Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Парламенттік сайлау – 2016: жаңа мақсаттар мен мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өтті. Оны Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырды. Жиынға отандық сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, Астанадағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ҚСЗИ ғылыми қызметкерлері қатысты.
Сайлауалды науқан кезіндегі саяси партиялардың рөлі, саяси PR-дың мәні мен әлеуметтік зерттеулер жүргізудің өзектілігі, сондай-ақ, саяси партиялардың ғаламтор арқылы қоғаммен байланысын күшейтудің маңыздылығы қарастырылған дөңгелек үстел барысында бірінші кезекте Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі Алуа Жолдыбалина сөз алды.
«Біз жаңа ойын ережелері мен әдістерді, саясат жүргізудің жаңа құралдарын талап ететін жаңа геосаяси, геоэкономикалық ахуалда өмір сүріп жатырмыз. Бұл ретте мемлекет, азаматтар тарапынан бірлескен тиімді жұмыс атқарылуы тиіс. Сонымен қатар, уақыт бізден жедел түрде шешім қабылдауды, мемлекеттік органдар тарапынан үйлесімді іс-әрекетті талап етеді», – деді А.Жолдыбалина.
Одан әрі сарапшы парламенттік сайлаудың үлкен мән-маңызы бар екеніне тоқтала келіп, сайлаудың қоғамға ықпал ететін бірнеше факторларын атап өтті. «Біріншіден, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделері көрініс табады. Екіншіден, әрбір сайлау мемлекеттік билікті қалыптастыру әдісі болып табылады. Үшіншіден, азаматтардың саяси әлеуметтенуі және жұмылуы байқалады», – деді сарапшы.
А.Жолдыбалинаның сөзіне қарағанда, алдағы парламенттік сайлау еліміздегі көппартиялық жүйенің әрі қарай дамуына өз септігін тигізеді. Сондай-ақ, саяси элитаның іріктеліп, жаңа жетекшілердің пайда болуы саяси партиялардың жұмысының көрсеткіші болмақ. Осы орайда, спикер: «Саяси партиялар өз идеяларын ұсыну мүмкіндігіне ие болады. Азаматтардың саяси өмірге араласуы қамтамасыз етіледі», – деді.
Сонымен қатар, А.Жолдыбалина барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауының маңыздылығына кеңінен тоқталды. «Аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттарға жаңа адамдардың келу мүмкіншілігі жоғары. Мәслихат депутаттарын жаңарту аймақтық саясаттың тиімді жүзеге асуына ықпал етуі мүмкін. Бұл – өте маңызды. Себебі, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көрсетілген 97-98-қадамдар осы жергілікті өзін өзін басқаруды жетілдіруге бағытталған. Өзін өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашылады. Сондай-ақ, ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін болады. Мәслихат жұмысындағы дербестік пен ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру мүмкіншілігі – мысалы, жыл басынан бастап мәслихат депутаттары жергілікті полиция қызметінің басшыларын бекітіп жатыр. Бұған қоса, әкімдік жанында Жергілікті өзін өзі басқарудың аумақтық кеңес беру органдарын құру ұсынылады. Бұл кеңестің тиімді әрекет етуі үшін жергілікті өзін өзі басқарудың аумақтық кеңесін құру және бекіту туралы шешімді мәслихат қабылдайтын болады», – деді А.Жолдыбалина.
Сондай-ақ, спикер заң шығарушы орган – мемлекеттік дағдарысқа қарсы стратегиясын жүзеге асырудың маңызды элементі, елдің әрі қарай тұрақты дамуының негізі екенін, жаңарған Парламент институттық реформалардың жаңа кезеңіне ұйытқы болып, жеделдетілген саяси жаңғыртуға да ықпалын тигізетінін айта келіп, тиімді Парламент жаңа идеялар, жаңашыл адамдар, жаңа жобалар мен бастамалардың пайда болуына әсер ететінін атап көрсетті. Оның айтуынша, парламенттік сайлауды өткізудің прагматикалық мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты одан әрі нығайту, орнықты дамуды қамтамасыз ету.
Өз кезегінде «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының атқарушы директоры Айгүл Сәдуақасова алда өткелі отырған сайлауға қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерін атап өтті. «Бүгінде аталған өзекті тақырып қоғамымызда қызу талқыланып жатыр. Бұл тұрғыда халқымыздың Мәжілістің кезектен тыс өткізілгелі отырған сайлауына көзқарасы қандай екенін білуге тиісті сұрақтарды қойдық. Бұл сауалдамаға 1200 респондент қатысты. Әлеуметтік сауалдама Астана, Алматы және барлық облыстарды қамтыды. Біріншіден, Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу бойынша бастама қоғамға қалай әсер еткені және қазақстандықтар осы бастаманы қандай деңгейде қолдап отырғандығы сұралды. Респонденттердің 93,6 пайызы бұл бастама өз уақытында жасалды деп есептейді. Сонымен қатар, 97,2 пайызы Елбасының бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешімін қолдап отыр», – деді А.Сәдуақасова.
Оның айтуынша, респонденттер Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін партиялар сайлаушылардың сенім мандатын алуы керек екенін алға тартуда. Бұған қоса, сауалдамаға қатысқандардың басым бөлігі Мемлекет басшысының сауатты, іскер және елдің мүддесіне берілген кандидаттар ұсынылуы керек деген пікіріне қолдау білдіруде. Сонымен қатар, спикер қазақстандықтардың парламенттік сайлауды өткізу экономикалық мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізеді деп есептейтіндерін жеткізді.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясат факультетінің доценті Қанат Әуесбай еліміздегі сайлауалды науқан кезіндегі саяси PR-дың орны мен рөлі жөнінде әңгіме қозғады. «Сайлауды қолдау туралы пікір кеңінен айтылды. Олардың ішінде либералды, оппозициялық көзқарастағы тұлғалардың да пікірлері бар. Бұл сайлауды кезектен тыс өткізу туралы шешімнің дұрыстығын көрсетеді», –деді Қ.Әуесбай. Сонымен бірге, ол қазіргі таңда саяси PR тұрғысынан түрлі онлайн технологиялар және интернет-платформаларды пайдалануда біздің саяси партиялардың әлі күнге дейін кемшін түсіп жатқанын сөз етті. Оның сөзіне қарағанда, «Нұр Отан» партиясы мен «Ақ жол» партиясының әлеуметтік желілердегі белсенділігі байқалады. Ал қалғандарының әлеуметтік желілердегі іс-қимылдары төмен.
Сонымен қатар, спикер бұл жолы партия атынан түсетін үміткерлер қоғам тарапынан «дағдарыстан алып шығар депутаттар» ретінде қарастырылатынын, сол себепті, партияларға саяси PR тұрғысынан өте өнімді жұмыс істеуге тура келетінін жеткізді.
Дөңгелек үстелде сөз алған өзге де сарапшылар кезектен тыс өтетін Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларының мән-маңызына, оның қоғамымыздың дамуына тигізетін әсеріне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».