• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2016

Рахима

594 рет
көрсетілді

ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының аңсаған арманы ел тәуелсіздігі, Қазақ елінің жеке мемлекет ретінде қалыптасуы болатын. Осы жолда өмірлерін қиған кешегі ұлт көсемдерінің бірі, Алаштың ардақты ұлы Хайретдин Болғанбаев туралы соңғы жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары зерттеуімен бірқатар құнды еңбектер жарық көрді. Осы жазбаларды оқып отырғанда көзімізге тез түсетін, көңілімізге көркем сезім ұялататын бір есім бар. Ол – Хайрекеңнің жары Рахима Әкпарқызы. Хайретдин қайраткердің өмірінде бұл адам қандай рөл атқарды? Рахима апай Хайрекеңнің азаматтық ұстанымын қалай бағалады, екеуі қанша перзент сүйді, олардан тараған ұрпақтар қазір қайда тұрып жатыр, біз оларды білеміз бе? Жақында Х.Болғанбаев қайырымдылық қорының президенті, Алаш ардақтысының немересі Жамбыл ТҰЯҚҰЛЫМЕН жолығып, сұхбаттасқанымызда, Рахима Әкпарқызы Халфина туралы біраз қызықты мағлұматтарға қанықтық. – Қашанда аналардың орны бөлек. Тұл­­ға­лар тағдыры туралы баяндай келе, соқпақтардан соқталы дүниелер тауып отыратынымыз сондықтан... 2005 жылы ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлының құрас­тыруымен жарық көрген «Хайретдин Болғанбаев. Шығармалары. Тағылымы» кітабында Алаш ардақтысы жайында жан-жақ­ты айтылып, тарихтың ақтаңдақ беттерінде күні бүгінге дейін әлі толық зерттеліп бітпеген небір аймаңдай аналарымыз бар екеніне көзімізді жеткізеді. ...Сол себепті біз де әңгімемізді Хай­рекеңнің жары Рахима апайға арнасақ. Ол кісінің көзін көрген адам ретінде өзіңіз не айтар едіңіз? – Осы жинаққа анам Гүлнәр Болған­баеваның «Әкем Хайретдин және тағдыр тағылымы туралы ақиқат» деген естелігі енген. Онда нағашы апамыз Рахима Әкпарқызының Хайретдин атамыз «халық жауы» болып ұсталып, итжеккенге айдалып бара жатқан кездегі басынан кешкен ауыр жағдайы баяндалады. Зобалаң жылдар нәубетін бастан кешкен Рахима апамызға қазір таңғалатыным, сонау ит арқасы қиянға, Архангельскіге атамыздың артынан өзі іздеп барады. Не деген ерлік! Не деген қай­сарлық! Әке-шешесі «халық жауы» атанған байғұстар үрейленіп амалсыздан аты-жөндерін ауыстырып, өз тектерінен тірідей безгені туралы нақты деректер тарихта толып жатыр. Жұрт мұның атынан қарадай шошып жүргенде, бауырына бауыр еті балаларын қысқан күйі жарының артынан жасы сорғалап қалай іздеп барғанын, сондағы ерлігі мен өрлігін анам Гүлнәрдің аузынан көзімізге ұйқы тығылғанша талмай ести беруші едік. ...Сондай махаббат қазір бар ма өзі? Кір­шіксіз сезім сақталған ба? Әй, қайдам, бүгінде сүйіспеншілік, адалдық туралы әңгіме тиегін ағыта бастасаң, жастарымыз құлағын басып, кері бұрылып кетуге бейім тұрады. «Шынайы махаббат» десең, саған өмірде артта қалып қойған бір ескірген, көнерген жәдігер сияқты қарайды. Түсінбейді. Сенбейді... Ал, мен Рахима апамыз сияқты өмірінің соңына дейін жарына адалдығы мен тазалығын сақтай білген, сезімі әппақ қардай пәк жандарға риза болғаным соншалық, «шіркін