• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2017

Бір шатқалды саябаққа айналдырмақ

161 рет
көрсетілді

Қазақстан кең-байтақ дегенімізбен, ірі қалалар орналасқан аймақтарда мынау жалпақ дүниенің тарлығы байқалады. Жазықтау жерде орналасты деген Шымкентіңізде де сондай. Жарықтық, жер ақша болып, сауын сиырға айналып тұрғанда, тротуардың өзін де сатып жіберген «нәшендіктер» кейін осы қала өскенде жағдайы не болады деп ойламаған сыңайлы. Бүгінде қала халқының саны 1 млн-нан асып кетті. Оң­түс­тіктің әуе айналып жерге тү­сетін аптабын­да ыстық табаға қуырылған жұрт қу жанын қояр жер таппай сенделіп қалады. Рас, саябақтар бар. Бірақ, ұзақ мер­зімге жалға алған бүгінгі за­ман­­ның байлары кафе, мейрамха­надан бастап, түрлі сауық нысан­дарын салып, өкпесін өшіріп тас­тады. Бұрынырақта әкімдік та­рапынан қызыл сызық мә­селесі кө­терілгенде, осы ағайын­дар «кә­сіп­керлікке шабуыл жасалып жа­тыр» деп шулағаннан кейін шен­­ділер «аш пәледен қаш пәле» болып зорға құтылған. Халықтың жазығы қайсы, олар қай­да барып демалуы керек?! Бұл уақыт күт­тірмейтін өзек­ті мәселе еді. Мұқым дү­ние­ге бел­гілі Түркияның қалай көркей­ге­нін өзі көріп келген Жансейіт Қан­сейіт­ұлы бұл шетін мәселенің оя­бын тапты. Қала аумағындағы иесіз жатқан бар шат­қал, қолат, сай-саланың тізімін алып, олар­ды саябаққа айналдырудың жолына кі­рісіп кетті. Айтқандай, бұл жерлерге шағын бір қаланы ор­­н­аластыруға да бол­ғандай екен. Жақында облыс әкімінің орын­басары Жақып Бөкенбаев, об­лыстық табиғи ресурстар жә­не табиғатты пайдалануды рет­теу басқармасының басшы­сы Мұхит Отаршиев және Шымкент қа­ласы әкімінің орынба­сары Бейсен Жан­босынов өткізген бри­фингте біраз жай­т­т­ар­­ға қанықтық. Қала аумағындағы 16,8 мың гектар шатқал жер көлемі бо­лашақта жасыл аймаққа айнал­са, бірінші кезекте 97 гектарда ор­наласқан 5 шатқалды сая­бақ­қа ай­налдыру мақсатында кө­гал­дан­дыру жұмыстары басталды. Іс-шараның бас­ты мақсаты – қала ау­мағындағы қараусыз қалған шат­қалдарды көгалдандырып, қа­ла­ның экологиялық ахуалын жақ­сар­ту үшін демалыс орындарына айналдыру болмақ. Алғашқы бастама ретінде 2017 жыл­дың 14 қаңтарында Тас­сай тұрғын үй алабында ор­на­­ласқан 25 гектар шат­­қалды көгалдандыруға сенбілік ұйым­дас­­тырылып, онда қарағай, арша, ақ­қа­й­ың, емен, шаған, талшын жә­не терек кө­шет­­терінің 1718 дана­сы егілді. Облыс әкімі қатысқан аталған шат­­қалға «Шымсая» атауы бе­рі­ліп, бел­гі тас ор­натылды жә­не болашақ ұрпақ­қа жа­зыл­ған хат­тың капсуласы салынды. Бо­­ла­шақта бұл саябақта қала тұр­ғын­дары мен қонақтарының та­за ауада тынығып, демалуы үшін 6 мың түп ағаш көшеттері егі­летін болады. Сонымен қатар, балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, вело жол­дар мен театралдық сахна, полиция бөлімшесі және спорт­тық жаттығу алаңдары салынып, халық игілігіне бе­рі­леді. Сая­баққа егілген ағаштарды қор­­ғау, күтіп-баптау және әрі қа­рай ағаш егу жұмыстарын жүр­гізу қала ма­ңындағы 5064 гек­тар жерде құрылған жасыл бел­деуді қорғау және өсіру жұ­мыстарымен облыстық табиғи ресурс­тар жә­не табиғат пайдалануды рет­теу басқармасына қарасты «Жа­сыл аймақ» КММ айналысатын болады. Аталмыш мекеме тұ­қым­бағында 40-тан аса ағаш-бұта көшеттері түрлерінің 3555,6 мың данасы өсірілуде. Қаланы көгалдандыру үшін 2016 жыл­дың күзінде 39300 дана көшет­пен қамтамасыз етілген