13 600 000 000
Үстіміздегі жылы өңірге “Жол картасы” бағдарламасымен осыншама қаржы қаралған
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыспен қамту бағытымен өңірде өткен жылы нәтижелі жұмыстар атқарылғанын айтуға болады. Бұл жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын тауып, “Жол картасына” 13,6 млрд. теңге қаралып отыр. Биыл инвестициялық бағыт бойынша 12,7 млрд. теңгенің жұмысы атқарылып, 220 жобаның тиянағы келтірілмекші. Нәтижесінде, әлеуметтік жұмыс орнын ашуға 384 млн., мамандарды қайта оқытуға 562 млн. теңге қаржы қарастырылған. “Дайындау және қайта оқыту” бағдарламасымен 4500 адам жаңа кәсіпті игеріп, екі қолға бір жұмыс табатын болады.
Халықты әлеуметтік жұмыс орнымен қамтамасыз ету мақсатында 243 мекемемен келісім-шарт жасалса, қазірдің өзінде 1044 адам еңбекпен қамтылған. Бұлардың қатары енді 3300-ге көбейіп, мыңдаған адамның әлеуметтік мәселесі оң шешілмекші.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
722 000 000
Осыншама теңгеге спорт нысандарын жөндеу басталып кетті
Қарағанды аймағы бұқаралық спорттың жақсы дамуымен танымал. Елбасы Жолдауында алға қойылғандай, оған тұрғындарды кеңінен қамтуға мүмкіндіктер жасала түсуде. Бұл бағытта ағымдағы жылы атқарылар жұмыстар ауқымды болғалы отыр. Соның негізгісі, тиісті нысандарды жөндеу-жаңарту болып табылады.
Былтыр “Жол картасы” шеңберінде осы мақсатта 441 миллион теңге игерілсе, биыл сол үшін бөлінген қаражат екі есеге жуық артық, яғни 722 миллион теңгені құрайды. Теміртаудағы “Жастар” жүзу бассейні, Жезқазғандағы ескек есу базасы, Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандарындағы стадиондар қайтадан түрленетін 9 спорттық нысанның қатарына жатады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы.
250 800 000
Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші тоқсанда осыншама теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл өткен жылғыдан 4,9 пайызға артық.
Статистикалық деректерге сәйкес соның ішінде кен өндіру өнеркәсібінде 229,5 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, бұл өткен жылғы бірінші тоқсандағыдан 6,2 пайызға асып түсті. Бұл табиғи газдың 9,6, газ конденсаты өндірісінің 5,7 пайызға көбеюінен болып отыр.
Өңдеу өнеркәсібінде 13,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 91,1 пайыз. Мұның үштен бірінен астамын немесе 34,1 пайызын азық-түлік өнімдері құрайды, бұл салада 4,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Соның ішінде күнбағыс майы – 5,8, балық 2 есеге, ірімшік пен сүзбе – 27,1, макарон өнімдері 16,0 пайызға артты.
Бірінші тоқсанда металл өңдеу – 7,9, мәшине жасау 3,4 есеге, тоқыма өнімдері 23,2 пайызға өсті.
Темір ҚҰСАЙЫН.
ОРАЛ.