Опек баяндамасы бұлыңғыр
ОПЕК-тің желтоқсан айындағы кезекті есебі алдағы жылға құнды болжам жасауымен сарапшылардың назарын аударды. Бұл ретте баяндама авторлары біршама болса да инвесторлардың көңілін аулағысы келген сыңайлы.
Картель өткен жылдың желтоқсан айында тәулігіне 32,2 миллион баррель мұнай өндірді. Бұл қараша айымен салыстырғанда 200 мың баррельге кем. Бұл көңілге біршама сенім ұялататын жаңалық болғанымен, мұнай нарығындағы ахуалды өзгерте алмайды. Оны ОПЕК баяндамашылары да мойындайды. «Әлемдік рыноктағы мұнай өнімдерінің сұраныстан артып кетуі, сонымен бірге, Қытай экономикасы өсімінің төмендеуі мұнай нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін емес», деп атап көрсетілген баяндамада.
Баяндама бойынша, 2015 жылы ОПЕК елдерінің шикі мұнайға деген сұранысы тәулігіне 29,9 миллион баррельді құраса, картель тәулігіне 31,85 миллион баррель мұнай өндірген. Болжам бойынша, 2016 жылы мұнайға деген сұраныс 1,26 миллион баррельге артпақ. Егер өткен жылы планетамызға тәулігіне 92,92 миллион баррель мұнай қажет болған болса, 2016 жылы болжам бойынша бұл көрсеткіш тәулігіне 94,18 миллион баррельге өседі. Сонымен бірге, ОПЕК-тің экономистері картельдің өзінде де мұнайға деген сұраныстың өсетіндігін болжап отыр. Олардың айтуынша, биылғы жылы ол 1,7 миллион баррельге өсіп, тәулігіне 31,6 миллион баррельді құрамақ.
ОПЕК-тің болжамдары осылай болғанымен әлемдік нарықтағы жағдай мүлде басқаша құрылуда. Бейсенбі күні мұнай бағасы 12 жыл бұрынғы деңгейге дейін төмендеді. Лондон биржасында Brent маркалы мұнай баррелі тағы да 1,2 пайызға төмендеп, 27,54 долларды құрады. WTI маркалы мұнайы Нью-Йорк тауарлы биржасының электронды саудасы бойынша 2012 жылдың мамыр айынан бергі ең төменгі деңгейге дейін құлдырап, 1 баррелі 28,04 долларды құрады. Bloombreg сарапшыларының болжамы бойынша АҚШ-тың тауарлы мұнайының көлемі өткен жұмада 2,2 миллион баррельге көбейген. Бұл мұнай бағасының одан әрі төмендеуіне себеп болмақ. Осыған байланысты Венесуэла мемлекеті ОПЕК-ке мүше елдерді мұнай бағасын тұрақтандыру шараларын белгілеу үшін кезектен тыс мәжіліс өткізуге шақырады.
Ақш акциялары арзандады
АҚШ қор рыногының және мұнай бағасының төмендеуі әлі толық аяқталған жоқ, деп мәлімдеді BlackRock-тің бас инвестициялық стратегі Расс Костерич Блумберг агенттігіне берген сұхбатында.
«Қор рыногы мен мұнай бағасының тұрақтануы үшін ерекше бір жағдай керек. Әзірге мұндай ахуал қалыптасқан жоқ», дейді Костерич. АҚШ акциялары арзандады. Алайда, ол инвесторлардың жаппай сатып алуын қалыптастыратын дәрежеге жеткен жоқ. АҚШ қор рыногында жаппай акциялар сататын кезең әлі алда, деп болжайды сарапшы.
Костеричтің айтуы бойынша, АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндірушілердің жұмысы тиімділік беретін емес. Таяу Шығыстың көптеген елдерінде мұнайдың өзіндік құны рыноктағы бүгінгі бағадан төмен. Сондықтан мұнай рыногында баға одан әрі құлдырауы мүмкін. Өткен жылғы мамыр айынан бергі әлемдік қор биржаларының жалпы капиталдандырылуы деңгейі 15 триллион доллардан астам деңгейге төмендеген. Бұл бүкіл қор биржаларында ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
Кельн оқиғасы жағдайды ушықтырды
Жаңа жыл күндері Кельн қаласында орын алған оқиғалар Германия федералдық өкіметі үшін, әсіресе, оның басшысы үшін үлкен зардаптар әкелетін түрі бар. Канцлер Меркель өзінің отандастарына мигранттар проблемасын шешу үшін уақыт керек екендігін үнемі айтып келген болатын. Алайда, Кельн оқиғасы канцлер үшін сол уақытты жоққа шығарды. Ангела Меркель қазір өте қатерлі цейтнот жағдайына тап болды.
