• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2015

Серпіліс

382 рет
көрсетілді

Орал өңірінде жол жөндеу жұмыстарына 13 000 адам тартылмақ Тақтайдай тегіс автожол әлемдегі кез келген ел экономикасының өсу мен даму деңгейін айқындай алатын индикатор. Керек десеңіз, бұл – өркениетке ұмтылу мен оны қалыптастырудың және әлемдегі жоғары дамыған елдердің қатарына кірудің басты факторларының бірі. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел аумағы мен шекаралас өңірлердегі автожолдарды жаңғыртуға қатысты тың міндеттер белгілеуінің арғы астарында да осындай өршіл сипат тұрғаны анық. Осы тұрғыда кешегі кеңестік кезеңде, тіпті, тәуелсіздіктің ал­ғашқы он бес жылдығында басқа аймақтармен салыстыра қарағанда, автожол құрылысы кенжелеп қалған Орал өңірінде бүгінде соны серпіліс байқалатыны сүйінішті жайт. Айталық, өткен жыл мұнда бұл бағыттағы жұмыстарға түбегейлі бетбұрыс жасалған кезең болса, биыл облыста жол құрылысына қатысты тындырылатын істер жаңаша қарқынмен одан әрі жалғаспақ. Өйткені, істің қазіргі бет алысы мен жәй-күйі осындай ой түюге негіз қалайды. Бұл жөнінде газет тілшісіне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев былай деді: – Биыл өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың едәуір бөлігін жөндеу жұмыстарының барлық түрімен қамту көзделіп отыр. Оның жалпы ұзындығы екі жүз отыз төрт шақырымды құрайды. Оны атқаруға он үш мың адам тартылмақ. Әртүрлі жөндеу жұмыстарына қоса автожолдарды күтіп ұстау мен пайдалану, оның тиімділігін көтеру мәселелері де бір мезгілде қатар жүргізілмек. Осы арқылы аталған сала бойынша тұрғындарды тұрақты және мерзімдік жұмыстарға қатыстырудың кең ауқымды бағдарламасы жасақталуда. Облыстағы автожол құрылысы туралы әңгіме қозғалған кезде өңірдің геосаяси және гео­экономикалық ерекшеліктерін, оның көршілес мемлекеттер арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі орнын ескермеуге мүлдем болмас еді. Бүгінде көршілес Ресей Федерациясы губер­нияларында да автожолға қа­тысты кең ауқымды кешенді шаралар жүргізіліп жатқанынан хабардармыз. Батыс Қазақстанға таяу орналасқан Ресейдің Еділ бойындағы өңірлерінің бірі – Қазан қаласы. Осы қаңтар айының аяғында Ресейдің барлық өңірлеріндегі көлік пен автожол саласының басшылары, яғни Ресейдің өңірлік министрлері осы көне де жаңа шаһарда бас қосып аталған салада жинақталып, қордаланып қалған мәселелерді талқыламақ. Бұл жөнінде таяуда облысқа келген сапарында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев айтып берді. Өйткені, ол бұл мәселе жөнінде өз әріптесі, Ресей Көлік министрі Соколовпен сөйлескен екен. Мұны неге айтып отырмыз. Өйткені, Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетін Орал өңірінің барлық автомобиль өткізу бекеттерінде екі мемлекетке де қарамайтын иесіз, ойқыл-шойқыл жолдар бар. Осы кереғарлықты министр облыстағы автомобиль жолдары саласының өкілдерін көршілерде өтетін үлкен жиынға қатыстырып, бірлесіп талқылауды ұсынды. Несі бар, бұл өте орынды мәселе деп білеміз. Ал тұтастай алғанда, облыста Ресей шекарасына дейінгі автожолдарды жөндеу ісіне жеткілікті көңіл бөлінген. Айталық шалғайдағы Жәнібек ауданының Ресейдің Палласов ауданымен шектесетін тұсына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен бірге, Орал – Теплая – РФ шекарасы бөлігіне орташа жөндеу жұмыстарын атқару көзделген. Сондай-ақ, Орал қаласын облыстың батыс өңіріндегі Тасқала кенті мен Ресейдің Озинки ауданы арқылы Саратов қаласына жалғайтын жолға қомақты қаражат қарастырылған. Мысалы, биыл өңірде автожол құрылысына жеті миллиард теңге бөлінсе, соның табаны күректей үш миллиардын Орал – Тасқала аралығындағы аумаққа аудару белгіленген. Бұл арадан Ресейдің Саратов қаласына шығатын дәліздің ұзындығы жүз километр. Шынтуайтына келгенде Орал – Саратов автотрассасы өзінің маңыздылығы мен өзектілігі жөнінен өте тиімді де пайдалы басымдық сипаттағы логистикалық бағыт болып табылады. Биылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз қызметін бастауына байланысты бұл халықаралық трассаның маңызы одан әрі арта түспек. Қазақстанның батыс қақпасы Орал мен Ресейдің ірі өнеркәсіптік қаласы Самараны жалғастыратын күрежолдың жәй-күйі де отандық автожол өндірісшілерінің ұдайы назарында тұр деп айта аламыз. Атап айтқанда, мұнда өткен жылы осы бағыттағы республикалық маңызы бар Самара – Шымкент трассасының соңғы бөлігін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Осы арқылы көлік жүр­гізушілер Ақтөбе қаласына шыға алады. Бұдан әрі олар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізімен түйісетін болады. Қысқасы 2010-2014 жылдары Батыс Қазақстан облысының автожолдарын жөндеуге жиырма төрт миллиард теңге бөлінсе, биыл және алдағы кезеңде өңірде «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша атқарылатын шоқтығы биік істердің кейбір көріністері осындай. Мұны материалдың тақырыбына шығарып отырғанымыздай, шын мәніндегі соны серпін мен серпіліс десек, артық айтқандық болмайтын шығар. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.