28 Қаңтар, 2016

Жергілікті өзін өзі басқару жетілдіріле түспек

347 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
округ акимБіз облыс орталығынан шал­ғайда тұрамыз. Аудан орталы­ғынан да қашықтаумыз, күре жол да қиыстау өтеді. Алайда, ауыл тұрғындары Мемлекет бас­шысы Н. Назарбаевтың жүр­гізіп отырған сарабдал саясаты мен жүзеге асырып жатқан рефор­маларының қайтарымды болатынына нық сенімді. Мұны соңғы жылдары қол жеткен табыстарымыз бен оң өзгерістердің өзі дәлелдеуде. Қазір қаншалықты қиянда жатқанымен ауылдан үдере көшу тоқтады. Елден ірге айырғандар қайта ора­лып, шаруасын жүргізуге талаптануда. Менің өзім де облыс орталығына қоныс аударып, кейін жерлестерімнің қалауымен туған жерге оралып, ауылдық округтің тізгінін ұстадым. Мұның өзі туған жерге деген сүйіспеншілік пен ауыл­дың ертеңіне деген сенімнен туған болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бас­тай­тын жол» атты мақаласын оқып танысқаннан кейін бұл таңдауым­ның дұрыс болғанына көзім жетті, бойыма жаңа қуат біткендей болды. Дамыған 30 елдің қатарына енуге бағыт ұстаған Қазақстанның әлемдік дағдарысты еркін еңсеруі­нің жолдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қа­дам» Ұлт Жоспарында және күні кешегі «Қазақстан жаңа жаһан­дық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жол­дауында айқындалып, нақты көрініс тапқаны белгілі. Қашанда бастаған ісін аяғына дейін тиянақ­тайтын Мемлекет басшысы өзі­нің осы жолғы бағдарламалық мақа­ласында да бүгінгі уақыт талабынан туындайтын көптеген мәселелердің түйінін тарқатып айтыпты. Сөз басындағы «Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік», деген жолдар жүйрік уақыттың еншісінде қаншама ұлы істер жү­зеге асқанын көз алдыңа әкеледі. Оны тәптіштіп айтып жатудың өзі артық. Мұндай ғасырда жасалатын жарқын істердің көрінісін әр елді мекеннен табуға әбден болады. «Мемлекет функцияларын бәсекелесті ортаға және жергілік­ті өзін-өзі басқаруға беру» деген бөлімде Премьер-Министр орын­басарының басшылығымен, оның құрамына Парламент депутат­тарының, орталық ат­қару­­шы ор­гандар басшыларын, «Ата­мекен» ҰКП, Қазақстаннның Азаматтық альянсы өкілдерін қоса отырып, тұрақты жұмыс істей­тін комиссия құрылатыны айтылған. Мұның өзі бұл бағытта басталған істердің ілгерілеуге із ашатынын айғақтайды. 2020 жылдан бастап жергілікті өзін өзі басқарудың өкілді органын құ­ру, халқының саны 2 мың адамнан кем емес елді мекендерде жер­гілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу, қоғамдық ма­ңызды мәсе­лелерді қамтитын жергілікті бюд­жеттердің жобалары бойынша азаматтардың ұсы­ныстарын қарау ресімдерін енгізу мәселелері қарастырылған. Сонымен бірге, бұл шараларды жүзеге асыру мемлекеттік ор­ган­­дар­дың ше­шімдер қабылдау үдерісінің мөлдірлігін арттыратыны және жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға жағ­дай жасайтындығы атап көрсетіл­ген. Біздің ауылдық округке Нұра, Мамыр, Дүкен, Белшер елді мекендері қарайды. Округте Т.Жүргенов атындағы орта, Дүкен, Мамыр, Белшер негізгі мектептері, мектеп жанындағы интернат, «Бөбек» балабақшасы, 3 клуб, 3 кітапхана, 1 дәрігерлік амбулато­рия, 3 ФАП, пошта, байланыс жүйесі, 2 телехабарлар тарату орта­лығы, метеостанса, электр жарығын беру стансасы халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен бір­ге, 9 жеке сауда дүкені, 2 жеке мон­­ша жұмыс істейді. Округ аумағында 21 жер пайдаланушы ауылшаруашылық құрылымы жұмыс істейді. Округ тұрғындары 56 түйе, 476 жылқы, 4113 ірі қара, 11319 қой-ешкі , 1520 құс ұстайды. Өткен жылы ауданда өткен жәр­мең­келерге 400 келі ет,150 келі сары май, 50 келі сүзбе, 500 келі ба­лық, ал, Ақтөбе қаласында өткен облыстық жәрмеңкеде де 200 келі ет, 800 келі балық, 30 келі сүзбе, 30 келі құрт т.