Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Тұңғыш Президент − Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергеновтің спикерлігімен Жібек жолы экономикалық белдеуіне қатысты дөңгелек үстел өтті. Оған Қытайдың Қазақстандағы елшісі, танымал саяси қайраткер У Цзяньмин және екі елдің сала бойынша бірқатар сарапшылары қатысты.
Қазіргі таңда жаңғырып жатқан Жібек жолының жүзеге асырылуына әлемнің жетекші елдері көз тігіп отырғанын жеткізген спикер, саладағы негізгі мәселелерге тоқталды. Сөйтіп, Аспанасты елінің елшісіне сөз кезегін берді. Елші мырза соңғы жылдары әлемде орын алып отырған экономикалық қиындықтарға назар аударды. Әсіресе, Азияның батыс жағындағы елдердегі соғыс әрекеттерінің себебі мен оның ауыр салдарларына өзінің көзқарасын білдірді. «Бүгінде дамыған деген Батыс елдерінің өзінде дағдарыс бар. Сондықтан біз әлем елдері болып, осы қиындықтардан шығу жолдарын іздестіруіміз ләзім. Тек оны соғыс жолымен емес, мәселені шешуді елдермен әріптестік жасап, бейбіт келісім арқылы іздестіргеніміз жөн. Осы тұрғыда Қазақстанның іс-әрекеті көп елге өнеге. Сондай-ақ, Қытай тарапынан ұсынылған Жібек жолы экономикалық белдеуін жасау туралы ұсынысты Қазақ елі қызу қолдап, осы бағытта өз әлеуетін таныта білді», деді У Цзяньмин.
Шарада ҚХР сауда министрлігі жанындағы халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық академиясының, Қазіргі заманғы халықаралық қатынастар Қытай академиясының және Қытай Халық университеті жанындағы Халықаралық энергетикалық даму орталығының жетекші сарапшылары Жібек жолы экономикалық белдеуін жасау туралы және оның аймақ елдеріне келтіретін ұшан-теңіз пайдасы жөнінде әңгімеледі. Әсіресе, Қытай мен Қазақ елінің түпкі армандары бір екенін және бақытты ғұмырға жету жолындағы даму бағдарламалары да бір-біріне өте ұқсас екенін айтты. Бұған қоса, қытайлық жетекші сарапшылар 2013 жылы Астана қаласындағы «Назарбаев Университетте» ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин таныстырған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» ірі трансеуразиялық жобасын дамыту және жүзеге асыру жөнінде ҚХР-дың ұстанымы мен болжамын Қазақстанда алғаш рет қоғамдық кең аудитория алдында ұсынылғанын жеткізді. Бұлармен бірге «Бір белдеу – бір жол» стратегиялық бастамасы аясындағы Қытайдың сыртқы экономикалық саясатының қазіргі кезеңдегі жағдайы, сонымен қатар, бастаманың қазіргі таңдағы жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде баян етті.
Қазақстандық сарапшылар да халықаралық жобаны жүзеге асыру жолдары жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының аға ғылыми қызметкері Қазбек Майгелдинов «Жібек жолының» экономикалық белдеуі» жобасы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасы сабақтас екеніне тоқталды. «2013 жылы Еуразияның кіндігінде, Астана қаласында Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин мырза «Жібек жолының» экономикалық белдеуі» жобасын ұсынған болатын. Ірі трансеуразиялық жоба болып саналатын «Жібек жолының» экономикалық белдеуі» бойынша қытайлық әріптестер ең алғашқы рет Қытайдың ұсыныстары туралы кең аудиторияға айтып отыр. Бұл тұрғыда атап өтетін екі мәселе бар. Біріншіден, бұл жоба 2013 жылы Қытайдың экономикалық белдеуінің құрылысы, яғни 2016-2020 жылдардағы даму жобасы аясында ұсынылған болатын. Ал біздің елімізде 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол» бағдарламасын ұсынған еді. Қазіргі таңда осы екі жоба өзінің сабақтастығын көрсетіп отыр», деді ол.
Расында, «Жібек жолының» экономикалық белдеуі» Еуразиядағы инфрақұрылымды дамытуға арналған. Ал «Нұрлы Жол» бағдарламасы – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына орай жасалған жоба. Осыны айтқан ғылыми қызметкер Аспанасты елінің жобадағы мүддесі жөнінде айтып өтті. «Қазіргі таңда Қытайдың күрделі ішкі мәселелері осы «Жібек жолы» бағдарламасы аясында шешіліп отыр. Бір ғана мысал келтірсем, Қытайдың шығыс экономикалық аймағы өндірістік жағынан өте дамыған, экспортқа бағытталған. Ал батыс және орталық экономикалық аймақтары бұл жағынан баяу болып тұр. Сондықтан осы экономикалық аймақтарды дамыту мақсатында қолға алынған жоба өзінің нәтижесін көрсетіп отыр. Америкалық белгілі ғалым Фрэнсис Фукуяма өз мақаласында «Егер осы ірі трансеуразиялық «Жібек жолының» экономикалық белдеуі» жүзеге асатын болса, Индонезиядан Польшаға дейінгі Еуразия аймағы үлкен өзгеріске ұшырайды. Сондай-ақ, Орталық Азия мемлекеттері жаһандық экономикалық аумақтағы шеткі аймақтардың бірінен орталық дамыған аймақтардың біріне айналады», деген еді.
Бұдан жасайтын қорытынды, бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» стратегиялық бағдарламасы өзінің өзектілігін көрсетіп отыр. Болашақта бұл екі жоба сабақтаса отырып, іске асса, үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз», деді Қ.Майгелдинов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».