Дүйсенбі, 23 шілде 2012 0:50
Ақтөбеде туып-өскен Адольф Толкачевтың тағдыры ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Инженерлік талантымен танылған тұлға болатын. Америка Құрама Штаттарының Орталық барлау басқармасы оны Кеңес Одағының тарихындағы өздерінің ең бағалы агенті санаған. Ол 1985 жылдың маусымында АҚШ-тың КСРО-дағы елшілігінің хатшысы Пол Стоумбаухпен кездесіп, әскери техниканың жаңа үлгілері жөніндегі құпия құжаттарды беріп жатқан кезінде ұсталған. Осылайша, “бағалы тыңшы” қолға түсті.
Дүйсенбі, 23 шілде 2012 0:50
Ақтөбеде туып-өскен Адольф Толкачевтың тағдыры ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Инженерлік талантымен танылған тұлға болатын. Америка Құрама Штаттарының Орталық барлау басқармасы оны Кеңес Одағының тарихындағы өздерінің ең бағалы агенті санаған. Ол 1985 жылдың маусымында АҚШ-тың КСРО-дағы елшілігінің хатшысы Пол Стоумбаухпен кездесіп, әскери техниканың жаңа үлгілері жөніндегі құпия құжаттарды беріп жатқан кезінде ұсталған. Осылайша, “бағалы тыңшы” қолға түсті.
Тергеу барысында Адольф Толкачев болған жайтты жасырған жоқ. Бұл жерде хаттама бойынша оның тергеудегі жауабын келтіре отырып, сатқындықтың синдромы қалай қалыптасқандығын бағамдауға болады: “Мұндай ой маған 1977 жылы келді. Америкалық барлау қызметімен байланыс орнатып, тиісті ынталандыру қарастырылса, өзімнің қолымдағы құпия құжаттарды беруге талпындым. Байланыс орнатудың мүмкін нұсқаларын ойластырдым. Мәскеудегі АҚШ елшілігінің маңайын төңіректедім. Елшіліктің мәшинесі болар деп шамалаған көлікте отырған адамға үшбу хат бермекші болдым. Егер неге америкалықтарды қалағаным қызықтыратын болса, айтарым: күніге үш мәрте елшіліктің жанынан жұмысқа беттейтінмін.
Қаңтардың бас жағында мүмкіндігі болса америкалық елшіліктің қызметкеріне тапсырмақшы болған өзімнің алғашқы хатымды әзірледім. Онда мен олардың адамымен кездескім келетінін, күнін, орнын, уақытын және шартты белгі – сол қолымда қолғабым болатынын тәптіштеп жаздым. Бұл хатты өзімше дипломат деп есептеген адамның қолына ұстаттым. Бірақ, мен көрсеткен уақытта ешкім келмеді.
Ақпанда екінші рет байланыс жасауға ұмтылыс таныттым. Кездесу жөніндегі хатымды жолдай отырып, олар үшін қызықты ақпаратты ұсына алатындығымды білдірдім. Хатты елшілік қызметкерлеріне беру үшін осы маңайды төңіректеп екі-үш аптадай жүрдім. Бір күні өткендегі мәшинені көріп қалып, жүргізушіге хатымды тастап кеттім. Бұл жолы егер америкалықтар менімен кездескісі келсе, онда дипломаттық нөмірлі мәшинесін “Қалбырлар” дүкенінің қасына белгіленген уақытта қоюын өтіндім. Белгіленген уақытта мәшине сол жерде тұрғанымен, менімен кездесуге ешкім шықпады.
Енді америкалықтарды қызықтыру қажет деп шештім де жауға тойтарыс беретін ұшақтарға радиолокациялық стансалар құрастырумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейтіндігімді жаздым”.
Сол жолы А.Толкачев мынадай хатты жолдаған болатын: “Менің аты-жөнім– Толкачев А.Г. Үйдегі телефоным… Сіздерге беруге ақпаратым дайын. Алғашқы жазбаларға қосымша ретінде радиолокациялық стансалардың параметрлерін хабарлаймын… Бұдан былай кездесу белгілемеймін. Екі күннен кейін түскі мезгілде телефон шалғаныңызды күтемін”.
