• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2016

«Шаршы алаңға... шақырылады!»

377 рет
көрсетілді

Кеңестік мұсылман халықтары арасында тұңғыш рет әлем чемпионы болған, 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасында КСРО құрама командасынан жалғыз өзі финалға жетіп, күміс жүлдегер атанған гүрзі жұдырықты өзбек боксшысы Руфат РЫСКИЕВПЕН әңгіме Сарыағаш санаторийі. Жылына бір келетін еңбек демалысымыздың жеті күнін осы емдеу-сауықтыру орнына бөлу соңғы жылдары әдетке айналған жайт. Биыл да сол дәстүрмен «Алтынай» корпусына келіп орналасқанымызда есімізге бір нәрсе қайта-қайта орала берді. Ол кешен жұмыс істемейтін сенбі, жексенбі күндері курорт іргесіне тиіп тұрған Ташкент қаласын көріп қайтсақ, бір кездері атағы жер жарған бокс баһадүрі Руфат Рыскиев пен өмірі де, өнегесі де өзгеше тұлға – көрнекті кинорежиссер Мәлік Каюмовтың ұрпақтарымен жолығып, әңгімелессек деген ой еді. Осы жоспарымызды Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзбек драма театрының директоры Икрам Хашимжановқа айтқанымызда ол оны бірден құптап, өзі жолбасшы болуға ықылас білдірді. Жүріп кеттік. Шаһар шетіне іліккенімізде қатарымызға осындағы «ESKULAP-MED» орталығының директоры Ерәшім Рустамов қандасымыз бастаған жігіттер қосылып, алдымен олар Ташкенттің арғы бетіндегі Кукча телімінде тұратын Руфат Рыскиевтің үйіне баруға кеңес берді. Көп ұзамай біз сонда атбасын тіреп, алғашқы аман-саулықтан кейін әңгімеге кірісіп кеттік. – Руфат Асадұлы! Біз, 60-шы жылдарғы ұрпақ өкілдері, сізді өте жақсы білеміз. Ал бірақ... Иә, бірақ бүгінгі жастар өзіңізді кітап, интернеттен оқып, кинодан көріп қалмаса, өмірбаяныңыздан толық хабардар деп айта алмаймыз. Сондықтан әңгімемізді ата-ана, туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ. – Мен 1949 жылы Ташкент іргесіндегі Аққорған кентінде дүниеге келдім. Әкем ауыл дәрігері еді, анам болса мектепте пионер жетекшісі болып жұмыс істеді. 5 жасқа келгенімде әкем кенеттен қайтыс болды. Ағам, екі әпкем және мен қорғансыз қалдық. Шешеміздің еңбекақысы ішер асымыз бен киер киімімізге жетпеді. Жиі ашығатынбыз. Бұл жағдай 1959 жылға дейін созылды. Сонан кейін барып, біздің отбасымыздағы жағдай түзеле бастады. 1961 жылы 5-сыныпта оқып жүргенімде Әлішер деген ағама еріп, жергілікті спорт залының табалдырығын тұңғыш рет аттадым. Менің алғашқы жаттықтырушым Сидней Львович Джексон болды. Бұл кісі ғажап тағдыр иесі еді. Шыққан тегі америкалық ол 1917 жылы Санкт-Петербургте өтетін халықаралық бокс бәсекесіне қатыспақ болып келген ғой. Алайда, сол кезде Ұлы Қазан төңкерісі басталып кетіп, Сидней Джексон Отанына қайта алмай қалады. Ұзақ уақыт Мәскеуде сенделіп жүреді. 1918 жылы Түркістан майданын оқ-дәрімен қамтамасыз ету үшін әскери экспедиция жасақтап жат­қан Дала өлкесінің төтенше комиссары Әліби Жангелдиннің интернационалдық отрядына ерікті болып жазылады. Бұл жерде, Сидней Джексонның ойы мен мақсаты белгілі-тұғын. Орта Азияға жетіп алып, одан әрі жасырын түрде Үндістанға өтіп кету. Содан кейін ол жақтан ағылшын өкіметінің көмегімен Америка асу. Бірақ оның бұл ой-арманы іске аспады. Ташкентке келісімен революциялық әскери кеңестің тапсырмасы бойынша Қызыл Армияның арнайы бөлімшелері үшін жекпе-жек және бокс мектебін ұйымдастырды. Сөйтіп, өмір бойы осы жерде қалып қойды... Сидней Львович жаттығуда: «Бокс деген стадиондағы жүгіру жолынан, жіппен тынымсыз