олардың отбасылық өнегесі туралы бүгінгі жастарға ұдайы сабақ өтілетін болса ғой?» деймін. Мектептерде, жоғары оқу орындарында сондай кіршіксіз таза аналарымыздың ғұмыры мен жасаған тірлігі тәрбие сағатына пайдаланылса, одан ата-ана да, ұстаз да еш ұтылмас еді. Өйткені, барлық бәле-бәтер өткенді мүлде ұмытып кетуден туындап жатыр. Бұрынғылардың жақсы қасиеттерін қадірлеп, жалғастырып ұстап тұра алмағандығымыздан пайда болуда. Адамзат қалай өзгерген? Рахима апам­ның сарғайған тарихи суреттеріне көзім түсіп кеткенде басыма сондай түрлі-түрлі ойлар келеді. ...Жарықтық Хайретдин атамыз Қорғал­жыннан екі шақырым жердегі Жосалы ауылында туған. Мұнда кілең мал баққан, сонымен жан баққан қазақтың қарапайым ауылдары қоныс тепкен. Нұра өзенінің бойы. Табиғаты өте бай, құнарлы өңір. 1910 жылы аң аулауға шыққан жұрт жер қазып жатып, сол жерден Қожа Ахмет Ясауи кешенінде кездесетін бірталай құнды жәдігерге тап болған. Ендеше, тарихи орын. Қадау-қадау сүбелі дүние осында жатыр. Мұнда К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтынан Марал Хабдулинаның арнайы зерттеуі нәтижесінде төрт бірдей тарихи сүйек табылған. Қазақ елінің негізін қалаушы хандарымыздың бірі – Әз Жәнібектің сүйегі осы топырақтың астынан шықты. Алайда, өкінішке қарай, тарихи орынға табанды түрде зерттеу жүргізілмеуі, қаржының бөлінбеуі салдарынан іс аяқсыз қалды. – Туған жердің тарихын терең білетін адам екеніңіз көрініп тұр. Бұларды кімдердің аузынан жазып алғансыз? – Анам марқұм 10 сыныпты бітіргеннен кейін іле-шала тұрмысқа шыққан. Он бала тапқан алтын құрсақты аналардың бірі. Кеңес кезеңінде әйел байғұстар босанады екен де, етек-жеңін жиюға шамасын келтірмей оларды жұмысқа шығарып жіберетін көрінеді. Шешеміздің ма­мандығы – мұғалім. Әкеміз мектеп директоры ретінде ауылдағы 4 сыныптық мектепті әуелі 7 сыныпқа, одан кейін 10 сыныптық білім ошағына айналдырған. Лай тасып, сол мектептің қабырғасын өз қолымен көтерген. Әкемізді «халық жауының» қызына үйленген деген айыптаумен партия мүшелігіне қабылдамай қойған. Соған қарамастан анамыз 40 жасында Ленин орденін таққан. Әкем дүниеден озғаннан кейін директорлық қызметті өзі жалғастырған. Қазір Сабындының орта­лығында әкеміздің атында көше бар. Ал әлгі мектептің алдына анамызға мемориалдық тақта қойылды. – Ал, Рахима апай қайда оқыған және немен айналысқан? – Ол кісі сауатты, көзі ашық адам болған, бес уақыт намаз оқыған. Тұқым­дары шетінен солай, ілім қуған жандар. Мына кітапта Жайық Бектұровтың «Ұлы ханның ұрпақтары» атты еңбегі берілген. Осында Тәуке ханның шежіресін былайша тарқатады: Тәуке, одан – Сәмек, одан Есім, одан – Құдайменде, одан – Бек, Бөрі, Арыс­тан, Сәнияз, Қоңырқұлжа. Міне, осы Қоңырқұлжа деп айтып отырған кісінің бір ұлына Ш.Уәлихановтың тетелес қарындасы, 1837 жылы туған Бәдіғұлды айттырған. Бәдіғұлдан төрт ұл туады. Үлкен ұлының аты – Сұлтан. ...