• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік

1352 рет
көрсетілді

әркімнің жұмыс учаскесіндегі еңбек тәртібін қатаң сақтаудан басталады Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат ПІШЕМБАЕВПЕН еңбек заңнамасы талаптарының орындалуы жайлы пікір­лескен едік. – Қайрат Сәкенұлы, Ел­ба­сы Ұлт Жоспарында эко­но­ми­ка­ның қар­қынды дам­уы еңбек қатынастарының жа­ңа түрін қалыптастыру үдерісіне айрықша назарды қажет ететінін атап көрсетті. Әңгіменің әлқиссасын осы мәселеден бас­тағанды жөн көріп отырмыз. – Мемлекет басшысы баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырып, бүгінде еңбек шешуші ұлттық факторға айналғанын үнемі айтумен келеді. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында жаңғырту үдерістері азаматтар белсенділігінің күшеюі­мен, олардың шығарма­шылық әлеуетінің ашылуымен қосарлана жүретінін, соған орай құқықтары мен бостандықтарын белсенді қорғауға деген ұмтылыстары кеңейетінін, қоғамның өзін-өзі ұйымдастыру дәрежесі жоға­рылайтынын атап көрсеткені мәлім. Әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбек шығарылып, мемлекеттің, жеке сектор мен кәсіби бірлестіктің әріп­тестік тетіктері болатын әлеуметтік-еңбек қарым-қатынасының тиімді моделін құру маңыздылығын ескертті. Алдымызға қазақстандықтардың сапалы әлеу­меттік үлгі-қалыптары мен кәсіби біліктілігі жүйесін экономикалық белсенді тұрғындар арасына енгізу міндетін қойды. – Осы ойыңызды тарата айтсаңыз... – Бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді жалпыға ортақ еңбек қоғамына өтуге барып тірелетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолдарын табу, оның қоғамдық жүйесін құру әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Жасыратыны жоқ, адамдар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын жақсы білгенмен, қорғауға келгенде түрлі кедергілерге тап болып жатады. Оған сауатсыздық, белсен­діліктің төмендігі, бюро­краттық кедергілер кері әсер етеді. «Әлемдік өрке­ниеттің бар­­лық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар адамның еңбегімен жасалады»,– деп Елбасымыз айтып өткендей, бақыт еңбекпен келеді. Табысқа жетудің кілті – еңбекте. Олай болса, масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негіз­делген еңбек қызметі мен игілік­ке жаңа тартымдылық енгізу күн тәртібінде тұрғанын аңға­ру қиын емес. Жаңғырту үдеріс­терінің табыстылығын көп жағ­­­дайда эволюциялық, ортақ жауапкершілік, әріптестік қатысу, ынталандыру қағидаттарына негіздеудің маңыздылығы мақа­лаға басты өзек болып тартылған. – Еңбек заңнамасының орындалу барысында осы қағи­даттар толық сақтала ма? Орын алған олқылықтарға қарсы пәрменді күрес шаралары қалай жүргізіледі? – «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында тек жалпыға ортақ еңбек қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті екені, ал Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында бұл идеяны табанды түрде өмірге енгізу талабы алға тартылды. Жаңа еңбек кодексінің қабылдануы, оның Халық­аралық еңбек ұйымы мен ЭЫДҰ-ның еңбек стандарттарына бейімделуі, еңбек шарты жағдайларын өзгерту рә­сімдері заң­намалық тұрғыда оңайлатылған, еңбек ұжымдарында өзін-өзі басқару, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің ұжым­дық келіссөздер тетіктерінің қарастырылуы арқаулық еңбек дағдыларын қалыптастыруға деген өрелі өзгерістерді көрсетеді. Қоғамда қанша сала болса, соншалықты алуан түрлі ма­­­ман­­­дық бар. Әр саланың жауапкершілік жүгі әрқалай. Еңбек заңнамасының орындалуын бақылауда инспекцияға жүктелетін жауапкершілік зор. Біз өз құзіретіміздің шеңберінде келіп түскен өтініштер мен арыз-шағымдарды жүйелі сипатта қарай отырып, жоспардан тыс тексерістер жүргізуге де құқылымыз. Өйткені, еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуы мемлекеттік мәселе болып табылады. Сонымен қатар, ұжымдық келісім-шарттарға мониторинг жүргізіп, өндірістегі оқыс оқиғаларды зерттеу­мен де айналысамыз. Еңбек қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін жауап­ты тұлғалардың еңбекті қорғау және еңбек қа­уіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысындағы ұйымдастырушылық қарым-қабілеті мен білім-біліктілігі осын­дай кездерде айқын аңғары­лады. Былтыр 548 кәсіпорынға тек­серіс жүргізіліп, 1440 еңбек заңнамасының бұзылғаны тір­келді. 