секіруден және белтемірге тартылудан бас­талады», деп санамызға әбден сіңіретін. Сол себепті, бокс қолғабын алғаш көру мен киюдің өзіне бірнеше ай керек болды. Өстіп жүргенде екі жыл да өте шықты. Өмір жолымда бокстың әліпбиін үйреткен Сидней Львович енді «Буревестник» спорт қоғамының үйірмесіне өтуіме кеңес берді. Мұнда мен өз өміріме нағыз бокстың іргетасын қалап берген Алексей Барановтың қарамағында болдым. Ол секцияда 1965 жылдың аяғына дейін жаттықтым. Сол уақыт аралығында комиссия сарапшылары мені жасөспірімдер арасындағы қала біріншілігіне қатысатын «Буревестник» командасының құрамына тұңғыш рет енгізді. Ал 1966 жылы бокс­тан қала біріншілігінің жеңімпазы болдым. Менің жекпе-жектеріме куә болған ересектер тобындағы спортшылардың қалжыңы ма, шыны ма білмеймін, сол кездің өзінде олар түбі менен тәуір боксшы шығады дегенді айтып жүретін... – Одақтық аренаға шығудағы жанталас... Әлемдік жарыстарға берілетін жолдаманы алудағы қиындық... КСРО құрамасына қабылданудағы қылкөпір... Осын­дай күрмеуі көп күрделі жағдайларда жаныңызды жалдап жаттығу мен алапат айқастардағы арыстандай айбаттан басқа нендей нәрсеге, қандай күшке сүйендіңіз? Сізді жауапкершілігі жеті батпан жоғарыдағыдай жүктерден не алып шықты деп ойлайсыз? – 1966 жылы Ташкенттегі атышулы жер сілкінісінен кейін бапкерім Алексей Баранов Мәскеуге кетіп қалды. Мен содан бастап «Динамо» спорт қоғамында парасатты педагог Борис Гранаткиннің қарамағында жаттыға бастадым. Біз танысқан кезде оның жасы 29-да еді, ал мен 17-де болатынмын. Спортта не нәрсеге қол жеткізсем, соның бәрі үшін Борис Андреевичке борыштармын. Маған ол тәлімгер ғана емес, адал дос та болды. Рингтегі жекпе-жектер кезінде бұрышта әрбір сәтті қалт жібермей отыратын менің бапкерімнің жүзінен жеңіп немесе жеңіліп жатқанымды оп-оңай аңғаруға болатын еді. 1968 жылы жаттықтырушым Борис Гранаткин екеуміз Львов қаласына келуге шақырған жеделхат алдық. Онда «Олимпиада үміттері» деген турнир ұйымдастырылған болатын. Бұл жарыста мен кубалық Сильвио Кесалоны жеңіп, жастар арасында чемпион атандым. Осы жекпе-жекті көрген әйгілі поляк бапкері Феликс Штамм менің өте батыл, күрескерлік рухтағы қасиеттеріме таң-тамаша қалған екен. Сол себепті ол: «Осы жігітті КСРО құрама командасына қабылдау керек», – деген ұсыныс айтыпты. Бұл кісі кезінде: «Боксшы ыстық жүректі, салқынқанды, жеңіл аяқты, содан кейін барып жылдам қолды жан болуы керек», деген атақты сөзді айтқан сұңғыла адам болатын. Жоғарыдағы жеңіс менің бапкерім Борис Андреевич Гранаткиннің екі жылдық еңбегінің жемісі еді. Бұған дейін, бұдан кейін де мен оның еңбегін, маған деген әкелік пейілін қатты бағаладым және де «ересектер» қатарына ауысқанда кіммен болсын, қай жерде болсын айқасуға дайын едім. Ақыры бақ құсы да көп күттірген жоқ: 1970 жылдың желтоқсанында Югославияда өткен халықаралық турнирде алтын медаль еншіме тиді; 1971 жылы КСРО халықтарының V спартакиадасында жеңімпаз болдым; 1972 жылы Кеңес Одағының чемпио­ны атандым. – 1974 жылы Куба астанасы Гаванада бокс­тан дүниежүзілік чемпионат өтті. Сон­да сіз әлем чемпио­ны атандыңыз. Бұл бұған дейінгі бокс дү­ние­сіндегі Орта Азия республикаларындағы мұсылман баласының қолы жетпеген атақ еді. Сіздің ол жеңісіңіз сонысымен құнды, сонысымен қастерлі. Б­ү­­гінгі ұрпаққа үлгі бо­ларлық сол доданы бүге-шігесіне дейін то­лық айтып беруге қалайсыз? Ол сапар өзі неден басталып, жекпе-жек немен аяқ­талған еді? – Кубаға бару үшін мен Одақ құрама­сы­ның сапындағы 11 сай­ып­қыран спортшы­ның қа­тарына іріктеуден өтіп барып алынған бола­тынмын. Дегенмен, соң­­ғы сәтке дейін чем­пио­натқа мен және мәс­кеу­лік боксшы Слава Ле­мешев екеуміздің қай­­сымыздың баратынымыз белгісіз болып келді. Оның алдында менің оны үш рет жеңгеніме қарамастан, Еуропа чемпионаты мен Олимпия ойындарына ол барған еді. Жұрт мұның сыры қарсыласымның бапкері Юрий Радоняктың қолының ұзындығында дейтін. Сондықтан мен Кисловодскіде өткен іріктеу жекпе-жектеріндегі жеңістеріме қарамастан, басшылықтың Кубадағы чем­пио­натқа Леме­шевті апармақшы болып жүргендеріне соншалықты таң қала қоймадым. Реніштен бе, өкініштен бе, білмеймін, бұл туралы Борис Андреевич Гранаткинге айту керек деп шештім. Ташкентке телефон соқтым да, үмітсіз жағдайды қысқаша түсіндіріп, өкпе аралас дауыспен: «Бітті. Мен енді ешқайда бармаймын!» – дедім. «Ондай сөзді қой. Мені тос, қазір саған жетемін!», – деп айқай салды бапкерім. Сол уақытта ұялы байланыс болғанда, мүмкін шаруа ешқайда бармай-ақ сол жерде шешілер ме еді, кім білген... Ол кезде бапкерім Ташкенттің Дархан деген орталық орамында тұратын. Ал онда алдын ала авиабилеттер сататын ең танымал касса бар еді. Ол заманда қажетті рейске қат билетті қолға түсіру айтуға ғана оңай-тын! Қалай болғанын, не істегенін білмеймін, әйтеуір бапкерім ұшаққа отыруға жол тауып, бірнеше сағаттан кейін Кисловодскідегі қонақүйге жетіп келді. Үстіне кигені шолақ жең футболка. Жалаң аяғына үйге киетін сүйретпе – жеңіл шақайды іле салған! Оның бұл келісі біздің ақырғы мүмкіндігіміз еді және ол оны мүлт жібермеді. Борис Андреевичтің табандылығының ар­қасында Слава Лемешев екеуміздің арамызда лайықты үміткерді анықтау үшін тағы бір тексеру жекпе-жегі – спарринг өт­кізу үшін Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінен Мәскеуге телефон қоңырауы ұйымдастырылды. Жаттықтырушыларға осы сында кім таза жеңеді – сол чемпионатқа барады деген тоқ етер сөз де айтылды. Сол спарринг кезінде мен Лемешевті тап бір «халық жауы» қолыма түскендей үш раунд бойы өршелене соққыладым-ай десеңші!.. Және рингтен кейін де ашу-ызамды баса алмай, теңселіп жүрдім де қойдым. Ғажабы сол, осы кездесудің алдында мен өзімнің күнделігіме мынадай «тарихи» жазба қалдырыппын: «Руфат, ертең – шешуші жекпе-жек. Егер сен оны жеңсең, чемпионатқа барасың да міндетті түрде чемпион боласың!». Айта кетейін, жоғарыдағы спаррингтен соң да Лемешевтің кандидатурасы үміткерлер қатарында тұрды да қойды. Тек үш күннен соң ол самарқандтық тентек боксшы Николай Анфимовтан быт-шыт боп жеңіліп, нокаут алғаннан кейін тізімнен алынып тасталды. ...Тамыздың басында біздің ұшақ Куба астанасы Гаванаға келіп қонды. Чемпионат екі апта болды: мен рингке бес рет шығып, фи­налда румын Алекс Нестактан басым түстім. Жеңімпазды хабарлаған кездегі көңіл тол­қынысым әлі күнге дейін есімде. Қолым шыдатпай ауырып тұрды. Саусақтарым үш жерден сынған еді. Бірақ та: «Ташкент түлегі Руфат Рыскиев пен Пермь перзенті Василий Соломин Гаванада кеңестік тұңғыш әлем чемпиондары болды!» деген ой сүйектерімнің сырқырап ауырғаны мен сілікпемнің шығып шаршағанын ұмыттырып жіберген болатын. Онда мен рингке жеңу керек деген бір ғана мақсатпен шыққан едім және соны іске асырдым да! Сол бәсекеде Олег Каратаев пен Борис Куз­нецов чемпионаттың күміс жүлдегерлері болды. Қазір