болса, шат­қалдарды көгалдандыруға биіктігі 2,5-3,0 метр­ден асатын әртүрлі ағаш көшеттерінің 183,5 мың данасын тұқымбақтан беруге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта жоспарға енген негізгі 5 шатқалдың көгал­дан­дыруы нәтижесінде Шымкент қа­ласының ауасы біршама жақ­сарады. Сонымен қатар, де­ма­­лыс аймақтарының саны артып, тұр­­­ғындар үшін өте ыңғайлы кешен болмақ. Қазір шатқалдарды игерудің алғ­ашқы кезектері басталып кет­ті. Сен­бі­лікке облыс басшы­сы­ның өзі қ­аты­сып, көшет егіп жүр­ген­дік­тен, қа­ла хал­қы бұл бас­та­ма­ның өміршең бо­ла­тын­дығына сеніп отыр. Көшеттердің дені Оң­түс­тік­тегі тұқымбақтардан алы­­на­тын­дығын айт­тық. Яғни, мем­лекет қар­жы­сы ысырап болмайды. Облыс әкімі ел үшін ке­рек дү­ниеге демеушілер табылатына се­нім білдірген. «Оңтүстік – ұлыстың ұй­т­қысы» деп бекер атамайды ғой. Халыққа керек істе елін шынайы сүйетін, қолынан кел­ген көмегін аямайтын ақберен жігіт­тер болады. Сондай жігіттердің сойы – об­лыс­тық мәслихаттың депутаты Қай­рат Балабиев «Егеменнің» тілшілер қосы­ны­на қоңырау шалды. Кездестік. – Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев елімізде әзірге қолға алын­баған тың жобаны іске асырып жатыр, – деді ол. – Жұрт қат­ты қуануда. Біз де кәсібімізден нә­сіп тауып, аз-кем дүние құра­сақ, әуелі Алла, сосын ел мен Елба­сының арқасы. Халықтың ден­саулығы үшін қолға алынып жат­қан шараға сырттан қарауыл бо­лып қарауға азаматтығымыз жібермейді. Облыс әкімінің бас­тамасын қолдап, бір шатқалды саябаққа айналдыруды тәуекел деп мойныма алғалы тұрмын. Заманның тар уақытында Асанбай Асқаров қаладағы ең ірі дендробақты іске қосты. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқа­ла­ған заман. Шымкент көз алдымызда ертегі қалаға айналып келе­ді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шымкент Қазақстанның үшін­­ші қаласы болады» деп баға берді. Ел­­басы елді өркендетуге кәсіпкерлерді үне­мі шақырып келеді. Ал, мен Шым­кенті­міз гүлдене беру үшін осындай шешім қабылдадым. Жасаған ісімізді ешкім еш­қайда кө­теріп кетпейді, ел игі­лі­гіне қалады. Жал­пы, Жансейіт Қансейітұлының облыс әкімі болып тағайындалғаннан бері жасап жат­қан жұмыстары көз алдымызда. «Оңтүстік ауыл шаруашылығы, көкөніс өнім­дерінің орталығына ай­налады» деген сөзі бәрімізге ұнады. Бұл сөзді жай айтып қой­май, әр аудан, қаланың даму тұ­жы­рым­дамасын жасатып жатыр. Ел үшін осындай пайдалы жұмыстар жасап жатқан облыс басшысына жо­ба­­ларының іске асуы үшін бәріміз кө­мектесуіміз керек. Бір шатқалды сая­бақ­қа айналдыруды мойныма ала­тын­ды­ғымды айттым. Енді облыс кәсіп­кер­­лерін осы істі аяғына жеткізу үшін сау­апты іске шақырамын. Ақеділ жігіт осылай дейді. Қатты қуандық. Ел саулығын ой­лаған, сол үшін қолға алынған жо­баларды іске асыру үшін мем­ле­кеттің қолына қарай беруге болмайды. Оңтүстіктің айтулы азаматы енді ел үшін қажет тағы бір үл­кен шаруа­ны кәтепті қара нар­дай мойнына алды. Шат­қал­дар­­ды саябақтарға айналдыру – об­лыс әкімінің тікелей міндеті емес, ұлт саулығы үшін жасалып жат­қан сауап­ты жұмыс. Қайрат Рақымұлы да бар­лық кәсіпкерлер се­кілді несие алып жұ­мыс жасау­да. Бірақ, демеушілердің кө­ме­гі­мен бітетін іске ел деген жігі­т­­тер­дің көмегі керек. Өзінің бас­та­машы болып, әріптестерін ша­қы­руының мәнісі де осы. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар