• RUB:
    5.28
  • USD:
    481.63
  • EUR:
    534.46
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2012

Ұлы іс ар-ұяттан басталады

10586 рет
көрсетілді

Ұлы іс ар-ұяттан басталады

Жексенбі, 14 қазан 2012 10:53

Халқымыздың думанды  мерекесі – жылдың басы Наурыз күні адамдар бір-біріне береке және адалдық, арлылық қасиеттер тілейді. Абай айтқандай, “тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақмақшылық”. Өмірдегі  барша  іс-әрекет — ел билеу, білім, тәрбие, саясат ар-ұяттан айналып өтпейді. Ар-ұятты сақтай білу, өмірдің өзегіне айналдыру — өнегелі ердің, елдің ісі. Абай отыз алтыншы сөзінде “ұят өзі қандай нәрсе?” деген сұраққа жауап бере, бір ұят бар надандықтың  ұяты, болмаса, ұялмас  нәрседен ұялу деген. Ал шын ұят екі түрлі болады, — дейді Абай.

Жексенбі, 14 қазан 2012 10:53

Халқымыздың думанды  мерекесі – жылдың басы Наурыз күні адамдар бір-біріне береке және адалдық, арлылық қасиеттер тілейді. Абай айтқандай, “тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақмақшылық”. Өмірдегі  барша  іс-әрекет — ел билеу, білім, тәрбие, саясат ар-ұяттан айналып өтпейді. Ар-ұятты сақтай білу, өмірдің өзегіне айналдыру — өнегелі ердің, елдің ісі. Абай отыз алтыншы сөзінде “ұят өзі қандай нәрсе?” деген сұраққа жауап бере, бір ұят бар надандықтың  ұяты, болмаса, ұялмас  нәрседен ұялу деген. Ал шын ұят екі түрлі болады, — дейді Абай. Біреуі ондай қылық өзіңнен шықпай, бөтен адамнан  шыққанын көргенде сен ұялып кетесің. Әдетте, қарақшының, қылмыскердің отаны, ұлты жоқ деп жатамыз. Адамгершілік тұрғысынан бұл дұрыс та болар. Бірақ ол  қылмыскер мен ұры­ларды  тәрбиелеген орта, ұлт бар. Олардың қыл­мысты істері ұялтады, сондықтан да оған ұлт  жау­апты. Егер олар белгілі ғалым,  әртіс, мем­лекеттік қайраткер, басқа да белгілі азамат болса, біз, сөз жоқ, оларды ұлттың  мақтанышы дер едік.

Ұяттың ең бір ауыр түрі,  Абай айтқандай, өз бойыңнан шыққан ұят: “Бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза  тарттырады”.

Қытай философы Конфуций “адасқанын аңдап, өзін айыптаған пенде көрмедім” депті. Дегенмен, Абай ұят деген “өз бойыңдағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойнына салып, сөгіп қылған қысымның оты” дейді.  Сондықтан ол  ұяты бар адамның күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзінен өзінің есеп алуын кісіліктің белгісі дейді де, ұятын мойындаған кісіні кешірмегенді де ұятсызға балайды.

ІІ

ХХІ ғасырдың басында жаһандану мен ұлттық тенденцияларының бірлігі мен күресі, үйлесімі мен текетіресі елдің, ұлттың, жеке  адамның ұят, ар-намыс мәселесін жаңа қырынан саралауға итермелейді.

Жаһандану, мемлекетаралық байланыстарды тереңдетіп, тауар, білім, ақпарат, наным-сенім, адамгершілік құндылықтар, табиғат қорғаумен қатар қарудың таралуы мен қылмыстың қарқынды даму мәселелерін көкейкесті етіп, мемлекеттер мүддесін жақындастырып отыр. Осыдан келіп жас мемлекеттердің алдында қиын да күрделі таңдау тұр: күштілермен есептесу, сонымен бірге өз ұлттық болмысын, ар-намысын қорғау міндеті.  Жаһандану процесі өз  ілегіне көптеген ұлттарды еріксіз ертіп, жұтып алып, ұлттық тұғыры, тілі мен дінінен айырып, бірте-бірте экономикасы, тілі құдіретті ұлттарға сіңіп кету қаупін туғызды. Сонымен бірге алып мемлекеттердің де шын мәнінде әлсіз екенін 2001 жылдың 11 қыркүйегі көрсетті. Бүгін қос мұхиттың ортасындағы АҚШ та өз  шекарасын қорғай алмай отыр. Ол мүмкін де емес. Бір жылда елге 475 миллион адам мен 125 миллион көліктің әр түрі келеді екен. 301 порттан 3700 терминалдар арқылы 21 миллион түрліше жүк ағылып жатады. Бір  контейнерді тіркеу, тексеру үшін 5 сағат уақыт қажет, ал жылына 5 млн. контейнер шекарадан өтетінін ескерсек, бақылаудың қиындығын көреміз. Оған Канада мен Мексика арқылы АҚШ-қа жылына өтетін 2,7 млн. заңсыз келіп жатқан мигранттарды қоссақ, күші жойқын биологиялық және химиялық  қарулар мен жарылғыш заттарды шекарадан өткізудің қиын еместігін көреміз.

Соның өзінде АҚШ билік басындағыларының  менмендік пен тәкаппарлық танытып, басқаларға көкірек керіп, абырой-ұятын қорлауы өзін де, өзгелерді де қасірет пен бүлікшілікке ұшыратып отыр. 2001 жылы 11 қыркүйектегі лаңкестік оқиғаның себебін талдай келе, сараптаушылардың бірқатары АҚШ-ты лаңкестіктің емес, өз  гегемонизмінің құрбаны деп есептейді. Осыған байланысты Н.Ә.Назарбаевтың  да пікірлері терең ойға жетелейді:

“Лаңкестік көптеген елдердің кауіпсіздігіне қатер туғызды, сондықтан да оны ақтауға болмайды. Бірақ ол неден болып отыр? Оның тамырлары қайда? Дамыған елдердегі халықтың 20 пайызы өзінің жоғары тұрмыс деңгейін қалпында ұстау үшін әлемдік ресурстардың 80 пайызына дейін пайдаланатынын қашанғы айта береміз? Әлемдегі қазіргі бар “еңбек бөлінісі” бір елдерге бәрін үйіп-төгіп, енді біреулерін қайыршылыққа салатынын ше? Өздерін қайыршыланғандар қатарында санап, жағдайды түзетудің ешқандай жолын таппағандар не істеуі керек? Олар ешқашан жөнге келмейді. Өздерінің лаңкестіктері үшін олар ақшаны қайдан алады? Қару-жарақ, есірткі сатудан, бір сөзбен айтқанда, қылмыстық әрекеттен. Сондықтан да, меніңше, қатер “белдеуі” туралы емес, осы заманғы өркениеттің іргелі келеңсіздіктеріне барып тірелетін қатер “спиралі” туралы айтқан жөн секілді”. Мемлекетаралық, ұлтаралық қатынастарда күштілер өз үстемдігін жүргізе берсе, жапа шеккен қауымдастықтың өшігетіні де белгілі. Мұндайда “күшті ойына келгенін, әлсіз қолынан келгенін жасайды” деген үрдіс жүзеге асады.

Жер жүзін аузына қаратып, әрдайым асығы алшысынан тұрған американдықтар бом­былардың жарылғанын, құлаған ұшақтарды, өртенген қалалар мен елді-мекендерді тек экрандардан ғана көрген. Өз үйлері, қалалары мен елі бұндай   оқиғаларды басынан кешпеген. АҚШ  қатысқан соғыстар, олармен байланысты қайғы-қасірет бөтен елдер мен аумақтарда өткен, сондықтан оларды американдықтар кітаптар мен  кинолар арқылы біледі. 1941 жылы  Перл Харборда жапондықтар  американдық  флотты күйретіп, 2400  отандастары қаза тапқанда да американдықтар селт еткен жоқ, ал 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиға үлкен үрей туғызды. Әуежайлар бос қалды, ұшақтардың ұшуы 60 пайыз азайды, туризм – 75-80 пайыз төмендеді, ертеңгі күнге сенім азайып, бұл оқиғаның қайталанбайтынына күмән көбейді. Американ­дықтар тарихында бірінші рет өздерінің әлсіздігін сезінді. Бірақ бұл жағдай халықтың басым көпшілігінің ашу-ызасын туғызып, әуел бетте кей жерде арабтар мен  мұсылмандарды ұрып-соғуға да апарды.

Бұл жалған  патриотизм қозба ауру сияқты ұлтшылдық асқынуға ұласты. Рухсыздық, баюды мұрат еткен жерде  мемлекет болсын, жеке адам болсын ар-ұятқа орын жоқ. Американдықтар бүгін өздерін өздері әділ сынға алуға дайын болмай отыр. Оның бір  көрінісі — Иракқа жасалып отырған қиянат. Американдықтар, дегенмен, күшті де қайратты ұлт, бойын жиып, ынсап-ұятқа да жүгінер. Бүгін  американдықтардың арасында  ұялатындар, ойланатындар да жоқ емес.

Егер американдықтардың ар-намысы асып-тасып, астамшылыққа, тіпті  менмендіктің құрбаны болу шегіне жетіп жатса, бұрын отарланған, бағынышты ұлттың ойлау деңгейі, ар-ұяты, іс әрекеті бөлек. Құдайберген Жұбанов 1935 жылы “Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі” атты мақаласында елдік қасиетінен  айырылып, арқандаулы лақтай томаға тұйық өмір сүрген, басқа дүниенің, өмірдің барлығын сезбеген, отбасы амандығынан басқаны ойламаған, одан жоғары деңгейге көтеріле алмаған отар ұлттың азаматтық санасының төмендігін айтады. Бұндай жағдайда елдің басы  бірікпей, жіктік, топтық психология тамыр жаяды.

Индонезияның ондаған жылдар бойы президенті болған Сукарно жағымды ауру болмайтыны сияқты жағымды отаршылық болмайды деген. Сөз жоқ, отаршылдық саясат жер-су, табиғи байлықтарын ғана талан-таражға салып қойған жоқ, ұлттың мінез-құлқын да бүлдірді. Бірақ “отаршылдыққа дейін сүттей ұйыған, бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған ел едік, орыстар, коммунистер келді де барлығын өзгертті” деу, бүгінгі өмірдегі ар-ұятымызға, намысымызға тиетін қылықтардың себебін түгелдей бүгіннен емес, тек кешегі күннен іздеуіміз өз  ауруымызды жасырудың, тарих алдындағы жауапкершіліктен жалтарудың амалы емес пе?

