Қасымбек Медиев кезінде Қарағанды облыстық мәслихатын сегіз жылдай басқарды. Одан беріде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігін құрып, аталған ұйымның алғашқы төрағасы болды. Бүгінде жасы жетпістің сегізіне келген ақсақал әлі тың, қоғамда болып жатқан өзгерістерді жіті қадағалап отырады. Сол себепті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын кезектен тыс өткізу туралы Жарлыққа қол қойғаннан кейін кеш те болса қоғам қайраткері Қасымбек МЕДИЕВке жолығып, бірнеше сұрақ қойып, ой-пікірін білген едік.
– Қасымбек Медиұлы, Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаттарының үндеуін қолдап, елімізде кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Оны жаңа ғана өзіңіз теледидардан естідіңіз. Сіз Мәжіліске сайланатын болашақ депутаттардан қандай іс-қимыл күтесіз?
– Мемлекет басшысының Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қоюын елдің болашағына алаңдаған жанашырлықтан туған батыл қадам деп бағалаймын.
Жаңа депутаттар экономика мәселесіне ерекше ден қойғаны жөн деп санаймын. Өз ойларын ашық білдіріп, жетекке жүре бермесе екен деп тілеймін. Болашақ депутаттар елімізді тығырықтан алып шығу жолында қоғамға қозғау салатын ықпалы зор күш болуы керек. Жалпы, біздің жеріміздің асты да, үсті де байлыққа тұнып тұр. Осыны халықтың игілігіне ұқыпты түрде жарата білу жолында депутаттардың белсенді әрекеті, табанды ұстанымы өте маңызды рөл атқарады. Біз шикізатқа жүгіне бермей, өндіріс саласын дамытуға ден қоюымыз керек. Өзгеден сатып ала бермей, өзімізде жасап, шығарғанымыз абзал. Мына дағдарыстың өзі біздің осы олқылығымызды көзге шұқып көрсетті емес пе?!
– Қазіргі таңда болашақ Мәжілістің құрамында жастардың көбірек болғаны дұрыс деген пікірлер бар. Бұған сіз қалай қарайсыз?
– Мәжіліске жастарды тартқан дұрыс, әрине. Дегенмен, оларға ақыл айтып, жөн сілтеп отыратын аға буын өкілдерінің басым болғаны жөн. Ал енді жаңашыл жастар өмірден көрген-түйгені көп ағаларының ақылын алып, олардың бай тәжірибесіне сүйенер болса – одан біз еш ұтылмаймыз. Егер де шылғи жасқа тізгін беріп қояр болсақ, онда ісіміз де шикі болып шығуы мүмкін. Сондықтан таразының басын тең ұстау керек.
– Жергілікті мәслихат депутаттарының алдында қандай міндеттер тұр деп ойлайсыз?
– Жергілікті мәслихат депутаттары халыққа мейлінше жақын, былайша айтқанда, елдің ішінде жүреді. Жұрттың талап-тілегін, жоқ-жітігін жақсы біледі. Бүгінгі мәслихат депутаттары ауылға баса көңіл бөлуі қажет деп ойлаймын. Неге десеңіз, қазіргі дағдарыстың қыспағынан ауыл шаруашылығын дамытпайынша шығынсыз шыға алуымыз екіталай.
Қазіргі таңда жастар ауылдан қалаға қашып жатыр. Бұл үрдісті тоқтатпайынша болмайды. Баяғыда біз қызмет істеп жүргенде тері-терсек, жүн-жұрқаның бағасы қандай еді?! Қазір осылар аяқ астында шіріп жатыр. Депутаттар осыны айтып, мәселе ретінде көтере білсе нұр үстіне нұр. Сол себепті де, жергілікті мәслихат депутаттары ауыл шаруашылығының дамуына, ауылдық жерлердегі бизнестің өсіп-өркендеуіне жанын салып қызмет етулері керек. Сондықтан, мәслихаттарға да дұрыс адамдардың келгенін ойластырған жөн.
– Қазіргі таңда жергілікті мәслихаттардың рөлі мен абырой-беделін көтеру үшін не істеу керек деп санайсыз?
– 2007 жылы мәслихаттардың мәселесі бойынша Елбасының қабылдауында болдым. Сонда мен көптеген мәселелерді көтердім. Мәселен, жергілікті мәслихаттар рөлінің төмендеп, олар тек бюджетті бекітумен ғана айналысып жүргенін, облыстық мәслихаттар хатшыларының мардымсыз жалақы алатынын айттым. Осы және басқа да қордаланып қалған мәселелер төңірегінде ашық түрде әңгіме қозғадым. Әсіресе, жергілікті округтердің санын арттырып, депутаттардың санын көбейту туралы ұсынысымды жеткіздім. Бұл жөнінде кейбір аудандағы мәслихат депутаттары санының 11-ден аспайтынын мысал ретінде келтірдім.
Елбасымен арада болған осы әңгімеден кейін мәслихаттардың рөлін көтеру бойынша едәуір шаруалар іске асты. Дегенмен, жергілікті мәслихаттар институтын дамыту бойынша жұмыстар жалғасын таба беруі керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.