28 Қаңтар, 2016

Әріптестік әлеуетінің айқын көрінісі

243 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_6496-1Мәскеуде Қазақстан-Ресей бірлескен инвестициялық конференциясы өтті Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасында «Ресей-Қазақстан инвестициялық үнқатысуы: ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын бірлескен іскерлік конференциясы болып өтті. Шараны Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігі, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасы бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының (СӨП) вице-президенті Дмитрий Курочкин, Еуразиялық эконо­микалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқасының (министр) мүшесі Тимур Сүлейменов, Қазақстан елшілігінің Ресейдегі кеңесші-өкілі Болат Иманбаев, «Kaznex Invest» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төраға­сының орынбасары Әсел Ерға­зиева, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Са­парбек Тұяқбаев, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) басқармасының төра­ғасы Талғат Алпысбаев, «Тобыл» ӘКК басқармасының төрағасы Арман Әлиев, Еура­зия даму банкінің (ЕАДБ) бас­қа­рушы директоры Нико Варде­петян, Ресей аумақтық сауда-өнер­кәсіп палаталарының өкілдері, қазақстандық және ресей­лік кәсіпкерлер қатысты. Шараның басты мақсаты екі­жақты инвестициялық ынты­мақ­тастыққа қатысушылардың өзара іс-қимыл пішімін жетілдіру, Қазақстан-Ресей бизнестері үшін үнқатысу алаңын ұйымдастыру, сондай-ақ, жаңа бірлескен кә­сіп­орындар құру үшін екі елдің іскер топтары өкілдерінің ара­сындағы іскерлік байланыстарды жақсарту болды. Конференция шеңберінде Қазақстан-Ресей инвестициялық ынтымақтастығын дамытудың негізгі бағыттары, ЕАЭО аясында табысты тәжірибелермен алмасудың перспективаларын кеңейту, Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы эко­но­микалық байланыстарды және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды өрістетудің болашағы талқыланды. Конференцияны ашқан Б.Иманбаев Еуразиялық эко­но­­микалық одақ жұмысын бас­тауы­мен оған мүше елдер инте­гра­циялық өзара іс-қимыл­дың сапалы жаңа деңгейі­не шыға бастағанын атап өтті. Эко­номикалық ынтымақтас­тықтың нормативтік базасы құрылып, ол жетілдіріле түсуде. Оның сөзіне қарағанда, экономикалық өзара іс-қимылдың кең ауқымы мен сапалық жаңа деңгейіне өту тек инвестициялық әріптестікті кеңейту есебінен мүмкін болмақ. Осыған орай, Б.Иманбаев Қазақ­станда қазіргі таңда ірі инвесторларды мемлекеттік қолдаудың теңдессіз шаралары қабылданып жатқанын қаперге салды. Д.Курочкин өз кезегінде Ре­сей тарапы осы конферен­ция­ны «Қазақстан-Ресей» Ин­вес­тициялық ынтымақ­тас­ты­ғының жол картасын» құру бой­ынша салмақты да жүйелі жұ­мыстың бастауы деп қарасты­ратынын атап көрсетті. Ал оны ЕАЭО ауқымына дейін кеңейтіп, тұрақты жұмыс істейтін ин­вес­тициялық алаң ретінде құрудың маңызы зор болмақ. Оның айтуынша, бұл екі елдің ірі ком­панияларының іс-қимылын, тіпті, өңірлер арасында да шағын және орта бизнес деңгейіндегі ынтымақтастықпен толықтыруға мүмкіндік беріп, мұнда сауда-өнеркәсіп палаталарының жүйесі маңызды рөл атқара алар еді. «Бізде тәжірибе де, білім-білік те, осы жобаны жүзеге асыру үшін қажетті әріптестік желі де бар», – деп атап өтті Д.Курочкин. Осылай дей келіп, Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті сөзін былайша түйіндеді: «Қазақстанда жасалып жатқан жұмыстар тек құрмет сезімін туғызып қана қоймай, сондай-ақ, біздерді шағын және орта бизнес дең­гейінде интеграциялық ынты­мақ­тастықты айтарлықтай арттыруға рухтандырады. Қазақстанда соңғы жылдары экономикалық дамудың жаңа моделін құру бойынша жүзеге асырылған оң­ды істерді біз Ресейде енді ғана қолға алуға ұмтылып жатырмыз». Ә.Ерғазиева өзінің сөзін­де Қазақстанның жаңа эконо­ми­калық саясатының негізгі бағыт­тары мен екі елдің ЕАЭО аясын­дағы инвестициялық ынтымақ­тастығының перспективалары туралы әңгімелеп берді. «Ресей-Қазақстан ынтымақтастығы бізге Еуразиялық экономикалық одақта болғанымыз үшін де аса маңызды. Бұл екі тарапқа да өте үлкен мүмкіндіктер ашады. Біріншіден, бұл бизнес жүргізуді жеңілдетеді, екіншіден, экспорттық рыноктарға бірлесіп шығу тұрғысынан алғанда тиімді. Еуразиялық экономикалық одақ біздің рыноктарымызға енгісі келетін инвесторлар үшін айтарлықтай салмақты алаң болып табылады. Және Қазақстан мен Ресейде инвестициялық жобаларды дамытып, жүзеге асыру үшін аса зор әлеует бар», – деді «Kaznex Invest» өкілі. Ә.Ерғазиева Ресей аудиториясына 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының мазмұ­нын ашып көрсетті. «Ұлт Жос­пары біздің жұмысымызға кө­мек­теседі. Өйткені, ол бізге әлеуеті шын мәнінде көрініп тұрған салаларды анықтап, соларға екпін түсіруге мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті Ә.Ерғазиева. С.Тұяқбаев конференцияға қатысушыларды Оңтүс­тік Қазақстан облысының инвес­тициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Ол 25 қаңтар күні Мәскеудің аса ірі азық-түлік орталығында «Оңтүстік Қазақстан» деп аталатын сауда-көрме павильоны ашылғанын қаперге салды. Ал бұл павильонда ресейліктер Қазақстанда өндірілетін азық-түлік тауарларымен танысып, оларды өндірушілермен тікелей келісімшарт жасаса алады. Т.Алпысбаев Ресей компанияларымен Оңтүстік Қазақстан облысы жағдайында жылыжайлар салу, сондай-ақ, экскава­торлар құрастыруды ұйымдас­тыру жұмыстары бойынша ын­ты­мақтастық туралы уағдалас­тықтарға қол жеткізілгенін хабарлады. Осы орайда, конферен­ция алаңында «Шымкент» ӘКК мен «PoliPlast» ЖШС-нің Ре­сейдің «Полипласт» АҚБ мен UMG компаниялар тобы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға қол қойы­луына байланысты Қазақстан тарапынан, сонымен қатар, «Аграр­лық сарапшылық компаниясы» ЖШС-нің өкілі Ерлан Қарабаев пен «Майлы дақылдардың тәжі­рибе шаруашылығы» ЖШС-нің директоры Фарид Әбітаев сөз сөйледі. Конференция шеңберінде Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңе­сінің инвестициялық ынтымақ­тастықты дамыту бойынша Жұ­мыс тобының мәжілісі өтіп, оның барысында ықтимал инвесторлар мен серіктестер қазақстандық және ресейлік инвестициялық басым жобалармен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік алды. Сәулебек БІРЖАН.