• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 11 Қаңтар, 2021

Тәртіп бұзу деректері кездесті

310 рет
көрсетілді

Қазақстан Азаматтық альянсының президенті, Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының жетекшісі Бану Нұрғазиева мен Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау барысы туралы айтып берді.

Олардың айтуынша, сайлау байқаушылары 1 қаңтардан бас­тап дайындықтан өткен. Оларды дайындау үшін барлық өңірде тәжірибелі тренерлер онлайн жә­не офлайн тренинг, семинарлар өткізді, сондай-ақ Орталық сай­лау комиссиясының өкілдері де ат­са­лысқан. «Бүгін сағат 07:00-ден бас­тап республика бойынша 9 559 сай­лау учаскесі ашылып, бай­қау­шыларымыз жұмысын бас­тады. Байқаушыларды 2020 жыл­дың 1 қаң­тарынан бастап да­йын­­дадық. Байқаушылар құра­мына Кәсіп­одақтар федерация­сы, Қазақстан Азаматтық альян­сы және 2000-нан астам үкімет­тік емес ұйым өкілі кірді. Байқаушы­лар­­дың жалпы саны – 19 650», дейді Сай­лауды бей­п­артиялық  байқау ор­­та­лығының басшысы Бану Нұрғазиева.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов байқаушылардың жұмыс барысы туралы айтып берді. «Сағат 09:00-де республикалық штаб облыстық штабтардан ақпарат жинап қойды. Сайлау учаскелерінде байқаушылар әртүрлі нұсқада жұмыс істеді. Мысалы, бір сайлау учаскесінде бір байқаушы күні бойы жұмыс істесе, тағы бір сайлау учаскесінде түске дейін бір байқаушы, түстен кейін екінші байқаушы ауысып отырды. Кейбір сайлау учаскесінде үш байқаушыдан жұмыс істеді. Екі сағат сайын ақпарат таратып отыруға тырыстық», дейді ол.

«Кәсіподақтар федерациясы­ның республикалық штабы­ның мәліметінше, құқық бұзушылық­тардың көбі адами факторға байланысты болған. Оның ішінде бір отбасы болып кабинкаға кіріп кету сияқты оқиғалар кездеседі. Деген­мен олар сайлау процесіне аса қат­ты кедергі жасайтын кемшіліктер емес», деді Нұрлан Өтешев.

Республикалық штаб ақ­пара­тына сүйенсек, сайлау учаскелеріндегі кейбір байқау­шылар әріптестерімен сөзге келіп қалған жайттар да анықталған. «Кейбір байқаушылар өздерінің наразылығын көрсете ме, әлде басқадан білімді екенін таныт­қысы келе ме, әйтеуір басқа бай­қау­шы­ларға өздерінің іс-әрекетімен кедер­гі жасағаны мәлім болды. Осын­дай жағдай бір емес, бірне­ше облыста тіркелді. Оған да бәріміз баға беруге дайынбыз. Ең бірін­шіден, аймақтардан түсіп жатқан мәліметтерге сүйенсек, аса үлкен заңбұзушылық жоқ. Азаматтар дауыс беру құқығын толық пайдаланды», деді Н.Өтешев.

Сайлауды бейпартиялық бай­қау орталығының жетекшісі, Қазақ­стан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева сай­лаушылардың белсенділігі жоғары болғанын мәлімдеді.

«Бұрын да айтып өткенімдей, бүгін Қазақстанның бүкіл аумағында Бейпартиялық байқау орталығының байқаушылары елдегі сайлау науқанына қатысты. 10 мыңға тарта сайлау учаскесінде шамамен 20 мың байқаушы жұмыс істеді. Осы ретте келесі мәселелерді атап өтер едім: менің және әріптестеріміздің ойынша, осы сайлауда сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды», деді Бану Нұрғазиева Сайлауды бей­партиялық  байқау орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Орталық басшысының айтуынша, кеше өзі де түске дейін елордадағы №60 сайлау учаскесіне барып дауыс берген және сол кезде азаматтардың кезекте тұрға­нын көріпті. «Бүгінгі таңда біздің қолдағы мәліметке сәйкес, тізімде тіркелген сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс беріп үлгерген. Осы орайда заңбұзушылықтың да тіркелгенін атап өту керек. Нақтырақ айтқанда, кей сай­лаушылардың тұтас отбасы үшін дауыс бергісі келгендері кездесті. Одан бөлек саяси партиялардың өкілдері дауыс беруге келген кезде  тағып келген маскаларында партияларының жазуы тұратын жағдайлар да болды. Сондай-ақ провокациялық сипаттағы әрекет­тер де қылаң берді. Мәселен, кейбір байқаушының өз әріптестерімен сөз таластырып, кедергі келтіргісі келетіндері болды. Менің ойымша, мұндай әрекеттер байқау барысына зиянын тигізеді», деді ол.

Осы ретте Бану Нұрғазиева нақты мысал келтіре кетті. Оның айтуынша, Петропавл қаласын­дағы №587 сайлау учаскесінде Қазақстан жастары ақпарат қыз­меті­нің (МИСК) өкілі байқау­шылардың бәріне кедергі келтіріп, бейне­түсірілім жүргізіп, сайлау ба­рысына қатысты дауыстап пікір білдіре бастаған. Байқау­шы­лардың, сайлау комиссиясы төрағасының ескертуін елемеген. Осыған байланысты байқаушылар бірігіп акт толтырып, комиссия төр­ағасынан оны сыртқы шы­ғаруды өтінуге мәжбүр болған.