Бірнеше күннен кейін оған телефон соғылды. Мәскеу дүкендерінің біріндегі телефон-автоматтың жанына тығылған ескі қолғаптың ішіндегі құпия материалдарды алуды өтінді. Ол сол бойда жүгіріп барып қолғапты, шифрлер көрсетілген кестелер, ағылшын тілінде жазылған хаттар салынған екі конверт, екі құпия жазуға арналған көшірме қағаз, майда әріппен басылған нұсқаулық тәріздес шағын кітапша (мұнда құпия хаттарды қалай әзірлеу керектігі, барлау орталығына хабарды жеткізудің жолдары, алған материалдарды жою жөніндегі ақыл-кеңестер жинақталған), сұрақтары бар парақ, 500 сом ақша шықты.
Сол кезде қомақты көрінетін бұл қаражат кейінгілермен салыстырғанда тамшыдай ғана болатын. Тыңшылық еткен жылдары Толкачев Орталық барлау басқармасынан барлығы 789 мыңнан астам сом алғандығы анықталды. Бұған құны 80 мың сом тұратын алтын бұйымдарын қосыңыз. АҚШ-тың банкілерінің бірінде оның атына 2 миллион долларға есеп-шот ашылды. Бұл қаржының кейінгі тағдыры белгісіз. Ал кезінде америкалықтардың барлау қызметі жабық ғылыми-зерттеу институтының жетекші конструкторына баға жетпес ақпарат беріп тұрғаны үшін аянып қалмаған. А.Толкачев тұтқындалғаннан кейін араға бірер ай салып, Американың “Уолл-стрит джорнал” газеті ол туралы “Кеңес Одағындағы мықты тыңшылардың бірі еді”,– деп жазды. Газет бұдан әрі оның Американы Кеңес елінің авиациялық технология саласындағы соңғы жаңалықтарынан хабардар етіп тұрғандығын атап көрсетеді. “Ол аса мол пайда әкелген тыңшы,– деп жазды газеттің тілшісі.– Соның арқасында біз алдын-ала кеңестік авиация қалай дамитындығын біліп отырдық, сондай-ақ миллиардтаған долларды үнемдедік”.
Өз кезегінде Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің Бас штабы кезінде мынадай анықтама берген:
“Жинақталған және берілген ақпарат КСРО әскери-әуе күштерінің қарулануы мен әскери техникасын дамытудың негізгі бағыттары, осы орайдағы жүргізілетін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың мәні мен мақсаты, әскери қарулану үлгілерінің негізгі тактикалық-техникалық сипаттамалары, стратегиялық қанатты зымырандарды қайтару жүйесі, КСРО-да қабылданған ұшақтарды мемлекеттік бақылау жүйесі мен радиоэлектрондық басымдық техникасы жөніндегі мәліметтерді қамтиды. Ол мәліметтер ерекше маңызды және мемлекеттік құпияны құрайды. Бұларды америкалық арнаулы органдарға беру КСРО-ның мемлекеттік мүдделеріне, елдің қорғаныс әлеуетіне елеулі нұқсан келтірді, біраз зардап шектірді”.
А.Толкачевтың америкалықтарға берген мәліметі МИГ-23-МЛ истребителі туралы болатын. Сондай-ақ ол МИГ-29 жеңіл майдан истребителі, “Шмель” радиолокациялық бақылау және бағдарлау авиация кешені жөніндегі мәліметтерді де қысқа мерзімде жеткізіп үлгерді. Конструктор мұндай маңызды ақпараттарды қалай алды деген сауалға ресми құжаттан жауап табуға болады. Онда былай делінген: “Радио жасау ғылыми-зерттеу институтында атқарылып жатқан жұмыстардың А.Толкачевтың тыңшылық әрекетіне арқау болуына аталмыш институтта мемлекеттік құпияны сақтауды қамтамасыз етудің аса қолайсыз жағдайы септігін тигізді”. Бұл ретте тыңшының өзінің де тегеурінді қимылы таңдай қақтырады. Тергеу кезінде А.Толкачев мұның сырын жайып салды: “Радио жасау ғылыми-зерттеу институтында бірінші бөлімнің екі филиалы бар, бұлар бөлек ғимараттарда орналасқан. Мен №2 филиалға немесе кітапхананың арнаулы қорына құжатты алу жөнінде өтініш білдірдім де орнына ішке кіретін құжатымды тастадым. Осыдан кейін №1 филиалға да осындай өтініш білдіріп, №2 филиалға ішке кіретін құжатымды тастағанымды айтып, қажетті материалдарды қол қойып-ақ алатынмын. Сосын қайтадан №2 филиалға барып, қажет емес материалдарды тапсырып, ішке кіретін құжатымды қайтарып алып, №1 филиалдың материалдарын жасырып үйге апарып, суретке түсіретінмін. Осылайша жиырма шақты рет маңызды материалдарды жасырын алып шықтым. Сағатына жеті-сегіз кассетаны суретке түсіріп жүрдім. Үлкен материалдар тап болса, түскі үзіліске жұрттан бұрын кетіп, кештеу оралатынмын”.
Америкалықтар А.Толкачевқа барлық жағдайды жасап бақты. Оның мәліметтері бағалы болғаннан кейін осы заманғы тыңшылық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Мәселен, оған шағын құрал берді. Бұған кез келген ақпаратты жазып қоюға болатын. Бұл мәліметтерді құрал бірден шифріне түсіретін. Тіпті елшілікпен байланысқа шығуға болатын. А.Толкачев мұны ұзақ пайдаланған жоқ. Өзі әдейі істен шығарды. Өйткені, ұстала қалса, бірден айғаққа айналатынын сезді.
А.Толкачев тыңшы болған жылдары америкалықтардың талай құралдарына көңілі толмады. Тіпті қолының ебі болғандықтан да барлаушыға қажетті біраз қондырғыларды өзі жасады.
Институт әжетханасына орнататын шағын фотоаппаратты ойлап тапты. Өйткені, көптеген материалдарды осы жерде суретке түсіруге тура келетін. Өз еркімен америкалықтарға қызмет етуге ұйғарған оны АҚШ елшілігіндегілер “идеологиялық” жағынан тәрбиелеуге күш салды. Үнемі кеңес еліне қарсы бағытталған әдебиетпен қамтамасыз етіп отырды. Бұл туралы да ол тергеу барысында ашық айтқан: “Америкалықтар маған кітаптар мен кітапшаларды жаңажылдық сыйлық ретінде жіберетін. Меніңше, америкалық барлау қызметі мені кеңестік құрылысқа қарсы үгіттеуге көңіл бөлген тәрізді. Мұны мен түсіне алмадым, өйткені, олармен байланысқа өзім шықтым емес пе? Ал жекелеген маңызды құжаттарды оларға бергеннен кейін өзім де кейін қайта алмайтын едім. Бұл жерде АҚШ барлау қызметі басқа елдің адамдарымен жұмыс істеудің қалыптасқан дағдысынан шыға алмаған сияқты”. Америкалықтар бірнеше рет оған өздерінің алғысын білдірді.
Бірде Орталық барлау басқармасы А.Толкачевқа мынадай нұсқау да жіберді: “Сіз жеткізген ақпараттың бағасы зор екенін өзіңіз де сезінуіңіз қажет. Бұлардың мәнділігі сонда – біздің биліктің басында жүргендер де ақпаратқа елең ете қалды. Сіздің жеке қауіпсіздігіңіз бізді де ойландырады. Өзіңіздей ақпарат беретін адамнан айрылып қалу біз үшін аса ауырға соғар еді. Мұның өзі біздің жағдайымызға қазір де, көп жылдар өткен соң да әсерін тигізеді. Сіз берген ақпараттың баға жетпестігі бізді бұдан былай сақтықпен қимылдауға, сізден ақпаратты асықпай жинауды талап етуге жетелейді”.
Сотта А.Толкачев өзінің тыңшылыққа әбден берілгені соншалық, өзін-өзі өлтіру туралы ойлана бастағанын да мойындады. Орталық барлау басқармасындағы “шефтері” де оның “қамын” ойлап, автоқалам кейпіндегі умен қамтамасыз еткен. Оның мөлшері мол болатын. Қиналмай о дүниеге аттануға жететін.
Әуел баста ол басына қонған байлыққа масаттанумен болған. Тыңшылыққа ақшаға бола тәуекелдік жасағандығын жасырмады:“Партия мен мемлекеттің бұрынғы басшыларының 60-70-жылдарғы инженерлер еңбегін материалдық жағынан лайықты бағалай алмағандығы осыған баруға итермеледі”. Ол Брежнев заманындағы жалған мақтанышты жақтырмады. Мемлекет басшысының “жұлдыз” құмарлығы ызасын келтіретін. А.Толкачевты тінткен кезде “КОКП бағдарламасы” кітабының беттерінің бірінің жиегіне: “Социализм идеяларына Кеңес Одағының тәжірибесі келтірген зиянмен бірде-бір буржуазиялық теория теңесе алмақ емес”,– деп жазған қолтаңбасы айғақ ретінде тәркіленді. Жас кезінде тіпті басқаша болатын. Он сегіз жасар Адольф аудандық комсомол комитетіне келіп, өзін Грекияға соғысқа жіберуін өтінген. Бұл – 1945 жыл еді. Сол кезде Грекияда азамат соғысы жүріп жатқан. Толкачев ұлт-азаттық армиясына ерікті жауынгер боп баруға сұранды. Бірінші хатшы сонда Грекияның орнына… “НКВД-ға барсаң қалай болады?”,– деді. А.Толкачев бас тартты.
Кейін асыл мұратынан айныған ол үшін бірінші орынға ақша шықты. Америкалықтардан алған байлығының қызығын да көре алмады. Қорқақтады. Қалтырап-дірілдеп “Жигули” мәшинесін, шетелдік магнитофон алды. “Мен америкалықтар берген ақшаны санаған емеспін. Белгіленген орынға қоя салатынмын”. Тінткен кезде айтқан жерінен табылды. Қалғанын өртеп жіберіпті. Өйткені, 1983 жылы құпия құжаттарды қарауға рұқсаты барлардың тізімін жасай бастаған кезде, ол өзіне қауіп төнді ме деп мазасызданып, айғақтардан құтылуға асықты. “Пентакс” фотоаппаратын, кездесулер кестесін, ақшаны жойып жіберді. Ақшаны саяжайдағы орыс пешіне жақты. Бықсып, түтіндеп, жанып болмады. Біраз әлекке түсті. Жартысын алып қалуға болатынын ойлап, жанып жатқан жерінен уыстап алып, үйдің астындағы жертөлеге жасырды.
Адольф Георгиевичтің зайыбы да бірде үйді жинастырып жүріп, құпия сызбаларды тауып алып, күйеуінің сатқындығына көзін жеткізді. Ол да онымен бірге жұмыс істейтін. Соның өзінде Нина Ивановна сыр берген жоқ. Білмеген болды. Сол үшін кейін үш жылға бас еркінен айрылды. Ол сотта былай деді: “Мен неге күйеуімнің сатқындығы туралы хабарламадым? Оның бірнеше себептері бар. Менің әке-шешем жазықсыз репрессияға ұшырады. Содан да балалар үйінде тәрбиелендім. Болашақ жолдасымды сол жерде кездестірдім. Мен күйеуім туралы хабарласам, оны ататынын сездім. Әрине, мені де қылмыстық жауапкершілікке тартатынын білдім. Күйеуім маған ең жақын адам еді. Біз 28 жыл бірге тұрдық. Жамандығын көргенім жоқ. Үйдегі ер адамның шаруасын түгел өзі атқаратын, майдасынан бастап, үлкеніне дейін. Оны атқызуға қия алмадым. Америкалықтармен байланысын үзуіне бар күшімді жұмсадым. Содан кейін қайтып оның мәлімет жинағанын сезгенім жоқ. Үнемі тексеретінмін. Соған қарамастан, ақпарат жинағанына енді көзім жетіп отыр”.
Адольф Георгиевич өзін зайыбының алдында кінәлі сезінетінін, өзін қойшы, оның әлі талай уақыт жұрттың табасына қалатынын ойлап қапа болатынын соттың үстінде айтып салды. Ол бірде америкалықтарға өзінің ұлына қажетті ағылшын тілін оқып-үйренетін кассеталарды жіберу жөнінде өтініш жасады. Өйткені, барлаушыларды шетел тіліне машықтандыру әдісі әлдеқайда жеңіл еді. Аса сақ америкалықтар бұл өтінішке орай өз ойларын былай білдірді: “Біздің үйлестірушіміз сізге қажетті кассеталарды іздестіре бастады. Ұлыңызға шын жүректен көмектескіміз келеді. Бірақ, тиісті кассеталармен қамтамасыз етуге көмектесе отырып, өзіміздің күмәнімізді де жасырғымыз келмейді. Егер ұлыңыз бұл кассеталардың шығу төркінін сұраса не дейсіз? Басқалар да бұған қалай қарайды? Мұның өзі сізге күдік тудырмас па екен? Сондықтан біз кассеталармен қамтамасыз етер алдында мұны кімнен алғаныңызды қалай түсіндіретіндігіңізді білгіміз келеді”.
