28 Қаңтар, 2016

Тиімділігі телегей телеорталық

432 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
D58A2988«Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінде айтылған «Болашақ телевидениенікі» деген сөз бүгінде әрі мәтелге, әрі шындыққа айналғанын көріп отырмыз. Олай болса, «Қазмедиа орталығы» жұмысының жай-жапсары туралы оның бас директоры Мирболат Аюповпен әңгімелескен едік. – Құрметті Мирболат Хайрат­­­ұлы, аста­налық Медиа­ор­та­­­­лық­тың құ­рыл­ға­нына өт­кен жыл­­­­дың со­­ңын­­да 3 жыл тол­­­ды. Осы оқи­­ға­мен өзі­ңізді құт­­тық­­тай оты­­рып, осы ке­зең­де қан­­дай жұ­мыстар атқа­­рыл­ғанын өз ау­зыңыздан білгіміз келеді? – Еске түсірсек, мемлекетіміз «Қазмедиа орталығын» 2012 жылы құрған кезде, мұның өзі бір қуатты серпін болып еді. Қазақстанда алғаш рет барлық ұлттық бұқаралық ақпарат құрал­дары үшін ұжымдық тұр­ғыда пайдаланатын біртұтас тех­но­ло­гиялық, инженерлік алаң дүниеге келді. Жай көрерменге түсінікті болу үшін осыған із ашқан жайларды айта кетейін. Қалыптасқан дәстүр бойынша барлық телеарналар дербес жұмыс істеді, олардың әрқайсысы өздерінің өндірістік базасын қолдап, дамытып отырды, елеулі техникалық қызметкерлер штатын ұстады. Хабарларды жасайтын және эфирге шығатын құрал-жабдықтарды да жасақтап алған-ды. Осының бәрі әрбір телеарна үшін айтарлықтай қаржы бөлінуін талап етті. Сондықтан, технологиялық жауапкершілікті бір сервистік оператор ғана өзіне жүк­тейтін ұлттық телерадио ке­­ше­нін құру идеясы әбден пі­сіп-же­тілген еді. Әрі ол синер­ге­ти­калық тиімділік алу орай­ын­да да өзін ақтап тұр. Біздің жағ­дайда бұл дегеніңіз – «Қазмедиа орталығы». Арналар өздеріне тән қызмет – контент жасаумен айналысады. Ал қалған барлық, баршаға ортақ техникалық және тех­нологиялық істермен бәрі­нің қамын ойлай отырып, біз шұғылданамыз. Телеарналар ендігі жерде технологиялық ма­ша­­қаттар үшін қам жемейді. ҚМО көр­­се­ті­летін қызмет ретін­де, тиіс­ті сапалық дәрежеде сту­дия­ны, құрал-жабдықтарды, қызмет­кер­лер­ді және эфирге дабыл бе­руге дейінгінің барлығын бір өзі қам­тамасыз етуі тиіс. Сөйтіп, біздің бірінші кезек­тегі мінде­тіміз – «Хабар» Агент­­тігі» АҚ («Хабар», «24 KZ», «Kazakh­­TV» арналары), «Қазақ­стан» ­РТРК («Қазақстан», «Бала­пан», «Kaz­Sport» арналары, «Қа­зақ ­­ра­диосы», «Шалқар» және «Астана» радио­лары), «Еуразия» Бірінші Ар­насы, «МИР» ТРК сияқты өз әріп­тестерімізді техни­калық тұр­ғыдан үздіксіз әрі сапа­лы жаб­дық­талуын қамтамасыз ету болды. Сондай-ақ, мемлекет­тің ақпа­рат­тық саясатын жүр­гізуде же­текші рөл атқара­тын Орта­лық коммуникациялар қыз­метінің жұмысын техникалық қамтамасыз ету де біздің қызме­тіміздің аса маңызды әрі басым бағыты болып табылады. Қазір біз технологиялық ке­шенді жаңғырту үдерісін бастау қажеттігі туындаған кезеңде тұр­­мыз. Қазмедиа құрылған кезде техниканың жаңашыл талабына сай келген-ді. Бірақ бұл сала шапшаң даму үстін­де. Біз әрқа­шан уақыттан қалыс­пауы­мыз, технологиялық кенжелеуге жол бермеуіміз керек. Бұл, әсіресе, қар­жы тұрғысынан алғанда өте-мөте күрделі мәселе. Ал енді әр­бір арна осымен жеке-жеке айна­лысатын жағдайды көзге елес­тетіп көріңізші. – Сіз «Қазмедиа орта­лы­ғы­на» жарты жыл бұрын кел­­діңіз, ең алдымен қандай мін­дет­­терді шешуді жөн сана­дыңыз? – Кез келген компаниядағы сияқты, ҚМО-ның