Ресей еврейлерін ұлттық кемсітушілік саяси өмірге белсенді араласуға итермеледі. Олар  алғашқы кеңес үкіметінің мүшелері де болды.  Антисемитизм еврейлердің жігерін шыңдап, социализмге де қарсы күрестірді. Еврейлер Ресей интеллигенциясының маңдайалды ғалымдары, мәдениет қайраткерлері болды.   Төзім, дамылсыз қимыл, дінге беріктік  еврей халқына күш береді. Қарап отырсақ, ұлттық  нигилизм де қазақ отбасыларының ұлттық тәрбиеге мән бермегендігінен бірте-бірте күш алды. Бүгін 432 мың 700 қазақ балалары орыс мектептерінде білім алып жатыр, олардың басым көпшілігінің туған тілі мен мәдениетіне өгей болатыны анық. Егер Қазақстанда соншалықты орыс балалары қазақша оқып жатса, бұл  орыс  қауымын дүр сілкіндірер еді. Біз үндемейміз. Сүйте тұра орынсыз өзімшілміз. Басқа ұлттарды кемсітіп, өзімізді барлық жағынан жағымды етіп көрсетуге тырысамыз. Бұл жалаң ұраншылдыққа ұласып, ұятқа қалдырады.

ІІІ

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін планета халқының 80 пайызы отаршылық жағдайында өмір сүрді, бірақ ол жүйеге қарсы қарқынды күрес оны тез  күйретті. Британия империясынан 53 мемлекет, Франциядан – 20 мемлекет, барлығы 120 мемлекет пайда болады. Ар-ұятты, намысты жоғары бағалайтын жас мемлекеттер бүгін өз тарихын өз ұлттық ой-елегінен өткізіп, қайта жазуда. Басты мақсат өз ұлттық болмысын көрсете білуде.

Әрине, халықтың жасампаздық күші,  қайраты оның  өркениетіне негізделсе, екінші жағынан, оның білім, ғылым, техникалық жарақтану деңгейінің дамуына байланысты. Африка тарихшылары адамзат тарихында африкандық өркениет барлығын мойындатты. Тіпті немістердің мақтанышы болған классикалық неміс философиясының қайнар көзі африкандық дүниетанымнан тарайтын сияқты. Ұлттық ұят, ар-намыс жас мемлекеттердің қайта түлеуіне негіз болып отыр.

“Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі, ар-ұяттың бір ақыл күзетшісі” деп Абай жазғандай, елді адамгершілік жолымен басқару, дәстүріне сүйену – халықтың ар-ұятын сақтайтын жол. Ар-ұят жолымен басқарған елдің бұра тартпасы аз, жанашырлығы мол, елбіреп тұратыны анық. Шығыс ойшылдары айтқандай, ақыл, ақниетті адамдарды ардақтап, арамдарды олардың билігіне берсе, халық адал болады, арамдарды төбеге көтеріп, адалдарды олардың табанына салса, жұрт кеселге, ұятсыздыққа үйір болады.

Қазақстанның іргесі тыныш, керегесі бүтін ел болып келе жатқанын  мақтан етеміз. Бізге  қызығатын жұрттар бар екенін біліп тәубе қыламыз. Бірақ біз сияқты жас мемлекеттің тарихи жолы даңғыл, сайрап жатпағаны белгілі. Әр қадамымыз қолдан келмес іске айналып кете ме деген ой бәрімізді алаңдатады. Біз тоталитарлық, отаршылдық жағдайдан еркін де тәуелсіз ел болдық, барлық қиын мәселелер өзінен өзі шешілетіндей көрінді. Бірақ ең қиын заман еркіндік алған соң басталды. Еркіндікті алуды білгенмен, не үшін алғанымызды біле бермедік. Экономикалық еркіндік – ұлтты өндірістің иесі етудің  орнына – ат төбеліндей топты  байытты; сөз, ақпарат еркіндігі шынайы рухани мәдениет емес, азғындық пен ұятсыздықты дәріптеуге әкеледі, дін, ар-ұждан бостандығы дәстүрлі емес, шет елдің секталарына ерік беріп, жат мінездер мен қылықтарды жастардың бойына сіңіре бастады. Былық жолмен баю – ар-ұят, намысты аяқ асты етті. Пайданы ойлап, пәлені көбейтетіндерге жол ашылды. Ар-ұят азайған ортада, жымысқылықпен бір-бірін алдайтын психология тарады. “Ұяламын дегені көңіл үшін, ұсақ қулық бір ғана өмір үшін” деп Абай жазғандай, ар мен ұятты ойламай, болмашыға, тән қажетін қанағат тұтар мінез белең алғаны анық.