Шыңғысқызы Бәдіғұлды халық ханның қызы, ханның келіні деп төбелеріне көтерген. Жасы 90-ға қараған шағында намаз оқып отырып, көз жұмады. Осы еңбектен және оқып білгенім, асқан оқымыстылығымен танылған Сұлтан Абылаевтың сұлу жиені Рахимаға сол кездері Сәкен Сейфуллиннің әдейілеп жыр арнағандығы. Бәдіғұл бәйбіше Тәуке ханның тұқымынан шыққандықтан, төрені тек төреге ғана үйлендірген, бәрі ол кісіге құлақ асқан, тыңдаған. Сөзін жұртқа екі етпей орындатқызған. Біздің шешеміздің сол кісіге қатты ұқсайтынын Рахима апамыздың аузынан естігенбіз. Мұны ол кісі жай айта салмаған шығар. Болмаса Сабындыда он жыл мектеп директоры болып тегін адам жұмыс істей ме? Ауданның хатшысы орыс кісі еді. Соларға өзін мойындатқан марқұм анамыз шынымен де ішкі рухы темірдей мығым адам еді. Бізді мектепте жүргенде фамилиямызбен атайтын. Шектен тыс еркелетпейтін. Бізге: «Адал еңбек етіңдер. Әрдайым арларыңды таза сақтай біліңдер» деп ақыл-кеңес беретін. Үкіметтің жерде бос жатқан бір нәрсесін ал­ғызбайтын. ... Тарихқа бойлай түссек, Рахима шешеміз Бәдіғұлдың көзін көрген кісі болды ғой. Бәдіғұл 1927 жылы қайтыс болған. Ол уақытта сонда Рахима апамыз әжептәуір жаста болған. Яғни, ол кісінің тәрбиесін көрген деуге толық негіз бар. Шота Уәлиханов біздің шешемізді іздеп артынан талай рет келген. Алматыдан келген сайын құран бағыштайтын. Рахима шешеміз бізді өте жақсы көре­тін, бірақ ешқашан шолжаңдатпайтын. «Жатыпішер болмаңдар» деп, бәрімізді жатпай-тұрмай жұмысқа жегетін. «Шеше­леріңе көмектесіңдер», дейтін. Әйтеуір далақтап далада қыдыруымызға жол бер­мейтін. Жаздыгүні демалыста нағашы­мыздың үйіне барып жұмыс істейтінбіз. Он төрт жасымда құрылысқа араласып, алғаш рет 140 теңге айлық таптым. Ол уақытта бұл қыруар ақша. Бізге солай талап қоюмен қатар, өзінің де қолы бір сәт тыным таппайтын, қашан көрсеңіз, іс тігіп отырады. Және қолынан келмейтін дүниесі жоқ, көрпе, матрац, сырт киім, бәрін тігетін. Қазіргі байдың балаларының бойында мұның бірі жоқ. Ақ саусақ. Дайын асқа тік қасық. Кеуделері шалқақ. Байға, байлыққа жұрттың жиіркеніш сезімін туғызғандар солар. Ал баяғы заманда байға сый-құрмет мүлде басқаша болатын. Кеңес үкіметі байларға жаппай қара сия жаға салды. Рахима шешеміз сияқты текті тұқымның ұрпағын көрген біздердің естелігімізде олар туралы мүлде бөлек сырлар шертілетіні содан. Біз ол кісінің көзін, өзін көрдік. 1986 жылы қайтыс болғанда ес жиып, етек жауып қалған шағымыз. Жанарымызға жас іркілді. Қара жерге қимаған шығармыз. Жатқан жері жәннатта болғыр, немерелерінің ешқайсысын бөле-жармайтын. Үш баласынан 16 немере, шөбере сүйді. – Ол кісінің тағы қандай қасиеттері есі­ңізде? – Ақ жаулығы жер сызып отырған сәті көз алдымнан кетпейді. Кейде әлденеге алаңдаса құмалақ салатын әдеті бар еді. Бір ғажабы, құмалақ бойынша айтқандары дәл келеді. Малды ауыл болғаннан кейін ел ішінде түрлі жағдайлар орын алып жатады. Өрістен мал қайтпай қалады, болмаса ұры-қарылардың құрығына түсіп қалады дегендей. Сөйтіп жоғалған малдың тарихын апамыздың құмалағы мінсіз баяндап беретін біздерге соның бәрі қызық. Емтиханды қаншаға тапсырып келетінімізге дейін жарықтықтың жаңылыспай айтып отыратынын