да өзіндік проблемалары бар. Сайып келгенде, солардың бәрі жұмысымыздың сапасына әсерін тигізеді. Біз үшін сапалы өндіріс және дабыл беру мәселелері жұмысымыздағы негізгі басымдықтар болып табылады. Біраз қиыншылықтарды еңсердік, қалғаны қаражат бөлу қа­жеттігіне байланысты ше­ші­­мін табу сатыларында тұр. Бір жақ­сысы, бұлар­дың бәрі шешілетін жайлар, тек уақыт қажет. Бүгінге дейін шешімін тауып үлгерген маңызды мәселелердің ішінде «Қаз­телерадиоға» телевизиялық дабыл беру үшін байланыстың оптикалық арналарының 100 пайыз резервке алынуын қамтамасыз етілуін атап айтар едім. Мұның өзі толық сенімділікке қол жеткізіп, бізді хабар таратудағы ықтимал кідірістерден сақтандырады. Жалпы, ҚМО стратегиялық маңыздағы нысан ретінде қауіп­сіздік мәселелеріне баса көңіл бө­луді талап етеді. Біз әріптес­термен және мемлекеттік күзет қызметімен бірлесе отырып әр­түр­лі санаттағы күтпеген ахуал­дар үшін нысанның кешенді қауіп­­сіздігінің тұжырымдамасын әзір­­ледік, регламенттерді белгі­ле­дік, жүйелі түрде төтенше жағдай­лар оқу-жаттығулары өткізіледі. Қауіпсіздік ұғымы бүгін­де едәуір кеңейген: айталық, өрт­тен бастап ақпараттыққа дейін. Бұл мә­се­лелерге де біз басымды түр­де мән береміз. Компанияны корпоративті бас­­қару жүйесін жетілдіру жөнін­де жұмыстар жүргізілуде, үдеріс­тік тұрғыдан қарау енгізіліп жа­тыр, элек­тронды құжат айналымы іске қосылды. Алдағы мамырда ISO – 9001 талаптарына сай сапа менеджменті жүйесінің сер­ти­фи­кациясын алу жоспарланды. Біз ағымдағы қаржы-шаруашылық қызметімізге талдау жасап, өз шы­ғыс­тарымызды барынша оңтай­­лан­дырдық, кірістерімізді ық­ти­ят­тай түстік, бір сөзбен айт­қан­да, дағдарысқа қарсы шара­лар кешенін атқардық. Соның нә­ти­жесінде күтіліп отырған үл­кен шы­ғынның орнына осы жылдарда алғаш рет ағымдағы шығынсыз деңгейге шықпақшымыз. Тіпті, аздаған табысымыз да жоқ емес. Ком­панияның топ-менеджменті үшін бұл осыншалық қысқа уа­қыт аралығындағы елеулі жетіс­тік саналса керек. – Қазмедиа 2016 жылға және одан кейінгі кезеңге дамудың қан­­дай нақты қадам­дарын әзір­леді? – 2016 жылы біз телерадио­кешен жұмысының идеология­сын толықтай қайта құрып, Қаз­медиаорталықтың зор мүм­кін­діктерін ашатынымызға сенім­діміз. Қазір бұл әлеует, тіпті, жартылай да пайдаланылып отырған жоқ. Сондықтан, биыл өзіміз жайлы бар дауыспен мәлімдеуге құлшынулымыз. Жас компания болсақ та, қалыптасып, одан әрі кемелденудің уақыты жетті. Біз өндірісі жолға қойылған және жо­ғары кәсіби һәм білікті қыз­меткерлері жеткілікті заманауи корпорацияға айналуға дайынбыз. Алдымызда неғұрлым сапалы медиалық және технологиялық қызмет көрсетудің, қаржылық көрсеткіштерді жақсартудың биік міндеттері тұр. Ал өзімізге коммерциялық табыс әкелетін салалық медиалық құрамдасқа келер болсақ, бұл орайда, біз­дің жоспарымыз тартымды орта­лық­қа – медиасаланың қамшы­ге­рі­не, былайша айтқанда, «Шы­­­­ғар­­­­машылық үйіне» айналу бол­­­мақ. Сөйткен жағдайда продю­­серлік орталықтар, шығар­машы­лық бірлестіктер, журна­листер, медиаменеджерлер, қыс­қасы, біздің саланың сүт беті­не шығар қаймағы түгел бір шаңы­рақ астында тұрып, өз туын­ды­ларын дүниеге әкелетін бола­ды. Бұл мін­детті біздің алды­мыз­ға акционерлеріміз: Прези­дент Әкімшілігі, Үкімет Инвес­тициялар және даму министр­лігінің Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті арқылы қойып, сонымен қатар, мемлекет тарапынан әркез қолдау жасауда. – Әріптестерден Қазмедиа- ­ның заманауи техноло­гия­ла­рына үйрену оңай емес­­тігі ту­ралы естіп едік. Онда хабар та­рату­дың тұтас үде­рі­сі бар ғой. Білуімізше, бүкіл осы ақ­па­ратты көрер­менге техни­калық қыз­мет­кер­лер жет­кізеді. Медиа­орта­лық­та тәжі­ри­­белі техни­калық қыз­мет­кер­лер негізгі ұйытқы саналады. Олар­ға қойы­­латын та­лаптар мен жүк­те­летін мін­деттер жайында айтыңызшы? – Технологиялық үдерістің буындары көп: тележурналистік кешен, қаражаттандыру, құрас­тыру, материалдар жасау және оны эфирге шығару (тікелей немесе жазба түрінде) – осының бәрін Қазмедиаорталық іске асырады. Біз барлық арналар­дан Қазтелерадиоға дейін қалып­тасқан дабыл береміз, ол кабельді және басқа операторлар арқылы оны түпкі тұтынушыға – кәдімгі көрерменге жеткізеді. Бұл арна­лардың ырғалып-жырғал­мауына және техникалық қызмет­кер­лердің штатын далит­пауға мүм­кіндік береді. Өзіңіз ойлап кө­рі­ңізші, бұл жағдай қаншама шығыстарды оңтайлан­дырады, сайып келгенде, тек шығар­ма­шылыққа көңіл бөлуге ұмтыл­ды­рады. Айталық, Ресейдің Бірін­ші арнасында техникалық персо­налдың небәрі 4 қызметкері бар. Сон­дай толағайға төрт-ақ қыз­мет­кер! Қалған барлығы үшін Остан­­кинода жұмыс істейтін ин­тег­­ра­торлар жауап береді. Шын мә­нінде, біз – қазақстандық Остан­киномыз. Бізде техникалық жұмыс­пен шұғылданатындар: опера­торлар, инженерлер, жа­рық тү­сі­ру­шілер, студияшылар және басқалар 400 адамнан аса­­ды. Айтқандай, қазір біз ре­сей­­ліктермен белсенді ынты­мақ­­тастықты жолға қой­дық, тәжі­­рибе алмасудамыз. «Остан­кино­мен» арада тиісті келісімге қол қо­й­ылды. Соның аясында бізге олар­дың делегациясы келіп, жұ­мысты қалай тиімді құру жөнінде талдамалар жасап, ұсыныстар береді. Ал біз өз кезегімізде тәжі­рибе алмасып, біліктілік арт­тыру үшін мамандарымызды Остан­киноға жібереміз. Біздің қыз­меткерлеріміз жүйелі түрде шетелде тәлім алып, біліктіліктерін көтереді. Бұл біз үшін өте қажет. Жоғарыда айтқанымдай, біздің сала тез дамып, тез өзгеруде. Сол үшін де үнемі оқуға, тынбай ізденуге тура келеді. – Республикада 2970-тен ас­там тіркел­ген БАҚ жұмыс істейді, соның 200-ден астамы элек­тронды. Солардың басым көп­шілігі елордада, Алматыда және облыс ор­талықтарында. Медиаорталықтан елдің ұлт­тық теле-радио холдингтері ха­бар та­рататынын атап өту ке­рек. Бұл орайда, алда басқа арна­­ларды немесе радиостансалар­ды тарту жоспарда бар ма? – Ұлттық арналар – біздің негізгі әріптестеріміз. Барлығын тиісті деңгейде ұстап тұру үшін қаржы қажет. Бұл дегеніңіз тек инженерлік жүйелер мен жабдықтар ғана емес, 70 мың шаршы метрден астам алаң. Мемлекет бізге коммерциялық қызметпен айналысуды тапсырды. Сондықтан, біз өзімізге басқа салалық компанияларды да белсенді түрде тартамыз. Көптеген қызметтерді ұсы­на аламыз. Ол дегеніңіз – әр­түрлі қызметтік мәндегі және әр­түр­лі ауқымдағы 14 бірегей аппа­раттық-студиялық кешен, іс-шара­лар өткізуге таптырмайтын мың орын­дық концерт залы, қала­ның панорамалық келбетін түсіруге болатын 2 Sky-студия, ball-рум аймақтары, көрмелік холлдар, дыбыс жазатын студиялар, виртуалды студиялар, бұған қоса жарнаманы, эфир үзіктерін, құттықтаулар мен тіпті, футбол матчы көрсетілімін көре алатын сыртқы