Ізгі қоғамның бір дәнегі отбасы – ошақ қасынан өніп шығады. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда сол дәнекті жабылып жан жылуымен суарып, күтіп-баптап, шаңырақ шаттығына ұйытқы болудың орнына, қит етсе әйел, бала-шағасына жұдырық ала жүгіріп, отбасының шырқын бұзып, берекесін қашырып жатқандар аз емес.
Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да осы мәселе төңірегінде сөз өрбіп, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу үшін нақты шаралар қабылданып жатқаны айтылды.
Мәселен, былтыр 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, әкімшілік істі тіркеуге көшті. Яғни полиция қызметкері жанжал туған отбасына келген соң, бұрынғыдай жәбірленуші арыз жаза ма екен деп бас қатырып отырмай, істі бірден тіркейді. Отбасындағы әлімжеттік қайталана бермес үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейді. Заңдағы өзгерістерден кейін өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс деңгейі едәуір азайған. Мысалы, облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы отбасы мен тұрмыста жасалған құқық бұзушылықтарды тіркеу 38 пайызға төмендеген.
Қостанай қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Теміржан Сарқытбаев өткен жылдың 1 шілдесіне дейін «Әкімшілік құқық бұзу туралы» кодекстің «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» деп аталатын 73-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту жаралары тым жұмсақ болып келгенін айтады.
«Мысалы, «102» жедел пультіне күйеуінен зорлық көрген қыз-келіншектерден келіп түскен хабарламалар бойынша мекенжайға келеміз. Күйеуі ішіп алған, мас. Әйеліне арыз жазыңыз десек, ойбай 3 баламыз бар, ағайын-туыстан ұят болады деп азар да безер болады. Заң бойынша біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Бар болғаны, неліктен полиция шақыртқанын, үйде не жағдай болғанын білу үшін түсініктеме аламыз. Көршілеріне барып, сұраймыз. Кейбір көршілер «күйеуі күнде ішеді, әйеліне қол жұмсайды, үнемі айқайласып жатады» деген мазмұнда түсінік береді. Одан кейін жанжал шығарған азаматты арнайы ұстау орнына апарып қамап, таңертең сотқа апарамыз. Ол жерде мән-жайдың бәрін өзіміз баяндаймыз. Сот ескерту береді. Ал ескертудің шегі болмайтын. Сотқа келеді, ескерту береді, сотқа келеді, ескерту береді, осылай қайталана беретін. Одан ешқандай нәтиже жоқ. Ескертуден кейін татуласады. Татуласу да шексіз болатын. Сотқа келеді де, татуласа береді. Кей әйел «сотқа да бармаймын, уақытым жоқ» деп арыз жазбай қоятын жағдайлар да болады», дейді учаскелік инспектор.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап 73-бапта қарастырылған жаза түрі өзгеріп, тәртіп сақшылары осы қиындықтың бәрінен арылған. Мысалы, учаскелік инспектор «күйеуім мас, қол жұмсады» деп қоңырау соққан келіншектің мекенжайына келді делік. Әйелі әдеттегідей арыз жазудан бас тартады. Тәртіп сақшысы соған қарамастан, фактіні тіркеп, қатаң шара қолдануға құқылы.
Мұның сыртында, бұрын жәбір көрсетуші мен жәбірленуші шексіз татуласа беретін. Қазір жылына бір-ақ рет татуласа алады. Одан кейін ескерту беріледі, болмаса, әкімшілік қамауға алады. Ол көбіне тараптардан алынған түсініктемелерге, адамның өзіне байланысты. Егер жанжал шығарған адам кінәсін өзі мойындап, шынайы өкініп, кешірім сұрап жатса, сот ескерту береді, болмаса, 5 тәулікке қамайды. Одан кейін учаскелік инспектор 30 тәулікке қорғау нұсқамасын белгілейді. Осы мерзім ішінде айыпталушы жәбірленушіге қайта қол көтеріп, жанжал шығарса, қорғау нұсқамасы бұзылады. Заң бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ол адам сот арқылы бірден 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.
Одан кейін учаскелік полицей іс материалын сотқа жібергенде арнайы талап қояды. Соның негізінде сот айыпталушыға үш айға ішімдік ішуге, отбасында жанжал шығаруға тыйым салады. Ол азамат осы үш ай бойы учаскелік полиция пунктіне келіп тұрады. Тәртіп сақшысы оның хал-жайын, отбасының жағдайын сұрап, әңгімелеседі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Арасында үйіне өзіміз де барып, мас па, сау ма, немен айналысып жатқанын тексеріп, әйелімен сөйлесеміз. Кей адамдар сот тағайындаған үш айлық тыйымды бұзады. Ішіп, тағы жанжал шығарады. Мұндай жағдайда заң бойынша бізге ешқандай арыз керек емес. Сол күні уақытша ұстау орнына қамаймыз да, келесі күні сотқа апарамыз. Әкімшілік кодекстің 669-бабының 3-бөлімі бойынша 20 тәулікке қамауға алынады. Содан кейін көбі тынышталды ғой. Бұрынғыдай емес, қазір тұрмыстық жанжал азайды. Біздің учаскеде бұрын бір ай ішінде 3–4 жанжал тіркелетін. Қазір айына біреу-ақ тіркеледі. Бұрын үнемі ішіп, отбасының шырқын бұзатындар қойды қазір. Есепте тұрған отбасыларға барып, жағдайларын біліп тұрамыз. Бәрі жақсы деп шығарып салады. Негізі, заң өзгеріп дұрыс болды. Заңның ерекше талаптары түгел өзгерді. Бұрын қорғау нұсқамасында ескерту деген болатын, оны алып тастады. Ерекше талаптарда да ескерту деген болатын. Оны да алып тастады. Қазір көбіне қамайды. Содан бері профилактика да оң нәтиже бере бастады. Ең бастысы, адамдар жаман әдеттен арылып, өзгеріп жатыр. Ішетіндердің көбі арағын қойып кетті. Мысалы, Тәуелсіздік көшесінде тұратын бір отбасында күйеуі үнемі ішіп алып, жанжал шығаратын. Әйелі «102»-ге хабарласып, «ойбай алып кетіңдер, бірақ арыз жазбаймын, тек алып кетіңдер» дейді. Сосын үнемі алып кетеміз де, қамап тастаймыз. Таңертең үйіне кетеді. Он күннен кейін әлгі әйел тағы «102»-ге қоңырау шалады. Тағы алып кетеміз. Заң өзгергелі бір-екі рет хабарлама түскен соң, арызсыз сот арқылы апарып қамап тастадық. Содан кейін біржола тынышталды. Таяуда ғана барып, жағдайын сұрап қайттық. Әйелі «күйеуім арағын қойды, ішпейді, жұмыс істеп жүр» деп алғыс айтып жатыр», дейді учаскелік полиция инспекторы.
Қостанай облысы