331 лауазымды және заң­ды тұлғаларға 32,2 миллион теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәжбүрлеп орындату жөнінде 28 шешім қабылданды. – Сөз арасында Президенттің «жұмыс берушінің еңбек шарттарын сақтамауы техникалық қана мәселе емес, бұл – адамдар өмірі. Тәртіптің жоқтығы салдарынан туындайтын бақыт­сыз оқиғаларға нағыз еңбек жасындағы адамдар зардап шегеді. Ал олардың асырап отырған отбасылары, балалары бар. Сондықтан бұл істе тәртіп орнату керек», деген талабын еске ала отырып, заң талаптарының бұзылу себептерін білгіміз келеді. – Иә, Мемлекет басшысы еңбек адамының беделін көтеру жөнінде оқтын-оқтын ой қозғаумен қатар, өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыс­тарын барынша ширату талабын қойып отыр. Әлеуметтік-еңбек дауларын туындататын басты себептердің бірі еңбекақының кешіктірілуі екенін баса айтқым келеді. Мәселен, «СП «Трансавто» ЖШС жұмысшы-қызметкерлер алдындағы мол берешегін әлі күнге дейін өтей алмай келеді. Мұндай дау-жанжалдардың ақыры өндірістік үдерістердің тежелуі, банкроттыққа ұшырауы сияқты келеңсіз жайттарға соқтыруы мүмкін. Екіншіден, қауіпсіздік шараларының жасалмауы салдарынан өндірістік жарақаттардың кездесуі аз емес. Өткен жылы 80 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алып, 9 адам қаза тапты. 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіштің төмендегені байқал­ғанымен, жұмыс беруші тарапынан қауіпсіздік талаптары әлі де толық сақтала бермейді. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті мамандардың өз міндетіне салғырттығы негізгі себеп санал­ғанымен, жауапкершіліктен бірінші басшы да тысқары қала алмасы анық. Өкініштісі сол, бюджеттік мекемелер мен ауыл шаруашылығы, құрылыс, теміржол көлігі, шағын және орта бизнес салаларында қайғылы оқиғалардың азаймауы ойлантпай қоймайды. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері күн тәр­тібінде өткір тұр. Елімізде қауіпсіздік және еңбекті қорғау аясындағы нормативтік-құқықтық актілер әлемдік тәжірибеге сәй­кес­тендірілген. Еңбек қауіп­сіздігі және еңбекті қорғау нор­ативтерін жетілдіру мәселе­лері бойынша ұсыныстарымыз құзырлы органдарға жолданып отырады. Жүктелген міндеттерге сәйкес алдағы басты мәселе ең­бек заңнамасы, қауіпсіздік және еңбекті қорғау аясында аза­маттардың конс­титуциялық құқық­тарын сақтау болып табылады. Еңбек қатынастары сала­сындағы заңнаманың орындалуы ерекше бақылауда ұсталынады. Еңбек қатынастары саласында әділеттілікті орнату – бас­ты парызымыз. Ұлт Жоспарындағы дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңару­лар­дың бес бағыты бойынша жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыру еңбек өнімділігін арттыруға айтарлықтай әсер етері анық. Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын жоғарылату бойынша бірінші кезекте еңбек күші артық өңір­лерден еңбек күші жетіспейтін аймақтарға миграциялық ынта­ландыруға бағытталған шараларды күшейту мүмкіндіктері қарастырылған. Осыған орай азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатымен жұмыспен қамтудың аумақтық жаңа жол картасы жасалады. Бұл ретте біздің басқармаға жүктелетін міндет бірқыдыру. Өйткені, еңбек заңнамасы талабының орындалуын бәсеңдетуге болмайды. Мемлекет еңбек бостандығы құқына толық кепілдік береді. Еңбек бостандығы қызметкердің таңдаған жұмыс түріне тиесілі. Сондықтан жұмыс таңдауда жұмысшы қоғамдық әлеуметтік кепілдіктермен таныс болуы шарт. Яғни, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмысшы еңбекақыға, жұмыс уақытының ұзақтығын шектеуге, ең аз мерзімді демалысқа шығуға құқылы. Бұл мемлекеттік кепілдіктер жаңа Еңбек кодексінде айқындалған. Еңбек адамы осындай құқықтық мәселелерден шет қалмауы үшін құқықтық оқулар ұйымдастыру белгіленген. Екіншіден, еңбек заңдарының негіздерін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонда әр адамның еңбек алаңындағы қоғамдық жауапкершілігі ныға­йып, сауаттылығы артады. Еңбек даулары туындай қалған жағдайда өз құқығын қорғай алатын кәсіби маман ретінде дараланады. Әріптестік қатысу қағидаты бойынша барлық жұмыс мемлекеттің, бизнес пен азаматтың тығыз өзара іс-қимылы негізінде құрылып, билік мемлекет, қоғам және жеке адам мүддесінің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін болады. Көп жағдайда еңбек қаты­нас­тары саласын­дағы заң бұзушы­лықтардың орын алуына байланысты жеке тұлғалар қайда барып, кімге шағымданарын білмей дал болып жатады. Осындай кемшіліктерді болдырмау үшін азаматтарды күн сайын қабылдау кестесі жасалды. Ділгір проблемаларды талқылау, шешу барысында пайдалы кеңестер беріліп, ақпараттық-талдау материалдары таратылады. Ғаламтор желісін пайдаланушылар үшін арнайы интернет-ресурс жұмыс істейді. Өндірістегі еңбек қауіпсіздігін күшейту мен бақылау жұмыстарын қамтамасыз етудің басқа да жолдары кеңінен қарастырылатын болады. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен, Өмір ЕСҚАЛИ. «Егемен Қазақстан».  Солтүстік Қазақстан облысы.
Соңғы жаңалықтар