Бүгін халық жазылмаған көлеңкелі кодекспен өмір сүруге бейімделген сияқты. Пара беру әдетке айналған. “Қайтесің заман солай,” – дейді еттері үйренгендер. Кейбіреулері шенеунікке пара беріп, дегенін  істеткеніне мәз. Енді біреулер пара бергіштігіне, ептілігіне мақтанады. Пара беруге мәжбүр еткен билікке деген ыза, ашу, шенеунікті де, өзін де жеккөрушілік, ұят сезіну, қорлану екінші, үшінші орында. Соттасып, ісі әділ  шешілген азамат сотқа әлі  рахмет айтқан жоқпын деп қынжылады. Әділ шешім соттың парызы емес пе деген сұраққа “надо же на добро оплатить добром” деп бой бермейді. Ойында бір сыйлық беру ниеті бар. Соттар пара алмайды, оларға өз еркімен сыйлық береді десек те шындықтан аулақ болмаспыз. Ар-ұятын жиып қойып, пара  алатындардың жөні бөлек. Парақорлықтың, жемқорлықтың психологиялық тамырлары терең. Қанша пара алатындар болса, сонша оны беретіндер де бар. Кәсіпкердің салыққа  төлеге­нінен, өзінің ісін қорғау үшін берген парасы бірнеше есе көп. Баспасөзде бір бизнесмен “шенеуніктің ойынан шығу ештеңе емес, ең қиыны — оның әйелінің бабын табу” – депті.

Жанашырлығымыз бен әділдігімізден айрылып бара жатқандығымыздың бірі – сәбилердің тағдыры. Есепке алынған 2137 тастанды сәбидің 1736-сы қазақ балалары. Мемлекет тарапынан ана мен балаға қолдаудың төмендігі,  баспанасыз, жұмыссыз ананы сәбиден бас тартуға итермелейді.  Көмекті кедей туысқандарынан да  күте алмайды. Кейде 1-2 баласы бар ана  соңғы туған балаларынан бас тартып та жатады. Баланы қимаған ана  үкіметке оны  уақытша, жұмыс, баспана тауып, мекен-жайын анықтағанша тапсырады. Ауру, (маскүнемдік,  нашақорлық) басқа да себептермен сәбилерден бас тарту өз алдына бір бөлек мәселе. Нарық экономикасы ата-аналық парызды негізінен жеке адамның, отбасының мойнына жүктеді. Тірілей жетім, тастанды балаларды  елінен, туған жерінен, дінінен, тілінен айырып, шет елге асыру көрініс берді. 2000-2002 жылдары еліміздегі қаптаған шетелдік агенттіктер сәбилерімізді жүздеп шет елге жіберіп, көлеңкелі бизнестің көзіне айналдырып отыр. Бүгін шет елге кеткен сәбилердің бірқатарының өлі-тірісінен, аман-саулығынан хабарсыз отыруымыз қарапайым халықтың ар-ұятына тиюде. Бұл мәселе ауыл, село халқын, мұсылман, православие қауымын терең толғандырады. Депутаттар мәселе көтергеннен кейін, үкімет шетелге асқан балаларды іздей бастады. 2003 жылдың 10 ақпанына дейін 2122 сәби есепке алынды. Оның ішінде Вашингтонда – 1241, Нью-Йоркта — 718, Лондонда – 64, Торонтода – 42, Брюссельде – 22, Каирде – 13, Израильде – 11, Парижде – 4, Германияда – 2, Жапонияда – 2, Мәскеу, Берн және Мадридте бір-бірден болатын. Бұл толық мәлімет емес. Біздің сәбилер 15-тен  астам елде екен, олардың көбінен хабар-ошар жоқ. Асырап алғандар жылда бір ақпарат берсе, сонымен шектелеміз. Сонымен, Қазақстанның кішкентай азаматтары тарыдай шашылып жер жүзіне тарауда. 2002 жылы 883 сәби шет елге кеткен. Олардың географиясы, ұлты және жастары туралы деректі төмендегі Сыртқы істер министрлігі дайындаған кестеден көруге болады.

Сәбилердің шетелге кетуі бақыланбағаннан кейін, қазір 102 сәби туралы толық мәлімет жоқ. Ең сорақысы сәбилер Қазақстан елшілігі жоқ мемлекеттерге де жіберіле бастады. Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасына да біздің сәбилер жіберіліп жатыр. Енді оларды бақылаудың да мүмкіншілігі жоқ екені белгілі. Өзін-өзі қорғай алмайтын балалардың  конституциялық құқығы тапталып отырғаны анық. Осыған орай, шетелдіктерге асырап алуға бала беруді тоқтата тұрып, әр сәбидің, әзірге біздің азаматтарымыздың, жағдайы туралы толық мәлімет жинап, оны  сарапқа салып барып, осы мәселе жөнінде ұялмайтын мәмілеге келгеніміз жөн еді.

Соңғы кезде біз Еуропарламент Қазақстандағы саяси процестерге әділ баға бермейді деп  алаңдаушылық білдіріп жатырмыз. Қазақта “үргелектегенді ұры ит алады,  қорғалақтағанды қасқыр қамайды” дейтін сөз бар. Мемлекетіміздің іргетасы қаланып жатқан тұста біз еуропашыл болдық, артын ойламай  халықаралық конвен­цияларға қосылдық, олардың ішінде шет елдерге асырауға сәбилерді беру туралы да конвенциялар бар. Сөйтіп, сырымызды сыртқа алдырттық. Еуро­пар­ламенттің жөнсіз-жосықсыз ішкі істерімізге ара­ласуына өзіміз жол бердік. Енді өзімізді өзгеге сыйлату қиынға түсіп отыр. Бүгін қазақстандық сәбилердің де қожасы солар.

Турашылдық, ар-ұятқа бас ию бүгінгі заманымызды саралауға да жетпей жатыр. Орыс зиялылары тырысқақпен күреске қол ұшын бергені үшін орыс патшасын мадақтаған ұлы Пушкиннен бір кезде теріс айналып кеткен. Әуелі елін құлдыратып, аздырып, тоздырып, қауіпті жұқпалы аурудың кең таралуына жол беріп, кейін онымен күресу ерлік емес, амалсыздың әрекеті деген.

Қазақстан ауыл тұрғындарының көпшілік бөлігі нарықтық реформаға дайын еместігіне қарамастан, жекешелендіру революциялық жолмен іске асы­рылды. Ауыл экономикасы құлдырады, әлеуметтік жағдай шиеліністі, халық, әсіресе жастар, ауылдан  көше бастады. Жұмыссыздық көбейді.  Жағдай әлі де ауыр, дегенмен соңғы жылдары мемлекеттің қолдауының нәтижесінде өндірісті ынталандыруға, әлеуметтік сала мәселелерін шешуге қадамдар жасалынды. Ауыл жылдары үлкен үміт туғызып отыр. Бірақ ауылдағы жағдайды артық мақтау кемелденген социализм  тұсындағы мадақтау идеологиясын елестететіні де есте болсын.

Елдің ар-намысы, бүгіні мен болашағын айтқанда, біз елді алаңдатып отырған жер  мәселесінен айналып өте алмаймыз. Жердің күн көріс  көзі ретінде нарықтық қатынастарда болуы қисынды мәселе. Жер мәселесінің патша заманында да, кеңес кезінде де халықпен ақылдасып  шешілмегені белгілі. Қазақ ХІХ-ХХ ғасырларда құнарлы жерінен айрылды. “Сарбаздар сайран еткен Сарыарқаны доңыздар мекен қылды қорсылдаған” деп ақын Мағжан жазғандай, тарихи әділетсіздік орын алды. Зорлап колхоз бен совхозға кіргізді, күшпен  олар таратылды. Ауыл әрқашанда төбесінен  тайраңдап таяқ ойнатқан шенеуніктер мен  оларды үндемей қолдаған депутаттардың құрбаны болып келді. Бүгін жер қатынастарының шатысып-бытысып, қиындап кеткендігі соншалық, тіпті ауыл тұрғындарынан “сенің жерің қайда?” деген сұраққа басым көпшілігі жауап беруге қиналады. Себебі олар нақты жер  емес, шартты жердің иелері.

Ауылда кім мықты сол жерді көбірек алып алған. Жер төңірегіндегі жемқорлық ұлтаралық  араздыққа итермелеп отыр. Қарапайым ауыл  тұрғынының пікірі мынадай: “Ал ауылда жер әділетсіз бөлінген. Мәселен осындағы бір чешеннің қарамағында екі жүз гектар жері бар. Ол сол екі жүз гектар жерінен өлсе де айрылмайды. Себебі жоғары жақтың аузын майлап тастаған. Жерді сатуға болмайды дегенім біз көп ұлтты мемлекетпіз. Мысалға біздің ауылда отыздан аса ұлт бар. Ертең жер жекешеленсе, мен өзгенің жерінен өте алмаймын. Осыдан барып алауыздық басталады”.  (“Ана тілі” № 8, 2003 ж.)

Жер тек күн көріс көзі ғана емес. Қазақ ұлты үшін жер – тарихы, бар байлығы. Қазақстанда бір ғана ұлт осы жер үшін терін-қанын төкті – ол қазақтар. 1991 жылы тәуелсіздік алдық деп бөркін аспанға лақтырып қуанған да қазақтар. Басқа ұлттардың түсіністікпен қарап қолдағанын біз бүгін бағалауымыз керек. Сарбаздар сайран салған Сарыарқаға астанамызды көшіру – Нұрсұлтан  Назарбаевтың тарихта қалар ерлігі. Сарыарқаның даласына қазақты қоныстандыру  да тарихи әділдіктің жалғасы болар еді. Бүгінде қазақ Сарыарқасын жатқа қиып отырған жоқ. Ресеймен  шекаралас тек Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының 12 жері құнарлы аудандарында қазақтардың үлес салмағы төмен. Ал жалпы Ресеймен шекаралас 23 ауданда қазақтар аз. Ақмола облысының шұрайлы жерінде тұратын басқа ұлт өкілдері 40-тан 75 пайызға дейін барады. Ал тек Арал өңірінде 1 миллионнан астам қазақ экологиялық апат жағдайында өмір сүріп жатыр.

Қазақты патша үкіметі тартып алынған жеріне қайта  қоныстандырып, сырттан келуші басқа ұлттарға жер беруді үзілді-кесілді тоқтату керек деген көзқарастары үшін қазақ зиялылары 30-жылдары  айыпталғаны халықтың жадында. Жер  мәселесі аса  байыптылықты, егжей-тегжей ойлас­тырып, ақыл мен ұят-ынсапқа байланған шешім­дерді талап етеді. Шынымды айтсам, өзімді қалталы жер иелері болып үлгерген кейбір депутаттардың жерді сатуға құлшынысы, ал жер мәселесін ыждағатты, байсалды шешуді қолдайтындарды популист деп айыптаулары ойландырады.

Еврейлер — ақылды, білімді ұлт. Қай елде тұрса да, олар бай тұрады. Бірақ қайда да диаспора болып өмір сүреді. Шашылған еврейдің басын қосып, мемлекет болу тарихи армандары еді. “Еврей мәселесі” деген осыдан туындады. Басты мақсат Палестина жеріне еніп, табан тірейтін еврей колониясын негіздеу болды. Палестина жерінен еврей колониясын құру туралы еврейлер түріктермен, Германия императоры Вильгельм ІІ,  Ұлыбритания, тіпті Египетпен нар тәуекелге барып, келіссөзге ұмтылды. Франциядан да қолдау дәметті. Бірақ еш жерден қолдау таппады. Сонымен қатар еврей диаспораларында ұлттық идея, дін, тіл, мәдениет мәселелері өткір қойылып, ұлттық тәрбие жалғаса береді. Шын ниеттерін терең жасырған еврейлер 1864 жылы Палестина жерінен университет ашуға мүмкіндік алады. Білім ордасын ашу, еврей мен араб жастарына мамандық  беруге ізгі ниет деп насихатталды. Шындығында бұл қадам  еврей мемлекетінің іргетасын қалаудың алды еді. Осылайша Палестина жерінен еврейлер ойып-ойып жерді сатып ала берді, ала берді де, 1947 жылы “жер біздікі!” деп шыға келді.

Әр ғасырдың басында “Ай, қап” деп бір өкініп жүрмесек болды. Бүгін азды-көпті қаржы табамыз деген  ниетіміз ертең аңқаулық болмаса игі еді. Басқа елдердің ащы сабағын да ескерген жөн. Сондықтан, жер мәселесінде Н.Ә.Назарбаевтың идеясын қолдай отырып, халық бұл мәселені шешуге енді асықпауды, кезең-кезеңмен, ұлттық мүдделерді ескере отырып, ішкі көші-қон мен ауылдағы жер қатынастарын үйлестіріп, нақты жер иелерін анықтап, қалталыларды емес, қарапайым ауылда тұрған шаруалардың, зейнеткерлердің, бюджет мекемелерінде жұмыс істейтіндердің көңілінен шығуды да жөн көреді.

ІV

Саясат – қай заманда да ардың, намыстың ісі. “Саясат – ұятсыздардың ісі, оның төңірегінде негізі­нен алаяқтар жүреді” деген пікір  ел үшін  қате де қауіпті. Саясатқа ниеті бұзық, ісі лас адамдардың ара­ла­сатыны рас. Бірақ оларға ойына келгенін жасатып қоюға болмайды. Саясатта сырт көрінісі көрнекті, іс-әрекеті қараңғы адамдар да аз емес. Асатпасаң ұрыс табатын, асатсаң тыныш табатын оппозиция да  саясаттан түңілтеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сұлтандардың (патшалардың) көмекшілері әрқашан “күнәһарлықтың табалдырығында тұрады” деген екен. Халықты билеушілердің жауапкершілігі туралы айтылса керек. Бірақ жіберген қателіктерінен ұялып, кешірім сұрап, жұмысынан кеткен лауазымды шенеунік болған жоқ сияқты. Ал  халықтың мұңын айтып, жоғын жоқтап жүрген депутаттар биліктің тізгінін ұстаса, үнсіз қалатыны да бар. Саясатта субъективтік ойлар, саяси есеп пен ойын, сезімге ерік берушілік басым. Дегенмен, дүние жүзі елдерінде саясаттың басты бағытын алаяқтар емес, салиқалы, саналы адамдар жасайды.

Біздің билік төңірегінде шенеуніктердің ниет-пиғылын, ар-ұятын үкімет түгел жекешелендіріп алғандар деп қарауымыз дұрыс болмас. Мемлекеттік қызметке мансап сақтау тұрғысынан емес, азаматтық тұрғыдан қарайтындар көптеп саналады, бір баста бюрократия мен демократия­ның күресіп жататыны да байқалады. Технократия­лық ортадағы Премьер И.Тасмағамбетовтің мәдениетке жанашырлығы сүйсіндіреді, ал бұрынғы Премьер Нұрлан Балғымбаевтың өзінің ата-кәсібінен  айнымауы елге ұнайды. Мұхтар Құл-Мұхаммедті шовинистер мен нигилистердің жабыла сынауы қуантады, ол ұлтына қызмет жасағандығының белгісі. Шет елдік агенттіктердің Қазақстан балаларын асырап алуға жәрдем береді деп біздің шенеуніктерді мақтағаны ренжітеді. Саясаттан, жалпыға ортақ мәселелерден дені сау, ар-ұяты бар азамат құтыла алмайды. Халық саяси басшыларды талдай, таңдай білмесе, билік басына халыққа қайыр жасайтын азаматтар келмейді.

V

Ұлттық мемлекет ұлттық санаға негізделсе ғана ұлттық түр мен мазмұнға ие болады. Ал ұлттық сана ұлттық зиялы қауымсыз мүмкін емес. Осыдан шынайы ұлттық мемлекеттің ар-ұяты, ақыл-парасаты оның зиялыларының деңгейімен өлшенеді деген пікір қалыптасты.

Интеллигенцияның белгілі тобы “Не можем молчать” деп (“Аргументы и факты” Казахстан, №12 (148) март, 1996 ж.), елдің ар-намысы, ұяты екенін сезініп, шындықты бетке айтып, өткір мәселелер қойғанмен, жалтақтық танытып, конформистік ұстанымға ауысты. Шерхан Мұртаза мен  Камал  Смайылов сынды азаматтар елге жанашыр пікірлерін жасырмай әлі айтып келеді, ал  басым көпшілігі билік төңірегінен, басқа да салалардан жылы орын тапты. Әрине, жоқтан жиын, оңайдан қиын жасау, желөкпелік, буынсыз жерге пышақ ұру, аштық жариялау, не өсіріп айту, не өшіріп айту шын  интеллигентке жараспайды. Сондай-ақ бас  бағып, бұғып қалмай, ұлт мүддесі төңірегінде елдің басын біріктіру, табандылық  таныту — шынайы зиялылықтың белгісі.

Бір ғана мысал. Ресей үкіметі жоғары оқу орындарын жекешелендіру туралы мәселе көтергенде, ғалым-педагогтар бірауыздан ашық қарсы шықты. Қазақстанда 11 университет жекешелендіріліп, ректор, президенттердің меншігіне көшуде. Біздің ғалымдар іштерінен қарсы болса да, жұмған ауыздарын ашпады. Бүгін ресейліктер “приватизация вузов – это продолжение разграбления общенародной собственности, которое было допущено в промышленности. И то, что вузы остались собственностью государ­ства, спасло всю систему образования от  разру­шения”, — деп мақтанышпен жазады. (“Со­циаль­но-гуманитарные знания”, 2002, №6, 42-б.)

Зиялылар — елдің көзі, үні, ақыл-парасаты. Ұятты, арлы, рухани өресі биік, ел мүддесіне байланысты мәселелерді өткір қойып, оның жету жолын айту, орынды жерінде Президентіміз Н.Ә.Назарбаев, Үкімет, Парламентпен пікір алмасып, ақыл қосу – зиялы қауымның парызы. Ал Елбасы ондай үн қатысуға дайын екендігін талай дәлелдеді. Алайда білімді дегендердің білімсіздігі, мәдениетті дегендердің мәдениет­сіздігі кейде бізде зиялы қауым жоқ, біздің  интеллигенция “адам тәріздес маймыл”, “аузын буған өгіз”, “көсемдерге ілескен бұзау” деген сияқты ашулы теңеулер де туғызды. (“Ана тілі”, №12, 1998 ж.)

Интеллигенцияны негізінен білімді мамандар, қызметкерлер, менеджерлер, кәсіпқойлар деп те атайды. Сол топтың ішінде рухы биік, тоғышарлықтан аулақ, кейде өзін биліктен де, оппозициядан да олармен сіңісіп кетпес үшін белгілі бір қашықтықта ұстайтын интеллигенттерді зиялы деп атайды.  Олар рух аристократтары, көре сала көнетін, ести сала сенетін азаматтар емес. Күні бұрын шешіліп-пішіліп қойған іске қосылмайды. Олардың өз ортасы, өз  ноосферасы бар. Олар билікке жалтақтамайды, биліктің де оларға үстемдігі жүрмейді. Бірақ оларға түсінікпен қарап, шыдамдылық таныту – биліктің парызы. Үрей басқан, ертеңге сенімі жоқ елде олар тұра алмайды. Мұстафа Шоқайдың эмиграцияға кетуі — соның бір көрінісі. Сонымен бірге ұлттық өркениеттен, өнерден, дінінен тыс зиялы қауым болуы мүмкін емес.

Адамды адам ететін үш  мамандықты қай заманда да қадір тұтқан: адамның жанын емдейтіндер, тәнін емдейтіндер және заңгерлер. Көне мұсылман елдерінде сот қызметіне қызығушылық танытпаған, адамның тағдырын шешуде  қате жіберіп, Алланың алдында да, адамның алдында да ұятқа қалам деп сескенген. Сұлтан-патшалар сотты күшпен, оның келісімінсіз тағайындаған, себебі олардың ар-намысына сенген.

Соңғы он бір жылда халық, соның ішінде интеллигенция, үлкен сыннан өтті. Бүгін көзқа­расы  жағынан бірыңғай интеллигенция жоқ. Коммунизм, интернационализм идеологиясында тәрбие­ленгендердің бір тобы жаңа заманға оңайлықпен ілесетін емес. Жоқтау жырында айты­латын сөздермен жазылып жатқан материалдар аз емес. Олар 32-33-тің аштығын, 37-нің репрессиясын емес, азды-көпті әлеуметтік әділдікті аңсайтын болу керек. Ол түсінікті де. Түсініксізі —  интел­лигенцияның бір тобының аяқ­тан шалып, кек тұтып, табалап, әр қателігімізге қуанатыны. Түсініксізі — күрделі мәселелердің оп-оңай шешуін ұсынып, ақылды бола қалулары, істің терең байыбына бармай, кінәлауға әуестілігі, еркіндіктің жауапкершілікпен байланыстылығын сезінбеуі.

Әлеуметтік  мимикрия – ортаға бейімделу,  та­бан­сыздық, құр еліктеушілік қазақ интелли­генциясына тән құбылыс. Еліктеушілік – басқа ұлттың құндылықтарын өзіне сіңіру емес, бет  қаратпайтын, қозып кететін нигилизм. Олар   жартылай сауатты, көрсеқызар дүбәра. Ондайлар қай салада да жетерлік, ең өкініштісі, олар қазақ интеллигенциясының басым тобын құрайды.