есіме алсам күлкім келеді: бокс жұлдызы Геннадий Шатков мені құттық­тап, қолымды қатты қысқанда жаным көзі­ме көрінгендей болып айқайлап жібере жаздағанмын. Шатковтың танымал болатын себебі, ол Римде өткен XVII Олимпиада ойындарында жартылай ауыр салмақта аты аңызға айналған Кассиус Клейден (кейіннен кә­сіп­қойлар арасында абсо­лютті әлем чемпионы атанған Мұхаммед Әли ол уақытта осы атпен өнер көрсеткен болатын) қайт­пай жұ­дырық­­­­­тасқан сабаз­дың нақ өзі еді. Ме­­нің саусақ­тарым­ның сынған сүйектері әлі күнге дейін, әсіресе күн райы бұзылғанда қат­ты сырқырап ауырады. Рингке шығар алдын­да сарапшылардың қол­дарыма ауыртпайтын дәрі егіп, бинтпен орап, содан соң қолғап кигізіп, оның сыр­тынан герметикалық мөр соққандары әлі күн­ге дейін түсіме енеді. Мұ­­ны бұлай істейтін себебі, төрешілерге ала­қа­ныңның таза екенін, яғ­ни уысыңда ештеңе жоқтығыңды көрсетуің керек. Жалпы бокс тарихы көңілінде құлтасы бар қарсыластардан ада болмаған кездерді де жоққа шығармайды. Ондайлардың әрекеті бәсекелесушіге қатты тиюі үшін жекпе-жектерде тыйым салынған алақан темір – уысқа сыйып кететін қорғасын қолданған оспадар оқиғалардан тұратын. – Мазасыз да тынымсыз үлкен спорт жолындағы жан алып, жан беріскен 15 жыл ішінде сіз рингке 189 рет көтерілген бокс баһадүрісіз. Статистика сол алапат айқастардың 174-інің сіздің жеңісіңізбен аяқталғанын айғақтайды. Айтыңызшы, соңғы жекпе-жек қай елде, қашан, кіммен, қалай болған еді? – 1976 жылы Канаданың Монреаль қаласында жазғы ХХІ Олимпия ойындары басталды. Мен онда финалға жеткен жалғыз кеңес боксшысы едім. Міне, сол ақтық сында қарсыласым америкалық Майкл Спинкс болып шықты. Үшінші раундта ол ережеден тыс соққы жасады. Төреші жекпе-жекті тоқтатты. Мен рефериге соққының белден төмен жасалғанын ымдап көрсетсем де, жеңіс америкалық боксшыға берілді. Төрешінің сол кезде қарсыласымның күмәнді әрекетіне наразылық білдірмей көз жұмып қарағанына әлі күнге дейін таңғаламын. Осы Олимпиададан мен Отаныма күміс жүлдегер иесі болып оралдым. Содан соң үлкен рингтен өзім кеттім. Мұндай шешімге келуіме жаным мен тәнімнің ұзақ жылдар бойы қалжырап, шаршап-шалдығуы өз әсерін тигізді деп ойлаймын. Бұдан бөлек, тағы да бірқатар жағдайлар, атап айтсам, қай жақтан екені белгісіз, әйтеуір бір астыртын түрде жасалатын шеттетулер де жүйкеме тиіп болған еді... Рингтен кеткеннен кейін де мені боксқа қатысты айтулы шараларға шақыруды «ұмытып» кете беретін оқиғаларды жиі сезіп жүрдім. Жоғары спорттық деңгейдегі кездесулер де сирей бастады. Тіпті, 1979 жылдың жазында Ташкентке атақты Мұхаммед Әли келгенде, оның өзі: «Осы сендердің Рыскиев деген чемпиондарың қайда, алып келіңдерші», – дегенді біздің спорт шенеуніктерінің есіне салуға мәжбүр болыпты. Сонда ғана олар менің бар екенімді аяқ астынан «естеріне түсіріп», жүздесуге жандары қалмай жеткізген еді... Есесіне, халықтың маған деген сүйіспеншілігі сол күйінде қалды. Жас-кәрі мені көре қалса күні бүгінге дейін көшеде тоқтатып, қоршап алады. Амандасады, автограф алады, қатар тұрып суретке түскенді өздеріне мәртебе санай­ды. «Рахмет! – деймін ондай кезде іштей толқып. – Шүкір, Аллаға! Осы ел болмаса қай­тер едім. Иә, шынында, не болар еді өмірім...». – Даңқ, атақ... Мұның салмағы зілбатпан, оны екінің бірі алып жүре алмайды. Басқа да көптеген спорт жұлдыздары сияқты сіздің де өміріңізде самғау ғана емес, құлдырау кез­дері де болды емес