28 Қаңтар, 2016

Ұлы Дала елін ұлы істерге жетелейді

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
9-12-14-1Әрбір саланы елеп-екшеп, артық-ерекшелігін, кем-кетігін назарында ұс­тап, әрдайым соны ұсыныстар мен тың идеяларды ортаға салып, халықтың жұ­­мыла жұмыс істеуіне негіз болып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында күрделі кезеңдегі күре жолды тағы бір мәрте айқындап берді. Саяси жарияланым – Прези­денттің бұған дейінгі Қазақстан халқына арнаған Бес институттық реформасымен, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарымен, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауымен астасып жатқан үлкен бағдарламалық құжат. Осы стратегиялық мін­детте­ме­лерді уақтылы жүзеге асыру мақсатында 59 заң қа­былданып, оның барлығы жа­ңа жылдан күшіне еніп отыр. Мемлекет басшысы қалың бұқараға біртұтас азаматтық, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеологиясы қағидатында, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы арқылы үш тұғырлы тіл саясаты негізінде бір­лігі берік, ынтымағы жарасқан елді нығайту әрі дамытуды көздейтіндігін жеткізіп, барша жұртты осы көзделген мақсатты орындауда бірлесе жұмыс істеуге шақырады. Сөз жоқ, мақаладағы міндеттердің шешімінің табылуы Ұлы Дала елін ұлы істерге жетелеп, жаңа жасампаздық биіктен көрсетеді. Ең басты айтарлығы, Ел­ба­сының бағдарламалық мақаласында ғасыр ортасына қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу арманының нақты тетіктері қамтылды. Даму­дың сара жолындағы ат­қарылар жұмыстарды сал­мақтап берген Мем­лекет басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ басқанымызды, оның басты мақ­саты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар екенін жеткізді. Мақаладағы «әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда туған жерге сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Ота­ны­ның бақыты туралы аңсар айқын көрінеді» деген ой көпшілікке үлкен сер­піліс береді. Мемлекет – белгілі бір территориялық аумағы, бекітілген шекарасы, өзіне тән құқықтық жүйесі, құндылықтары бар құрылым. Алғашқы кезекте мемлекет – ол мемлекеттік аппарат. Ал аппа­рат мемлекеттің өркендеуі мен сол инс­ти­туттың дамуына тікелей жауапты. Мем­лекет басшысының мемлекеттік қыз­меткерлер алдына қойып отырған талабы да осыдан бастау алады. Қазір осыған орай, мемлекеттік қызметкерлерге талап күшейіп отыр. Бұл орайда, Елбасы мақа­лада көрсеткен бірінші реформасында: «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған... «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның маңызды қыры оның арқаулық нормаларының құ­қық қорғау органдарына да қатысты болатынымен байланысты», деуі бізге жаңа міндеттерді жүктеп, сенімге сай болу үшін өзіміздің кәсіби шеберлігімізді әр­дайым биікте ұстап, әдепті де жоғары этикалы маман ретінде шыңдала түсуімізді та­­лап етеді. Елбасы бұрын да ерекше назар аударып жүрген мәселе – құқық тәртібі және заңдылық жөнінде бұл жолы да нақты ұстанымдар айтылады. Мәселен, «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қам­тамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағыт­талуы тиістігінде. ...Бұдан бөлек, бізге бар­­лық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қыз­метінде тұруына қол жеткізуіміз қажет», деген талабы осы салада еңбек етіп жүрген біздің – Ұлттық ұландықтардың қай-қайсымызға да жоғары міндеттер жүктейді. Сондай-ақ, бағдарламалық мақалада көр­сетілген ілкімді шаралардың бірі «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-рес­урсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзу­шылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді», деуі жұртшылықтың жеке бас құқықтарының, қауіпсіздігінің қор­ғалуына сенімділігін нығайтары сөзсіз. Қорыта айтқанда, аталған еңбекті оқып отырғанда, ең алдымен, біздің елі­мізде жасалып жатқанның бәрі адам үшін, оның құқығын қорғау үшін екені анық байқалады. Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы – Елбасы алға қойып отырған, сенімділік ахуалын жақсартуға бағытталған мәртебелі міндет. Оның жүзеге асуына біздер, ұландықтар да өз үлесімізді қосатын боламыз. Мұхамедқали САТОВ, полковник, Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары.