Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жаңа Жолдауында да, «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында да мемлекет иелігінен шығару мен жекешелендіруге үлкен басымдық берілетінін атап айтқан болатын. Мемлекет иелігіндегі активтерді басқарудың пайдалы жолы жекеменшікке әділ нарық бағасымен сатылып, тиімді пайдалану реформалардың басты бағыттарының бірі болуы керектігі де Үкіметке берілген тапсырмаларда айқын көрсетілген.
Бүгінгі таңда бұл тапсырма қызу орындалып жатыр. Қаржы министрлігінің соңғы деректеріне қарағанда, жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша сатылған мемлекеттік меншік нысандарынан бюджетке барлығы 5 млрд. 509 млн. теңге кіріс түсті.
Министрліктің веб-сайтындағы мәліметтерге сәйкес, 2014-2016 жылдарға арналған сату кестесі бойынша 833 нысан сатуға жоспарланған. 2016 жылдың 5 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, соның 428-і сатуға шығарылып, 229-ы жаңа иелерін тапты. Жоғарыда аталған кіріс соларды сатудан түсіп, бюджеттің табыс бөлігін толықтырды. Аталған нысандардың 15-і республикалық, 114-і коммуналдық меншікте болған еді. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) меншігінде болғаны – 60, ал қалған 50-і холдингтердің есебінде болған.
Айта кететін жайт, 2014-2016 жылдардағы сату кестесіне сәйкес республикалық меншіктен барлығы – 41, коммуналдық меншіктен – 243, ӘКК-ден – 109, ұлттық компаниялардан 111 нысан сатуға қойылады.
Аян ҚУАНДЫҚ.