• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қазан, 2022

Адвокатқа да қамқорлық керек

300 рет
көрсетілді

Еліміздегі адвокатура институтын жетілдіру мәселесі жайлы аз айтылған жоқ. Көпшілік адвокаттардың жұмысына көңілі толмайтынын, салада білікті мамандардың аз екенін алға тартады. Адвокаттар алқасы мүшелері құқықтық жағынан да, әлеуметтік жағынан да қолдауға зәру екенін айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Азаматтар құқықтарын қорғай отырып, адвокаттар құқықта­рын да ұмытпау керек. Олардың қызметінің қауіпсіздігін қамта­масыз ету қажет, сондай-ақ адвокаттар жұмысына кедергі кел­тіретін заңсыз іс-қимылдарға жол берілмеуге тиіс», деген болатын. Бұл ретте, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отыры­сында еліміздегі адвокатура инс­титутының құқық қорғау әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды.

Республикалық адвокаттар ал­қасының төрағасы Айдын Бике­баевтың айтуынша, 2022-2025 жылдарға арналған адвокатура жүйесін дамытудың тұжы­рым­дамасы қолға алынған. Ма­ңызды құжат «Жаңа Қазақстан – жаңа адвокатура», деп аталады.

– Тұжырымдамада салада­­ғы мәселелер айтылып қана қой­май, шешу жолдары ұсыныл­ған. Мәселен, нақты дәлелдемелер­ді алу үшін құпия деп таныл­ған ақпа­раттарға қолжетімділік, адво­­каттардың қауіпсіздігі, жа­лақы және әлеуметтік қорғау мәселелері сияқты ұсыныстар көрсетілген. Сондай-ақ қор­ға­лу­­шымен кез­десу уақытын шек­темей, кез келген уақытта жүз­десу, адвокаттың каби­нетіндегі, қала берді кездесу бөлмесіндегі, тергеу изо­ляторындағы бейне­камераларды алып тастау, қыл­мыстық атқару жүйесі меке­ме­ле­рінде құжаттарды тексермеу мәсе­лелеріне баса мән берілді. Бұл – адвокат құпияларын сақ­тау қағидасына қарсы. Адво­кат­тарға құқық қорғау және арнайы органдардың ғимаратына кез кел­ген уақытта кіріп-шығып, ноутбук, ұялы телефон кіргізуіне рұқ­сат берілсе деген ұсыныс та бар.

Тағы бір мәселе – адвокаттар мемлекеттік маңызы бар құ­­жат­тарға қол жеткізу үшін рұқ­­сат қағазын алу керек. Бұл үде­ріс ұзаққа созылып, бір айға жал­ғасатыны өкінішті. Еліміздің кез келген азаматы адвокаттың қыз­метіне жүгінуге құқылы екенін ескерсек, рұқсат қағазы дайын болғанша айыпталушы да изоля­торда күтуге мәжбүр болады. Көр­ші Ресейде адвокаттар бұлай сан­далып жүрмейді. Құпияны жарияламау жөнінде қолхат жазып, сол күні-ақ қажетті материал­дар­ға қол жеткізеді. Осы айтыл­ған мәсе­ле­лерді шешуге Президент жа­­нын­дағы Адам құқықтары жө­ніндегі комиссияның мүшелері қолұшын созса деген тілегіміз бар. Теңдік пен бәсекелестік қағи­датын сақтау үшін Конституция­ға прокуратурамен ұқсастығы бойынша адвокатура мәртебесі бекітілетін жеке бапты енгізуге болады деп санаймыз, деді Айдын Бикебаев.

Жалақы мәселесі жөнінде әң­гіме бөлек. Жиында елімізде мем­лекеттік бағдарлама шеңберін­де адвокаттардың еңбекақысы ғана минутпен есептелетіні айтылды. Тіпті, қаражатты алу үшін тергеушінің қолы керек екен. Мұндай тәуелділік бар жер­­де, яғни «қарсыласы» жала­қы­ны тағайындайтын болса, адво­каттардың жұмыс сапасы жай­лы әңгіме қозғаудың өзі ар­тық. Бүгінде әр адвокат ай са­йын әр іс үшін орташа есеппен 10-20 мың теңге алады екен. Мемлекетпен кепілдендірілген заң көмегі шеңберінде жеке тергеу әрекеттері үшін небәрі 200-300 теңге ғана төленетін көрінеді. «Азаматтардың құқығын қорғау сапалы жүргізілуі үшін адвокат әр іс үшін кем дегенде 150 мың теңге алу керек деп есептейміз. Саланы қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет», деді А.Бикебаев.

Комиссия отырысы бары­сын­да Әділет министрінің оры­нбасары Алмат Мадалиев қаң­тардағы оқиғаларға байланысты төтенше жағдай жарияланған ке­зеңде адвокатура халыққа заң көмегін көрсетуді жүйелі жал­ғастырғанын атап өтті. Ол мем­лекетпен кепілдендірілген заң көмегі бағдарламасына қаты­сушы адвокаттарға жұмыс уақытынан тыс барлық іс жүр­гізу әрекеттерінде жоғары мөл­шерлеме бойынша еңбекақы төлеу мәселесі шешілгенін және сағаттық мөлшерлеменің уақытын ұлғайту мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

Комиссия отырысында қарал­ған мәселелердің негізінде Қазақ­стан Республикасының Прези­дентіне ұсынымдық шешімдер әзірленбек.