Еуропаны үлкен тығырыққа тіреген заңсыз мигранттар мәселесі канцлер Меркельді де 10 жыл билік басында болған жылдар ішінде алғаш рет ерекше күрделі жағдайға қалдырды. Босқындар мәселесінде босаңдық таныту канцлердің саяси беделіне өшпес нұқсан келтіреді, деп жазады немістің Spiegel журналы. Қазір Еуропалық одақтың құндылығы болып табылатын ашық шекара мәселесін сынайтын саясаткерлер қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Мұндай сын Меркельдің өз партиясындағы әріптестерінің арасында да өсіп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, Кельн оқиғасы неміс халқының көңілін күпті қылған бірқатар сұрақтарды күн тәртібіне шығарды. Осыған байланысты канцлердің рейтингі 2011 жылғы қазан айындағы ең төменгі деңгейіне жетті. Канцлерді былай қойып, одақтастар Германияның өзінен де сырт айнала бастады. Мәселен, Швеция үкіметі елдің шекарасындағы бақылау шараларын күшейте бастаса, Австрия, тіпті, Шенген келісімін уақытша тоқтатуға дейін барып отыр. Ал Еуропалық одақта бұл елдердің жақтастары көптеп саналатындығы да даусыз.
Spiegel журналының хабарлауынша, канцлер кеңсесіне 44 консерватор депутаттар қол қойған хат келіп түскен. Онда депутаттар босқындар мәселесіне қатысты саясатты жедел өзгертуді талап етеді. Хатта көрсетілген талаптар бойынша, Германияға қабылдайтын мигранттар санын жылына 200 мың адамға дейін шектеу, шекараны жабу шаралары алға тартылған. Меркель және оның айнымас жақтасы, Германия мемлекетінің қаржы министрі Вольфганг Шойбленің пікірінше, шекараны жабу Шенген келісімінің болашағына балта шаппақ. Сондықтан, мұндай қадамға ешқашан жол беруге болмайды.
Сарапшылардың пікірінше, Еуропадағы босқындар мәселесі ушығудың нағыз шегіне жетті. Оған тек қана Кельн оқиғасын кінәлауға болмайды. Ангела Меркель өткен жылы Еуропаға ағылған босқындар санын кеміту мүмкіндігіне қол жеткізе алмады. Ол бұл орайда Түркия мемлекетіне сенген еді. Алайда, Түркия билігі Меркельдің сенімін ақтамады. Кәрі құрлықты күрделі ахуалға ұрындырып отырған босқындар мәселесінде Ангела Меркель Еуропалық одақтағы әріптестеріне де үлкен сенім арта алмайды. Әрине канцлерге Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер барынша қолдау көрсетіп келеді. Алайда, «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың аты шықпас» дегендей, жалғыз Жан-Клод Юнкердің қолдауы Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының барған сайын өзгеріп бара жатқан пікірлеріне қарсы тұра алмайды. Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары арасындағы бірауыздылықтың болмауына байланысты босқындарды бөлу квотасының да күлі көкке ұшты. 2015 жылдың қыркүйек айында Одаққа мүше мемлекеттердің барлығына квота бойынша 160 мың босқын бөлу белгіленген еді. Алайда, күні бүгінге дейін бұл квота бойынша бар болғаны 272 босқынды орналастыруға мүмкіндік жасалды.
Соңғы кезде канцлердің саясатына қарсы үкімет мүшелері арасында да пікір білдіргендер көріне бастады. Мәселен, Германия үкіметінің көлік министрі Александр Добриндт Кельн қаласындағы оқиға немістердің қауіпсіздігіне қатер төндіргендігін атап көрсетіп, босқындар мәселесінде шұғыл шаралар қабылдауды талап етті. Ал Австрия мемлекетінің шекараны жабу жөніндегі шешімі Меркельдің ашық саясатына соңғы соққы болып отыр.
Сенім биік емес
Әлемдегі ең ірі компаниялардың топ-менеджерлері арасында жүргізілген сұрау салу жаһандық экономиканың болашағы бұлыңғыр екендігін көрсетті.
Сұрау салу қорытындысы бойынша, дүниежүзіндегі ірі компаниялар басшыларының 27 пайызы ғана биылғы жылы жаһандық экономиканың өсетіндігіне сенеді екен. Өткен жылы олардың қатары 37 пайызға тең болған еді. Жыл сайын Давос бүкіләлемдік экономикалық форумы қарсаңында PwC зерттеу компаниясы әлемдегі ең ірі компаниялардың басшылары арасында сұрау салу жүргізеді. Биылғы жылы бұл шараға 83 мемлекеттен 1 409 компания басшысы қатысқан.
Аталған компания басшыларының 23 пайызы әлемдік экономиканың дамуы төмендейтіндігін күтеді. 2015 жылдың басында олардың қатары 17 пайыздан аспаған болатын. Компания басшылары өздері басқарып отырған ұжымдарының да биыл мол табыс табатындығына сенімі аз көрінеді. Мәселен, Қытай компаниялары басшыларының 24 пайызы (2015 жылы 56 пайыз болған), АҚШ компаниялары басшыларының 33 пайызы (2015 жылы 46 пайыз болған), Германиядағы ірі компаниялар басшыларының 28 пайызы (2015 жылы 35 пайыз болған) өз компанияларының биылғы жылды табыспен аяқтайтындығына сенеді екен.
Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».