26 Қаңтар, 2016

Биік мұраттар бағдары

224 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Аккали Ахмет-1Елде жүргізіліп жатқан реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол екендігі бүгінгі күннің нақты айғағы. Ұлтты бірлікке, оны ұйыстыратын егемен еліміздің болашағын айқын­дайтын – Ұлт Жоспарының тарихи маңызы зор. Қоғамның ең жоғары құндылығы – адам, бүкіл елдегі атқарылып жатқан өзгерістердің бәрі сол үшін, соның игілігі үшін жаса­лып жатыр. Ұлт Жоспары – ел азаматтарының заң жүзінде құ­қық­­тары мен бостандықтарының кепілдігін қамтамасызу ету, адам­гершілік, ұлтаралық келісім, барлық ұлттар мен ұлыстардың теңдігі идея­ларын ауқымды түрде жүзеге асыру іс-шараларының қарастырылуымен құнды. Негізінен Ұлт Жоспары – ұлттық экономикаға басшылық жасаудың жаңа жүйесін қалыптастыру, әлеуметтік және ұлттық саясаттың негізгі бағыт-бағдарын жүзеге асыру, қоғамдағы тұрақ­тылықтың сақталуын, қазақ мем­лекеттілігін «Мәңгілік Ел» идея­сы аясында қалыптастырудың сын сағатынан сүрінбей өтудің кепілі деп білеміз. Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айнал­дырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келе­шегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі», деп тәуелсіздік жолындағы ұрпақтар сабақтастығын одан әрі бекіте түсті. Бұл ойдан біз­дің түйе­тініміз, тарихтан өткен ата-баба­ларымыздың өмірі мен ісіне қайтадан байыптап қарап, олардың жеңістерін бағалап, жеңілістерінен сабақ алуға міндеттейді. Ата-баба­ларымыздан қал­ған «Ел» ұғымы қашанда халқымыз үшін аса қастерлі де киелі ұғым болып қала бермек. Оның дәлелі Елбасының «Ел» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала бермек», деуінде зор мән бар. Ақпарат ғасы­рына аяқ басқан қоғамымызда халқымыздың мәдени мұраларының мәйегі болып табылатын – Ұлы Дала біздер үшін қасиетті де қастерлі. Бағдарламалық мақалада Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын табанды түрде өмірге енгізу қажеттілігі ерекше атап өтіледі. Бұл идея өмірдің барлық саласын қамтитындығымен де құнды. Уақытында Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Өлке­тану туған жерге махаббат, отаншыл­дықтың негізі», деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан да бүгінгі жаһан­дану заманында әрбір жас үшін өз туған жерінен қастерлі ештеңе жоқ. Қазақстанда тұрақты тұратын, осында қызмет ететін әрбір азамат өзінің туған жерінің тарихын, осы елді мекендейтін халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұр­пын, мәдениетін жақсы білуге тиіс. Туған өл­кемізде бабаларымыз­дың бастан кешкен тыныс-тіршілігі, кешегі өткен дәуірдегі өмір соқпақтары туған жер шежіресінің алтын қо­рына айналған тарихи деректерді жадына сіңіріп өскен ұрпақ қана туған елдің қадір-қасиетін ерекше түсінетін болады. Төл тарихымыз ұлттық рухымызды көтеру үшін аса қажет. Тарихсыз қо­ғам, халық, мемлекет бо­луы еш мүмкін емес. Тарих туралы әңгіме қозғағанда бір жағынан тарихтың өзін дәлдікпен, деректілікпен жазу маңыздылығы қандай болса, оның түпкі мазмұнының шырқын бұзбай, соншалықты нақтылықпен келер ұрпаққа жеткізу парыз. Негізінен «тарихтың өзі ек­шейді, өзі әділдігін айтады, өзі баға­сын береді» дейтін қоғамдық сана да қалыптасқан. Жал­пы алғанда, тарих қоғамның, халықтың, жеке адамның сана-се­зіміне, зейін-зердесіне және мәдени дәрежесіне тікелей байланыс­ты екендігін жоққа шығаруға болмайды. Тарих мемлекеттің, қоғамның өркениеттілігін көрсетеді. Әрбір адам­ның бойында өз елінің, ұлтының тарихына деген сүйіспеншілік, саламатты, парасатты, қадірлеушілік пен ілтипатты көзқарас қалыптасып, ол дәстүрге айналса құба-құп болар еді. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап, әр жыл сайынғы орын алған саяси маңызды оқиғалармен қатар, толайым табыстарға бүгінгі ұрпақ зор мақтанышпен көз жүгіртіп отыра­ды. Ұлттық мемлекетіміздің берік іргетасы қаланып, келешекке деген сенім ұлғайды. Сондықтан да болашақ жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігі баршаға белгілі. Ең алдымен болашақ өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін ұстаздар қауымы өз бойымызда жаңа қазақстандық патриотизмді тәр­бие­леуіміз керек екендігі анық мәселе деп білеміз. Жаңа қазақстандық патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық – бұл ең аса маңызды құндылықтар бүгінгі қоғамдағы меншіктің қандай түріне қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуі тиіс. Тәуелсіздік жолы – қасиетті жол. Болашақ ұрпақты жасампаздыққа үйрету парыз. Ұлттық бірегейлік пен ұлттық салт-дәстүр мәдени мұраның нәрінен сусындайды. Сондықтан да мемлекетіміз әр тұлғаның өмір сүру сапасына, оның қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктері мен құқықтарына, болашағына кепілдік беретін болса, онда жас ұрпақ өз туған елін сүйіп, оны әрдайым да мақтаныш ететін болады. Қазіргі жаһандану заманында туған еліміз әлемдік қоғамдастықта өзіндік алар орны бар мемлекет екенін айқын көрсетті. Тәуелсіз қазақ елінің халықаралық саясаттағы бағыты да, оның географиялық орналасуы да, жер асты байлығы да дүниежүзіндегі мемлекеттерді бізбен ынтымақтасуға ынталандырады. Қоғам дамуының қазіргі замандағы әлеуметтік жаңа­рудың жоғары қарқыны өмірдің барлық саласына сай қоғамдық қаты­настардың өрлеуі заңдардың жетіл­дірілуін әрі олардың икемділігін, бүгінгі күннің талаптарына мейлінше үйлесімді келуін талап етеді. Бүгінгі қоғамда «Қазақ елінің ұлт­тық идеясы қандай болуы керек?» деген сұраққа Елбасы: «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы», деп нақты әрі ұғынықты атап көрсеткен болатын. «Мәңгілік Ел» идеясы – біздің дамуымыздың бағдаршамы, ал қазақстандық арманға бастаған Ұлт Жоспары ел-жұрттың алдындағы биік мұраттар бағдарын айқындап берді. Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті гуманитарлық ғылымдар және шетел тілдері факуль­тетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы.