• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 01 Наурыз, 2023

Шаруаның қолын байлаған «шикілік»

240 рет
көрсетілді

1-ақпаннан бастап агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылып, фермерлерден субсидияға өтінім қабылдауға толық дайын екендігі хабарланған еді. Алайда көктемгі егіс науқаны таяғанда портал жұмысындағы бірқатар техникалық қателіктер субсидияны кешіктіріп, шаруалардың қолын байлап қойды.

Жаңа сайттың жұмысындағы қателік салдарынан фермерлер айналым қаражатының тапшылығына ұшырауы мүмкін. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, бірнеше бағыт, соның ішінде несие мөлшерлемесін субсидиялау бойынша өтінім беру мүмкін болмай отыр.

Шаруалардың несиесіне мемлекет тарапынан берілетін 16% субсидияға өтініш жібере алмай отырған кәсіпкердің бірі – Жамбыл облысындағы «Диқан несие» серіктестігінің төрағасы Дәулет Пернебекұлы.

«Сайт бағдарламасы әлі «шикі». Мәселен, қаңтар мен ақпанда несие алған азаматтардың өтініштерін субсидияға жібере алмай отырмыз. Алдағы айларда субсидия түспесе, шаруалар несиені тағы да өздері төлеуі керек болады. Олар үшін бұл үлкен ауыртпалық», дейді ол.

Қызылордалық кәсіпкер Алмат Абдуллаев та қазіргі сәтте платформаның пайыздық мөлшерлемені субсидиялау деген функциясы толық жұмыс істемегендіктен, өтінім тапсыра алмай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары егінге, шаруашылығын дамытуға жинап қойған қаражаттарын несиесін жабу үшін төлеуге мәжбүр болып, шығынға ұшырап жатыр.

Шаруалар субсидияға өтініш беру үшін бірнеше платформа болса, бұл ретте gosagro.kz порталымен қатар бұрынғы qoldau.kz секілді қосымша жүйені іске қосып, таңдау мүмкіндігі берілсе деген өтініш-тілектерін айтады.

Биыл 2 ақпанда өткен «Атамекен» ҰКП төралқасы агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында да gosagro.kz порталына қатысты өзекті мәселелер көтерілген-ді.

«Бизнес қауымдастық өкілдері биыл жаппай пайдалануға қосылған gosagro.kz порталының дайындығы төмен екенін және qoldau.kz порталының жұмысын тоқтату үлкен ағаттық екенін айтып отыр. Көктемгі егіс науқанының уақытылы өтуіне кедергі келтіріп, тәуекел тудыратын бұл проблеманы шешу – кезек күттірмейтін іс», дейді палатаның АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Ербол Есенеев.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Жұлдыз Әубәкірованың айтуынша, фермерлерден күн сайын өтініштер келіп түсіп жатыр.

«Өтінім берудегі проблемалар субси­дия­­лау­дың барлық бағыттары бойынша анықталады. Қазір тыңайтқыштар бойынша өтінімдерді қабылдау басталды, алайда әр кезеңде қате пайда болады. Алдымен қате кадастрлық нөмірлер шығады, элек­трон­дық шот-фактуралар, нормативтер, жет­кі­зу­шілер көрсетілмейді. Әрбір кезең бизнес субъектілері үшін проблема болып тұр. Мысалы, тыңайтқыштар, пестицидтер және тұқымдар бойынша субсидиялауға өтінімдерді ресімдеу үшін фермерлер егістік кар­тасын ұсынуы керек. Бірақ AgroOpen қыз­меті жер учаскелері бойынша бұрыс ақ­парат береді. Диқандар егіс алқабы, егуді жоспарлап отыр­ған дақылдар туралы деректерді көрсете алмайды. Сонымен қатар фермерлер жүйеге кірген кезде, тіпті өз учаскелерінің ауданы бойынша да әртүрлі деректер алатынын айтады», дейді ол.

Мәселені сенатор Евгений Больгерт те көтерді. Ол өзінің депутаттық сауалында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің проб­лемалары туралы айтқан болатын.

«Жаңа gosagro.kz ақпараттық жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты фермерлер өз уақытында өтінім бере алмай отыр. Онда бірқатар бағыттар бойынша субсидия алуға өтінімдер беруге мүмкіндік жоқ. Мәселен, жүйе субсидия алу үшін қажет барлық құжат­тың жиынтығын қабылдамайды. Құны 30 млн теңгеден сәл асатын жаңбырлатып суаратын машинаны сатып алу үшін субсидияға өтінім беру кезінде жаңа gosagro.kz жүйесі 46 миллиард теңге сомасын есептейді. Осы орайда, ондағы тиісті қызмет мұндай қате өтінімдер қабылданбайды деп, бірден жауап береді. Жүйенің қателіктерін шаруалардың өздері де, олардың есепшілері де түзете алмай отыр», деді депутат.

Бұл жағдай егістікке дайындық тұсында, яғни шаруаларға жанар-жағармай материал­да­рына, тыңайтқыштарға, қосалқы бөлшектерге қара­жат қажет болған кезде кесе-көлденең ке­ліп отыр. Осы ретте gosagro.kz ақпараттық жү­йе­­­сі­нің жұмысындағы техникалық кем­шіліктерге Үкімет шұғыл түрде назар аударуы керек.

Соңғы жаңалықтар