пе... – Иә. Мен мұны ешқашан ешкімнен жасырып көрген емеспін. «Чемпионмен кездесу» деген желеумен ұйымдастырылған шағын мерекелердің соңы ұзаққа созылған дырду-думанға ұласқан кездер де болды. Кәсіби тұрғыдағы тоқырау кезеңі жеке өмірдегі берекесіздікке тап келтірген сәттер де бар. Соның салдарынан достардан айы­рылып, қайдағы жоқ біреулермен босқа уақыт өткізгенімді өкінішпен еске аламын. Одан кейін емханалар, сауығудың қиын кезеңі, өкінішке толы екінші «мен» – өзімді іздеу... Жалпы өзім түскен және түсірген бірнеше фильм, атап айтсам «Рингке... шақы­рылады!» көркем фильмі мен «Рингке енді... шақырылмайды» атты деректі фильм менің өмір тарихымның қарама-қайшылыққа толы осы кезеңін айтып береді. Мойындаймын, өткен өмірімде адам баласына тән нәрсенің бәрі мені де айналып өткен жоқ. Енді соған салауат айтып, қалған ғұмырыма шүкіршілік етіп отырған жайым бар. – Сөз соңында Қазақстан, сол кездегі қазақ­стандық әріптестеріңіз туралы айта кетсеңіз. Одақтық, әлемдік бокс додаларында сіз біздің қай былғары қолғап шеберлерімен кездесіп, сапарлас болып жүрдіңіз? Ташкент өңірі мен Шымкент аймағы бір-бірімен іргелес, көршілес жатқан жер. Соңғы жылдары біздің елмен, жаңа сөз еткен Оңтүстік Қазақстан облысымен сіздің байланысыңыз қандай? – 60-70-ші жылдары Қазақстаннан шыққан талай жігіттермен бірге Одақ құрамасында жүргенде ащының да, тұщының да дәмін бірге таттық. Мен сол кездерді еске алғанда әрдайым біз ортақ жеңіс үшін бірге «соғысып, бірге шайқасқан» едік дейтінмін. КСРО чемпионатының 1969 жылғы күміс, 1972 жылғы қола жүлдегері Жандос Көкімовтің керемет шеберлігі есімде жақсы сақталып қалды. КСРО чемпионатының 1968, 1972 жылдардағы екі дүркін қола жүлдегері Марат Жақсыбаевтың адамгершілік қасиеттерін әрдайым құрмет тұттым. Ал Рашид Абдрахмановпен арадағы достықты айтсам... Ол деген ғажап жан ғой! Өз уақытының қайталанбас талант иесі. «Рингке... шақырылады!» көркем филь­мінде менің бейнемді сомдады ғой. Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Виктор Демьяненко мен Серік Қонақбаев менен кіші болса да олармен арамызда еске алатын дүниелер баршылық. Осыдан 11 жыл бұрын Қарағандыда болдым. 2004 жылдың күзінде өткен кәсіби бокс кеші-тұғын. Мен ТМД және славян елдері чемпионының атағы үшін болған қазақстандық Андрей Ешкин мен беларусь Дмитрий Кашкан арасындағы мәртебелі жекпе-жекке төрелік еттім. Сонда кешті өткізушілер менің қолтаңбам қойылған бокс қолғаптарына арнап лот ұйымдастырды. Сонда «Руфат Рыскиев» деген жазуым бар қолғап 70 мың теңгеге сатылған болатын. Құрмет, мәртебе ғой бұл. Ұмытпағандықтың белгісі. Сол бір сәт есімде мықтап қалып қойды. Қазақстан туралы тағы не айтуға болады? Айтпақшы, Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы Фогелевка ауылында (қазір Рабат ауылы – Ж.А.) менің қызым тұрады. Тұрмыста. Күйеу балам екеуі сол жерді мекен етеді, жұмыс істейді. (Осылай деген үй иесі қолына бір парақ қағаз алды да әлдебір сөздерді жаза бастады. Ол газетке, газет оқырмандарына деген өзінің лебізі екен. Тілек, разылыққа толы осы сөйлемдер мен бокс баһадүрінің қолтаңбасын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз, құрметті оқырман. Танысыңыздар, көріңіздер, оқыңыздар).  Әңгімелескен Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан».  АСТАНА – ТАШКЕНТ – АСТАНА. Суреттерде Р.Рыскиев; жеңіс тұғырында (солдан оңға қарай) В.Лемешев, Р.Рыскиев, А.Климанов.