23 Қаңтар, 2016

Ақпар ақ, әрі нақ сөйлесе...

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Рисунок1 (1)Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты мақа­ласында «Сапалы жоспарлауды жүзеге асыру үшін мемлекеттік статистиканың анықтылығын қамтамасыз ету қажет. Сондықтан, сапалы статистикалық мәліметтер беруде респонденттер мен әкімшілік көздерінің жауапкершілігін арттыру маңызды. Осы жайлардың барлығы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында ескерілді» делінген. Ұзақ жылдар бойы облыстық статистика саласына басшылық жасаған, оның қыры мен сырына қанық қызметкер ретінде біршама жайтты баяндағым келеді. Осы жылдар ішінде көптеген адамдар­мен қыз­меттес болыппыз. Дегенмен, бұл аралықта облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін бұрмалап, кемшілігін жасырған фактілер болған емес. Оның есесіне «арық айтып, семіз шыққан» сәттер көбірек кездесті. Оған бір жағынан, заңды тұлғалар мен респонденттердің шынайы есептілік көрсеткіштері нәтижесінде, екінші жағынан, облыс басшыларының іскерлігінің арқасында қол жеткіздік. Статистика қай кезде де құр мақтан үшін жасалмаған. Шынайы статистикалық көрсеткіштер ар­қылы мемлекеттің басым даму ба­ғыттары айқындалады, жүргізіліп жатқан экономикалық бағыттарға дер кезінде өзгерістер енгізіліп тұрады. Сондықтан нақты статис­тикалық көрсеткіштерді жоғары мемлекеттік органға беру барысында «Тура биде туған жоқ» қағидасын ұстандық. Бұл жылдар аралығында статистика саласы да өзіндік даму жолынан өтті. Заңды тұлғалар мен респонденттерге есептілікті же­ңілдету мақсатында электронды есеп беру бойынша тек 2015 жылы 31,0 мыңнан астам құжат қа­былданды. Яғни, бүгінде жұрт есептерін бұрынғыдай қолма-қол қағаз түрінде өткізбейді. Қайта жұмыс орындарында отырып электронды түрде тапсырады. Бұл бағыттағы игі бастамалар әлі жалғаса беретіні сөзсіз. Есептілік шынайы, сапалы, толық және уақтылы болуы үшін әкімшілік кодекске айыппұл мөлшерін бір­неше есе арттыру көзделуде. Бұл – статистикалық көрсеткіштерді берудегі жауапкершілікті арттыру үшін жасалған шаруа. Елбасы жобасындағы мемле­кеттік басқару органдарының жұ­мысына баға берудің жаңа жүйесі сыртқы тәуелсіз аудиттің мін­дет­тілігі, жариялылығы жұрт­шы­лықпен кері байланыс, бас­шы­лардың дербес жауап­кершілігі қағидаттарына негізделеді. Мем­лекеттік аудит жүйесін жетілдіру шеңберінде Есеп комитеті мен қар­жылық бақылау органдарын реформалау жоспарланып, әлемдік аудиторлық компаниялар моделі бойынша жұмыс істеуі тиіс. Оның сыртында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жыл сайынғы аудиті, әсіресе, бюджет қаржыларын пайдалану бөлігінде аутсорсингке беріледі. Бұдан бөлек, мемлекеттің транс­паренттілігі мен есептілігінің не­гізгі критерийлерінің бірі ха­лықтың ақпараттарға қолже­тім­ділігін кеңейту болып табылады. 2016 жылдан бастап азаматтар мен заңды тұлғалардың сауалдары бойынша, мемлекеттік құпиялар мен өзге де заңмен қорғалатын құ­пиялардан басқа, мемлекеттік органдардың барлық ақпараттарына қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Осы орайда статистикалық ақ­параттарды уақтылы оқи білу, мә­ліметтерге түсіністік білдіру, оларды сауатты іске асыру ерекше жауапкершілікті керек етеді. Сол кезде ғана оның қайтарымы мол болады. Оларды неғұрлым тереңірек талдап, сараптап, таразыға тартқандай қорытынды жасауға үйрену керек. Өз нәтижесінде қан­дай кемшіліктердің барын, оларды қалай жоюға болатындығын немесе нендей шараларды жүзеге асыру жолдарын іздестіруге кө­ме­гін тигізеді. Есептілікті жасы­рып көрсетсе, соғұрлым оған бері­летін көмектер азайып, жалпы істеліп жатқан нақты жұмыстар көрінбей көлеңкеде қалып қояды. Өз басым осы мәселеге дұрыс көзқарас жасауға шақырар едім. Кәсіпкерліктің түрлерін, оның көлемін, жұмысшылардың санын, өндірген өнім мөлшерін бүкпесіз көрсетсе, өте дұрыс болар еді. Ол өзіне де, халыққа да, жалпы Үкі­меттің қолданысына, еліміздің эко­­номикасының өркендеуіне қосылған үлес. Оның тиімділігі де, қайтарымы да аса зор деп білемін. «Кім ақпаратты білсе, сол әлемді билейді» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Ел Президентінің тікелей қол­дауымен мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер берілуде, оның ішінде шағын бизнесті тек­серуді қысқарту, ауыртпалықты мейлінше жеңілдету, есептіліктің санын кеміту, оны бір терезеден қабылдау және электронды форматта тапсыру сияқты көптеген істі жеңілдету, әрі кәсіпкерліктің қағаз бастылығын азайту сияқты түрлері бар. Ал бұл – ел экономикасын дамытуға жасалған нақты қадам. Оны өз қажетіне жаратып, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу – әрбір азаматтың парызы. Бақыт САПАР, Статистика комитеті Ақпараттық еншілес орталығының Қызылорда облыстық филиалының директоры.