2010 жылдан бастап Астанада минералдардың алуан түрлілігі бойынша Орталық Азиядағы ең үздік минералогиялық мұражай жұмыс істейді. Оның коллекциясында мыңнан астам экспонат бар. Айта кетерлігі, мектеп оқушылары бұл мұражайға тегін бара алады.
Мұражайдың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген геологі Олжабай Исмаилов осы салада талай жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол жәдігерлердің ғылыми, сондай-ақ эстетикалық құндылығына ерекше назар аударған. Әрине, бұл, мұражайға келген қонақтардың қызығушылығын арттырады әрі танымдық көкжиегін кеңейтеді. Аталған музей геология, минералогия саласына қызыққан барша қонаққа, шетелдік туристерге еліміздің жерасты байлығы туралы мол мағлұмат беру мақсатында құрылған. Экспонаттардың қатарында түрлі минерал, тау жынысы, асыл тас, сондай-ақ палеонтологиялық олжа бар. Мұндағы негізгі коллекциядан басқа, XIX ғасырдағы геологиялық әдебиеттер мұрағаты және XX ғасырдың басы мен ортасындағы геологиялық құралдардың үлгілері бар.
«Мамандығым – геолог. Бар өмірімді осы салаға арнап келемін. Астанада минералогиялық мұражай ашуға бел буғаным да – осы мамандыққа деген махаббаттың белгісі. Бұрын Алматыда минералдар музейі болған, бірақ қазір жоқ. Сондықтан оқушылар осында жиі келеді. Біздің мұражайдың мақсаты — еліміздің табиғи ресурстарын дәріптеу әрі балалардың өз еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. Себебі бізде Менделеев кестесінің барлық дерлік элементін табуға болады», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген геологі Олжабай Исмаилов.
Мұражай коллекциясында Қазақстан аумағынан жиналған жәдігерлерден бөлек, көршілес елдерден, тіпті Еуропа, Африка, Оңтүстік Америка, Аустралиядан жиналған экспонаттар да ұсынылған. Коллекциялық үлгілердің бір бөлігін жергілікті геологтер тегін сыйға тартыпты. Мұражай қоры үнемі жаңартылып, жаңа түсімдермен толықтырылып отырады.