• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2016

Сын сағаты: жаңа мүмкіндік

372 рет
көрсетілді

Елбасының 5-ші шақы­ры­лымдағы Қазақстан Парламенті Мәжілісін тарату және Қазақ­стан Парламенті Мәжілісі депутат­тары­ның кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қоюына байланысты қоғам қайраткерлері мен ірі үкіметтік емес ұйымдар өкілдері өз пікірлерін білдіруде. Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг те осы мәселеге арналды. Қазақстан Кәсіподақтары федера­ция­сының төрағасы Әбілғазы Құсайынов өз сөзін былай бастады: «Әрине, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарынан еліміздегі болып жатқан жағдайларды көріп, біліп, естіп жатырмыз. Көптеген өзгерістер болуда. Егер бүкіл әлем тұрғысынан қарастырсақ, дағдарыс кеңінен белең алып барады. Әрбір елде, әрбір отбасында күрделі мәселе аз емес. Оның себебін шикізаттың, оның ішінде мұнайдың бағасының түсуімен де байланыстыруға болады. Мұндай күрделі кезең біздің елімізде бұрын да өткен. Егер, естеріңізде болса, еліміз 90-шы жылдары үлкен дағдарысты бастан кешті. Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің еліміз 10 жылдай сол дағдарысты еңсеріп, жаңа реформалар негізінде өз еңсесін тіктеген еді. Одан кейінгі 2009, 2011 жылдарда болған дағдарыстар да белгілі. Ал қазіргі экономикалық дағдарыстың жөні тіптен бөлек. Бұған қоса, кейбір мемлекеттерде орын алып жатқан саяси жағдайлардан да хабардарсыздар. Ол да жақсылық әкеліп жатқан жоқ. Бұрынғы қалыптасқан қарым-қатынастар бұзылып, айналамыз өзгеріске ұшырай бастады». Осылай деген ол Елбасының 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа қол қоюын, сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты халыққа үндеуін құрамында 2,2 млн. мүшесі бар Кәсіподақтар федерациясы толықтай қолдайтынын жеткізді. «Бір аптаның ішінде бір-бірімізбен пікір алмасып, сөйлестік. Біріншіден, бір жылдың ішінде 2 сайлау өткізу дұрыс емес. Себебі, дағдарыс кезеңінде қаншама қаражат кетеді. Екіншіден, сайлауды дайындау үшін үлкен жұмыстар жүргізіледі. Қаншама сайлау уачскелері ашылуы қажет. Ал осындай қиын-қыстау кезеңде біз өзіміздің бар күш-жігерімізді елді дамыту жолындағы жұмыстарға бағыттауымыз керек. Ол үшін әрбір теңгені тиімді жұмсағанымыз жөн. Сондықтан, бұл – үлкен мәселе. Оны Елбасы жан-жақты айтып берді»,– деді өзінің сөзінде Ә. Құсайынов. Сондай-ақ, Кәсіподақтар федера­ция­сының төрағасы бүгінгі ахуалды ескере отырып, Мәжіліске әр саланың сауатты әрі еліміздің мүддесіне толығымен берілген кандидаттар келуі керек екенін, ол үшін мықты заңгерлер мен экономистерді, яғни креативті ойлай алатын азаматтарды жаңа Мәжіліске сайлау қажеттігін, бұл жергілікті жерлердің де жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Сондықтан саяси партиялар фракциялары қазіргі жағдайды түсіне отырып, өте дұрыс бастама көтерді. Жалпы, Парламент Мәжілісін тарату туралы шешімге қазіргі жағдайды тереңнен саралау арқылы келіп отырмыз. Ал елімізде қолға алынып жатқан реформалар мемлекеттің дағдарысты еңсеруіне сеп болады деп ойлаймыз», – деді Ә. Құсайынов. Қазақстандағы білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева да бұл сайлаудың өткізілуін құптайтынын айтты. «Бүгінде 7,5 мыңнан астам мектепте 300 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді, бұған қоса, бізде 11 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Дүниежүзінде болып жатқан дағдарысқа қарамастан, мемлекетіміз білім саласында жүрген қызметкерлердің еңбекақысын 29 пайызға, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға көтерді, сондай-ақ, әлеуметтік салаға да айрықша көңіл бөлінуде. Білім саласында көптеген өзгерістер мен реформалар жүргізіліп жатыр. Солардың бірі – жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру. Біз алдағы уақытта осы реформалардың нәтижелі жүзеге асуын қалаймыз, оған білім-ғылым саласының мамандары күш сала беруі керек», – деді М. Амантаева. «Қазпрофметалл» тау-металлургиялық салалық кәсіподағының төрағасы Асылбек Нұралин өз сөзінде: «Жалпы, бұл саяси партияларға үлкен мүмкіндік береді. Себебі, біз әлемдік дағдарыс салқынын тигізіп отырған кезеңнен шығуымыз керек. Сол үшін Парламентте жаңа заңдар қабылданғаны жөн. Жаңадан жасақталған Парламент депутаттары алдағы уақытта соған ықпал етеді деген үмітіміз бар», – дей келе, Парламенттің 5-ші шақырылымындағы депутаттар да көп заңның, мәселен, «Еңбек туралы» Кодекстің, «Кәсіподақтар туралы» Заңның қабылдануына ықпал еткенін жеткізді. Сонымен қатар, ол 20 наурызда өтетін саяси науқанға тау-кен металлургия­сы саласының жұмысшылары атсалысатынын жеткізді. «Жаңа Парламент елдің индустриялық-инновациялық дамуына, экономикаға инвестиция тартуға сеп болатын заңдардың қабылданып, олардың жүзеге асуына ықпал етеді деп ойлаймыз. Сондықтан, бұл – саяси партиялар үшін өз мүмкіндіктерін көрсетуде жақсы кезең болып тұр», – деді А. Нұралин. Химия, мұнай-химия және осы тектес өнеркәсіп қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Керім Пірімқұлұлы қазіргі таңда қалыптасып отырған жағдайларды ескере келе, Парламент Мәжілісіне ең алдымен, өз сайлаушылары толықтай сенген және сол сенімге сәйкес, үлкен жауапкершілікті мойнына алған білімді де білікті кәсіби мамандар келуі қажеттігіне тоқталды. «Қазір Еңбек туралы» жаңа Кодекске байланысты барлық еңбек ұжымдарында ұжымдық келісімшарттар әзірленіп, сол бойынша арнайы комиссиялар құрылды. Алдағы уақытта да елімізде оң өзгерістер болады деген сеніміміз мол. Бұл Елбасының басшылығымен сын сағаттардан сүрінбей өтуіміз үшін, игі бас­тамаларды жүзеге асыру үшін де қажет», – деді ол. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар