21 Қаңтар, 2016

Жаңа заң жемқорлықтың жолын кеспек

913 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
фото Айдар ЖангуттиновМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуықта «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше мән берді. «Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды. Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады», деп атап көрсетті. Сөйтіп, қазір мемлекеттің сыбайлас жем­қорлықпен аяусыз күрес жүргізу жөнінде бірқатар батыл әрекеттер жасап жатқаны белгілі. Міне, осы бағыт аясында қылмыстың алдын алу жөніндегі заңдылықтар жетілдіріліп, оған жаңа нормалар қосылуда. Бұл нормаларда сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілік арттырылған. Сонымен қатар, жаңа түсініктемелер берілген. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Қылмыстық кодексі күшіне енді. Бұл кодексте «Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүддесіне қарсы сыбайлас жемқорлық және де басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар» атты жаңа тарау бар. Жаңа Қылмыстық кодекс бұрынғыға қарағанда бірқатар өзгерістерге ие. Мұнда сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізбесіне бірқатар түсініктемелер берілген. Сондай-ақ, кодексте қолданылатын сыбайлас және қызметтік қылмыстар жөніндегі терминдерге де түсініктемелер берілді. Мұның өзі кодекске қолайлы және түсінікті сипат берген. Мәселен, мұндай түсініктемелер бұрынғы Қылмыстық кодексте кездесе бермейді. Олар тек «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР Заңында және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында айқындалып келген болатын. Сонымен қатар, «билік өкілі» деген түсініктің мағынасы кеңейтіле түскен. Қазіргі заң бойынша мемлекет қызметкері дегеніміз оған қатысты қызметтік тәуелділікке тұрмаған заң бойынша бұйрық беру өкілеттігіне ие тұлға болып табылады. Оның қатарына құқық қорғау органдарының немесе арнаулы мемлекеттік органның, әскери полицияның қызметкерлері, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысушы әскери қызметкер кіреді. Жауапты мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғалар санаты да кеңейтіле түскен. Бұл санатқа Парламент депутаттары мен судьялар, сондай-ақ, «А» корпусында мемлекеттік әкімшілік қызмет атқарушы тұлғалар енгізілген. Сондай-ақ, коммерциялық немесе басқа да ұйымдарда басқару қызметін атқарушының кім болып табылатындығы, кімнің жауапты тұлға және кімнің мемлекеттік қызметті орындауда өкілдік етуші тұлға екендігіне түсініктемелер берілген. Жаңа Қылмыстық кодексте «ауыр зардаптар» және «елеулі залал» деген терминдерге де нақты түсініктер беріліп, мысалдар келтірілген. Мәселен, жемқорлық әрекеттер салдарынан «ауыр зардаптарға» ірі немесе аса ірі шығын келтіру жайттары, ал «елеулі залалға» қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғаушы ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделерін бұзушылық салдарынан туындайтын жағдайлар жатады. Қылмыстық кодексте бұрын мұндай түсініктемелер кездеспеген еді. Сондай-ақ, пара алу мен беру туралы бапқа да «елеулі көлем» туралы нақты түсінік берілді. «Елеулі көлем» дегеніміз 50-ден 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі ақша сомасы, бағалы қағаз құны және басқадай да мүліктік шама болып табылады. Ірі немесе аса ірі пара шамаларының төменгі және жоғары деңгейлері де есепке алынған. Егер бұрынғы Қылмыстық кодексте ірі көлемдегі пара деп 500 айлық есептегіш көрсеткіштен басталатын сома алынса, жаңа кодексте 3 мыңнан бастап 10 мың айлық есептегіш көрсеткішке дейінгі мөлшер танылған. Ал аса ірі пара деп 10 мың айлық есептік көрсеткіштен асқан шама айтылады. Бұрынғы кодексте бұл шама 2 мың айлық есептегіш көрсеткіштен басталатын. Жаңа Қылмыстық кодексте бұдан басқа да көптеген өзгерістер бар. Айталық, ендігі кезекте сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаушының қосымша жауапкершілігі арттырылған. Бұрын осындай қылмысқа ұрынушы тұлғаға айқындалған қызметтерді атқаруға 7 жылға дейін тыйым салынса, енді осы қосымша жазалау тәртібі міндетті және өмір бойғы кезеңді қамтиды. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаушыға мемлекеттік қызмет атқарудың, сот жүйесінде (судьялық) қызмет етудің, жергілікті өзін өзі басқару саласында қызмет етудің, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның мекемелерінде қызмет етудің, жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдар мен мемлекеттік ұйымдарда қызмет етудің, ұлттық басқарушы холдингте, ұлттық холдингте, ұлттық компанияда, ұлттық даму институттарында қызмет етудің жолы кесілді. Сондай-ақ, пара алу мен беруге және осы істе делдалдық етушіге жаңа жаза тағайындалған. Ол алынған немесе берілген пара көлемінен еселеп артатындай айып төлеу жазасы болып табылады. Жаңа Қылмыстық кодексте осындай басқа да көптеген жаңалықтар мен оң өзгерістер енгізілген. Айдар ЖАНГУТТИНОВ, Бас көлік прокуратурасы 2-ші басқармасының прокуроры.