Бұл пайымдаудан қазақта зиялы топ жоқ деген ой тумаса керек. Зиялы топ бар, оның табаны қазақ ауылында: ол елдегі сөздің шын мәніндегі мұғалім – ұстаздар, дәрігерлер, басқа да елдің жанашырлары. Олар бір кезде айлап еңбекақы алмай да, қызмет жасады. Олар  қалалардағы ұстаздар, басқа да интеллигенция. Елімізге сын болған тәуелсіздіктің он жылында олар елдің  бүтіндігіне, тұтастығына, татулығына жұмыс істеді. Олар ауызбен аспандағы айды алушылар мен қолымен орақ  соғатындарға ермей, құбылмай, бұзылмай елдікке бастады, сабырлылық танытты.

Пирамиданың ең шыңында саусақпен санарлықтай азғана топ бар, аз болған соң да олар әлсіз. Олардың үні сиректеу естіледі, мүмкін қажыған да болар. Бірақ зиялылар қай мемлекетте де сан жағынан көп болмайды. Бүгін саяси партиялар төңірегіндегі пікірталас олардың саны төңірегінде  болып отыр. “Алаш” партиясы мүшелері сан жағынан бүгінгі партиялардан 200 есе кем болғанымен зиялылығымен елдің көсемдері болды. Олар бұқара халықты социализмнің зардаптарынан сақтандырып, оған қарсы тұруға ұмтылды.

Бүгінде азаматтық қоғамда зиялы қауымға сұраныс жоғары, бірақ мемлекет әлі де зиялыларымен есептесе бермейді. Өзін әр уақытта сөзсіз, талассыз дұрыспын дейтін билік ақылды сөзге тоқтаудан аулақ. Сонымен бірге интеллигенцияның, соның ішінде халықтың жанын, тәнін емдейтіндердің кәсіби мәртебесі жоғары болғанымен, әлеуметтік, тұрмыс мәртебесінің төмендігі оларға құрмет емес.

Өз әскерін асырамаған мемлекет жат елдің әскерін асырауға мәжбүр болатыны сияқты, өз ар-ұятын қорғайтын зиялы қауымын,  интеллигенциясын сыйламайтын ел де өз ұлтының рухани құндылықтарымен суарылмай, бөтен жұрттың  тілімен сөйлеп, ақыл-парасатымен өмір сүреді. Бұл өзін өзі қорлаудың, жасық, ойсыздықтың көрінісі, жарамсақ, намыссыз ұлттың амалы.

Бүгін бізге интеллигенция қажет емес деген де әңгімелер бар. Телефон не аспирин керек пе, телевизор не танк керек пе — сатып аламыз дейді кейбіреулер. Өз өндірісімізге өзіміз қожа болмай, өз байлығымызды өзіміз игермей, бөтеннің аруағына табына берсек, білімге, мәдениетке, техникаға сұраныс болмайды және олардың қолдаушысы, жақтаушысы  интеллигенцияның, зиялылардың ықпалы  әлсіз болады.

Қоғамдық санада әлеуметтік әділеттіліктің орны бөлек. Ар-ұят, әділет пен шындық орнаған жерге ғана ұялайды. Әділеттілікті ел халқы қиянат пен озбырлыққа жол бермеу және жұмыссыздық пен кедейшілікті жоюмен байланыстырады. Жұмыссыз қалған қала және ауыл адамдары бүгін еңбек етіп, ел қатарлы қызметкер болғандарын аңсап айтады. Отбасында тек өз жеке басының  қамымен шектеліп, өзіне маман ретінде сұраныс болмағаны мыңдаған ел азаматтарының намысына тиеді.

Түрік халықтарының ар-намысын қорғаған Мұстафа Шоқай “Еврейлер: Варшавада бір еврейдің тісі ауырса, Америкадағы еврей ыңырсиды”, — деседі. Сол тәрізді бізде “Түрік тұқымынан біреу азап шексе,  күллі түрік атаулы азап шегеді деуіміз керек” деген. Қазақ та “малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы” деп ар-ұятты, береке-бірлікті жоғары қойған халық. Өткен тарихтың ұлтымыздың бір тобын өз рухани байлығына өгей еткені, бүгінгі нарық экономикасының ақшаны алға тартып, ұят, кісіліктен айырып, құндылықтарымызды арзандатып, рухымызды жасытқаны да белгілі. Халқымыздың ар-ұяты мен намысы ХХІ ғасырда сынға түсіп отырғаны да анық. Бірақ ұлтымыздың бойында намыс пен ынсап өлген жоқ, оның рухани қуаты талай қиыншылықтан аман  алып келеді. Тәуелсіздік тіліміз, дініміз бен дәстүрімізді жаңартатын күнге жеткізді. Еліміздегі билік, білім, мәдениет, әлеуметтік жүйе әр істі ар мен ұятқа жеңдіріп, игілікке жұмылдыратын заманға бастайтынына ел сенімді. Бүгінгі  шуақты наурыз күніндей кеңпейілді, кешірімді халқымыз  жамандыққа жол бермей, жақсылыққа жанашыр болуымен жоғары тұратыны сөзсіз.

Амангелді АЙТАЛЫ,Парламент Мәжілісінің депутаты,философия ғылымының докторы,профессор.

22 наурыз 2003 жыл.

Соңғы жаңалықтар