Қазақстан жаһандық үдеріс шаңына жұтылып кетпей, тарих жылнамасынан өз орнын ойып тұрып алуы керек. Ол үшін жасайтын жұмыстар жеткілікті. Ең бастысы, елімізді тура жолдан адастырмайтын, жаһандық сын-қатерлерге ұрындырмайтын, дағдарысқа қарсы бағдарламаларды қамтитын Ұлт Жоспарымыз бар.
Осындай жағдайда Парламент Мәжілісі депутаттарының өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуын сұраған үндеуін қабылдап, Жарлыққа қол қойған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын», деді.
Бұрынғы Парламент Мәжілісі депутаттарының Парламенттен бөлек түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын артық қаржы шығынсыз бір мезгілде өткізуге үндегені де елдің қамы деп түсіндік.
Біз шикізаттан түсетін табысқа малдана бермей оның бағасы төмен жағдайда да өмір сүруге талпынуымыз керек. Әлемде табиғи қазба байлықтары жоққа тән болса да шекесінен шеруен атып, ғылым мен жаңа технологиялардың арқасында байлыққа батып отырған мемлекеттер бар. Біздің елде де жаңаша ойлай алатын, әлемдік ғылыми жаңалықтардың иесі, идеяларын өндіріске қолданса үлкен табысқа кенелтетін ғалымдарымыз жеткілікті.
Қазақстанның келешегі шағын және орта бизнесте. Ұлан-ғайыр жеріміз мыңғырған мал өсіруге де, бау-бақша, көкөніс, астық егуімізге де молынан жетеді. Бұл туралы Елбасымыз талай рет айтқан. Жайылымдыққа жер таппай отырған мемлекеттер де бар. Мәселен, жоғары сұрыпты сиыр етін дайындаумен аты шыққан, күреп табыс тауып отырған Оңтүстік Корея мемлекеті мал бордақылау концерндеріне азықтық жем дайындау үшін қажет шөп, дақылдарды Америкадан бастап біраз шетелдерден тасымалдайды. Өзінде жер жетпейді. Қазір оңтүстіккореялық кәсіпкерлер Сарыағаш ауданында жылыжай салу, бау-бақша өнімдерін өсіру жөнінде әкімдікпен келісімшарт жасасып, инвестиция салып жатыр.
Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты халыққа үндеуінде индустрияландыруды алға бастырып, шағын және орта бизнесті дамыту керектігін айтты.
Бұл бағытта облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов толымды жұмыс жасап жатқандығын айту керек. Мемлекет басшысы «Қазақстандағы үшінші қала Шымкент» деп баға берген шаһар әкімі Ғабидулла Әбдірахимов те Шымкенттің сәулетін арттыратын, байлығын еселейтін, халықтың әл-ауқатын көтеретін жобалар дайындап, үлкен инвестициялардың құйылуына ұйытқы болып отыр.
Қазіргідей қиын жағдайда ысырапсыз өмір сүріп, ресурстарды үнемдеп, жұмыс орындарын сақтамасқа болмайды.
«Қазір елдің әрбір азаматының патриоттығы сынға түсуде. Бізде тағдырға мойынсұнып, әйтеуір бір уақыттары бәрі орнына келетініне, мұнай бағасы көтеріліп, жағдайдың жақсаратынына үміттеніп отыруға уақыт жоқ.
Бүгінде кез келген жаһандық сын-қатерге үнемі жүйелі әрі алдын ала жауап беру және тиісті шаралар қабылдау маңызды. Бізге «Қазақстан-2050» Стратегиясының бағытын жалғастырып, дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру, Ұлт Жоспарын орындау керек. Мыңдаған азаматтарымызға жұмыс бере отырып, «Нұрлы Жол» бағдарламасын белсенді жүзеге асыру қажет. Үкімет, министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдер бұрынғы дағдарыс тәжірибесі мен инфрақұрылымдық құрылыс мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жұмыс орындарын ұсыну арқылы шығындарды қысқарту, аппаратты оңтайландыру үшін резервтер іздестіруі тиіс», деді Елбасы.
Біз осы үдеден табылуға тиістіміз.
Бейсенбек ЖАНБОСЫНОВ,
Шымкент қаласы әкімінің
орынбасары.
Оңтүстік Қазақстан облысы.