қазір еске түсірсек, өмірімізге қандай керемет тұлғаның шуағы құйылғанын көреміз. Өз анамыз депутат болды. Мәскеуге жиі сапар шегеді. Біз баламыз, сағынамыз. Сонда ана кісі құмалағын шашып жіберсе, құдды бір есіктен күлімдеп анамыз кіріп келетіндей соған қатты сенеміз. Апамыздың құмалағы сиқыршының таяғына ұқсап кетеді. Өйткені, ол ешқашан алдап көрмеген. Не айтса, сол аумай орындалады. «Мына күні келеді», дейді. Сол күні анамызбен қауышамыз. О, тоба-ай, десейші. Көріпкелдігі бар көркем мінезді жан еді. – Отбасы, балалары туралы айтып бер­сеңіз. – Мұрат есімді ұлы шаруашылық басқарды. Онда 50 мың қой, екі мың ірі қара мал болды. Осы қаладан 250 шақырымдай жерде. Мұрат ұлының кішісі. Бірақ соған қарамастан, ол кісінің «балам бастық» деп шалқақтаған кезін көрген емеспіз. Көше­де көрінгенмен амандасып, шұрқырасып қалады. Бөлімшеден келген адамдарды үйге ертіп әкеледі. Дастарқаннан дәм таттырмай жібермейді. Қазір солай бір шаруашылық басшысының үйіне бас сұғыңызшы. Есігінен қалай сығалатар екен? Ауласында қабаған итін абалатып қояды. Шіркін, біздің Рахима шешеміз байдың тұқымы болғанмен, сондай кішіпейіл жан еді. Мұнымен қоймай бізге де қарапайым болыңдар дейтін. Қара халықтан асып-тасып кетпейтін. Көпке қарайлассаңдар, қайырымды болсаңдар Құдай сендердің де қолдарыңды бос қалдырмайды, несібесін береді, дейтін. – Бұл кісі өзі қанша құрсақ көтерген? – Алты құрсақ көтерді. Үшеуі сәби кезінде шетінеді. 1937 жылы Қызылжарға көшіп келген. Өйткені мұнда келсе, көп қиянат тартпақ. Қа­шуға мәжбүр болады. Екі нағашым сол жердегі зооветеринарлық техникумға оқуға түсуге кеңес береді. Олар оқу бітірген, соғысқа қатысқан кісілер. Соғыстан кейінгі жылдары нағашым Мұ­рат мал дәрігерлік инс­титутын бітіреді. Біздің анамыз Гүлнәр осы жердегі мектепті аяқтаған. Соғыс біткен соң репрессия тоқтатылады. Шешеміз 1945 жылы Қызылжардан елге көшіп келеді. Мұрат, екеуі осындағы №1 мектепте оқиды. Сол лицейді анам үздік бітіріп шығады. Қалада өмір сүру қиын болғандықтан шешеміз Қорғалжындағы Арықты ауы­лындағы мектепке барып, мұғалім болып істейді. Сол уақытта соғыстан оралған әкемізге ағалары айтады: «Ана Арықтыда Хайретдиннің көркіне ақылы сай қызы тұрады, соған үйленсең қор болмайсың» деп. Екі ауылдың арасы 30 шақырым жол. Жердің шалғайлығына қарамастан әкем анамызды арнайы іздеп барады. Шешемізді көрген заматта ойланбастан сөз салады. «Сен, маған ұнайсың, мен саған үйленемін» деп қысқа қайырады. «Халық жауының» қызы екенін біле тұра солай істеген. Әкем қайтыс болғанда мен бар-жоғы он жаста ғана болатынмын. Рахима шешеміздің өте ақылды, парасатты жан болғанын әлгінде айттым. Ол кісі көп ойланбай, тез шешім шығарады. «Ата-тегі белгілі адамдар екен, қызым, «тұрмыс құрайық десе, келісіміңді бер» деп ақыл айтады. Содан екеуі отау құрады. Әкем білім алу керек деп шешеді. Сөйтіп, Қарағандыға оқуға барады. Онда Молотовтың институты болатын. Мұнда екі жыл оқисың. Соғысқа дейін әкем соны бітірген. 40-шы жылы елге жолы түспей, Жезқазған облысы, Қарсақбайға аттанады. Қарсақбайда ол кісі Қаныш Сәтбаевтың балаларын оқытады. Яғни әкем Қаныш Сәтбаевпен етене таныс болған. Әкемнің өмір жолы бөлек хикая. Ол және К.Ақышевқа да дәріс берген. ...Көп ұзамай әкемізді әскерге алып кетеді. Байдың баласы деген атына қарамастан оған танкист, командир ретінде алдыңғы шепті сеніп тапсырады. Соғыс біткен соң Қарағанды мемлекеттік университетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Ол уақыттағы елдің жағдайын жұрт жақсы біледі. Соған қарамастан анам екеуі оқуға қатар аттанады. Екеуі де оқу орнын сырттай бітіреді. Біріне «байдың тұқымы», енді біріне «халық жауының қызы» деген желеу жабылғанына қарамастан алға ұмтылып баққан олар өмір үшін күресті. Сөйткен ардақты әкеміз бар-жоғы 45 жас ғана өмір сүрді. Әкеден ерте айырылдық. Үлкен ағамыз Ормангерей, одан кейінгі Абай сәби кезінде шетінеген, Мұрат, Құралай зейнеткерлікке шықса, Сәуле Алматыда, биология ғылымдарының кандидаты, ал Достық Қарағандыдағы әкімшілікте бас­шылық қызметте. Еркін «Қазмұнайгазда» істейді, Алмагүл – салық комитетінде маман. Жалпы, бәріміз жоғары білім алдық. 36 жасында жесір қалғанына қарамастан анамыз бізге жоқшылықтың зардабын тартқызған емес. Рахима анамыз сияқты ол да қайратты, өжет, қайсар жан еді. – Хайретдин Болғанбаев қай жылы ақ­талды? Ол туралы анаңыз көп еңбек жазды деп айтып қалдыңыз... – Әлихан Бөкейхановтың аты бертінде халқымен қауышса, ал ол кісі алғашқылардың қатарында ақталған. Нақтырағы, атамыз 1957 жылы 1 тамызда ақталған. 1937 жылдың қараша­сында атылған. Алматы облысы со­тының шешімімен. Шешемізге мұны ешкім айтпай, тарихи дерек өте құпия, жасырын сақталған. 91-92-ші жылдары телеарнадан түрлі деректер көрсетіле бастайды. Елбасы тарихшылар мен ғалымдарға репрессия құрбандарының тарихын зерт­теуді тапсырғанда, Алаш зерттеуші Дихан Қамзабекұлы, Тұрсын Жұртбайлар көп еңбектер істегенін білеміз, тіпті бір Сафуанов деген ҚазМҰУ-дің студенті арнайы диплом жұмысын қорғаған. Бүгінде сол жігіт 1992 жылы университетті бітіріп, қазір қауіпсіздік саласында қызмет істейді. ...92-ші жылы анам осы мақсатта Алматыға барамын деді. Өйткені, астанада ол кезде мұрағат жоқ. Нағашыма барып ойымен бөліскенде, ол: «Идеяңа біз толығымен қосыламыз, жаза бер, Гүлнәр. Мен араласпаймын» дейді. Кіші бауыры да қолдау білдіреді. Осыдан кейін, шешеміз 92-ші жылы құзырлы органдарға әкесінің құжаттарын іздеп бас сұғады. Қалалық сот мұрағатқа жұмсайды. Әйтеуір жинаған құжаттары өте көп. Екінші жылы Алматыға ме­нің баламмен бірге барды. Меммұрағатқа кіреді. Сөйтсек, қорда ол кісінің 300-дей еңбегі бар екен. Хайретдин атамыз әдебиетші, мұғалім, тілші, дін қайраткері... Құдай-ау, қай салаға тер төкпеген десеңші. Еңбектерін дерлік араб ғарпімен жазған. Соларды ғылыми айналымға түсіруге араб тілін білетін ғалымды тауып, сол кісі 30-дай ең­бе­гін аударып берсе, ал 270 шақты еңбегі әлі ау­да­рыл­маған күйі мұрағатта сақтаулы. – Сонда мұны қағазға түсіретін мамандар жоқ па, болмаса қаржы тапшы ма, неге тоқ­тап қалған? – Еңбектерінің бәрі арабша жазылған. Оған меніңше жақсы білетін араб маманы керек. ...