б. өнім түрлері апарылып, арзан бағаға сатылды. Мұ­ның өзі ауылдың ажары кіре бастағанының айқын дәлелі. 2015 жылы «Сыбаға» бағ­дар­ла­­масымен «Есенкелді» шаруа қожалығы 4950 мың теңге несие алып, 31 ірі қара, «Бауыржан» ша­руа қожалығы 5870 мың теңге несие алып, 47 ірі қара сатып алып, шаруашылықтарын кеңейтті. Бір­сыпыра шаруа қожалықтары ал­ған жерлерін пайдаланбай, елді ме­кендердің жерлерін тоздыруда. Салынған үйлері мен мал қоралары бос тұр. Бұларға да келешекте қа­таң сұраныс болады. Алдағы уақытта шаруа қожалықтарын бірік­тіріп, ірілендіру көзделуде. Бізде 37 шағын кәсіпкерлік нысаны, 21 шаруа қожалығы, 16 жеке кәсіпкер тіркелген. Олардың барлығы қайтарыммен жұмыс істеп тұр деуге әлі ерте. Алайда, Пре­зидент Н. Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдар­ламалық мақаласында «Біз өз жеріміз бен оның байлығының ұқыпты иесі болуға үйренудеміз, жаңа технологияларды меңгеріп, тарихымызда ешқашан болып көр­меген өндірістік қуаттар мен экономиканың тұтас сала­ларын іске қосудамыз», деп атап өткеніндей, олардың буынын бекіту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуге тура келеді. Оның алғышарттары қазірдің өзінде қалыптасып келеді. Нұра ауылының тұрғыны М.Сүлейменов «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие алып, мал өсірумен және көбейтумен шұғылдануда. Ақерке Қабидоллақызы сауда қызметін көрсету үшін азық-түлік дүкенін салып, өз жұмысын бастады. Белшер ауылының тұрғыны жас кәсіпкер Әнуарбек Қарашұлы және «Бершат» шаруа қожалығы екінші жыл бие сауумен айналысып, халықтың ризашылығына бөленуде. Нұра ауылының тұрғыны Саламат Дәу­рен­бекұлы мал азығын дайындау­мен қатар, бақша егіп, мол өнім алды. Кәсіпкерлік нысандары 9.8 гектарға бақша егіп, 124.6 тонна өнім алып, тұрғындарға өткізді. Нұра ауылдық округі бойынша абаттандыру жұмысына бөлінген қаражат толық игерілді. Ақтөбе қаласындағы ауыл азаматтарының демеушілігімен 150 түп көшет әкелініп, отырғызылды. Округ бойынша көшелер күл-қоқыстан тазартылды. Мектептер қысқы кезеңге дайын. Сұйық және қатты отынмен қамтамасыз етілген. Жылу жүйелері, жылу пештері жұмыс жасап тұр. Электр энергиясымен елді мекендер толық қамтылған. Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді», деп атап көрсетілген. Бағдарламалық мақалада қоғамдық дамуға серпін беретін қадамдар қалай жүзеге асырылатыны нақытыланған. Мұның өзі біздің округ тұрғындарын мазалайтын ауызсу және елді мекен­дер мен аудан орталығы ара­лығындағы жол қатынасының нашарлығы мәселелерінің оң шешілетініне сендіре түседі. Аудан орталығынан 2014 жылы Нұра, Мамыр, Дүкен елді мекендеріне су құбырын жүргізуге сметалық құжат жасалды. Осыған байланысты 2015-2016 жылдарға Нұра, Мамыр, Дүкен елді мекендеріне су құбырын тарту үшін қаражат бөлу қарастырылуда. Міне, мақаланы оқып отырып, осы мәселелердің оңтайлы шешілетініне сенім арта түсті. Өмір талабы бізге тоқырап қалуға мүмкіндік бермейді. Ауыл тұрғындары да қаладағы жасалып жатқан игіліктерді көруі тиіс және осы бағытта жұмыс жасалуда. Елбасының мақаласын оқып отырып, ертеңіміздің бүгінімізден де жарқын болатынына сендік. Бұл ауылдықтарды алдағы күндерге үміттендіріп қана қоймай, қанат­тан­дыра түседі десем артық айт­қандық болмас. Жолаушыбай ТӨЛЕБАЙҰЛЫ, «Нұра» ауылдық округінің әкімі. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы.