• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2022

Ахмет ауылы интернетсіз отыр

536 рет
көрсетілді

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған Сартүбек өңіріндегі Ақкөл мен Ахмет ауылдары әлі күнге дейін интернет өрісінен тыс қалып отыр. Қостанай облысының ең шалғай шекарасында жатқан екі елді мекеннің тұрғындары интернет байланысының жоқтығы тұрмысқа тежеу, шаруашылыққа тұсау салып отырғанын айтады.

Облыс орталығынан 700 шақы­рым қашықта, жаңбырлы күндері жолы сорға айналатын қияндағы қос ауыл­дың халқы нарық кірген жылдары азайғаны болмаса, жылы орнын тас­тап тұтастай үдере көшіп кеткен жоқ. Талай қиыншылық-ауыртпалықты еңсеріп, Ахаңның ата қонысын сақтап қалды. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 85 үй түтін түтетіп отыр, 500-ден астам халқы бар. Жергілікті жұрт негі­зінен мал шаруашылығымен айналы­сады. Бұл өңірде төрт түліктің тұяғы жететін жердің бәрі жайылым. Шұ­райлы шабындығы да мол. Ахмет ауылымен арасы 9 шақырымдай болатын көршілес Ақкөлдегі жағдай да осындай. Тұрғындар саны шамалас, көптен шешілмей келе жатқан күрмеулі мәселелері де ортақ. Екі ауылға да қатты қиындық тудырып отыр­ған басты мәселе – сапалы жол мен ин­тернеттің жоқтығы.

– Ауылда ұялы байланыс бірде бар, бірде жоқ болып қалады. Интернет мүлде жоқ деп айтуға болады. Жай ғана «уатсаппен» жіберген хабарламаның өзі бір күнде зорға жетеді. Әкімдіктің интернеті де өте баяу. Бір жерге мал апарайық десек, оған ауру, иә ұрлықы мал емес екенін анықтайтын құжат керек. Ол қағаз бір күн бойы жүктелетін болған соң, зорға жетеміз. Кейде екі-үш күн күтіп қаламыз. Интернеттің жоқтығынан кейде бір жапырақ қағаз үшін сонау 120 шақырым жердегі Торғайға баруға тура келеді. Пандемия кезінде студент балаларымыз онлайн оқуға қатыса алмай қалды. Әскерге аттанған ұлдарымыз ант қабылдау рәсімі онлайн өтеді дейді. Бізде оған қосылатын мүмкіндік жоқ. Биыл енді Ахмет атамыздың жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Жердің шалғайлығы, жолдың жоқтығы қанша қиындық тудырса да жергілікті жұрттың басым бөлігі осы киелі мекен елсіз қалмасын деп атажұрттан табан аудармай отыр. Бұл жерде негізінен Үмбетей батырдан тарайтын Ахаңның аталас туыстары тұрады. Осы жағын да ескеріп, биыл жоғарыдағы тиісті орындар елге интернет байланысын орнатып берсе деген үмітіміз бар, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Төлеу Ахметов.

Интернет байланысының тағы бір нүктесі осы ауылдағы Ахмет Бай­тұр­­сынұлы атындағы мектеп ғимаратында. Бірақ мұғалімдер мұның да әлсіз екенін айтып отыр. Бүгінгі ақпарат заманында көп шаруаның бітуі осы интернетке келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан тұрғындар әрбір үйде интернет болса екен деп тілейді.

– Қазір кез келген оқушының өзі интер­нетпен жұмыс істегісі келеді. Кі­тапханада оқулықтар жетіспегендіктен оқушы жан-жақты білім алу үшін жоғын интернеттен іздегісі келеді. Қала баласының ой-өрісі неге дамып кеткен? Өйткені ол ақпаратты интернеттен алып тұр ғой. Біздің бала­­ла­рымызға сол жетпейді. Ұялы теле­фонға тариф салғанымызбен ин­тернет ашылмайды. Балаларды облыстағы, қалалардағы білім жарыстарына қатыстыру мүмкіндігінен де қағылып отырмыз. Біз бұл жақтан желіге шыққанымызбен, жылдамдық өте баяу болғандықтан, тапсырманы орындап үлгермейміз. Жартысына келгенде байланыс үзіліп кетеді. Қазір мұғалімдер оқушының білімін бағалайтын электронды журналды толтыру үшін осы ауылдағы үш нүктеге кезекке тұрады. Бұл да мұ­ғалімнің жүйкесін тоздыратын үлкен кедергі. Басты талап-өтіні­шіміз – басқа ауыл­дардағыдай бізге де осы заманға ла­йықты интернет қосылса екен, – дейді мектеп музейінің меңгерушісі, ардагер ұстаз Бибіханша Ахатова.

Ауыл әкімі Руслан Байділдин биыл eGov.kz порталы арқылы тиісті орындарға жылдамдығы жоғары интернет байланысын орнатуды сұрап өтініш бергенін айтты. Мұны аудан әкімі де растап отыр.

– Жангелдин ауданы бойынша жеті елді мекенге талшықты-оптикалық интернет байланысы тартылды. Ал енді Ахмет Байтұрсынұлы мен Ақкөл ауылы алыстау болып, ол жаққа 2020 жылы «250+» деген мобильді байланыс орнатылған. Оған дейін мобильді байланыс мүлдем болмаған. Бірақ интернет байланысы кейде шығады, кейде жоқ болып кетеді. Ал енді талшықты-оптикалық желі баратын болса, онда жағдай жақсарады. Халықтың да қолы ұзарады. Ол жерде жұмыс істеп жатқан мемлекеттік органдардың да мүмкіндіктері ұлғаяды. Бірақ мұның бәрін жоғары жақ шешеді. Біз өтініш жолдап едік, қарастырлып жатыр деген жауап алдық, – деді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.

Былтыр «250+» жобасын жүзеге асыруға жауапты ұялы байланыс операторлары кең жолақты интернет ауыл тұрғындары үшін телемедицина, интернет-банкинг, қашықтықтан білім беру, жұмыс істеу, желідегі кәсіпкерлікті дамыту секілді салаларда жаңа мүмкіндіктер ашады. «250+» жобасы елдің әлеуметтік ландшафтын өзгертеді және ауыл мен қала арасындағы цифрлы теңсіздіктің шегін жояды деген мәлімдеме шал­ғайдағы шағын ауыл тұрғындарын кәдімгідей қуантып тастаған еді. Өкі­нішке қарай, Ахмет ауылына кел­ген «250+» орнатушылардың да, жер­гілік­ті жұрттың да үмітін ақтай алмады.

Таяуда екі ауылдың тұрғындарын облыс орталығынан жеткен жағымды бір хабар елең еткізді. Ұлт ұстазының мерейтойына арналған алқалы жиын­дардың бірінде өңір басшысы Ахмет жылына арналған кешенді іс-шаралар аясында биыл Ақкөл және Ахмет Байтұрсынұлы елді мекендеріне қуат­ты интернет тартылатынын айтты.

– Тағы бір маңызды мәселе, біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, жалғыз Ахмет ауылы мен Ақкөл ғана емес, сол маңайдағы тағы 5-6 елді мекен­нің интернет жылдамдығын арттырудың жол картасын әзірлеп, пысықтап жатырмыз. Бұл жұмыстар таяу арада оң шешімін табады деп ойлаймын. Бастысы, министрдің өзі қолдап отыр. Біз бұл жөнінде «Қазақ­телеком» компаниясына да ұсыныс жібердік. Жақын арада қос тарап болып жол картасына қол қоямыз, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.