Жұрт анамды қайсар Гүлнәр деп атап кеткен. Негізі қазақтың қызбаланы әкеге жақын келеді деп айтатыны рас екен. Алматыға барғанда Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайды іздеп тауып алады. Ол кісінің әке рухына деген адалдығын құрмет тұтамыз. Гүлнәр туғанда Міржақып атамыз Орынборда болған екен. Сонда атамыз сыйлығымен барған. Дос­тың құрметіне біздің әкеміз де қызының атын Гүлнәр деп сәйкестендіріп қояды. Тағы бір таңғаларлығы, анамыз «халық жауының» қызы ретінде қудалауға ұшыраса да ата-тегін өзгертпей, сол Болғанбаева болып қала берген. ...2002 жылы елордадағы С.Сейфуллин мұражайында бір жиналыс өтеді. Сол жерде анам белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлымен танысады. Астанаға қоныс аударған бетте ол Болғанбаевтардың ұрпағын іздеп, анадан бір, мынадан бір сұрастырып жүріпті. Бірақ ешкім білмейді. Енді, міне, сол көптен бері ойында жүрген адамы алдынан өзі шығып тұр. Ал, Хайретдин атамызды бұл өңірде білмейтін жан жоқ. Өйткені, өлкелік партия комитетінде қызмет істеген. ... Сол таныстықтан кейін Дихан бауырым үйге келіп, кітапты қалай шығарудың жөн-жобасын көрсетеді, біраз суреттерді тапсырады. – Х.Болғанбаев есімін Қорғалжынмен байланыстыратын қандай тарихи орындар сақталған? – 1926 жылы Қызылжарда жүрген жерінен бұл кісіні шақырып: «Сіз Қорғалжынның тумасысыз. Сонда барыңыз да, шаруашылықтарды қосып, аудан орталығын ашыңыз» деп тапсырма жүктейді. Қасына қосып екі адам берген, біреуі чекист, екіншісі де сырттай бақылаушы адам. Бұл кісі Қорғалжынға барғаннан кейін елдегі барлық ақсақалдарды жинайды. Әр ауылдың арасы 7-8 шақырым жол. Сосын халыққа: «Нұраның мына жері малға сондай шүйгінді, қоқиқаз келіп қонатын табиғаты да тамаша. Мұнда құстың 300 түрі бар, оған алуан түрлі аңды қосыңыз. Осы жер орталық болады» деген екен. «Сен бала, бізді мына түріңмен аштан қатырғалы келгенсің-ау» деп әжептәуір шамданған шалдар да болған. Сонда Хайрекең : «Қону, көшу, жайлау, қыстақ деген атымен болмайды енді. Бұл жер орталық болады» деп кесіп айтады. Сол шалдардың шет жағасын өз көзіммен көргенмін. Олар бізге: «Оқыңдар, оқыңдар» деп ақыл-кеңесін үйіп төкті. Мал деген қалады. Ал, келешек оқыған, көзі ашық адамдыкі. Сауатсызды мына үкімет адам екен демейді, сол үшін оқу керек» деген. Кейін Голощекин халықты малынан айырып, қолдан аштық ұйымдастырмады ма? Соны атам жарықтық қалай білген. Қорғалжында сегіз көл бар. Осы сегіз көлдің жағасында балықты талғажу етсе де халықтың аштан қырылмайтынын сезген-ау. Қорғалжынның қазағын қырғыннан аман алып қалған сол көлдер еді. Ол жерде зауыт салынды, сондай-ақ, Қонаевтың саяжайы тұрғаны тарихтан мәлім. ...Қорғалжындағы атамыздың қызыл кір­піштен салдырған мектебі әлі күнге дейін қабыр­ға­сы бұзылмаған күйі сақтаулы. Аурухана тұр. Аудандық партия комитетінің орнында қазір мұрағат үйі тұр. Терезесіне дейін аман. Қорғалжынның орталығына сіңірген еңбегі зая кетпеді, қазір де олар халыққа қызмет етіп келеді. Қорғалжынның орталық көшесі Хайретдин Болғанбаев атында. 