ТАРАЗ. 22 қаңтар. Жамбыл облысындағы жалпы бизнес субьектілерінің саны 75 453-ті құрап отыр. Оның 99,3 пайызы – шағын, 0,5 пайызы – орта, 0,1 пайызы – ірі бизнес субьектілері. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Өткен 2015 жылы облыстық кәсіпкерлер Палатасына барлығы 5 454 өтініш келіп түсіпті. Палата қызметін пайдаланушылардың 62 пайызы облыс орталығынан болса, 38 пайызы аудандағы кәсіпкерлер.
«Елбасымыздың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы алдымызға тағы да жаңа міндеттер қойды. Ел дамуының әр саласында атқарылатын қыруар істердің жоспары осында көрсетілген», дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова журналистермен өткізген брифингте.
Палатаның негізгі басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлер құқын қорғау. Бұл бағыттағы келіп түскен арыз-шағымдардың 80 пайызы шағын, 20 пайызы орта бизнеске тиесілі. Құқықтық мәселелер бойынша палатаға келіп түскен 279 арыз-шағымның 76-ы кәсіпкерлер құқын қорғау жүйесі бойынша болса, оның 42-і оңтайлы шешімін тапқан. Келіп түскен арыз-шағымдардың 48 пайызы жер мәселесіне, 21 пайызы салық, 18 пайызы мемлекеттік сатып алулар ал 19 пайызы басқа да салаларға қатысты. Жалпы жыл басынан бері 1 640 016 954 теңге көлемінде кәсіпкерлер құқы қорғалған.
Кәсіпкерлік көкжиегінің кеңейе түсуіне әкімшілік кедергілер де көп әсерін тигізеді. Бұл тұрғыда Кәсіпкерлер палатасы облысымызда шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болып отырған 28 әкімшілік кедергіні анықтады. Оның ішінде республика деңгейіндегі 25 әкімшілік кедергінің 3 жойылып, 21-і «Атамекен» ҰКП қарауында болса, жергілікті деңгейдегі 3 әкімшілік кедергінің 2-і жойылды. 75 пайызы шағын ал, 25 пайызы орта кәсіпкерліктің дамуына тежеу болып отырған әкімшілік кедергілер табиғи монополия, тариф, сатып алулар, жер қатынастары, медицина және фармацевтикалық өндіріс, салық төлемдері, рұқсаттама рәсімі, ауылшаруашылығы, сәулет және құрылыс, кедендік реттеу, сауда қызметі, көлік, логистика және байланыс саларында орын алған.
Кәсіпкерлер палатасының бір міндеті – кәсіпкерлік субьектілерінің мүддесіне қатысты заңнамалық немесе нормативтік-құқықытық актілер қабылданар кезде оған сараптамалық қорытынды беру. Есепті мерзімде 214 нормативтік-құқықтық акті жобасы қаралып, оның 156-сі бойынша сараптамалық қорытынды берілсе, 58-сі толықтыруларды қажет ететіндіктен кері қайтарылды.
Кәсіпкерлер мүддесін қорғау және бизнестің жүйелік сипаттағы проблемаларын анықтау мақсатында Палата сарапшылары консультативті-кеңесші органдар жұмысына да белсенді түрде қатысады. Бүгінгі таңда облыстық деңгейдегі 25, қалалық деңгейдегі 12, аудан көлеміндегі 5 консультативті кеңесші органға палата сарапшылары мүшелікке еніп, кәсіпкерлер мүддесін қорғауда,-дейді Қ. Аралбекова.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, сурет:egemen.kz