үлкен 5 Медиафасад экраны. Мысалы, біз онда өткен жылы алғаш рет астаналық әкімдіктің қолдауымен Чемпиондар лигасындағы «Астана» командасының матчтарын тікелей эфирден көрсетуді ұйымдастырдық. Қазақстанда алғаш рет киноконцерттік кешен ішінде Астанадағы футбол матчтарының тікелей трансляциясы көрсетілді. Астана тұрғындары мен қонақтары осынау ғаламат көріністің куәгерлері болды. – Әзірге коммерциялық ком­­­па­­ния­лар қатарынан сіз­дер­­­ге кім­­дер клиент болды? – Қаңтарда біздің тағы бір стратегиялық әріптесіміз пайда болды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы біздің базамызда кәсіпкерлерге арнап ғаламторлық хабар таратуды жос­парлап отыр. Біз бұған студия, кеңсежай орындарын, құрал-жабдық, қызметкерлер бөлдік. Өздерінің бұқаралық ақпарат құралын ашу туралы ой оларға өткен жылы келген. Сөйтіп, рынок­тағы барлық ұсыныстарды тал­дай келе техникалық қызмет көр­се­туі жоғары дәрежедегі бізге тоқ­таған. Бұл үшін қуаныштымыз. Біз ЭКСПО-2017 компаниясы­мен де ынтымақтастыққа қо­сыл­дық. Тұжырымдамалық тұр­ғы­дан қазірдің өзінде осынау әлем­­дік ауқымдағы іс-шараны ілгері бастырып көрсетуде ресур­с­- ­тық әріптес ретінде қарас­ты­ры­лу­дамыз. Одан әрі де ынты­мақ­тастық жалғаса түспек. Соңғы жылдары Нұрлан Қоян­­баев­тың, Серік Ақышевтің, Әнуар Нұр­пейісовтің және бас­қалардың командалары сияқты продюсерлік орталықтар біздің әріптестерімізге айналды. Осы салада көзге түскендермен келіс­сөздер жүргізіліп, барлығы ынты­мақтастыққа шақырылуда – біз ашықтық саясатын жария еттік. Бұрын медиаорталық айналасында қадам бастырмас қамалдай салқын қабақ жайлап алған болса, енді біз осы жаттандылықтан, сұрқайлықтан құтылып, өзіміз жайлы ақпаратты медиаортадағы ықтимал клиенттерімізге барын­ша жеткізуге тырысып бағу­­да­мыз. Сөйтіп, икемді тариф­тік сая­сат жүргізіп, оларды ынты­мақ­­тастыққа шақырудамыз. Және бұл Астана мен республи­ка өңір­леріне ғана емес, шет мем­ле­кеттерге де қатысты. Мы­са­лы, Қазмедиаорталықтың техни­ка­лық мүмкіндіктерімен таныса келе, ресейліктер «ҚМО-мен ынты­мақтастықтың келешегі айтар­лықтай» деп аса ұстамды түрде атап өтті. – Медиаорталықтағы отан­дық баспа БАҚ-тары туралы не айтасыз? – Біз барлығы үшін ашықпыз. Баспа БАҚ-тарының баспаханалары басқа жерлерде болған­дықтан, әрине, олар үшін біздің құрамда болу тиімсіз. Оның үсті­не, біз өз клиенттеріміздің кеңсе­жайымызды жалға жай алып қана қоймай, сонымен бірге, тех­­никалық мүмкіндіктерімізді: сту­дия­­ла­рымызды, монтаждау бөл­­ме­­лерін және басқаларын пайда­­ла­н­уын қалар едік. – Клиенттер тарту үшін ком­- ­пания қандай шаралар қол­дануда? – Тауарды витринаға жайып қойып, клиент күтіп отыратын «супермаркеттер» уақыты бітті. Көшеге шығып, клиенттер іздейтін, әсіресе, корпоративті әріп­­тестерді алақанға салып ая­лай­­тын кезең келді. Біздің биз­не­­сіміздің ерекшелігі сол, біз өзі­­міз­дің ықтимал, болуы мүм­кін-­ау деген клиенттерімізді іс жү­зін­­де түгел аты-жөнімен біле­міз. Сол се­­бептен де біздің басты мін­де­тіміз тартымды жағдай­лар жасап, елдің бүкіл медиа жұртшылығын бір шатыр, бір шаңырақтың астына жинау болып табылады. Міне, нақ сол жағдайда біз қиындыққа төтеп береміз, уақытпен бірге адымдап дамимыз, нақ сол кезде біз бәсекеге қабілетті боламыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».