Егер Адольф Толкачев әшкерелене қалса, америкалықтар оның өзін және отбасы мүшелерін тез арада Америкаға жөнелтуді де ойластырды. Бірақ, конструктор ойламаған жерден тұтқындалды да ешкім ештеңе істей алмай қалды. Айыптау қорытындысында А.Толкачевтың 1978 жылдың қазан айынан тұтқындалғанға дейін 8094 бет құжатты суретке түсіріп, америкалықтарға бергендігі айтылады. Ол өзінің қам-қарекеті арқылы КСРО-ның мүддесіне нұқсан келтіргенімен, түптің түбінде ядролық соғыс жағдайында истребитель авиациясы, радиолокациялық стансалар жөніндегі ақпарат пәлендей мәнге ие емес деп есептегендігін айтып ақталды.
Адольф Толкачевты қолға түсіру оңайға түскен жоқ. Орталық барлау басқармасы оның тигізген көмегін 50 миллиард долларға бағалаған. Кеңес барлау қызметінің тыңшылары Эвард Ли Ховард пен Олдрич Эймс берген мәліметтер Толкачевтың түбіне жетті. “Альфа” тобы 1985 жылдың маусымында оны тырп еткізбей тұтқындады. Осы жерде “бағалы тыңшыны” ұстап бергендердің тағдыры туралы да аз-кем тоқталғанның артықтығы болмас. 1992 жылдың соңына қарай швед полициясы Стокгольмде Ховардты тұтқындады. Оны иемденуге екі ел таласты. КСРО-ның мұрагері Ресей мен АҚШ. ФБР-дің барлау бөлімінің басшысы Уэйн Гилберт: “Біз оның не істегенін ұмытқан жоқпыз”,– деп қолға түсіріп, соттауды мақсат етті. Ол енді бірнеше сағат кешіккенде АҚШ-та тұтқындалатын еді. Оның кәсіби шеберлігіне америкалықтардың өзі таң қалды. Алайда олар оның Толкачевты “ұстап” бергенін кешіре алмайтындықтарын аңғартты. Ал “Түнгі кезбе” деген атпен Орталық барлау басқармасының аппаратында жұмыс істеп жүріп, кеңес тыңшысы ретінде танылған Олдрич Эймс те Толкачевты тұтқындауға “үлес” қосқан-тын. Осы орайда қызықты жайтты келтіруге болады. Олдрич Эймс су жаңа әдемі, қызыл түсті “Ягуар” мәшинесін күнде Орталық барлау басқармасының автотұрағына қоятын болған (бұл мәшинені де, бұған дейінгі екі мәшинені де ол КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ақшасына сатып алған, кейбір деректерге қарағанда, Олдрич Эймс осындай байланыстың арқасында барлығы 4 миллион доллар табыс тапқан). Эймс ұсталғаннан кейін ара-тұра аталмыш автотұрақта әзіл-қалжыңы аралас мынадай хабарландыру берілетін болған: “Ягуар” мәшинелерінің иелері! Тез арада мәшинелеріңізді алып кетіңіздер. Әйтпесе, орыс тыңшысы ретінде тұтқындаласыздар!”.
Кеңестерге адал қызмет еткен Олдрич Эймс кейін өмір бойына бас еркінен айырылу жазасына кесілсе, ал Адольф Толкачевты КСРО соты аямады: ату жазасына үкім шығарды. 1986 жылдың 24 қыркүйегінде бұл үкім орындалды.
Р.S. Қызмет бабында тасы өрге домалаған конструктор осылайша өзі қалап алған сатқындық синдромының құрбанына айналды. Бізге Американың аса бағалы тыңшысының ақтөбелік екендігі ғана бұл мақаланы жазуға негіз болды.Себебі ол осы қаладағы балалар үйінде тәрбиеленіп, жұмыс істеп, кейін Мәскеуге қоныс аударған болатын.
Әмір ОРАЛБАЙ,“Егемен Қазақстан”.
28 желтоқсан 2002 жыл.