команданың мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов, бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және басқа да ел боксының тағдырына жауапты тұлғалар бастан аяқ бақылады.
Шынында да, Жарылғапов турнирі көңілі көкте жүрген біраз боксшыны сабасына түсірді. Сонымен қатар, Айдар Иманғалиев (56 кг), Абылайхан Жүсіпов (64 кг), Тұрсынбай Құлахмет және Нұрзат Сабиров (екеуі де 81 кг) тәрізді талантты боксшыларды елемеудің тіпті де мүмкін емес екендігін байқатты. Мұның өзі біздің бокста бәсекенің арта түскенін, таңдап алуға тұрарлық өрендердің мықтылардың өкшесін мыжырайта басып келе жатқанын аңғартады. Бұл, әрине, қуанарлық жайт!
Жағдайдың бұлайша құбыла түскені, әрине, жаттықтырушыларымызға үлкен жауапкершілік жүктері анық. Тіреп тұрған талант көп, ал ішіндегі нағызды жазбай тану дегеніңіз қиямет-қайымның ісі. Содан да болар, турнир аяқталғанда, бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов алдағы көктемде Қытайда өтетін лицензиялық турнирге кім барады дегенге келгенде, кесіп ештеңе айта алмады. «Бәрін жылдың басында болатын жаттықтырушылар кеңесі шешетін болады», – деп қысқа қайырды ол. Еске салар болсақ, Қытайдан кейін лицензиялық турнир маусым айында Әзербайжанда өтеді. Бұдан бөлек, мамыр айында Болгарияда болатын APB/WSB жекпе-жектерінде де жолдамалар сарапқа салынады...
Қарағандыдағы жарыста тағы бір шетін мәселе өзіне назар аудартпай қоймады. Ол – шлем, яғни боксшылар басқа киетін дулығаға қатысты әңгіме еді. Жасыратыны жоқ, Жарылғапов турнирінде 15-ке тарта боксшының қабағы жарылды. Мысалы, құрама команданың Ілияс Сүлейменов (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Абылайхан Жүсіпов (64 кг) сынды маңдайалды боксшылары жарақаттың осы түрінің кесірінен жарыс жолынан ерте шығып қалды.
Осы мәселеге қатысты Нұрлан Ақүрпековтің пікірін сұрап білгенімізде, атақты жаттықтырушының айтқаны бізді айран-асыр қалдырды: Бақтияр Артаевтың бокста 16 жыл жүргенінде қабағы жарылмақ түгілі, бет терісіне былғары қолғап тыртық та түсірмепті. Айналайын дулыға-шлемнің арқасы екен. Осы әңгіменің бәрін атақты Серік Нұрқазов естіп отырды... КСРО чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, Еуропаның чемпионы кезінде осы қабақтың қайта-қайта жарылған кесірінен Әлем кубогы мен «Достық-84» турнирінің (Олимпиаданың баламасы) финалында алтын жүлдеден қағылып еді-ау...
Сонымен, Жарылғапов турнирі біздің көзімізді екі нәрсеге анық жеткізді: оның біріншісі – бүгінгі күнде қазақ боксында бәсекелестік дегеніңіз жалына қол тигізбей тұр екен. Ал екінші мәселе – Бразилияда бақ сынауға мүмкіндік беретін бес лицензия тағдырының жуық арада шешіле қоймайтындығы. Мұныңыз енді, үміт пен күдік ымырасыз айқасты бастап та кетті деген сөз. Тек үміт үстем түссе екен дейсің!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.