2004 жылы атамыздың 110 жылдығы атап өтілді. Ол уақытта әлі Рахима шешеміздің көзі тірі кезі болатын. Үкімет басшысы, Иманғали Тасмағамбетовке хат жазды. Мерейтой Қорғалжында атап өтілетін болды. Бірақ кейін не себептен екені белгісіз, ақыр соңында той Сабындыда өтті. Жарайды... ...Бұл шараға марқұм Жомарт Әбді­халықов, Ербол Шаймерденовтер қатысты. Зиялы азаматтар келді. Жиналыста оның Қорғалжын топырағынан шыққан айтулы азаматымыз екендігі, мұғалім болғаны, Ташкенттен қаншама кітап әкелгені, балалар үйін, балабақшалар ашқаны, білім саласына айрықша мән бергені әңгімеге арқау етілді. Қорғалжындағы мектепке Х.Болғанбаев есімін беру керек деген идеяны алғаш көтерген Жомарт марқұм еді. Обалына не керек, бес қабатты мектептің алдына тақтасы орнатылды. Астанада 2009 жылы оған көше берілді. Оңтүстік Қазақстан облысында, Сарыағаштан бір көше берілетін болып шешілді. Екі кітап жарық көрді. – Алаш азаматы рухына құрмет көр­сету мақсатында туған топырағында не істелініп жатыр? – Ұлт ұлының еңбектерін келешекте мектеп оқулықтарына енгізсек, кеңестік кезең қырыққан баяғы Қазақстан тарихының шолақ жеңі ұзарып, уысымызды толтыратын кітапқа айналады. ...Кейде патриотизм азайып кетті, елге, жерге құрмет сезімін қалыптастырудың қандай ілкімді жолдары бар деп құр бекер даурығамыз. Оу, сағайын-ау, оған түк те бас қатырудың қажеті жоқ. Мұның бір үлгісі, мысалы, оқушыға бірінші сыныптан бастап мектеп бітіргенге дейін Алаш идея­ларын оқыта беру керек. Хайрекеңдердің елі, жері үшін оттан да, оқтан да ықпай, адал қызмет еткенін балаларға баяндап отыру керек. Бұл – бір. Екіншіден, түрлі кедергілермен жүзеге аспай келе жатқан тағы бір іс бар. Аудан орталығындағы мектепке Х.Болғанбаевтың есімін беру жөніндегі ұсынысымыз 2004 жылдан бері сағызша созылып келеді. Шерхан Мұртаза бастаған бір топ шығармашылық адамдары 2010 жылы «Болғанбаевқа мектептің аты берілуі керек» деп тиісті орындарға хат жазған болатын. Оған 59 қайраткер қол қойған. Ол қағаз Қорғалжынға жолданып, бұл жерден 2011 жылы қаңтарда «Берілді» деген шешім шығарылады. Алайда, мораторийге байланысты бұл іс кейінге шегеріліп қалған болатын. Соған орай белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері тағы да хат жолдады. Өкінішке қарай, ондағылар Қорғалжындағы мектепке тарихи тұлғаға жатпайтын бір кісінің есімін беруді ұйғарыпты. Біздің өтініш хатымызға жауабы – басқа ауылдардағы мектепті таңдаңыздар дейді. Қорғалжынға Х.Болғанбаевтың сіңірген еңбегіндей еңбек жоқ. Аудан орталығын құрған атамыз екенін жоғарыда баяндаған болатынмын. Тағы да қайталап айтамын. Ол кісі екі мектеп салдырған. Ауыл балаларының қонып оқуына ыңғайлы болуын ойластырып, мектеп-интернат салдырған. Біздің заман не болып барады өзі? «Атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» деген принцип әлі өмір сүріп жатыр ма сонда? Әлдекімдердің намысын таптап, дүниеден озған кісілердің аруағын қорлағым келмейді. Сондықтан, неге болсын елге, жерге мемлекетке танымал лайықты тарихи тұлғалардың ғана есімдерін беру керек. Түк болмағанда әуелі ол адам Қорғалжынға қашан қоныс аударған, аймақ үшін не бітірген деп тексермей ме екен? Және сұрап отырған мектебіміз тура Х.