Жақында өткен «Саяси көшбасшы әйелдер» саммитінде НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг әлемде қауіпсіздік орнатудың бірден-бір жолы бірлік пен теңдік деген пікір айтты. «Гендерлік теңдік – осы жолдағы дұрыс қана емес, ақылды шешім», деді ол.
Жаңа нормаларды қалыптастыруды міндет еткен саяси көшбасшы әйелдер саммитіне бірқатар халықаралық ұйым басшылары, саясаткер әйелдер шақырылған. Онлайн іс-шарада теңдік мәселесі талқыланып, ұсыныстар айтылды. Сарапшылар НАТО сияқты әскери ұйымның да гендерлік теңдік мәселесіне назар салуын ерекше атап өтуде.
Осы ретте халықаралық ұйым басшысы қорғаныс пен қауіпсіздік саласына әйелдерді көптеп тарту жолға қойылғанын хабарлады. «2018 жылдан бастап бейбітшілік, қауіпсіздік мәселелеріне әйелдердің араласуы талап етілуде. Бұл НАТО-ның жоғары стандарттарының біріне айналды», деді Йенс Столтенберг.
Бұл мәлімдемеден кейін бірқатар ел гендерлік теңдік мәселесін қайта қарауға кірісті. Мәселен, Польша Қорғаныс министрлігі «Польшаның келешектегі қауіпсіздігі – әйелдердің қолында» деген мәлімдеме жасады. Былтыр әскер қатарындағы әйелдер саны едәуір артып, үлесі 16 пайызға жетіпті. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 5 пайыз ғана болатын.
Гендерлік теңдік мәселесі – Қазақстанның да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Парламентте әйелдер контингентін арттыру қолға алынғаны бұған айқын дәлел. Елордада болған Astana Finance Days форумында да қауіпсіздік пен әйелдер байланысы тақырыбы қозғалды. Оның аясында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша күн тәртібін ілгерілету, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық өмірге тиімді қатысуы мен шешім қабылдауы тақырыбында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» (Women, Peace and Security) сессиясы өтті.
Іс-шарада сөз алған Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова: «БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою туралы конвенциясына (CEDAW) қосыла отырып, Қазақстан әйелдер құқығын құрметтеуге және қорғауға өзінің міндеттілігін растады. 2019 жылы біз CEDAW іске асырылуының бесінші мерзімді есебін ұсындық. Комитеттің гендерлік кемсітушілікке, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстары тиісті түрде атап өтілді және ұлттық іске асыру жоспарларында көрініс тапты. Менің ойымша, бұл – жұмыс өте өзекті, өйткені біз пандемиямен күресіп жатқан кезде әйелдер ең қатты зардап шегеді», деді.
Қазақстан қауіпсіздік мәселесімен шектелмей, экономика мен кәсіпкерліктегі әйелдер үлесін арттыру үшін де нақты қадамдар жасады. Атап айтар болсақ, өткен сенбіде Орталық Азияда алғаш болып жаһандық бастамаға қосылды. Astana Finance Days аясында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту форумы өтті. Ол Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) акселераторына арналған «Closing the Gender Gap» сессиясымен ерекшеленді.
«Closing the Gender Gap» акселераторы әйелдердің жетекші лауазымдарға көтерілуіне мүмкіндіктер жасауға және тез дамып келе жатқан секторларға қайта жұмысқа орналасу мақсатында оқыту арқылы жұмыс күшінің қатысуын арттыруға бағытталған. Ынтымақтастық моделі болашақ ұрпақтар үшін гендерлік теңдікті жеделдету мақсатында мемлекеттік және жеке сектор басшыларын біріктіреді. Қазақстан – Орталық Азия елдерінің арасында акселераторға қосылған ең алғашқы мемлекет.
Дүниежүзілік экономикалық форумның басқарушы директоры Саадия Захиди бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. «Біз Қазақстандағы акселераторды іске қосу арқылы экономикалық саладағы гендерлік алшақтықты жою жолындағы серіктестігімізді асыға күтеміз», деді ДЭФ басшысы.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова: «Біздің гендерлік теңдікке қол жеткізу және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі көзқарасымыз «Closing the Gender Gap» акселераторының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Мен жеке сектордағы компанияларды осындай жаһандық бастамаға қатысуға, осы мәселені жақсарту бойынша өз пікірлерін бөлісуге, сондай-ақ Қазақстанда және бүкіл әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізуге үлес қосуға шақырамын», деді.
Іс-шараға арнайы шақырылған Мысыр Араб Республикасының Халықаралық ынтымақтастық министрі Рания А.Аль-Машат та гендерлік теңдіктің бүгінгі қоғамда қаншалықты маңызды екеніне тоқталып өтті.
«Мысырдың да «Closing the Gender Gap» акселераторына қосылуы Мысыр үкіметінің гендерлік күн тәртібін іске асыруға және мысырлық әйелдерге мүмкіндіктерін кеңейту үшін қажетті саясат пен құрылымдық реформаларды жүргізуге деген саяси ерік-жігері мен экономикалық міндеттемелерін көрсетеді. Әйелдердің экономикаға қатысуы макродеңгейде шешуші мәнге ие болды. Халықаралық Валюта қорының бағалауы бойынша, әйелдердің Мысыр экономикасына тең интеграциясы оның ІЖӨ-не тікелей әсер етіп, оны шамамен 34 пайызға арттырады», деді шетелдік министр.
Еліміздегі статистикаға назар салсақ, Қазақстандағы корпоративтік сектордың қазіргі құрылымындағы компанияларда әйелдердің шамамен 26%-ы топ-менеджер қызметін атқарады екен. Сонымен бірге шағын және орта бизнес саласындағы барлық компаниялардың 60%-дан астамын әйелдер басқарады. Бұл – басқа дамушы елдермен салыстырғанда жоғары көрсеткіш болып отыр.