20 Наурыз, 2018

Біз қашан тазарамыз?..

559 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ешқандай кәсіпке айырбасталмайтын ең қызық, ең күрделі, ең әмбебап мамандық – журналистика. Тағдыр талайымызға жазған осы кәсіптің арқасында бұйырған елдерді аралаудың талай рет сәті түсіпті.

Біз қашан тазарамыз?..

Жаңа іссапарлар, жаңа елдер, бұрын көрмеген бөтен мемлекеттер, басқа мәдениет. Әрине, мұның бәрі журналиске жаңа әсер сыйлайды, ауқымды пайымдауға үйретеді. Қазіргі журналистиканың ауанын байқап отырсаңыз, біздің әріптестеріміз шетелдерге алғаш шыға бастаған әне бір жылдардағыдай аузын ашып, өзге өркениетке таңданып қалам тербемейді. Өйткені жаһандану үрдісі өзге мемлекеттер бірнеше ғасыр бойы еңбектеніп жеткен игіліктерді бізге жылдам кіріктіріп отыр.

Өзге елдердегі әдемі ғимараттар мен кеңселер, супермаркет дүкендер, әлемге әйгілі брэндтік тауарлар, қысқасы, жаныңа керектің бәрі бізде бар. Бізде не жоқ? Енді бізге не жетіспейді? Осыдан біраз жыл бұрын бақытты болудың үш шарты бар екенін, оның бірі – таза ауаға барып тірелетінін оқып, таңғалғанымыз есте. Ол кезде Алматының аспаны тұнық, жұлдыздары анық, қол созым жерде тұрғандай жарқыраушы еді. Сондықтан болар бақыт пен таза ауаның арасынан байланыс таппай, қисынға келмейтін пәлсафа сияқты көрінді. Ол тұжырым туралы ұмытып та кетер ме едік, қазір ауа тазалығы, көк түтінді көшелердің мәселесі мегаполистің ең көкейкесті мәселенің біріне айналды.

Ебепке – себеп. Ойды ой қоз­ғайды. Әне бір жылы алпауыт АҚШ-ты, айдаһар Қытайды, тұманды Ұлыбританияны, түбіміз бір Түркияны аралай келіп, қаңтарда Берлин қаласына іссапармен бардық.

Алматының аязынан кейін бізді Берлинде нөсер жаңбыр қарсы алды. Қай елге барсаң да ең бірінші көзге ұратын нәрсе – құнттылық пен тазалық. Осы жоғарыда аталған әкімшілік қала Вашингтонның, сан миллион тұрғынды өзіне сыйғызған Бейжіңнің, консервативті Лондон мен Берлин көшелерінде де Алматыдағыдай қоқыс жоқ. Қаптаған қаңғыған ит көрмейсіз. Көшелері айнадай таза, темекінің де тұқылын таппайсыз. Көліктердің көптігіне қарамастан ауа да тап-таза, қылтиған көк шөптер де сол Тәңір жаратқан күйінде жайнап тұр.

Сонда бізге өзіміз тұратын қаланы сыйлауды, көшелерді ластамауды, көрінген жерге қақырып-түкірмеуді үйрену үшін тағы қанша жыл керек? Тазалық жоқ жерде – денсаулық жоқ! Ал денсаулықсыз адам қашан бақытты болып еді?

Тіпті Берлинде адамдар қыдыра­тын саябақтарға иті бар адамдар жіберілмейтін көрінеді. Хайуанаттар қыдыртатын арнайы саябақтарда неміс халқы иті «отырып» қойса, тезегіне дейін арнайы пакетке теріп жүретініне тәнті боласың.

Немістер жаратылғаннан осылай тазайым халық болып туған жоқ. Бір кездері тазалық пен бекзаттық­қа ұмтылған ұлттық бағдарлама құрылды. Намысқа тырысып осыны нәтижелі етті.

Бізге немістің намысындай намыс керек. Ұлан-байтақ қазақтың даласынан қалған байлық табылады.

Тіпті сонау Вашингтон сапарында америкалық әріптестеріміз бір жүргізуші әйелдің Пентагон қасынан өтіп бара жатып, көлігінің терезесінен бос бөтелкені лақтырып жібергені үшін, Пэрис Хилтон ханым көлікті мас болып жүргізгені үшін әкімшілік жазаларға тартылып жатқанын хабарлап, жазып жатты. Дәл осы тәртіпке бағынатын болсақ, қомақты айыппұл төлей алмайтын Алматының көп тұрғыны түрмеде отырар ма еді?..

Қоқыс лақтырды демекші, даму даңғылына түскен адамзат баласының бүгінгі ең көкейкесті мәселесінің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, қайта өңдеу мен кәдеге жарату. Мәселен, елімізде күніне 13 мың тоннадай қалдық жиналады. Оны өңдеуге қатысты жобалардың барлығы бастапқы қалпында. Шындығын айтқанда, еліміз қазірге қоқыстарды тек жинаумен ғана шектеліп отыр. Сондықтан уақыт ұзаған сайын бұл мәселе ушыға түсуі мүмкін.

Өз кезегінде Қазақстанның эколо­гиялық ұйымдары басқармасы­ның мәліметінше, қазірге тұрмыстық қатты қалдықтардың 5 пайызын ғана өңдеп отырмыз. Дүние жүзінде бұл мәселеде 162 елдің ішінде 39-шы орында көрінеміз.

Ойланатын мәселе...

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»