Болғанбаев көшесі бойында орналасқан. Осы сәйкестіктің өзі бәрін шешіп тұрғандай. Атамыз салдырған аурухана, мектеп-интернат сол көшенің бойынан орын тепкен. Жанында Нұра ағып жатыр... – Х.Болғанбаев пен жары Рахима Әкпар­қызы қайда жерленген? – Жазықсыз атылып, қаза тапқандардың кітабы қолымызға тиді. Сонда 4120 адам атылған екен. Соның ішінде Хайретдин Болғанбаев есімі кездеседі. Атамыздың сүйегін Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылынан таптық. Мұнда қазір мемориалды кешен тұрғызылған. Алматыдан 30 шақырымдай жерде орналасқан кешенде атылған адамдардың тізімі бар. Елбасына көп рахмет, ер есімін ел есінде сақтауға осыншалық құрмет көрсеткені үшін. ...Атылғандарды түнде машинамен әкеліп, киіммен төге салатын көрінеді. Кейін сол маңай­дан кісілерге саяжайлық учаскелер беріліпті. Сонда қазған сайын жердің астынан адамның шашылған сүйектері кезіге берген. Тіпті киімдері қоса табылған. Содан кейін қауіпсіздік органдарының құжаттарын ақтара келгенде, сол жерде Б.Майлин, А.Байтұрсынов, Х.Болғанбаевтардың атылғаны жөнінде дерек табылды. Неміс, француз, Құдай-ау араларында қай ұлттың өкілі жоқ дейсіз. Міне, осы маңайда әруақтарға арнап ас берілді, Құран оқылды. 31 мамырда атамның туып-өскен жерінен топырақ апарып салдық. 20 кітап тараттық. ...Хайретдин атамыз бен Рахима апамызды жай адам деп ешкім айта алмайды. Мына ғажапқа қараңыз, 1986 жылы Рахима шешеміз Алматыда қайтыс болды. Дәу шешеміз Кеңсайда жатыр. Ал, атамыз Талғарда, екеуінің арасы соншалық ұзақ емес. Осының өзі тегін нәрсе емес. Тағдыр олардың өмірін мұншалық әуреге салғанмен, арғы жақта рухтарының табысуын көрмейсіз бе? Атамыз да, апамыз да соған қарағанда қасиетті адамдар болса керек. Атамыз қудалауға ұшырағанда: «Қап, саған бекер-ақ үйленген екенмін. Әбден қажып, жас жаның жәбірленетін болды-ау. Менің кесірімнен өмірің өксікпен өте­тін болды-ау» деп мұң шаққан екен апамызға. Мұны естіген Рахима шешеміз: «Жоқ, бұлай маған ешқашан жасып сөз сөйлеуші болма. Сен не көрсең, біз де соны көреміз» деп қасқайып жауап қайырған. Бір-бірін қалай аяған, қалай аялаған. Біздің шешеміз сияқты жарын іздеп, жердің түбіне кім барады қазір? Қиындыққа мойы­маған, 83 жыл ғұмыр кешкен қайран апамыздың сүйегі неткен асыл еді, бекзат еді. Ал, өз анам 84 жасында қайтты. Екеуі де Аллаға разы көңілмен өмір сүрді. Зейнеткерлікке шыққан соң анам намаз оқыды. Тарауихқа, мешітке барды. Дін жолын қатты ұстанған сол кісілерден біз де біраз сүрені жаттап, үйреніп, имандылық пен қайырымдылықты жүрегімізге қондырдық.  Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретте: Торкөз көйлекті әйел – Әкбар Халфиннің жұбайы Мәстура. Отырған – осы кісінің қызы Рахима. Кішкене қыз – Рахиманың сіңлісі Шарафат. Түрегеп тұрған – Сәруар Әкбарқызы.