Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Астана декларациясы қабылданды

2432 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған «Алматыдан басталған денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға және тұрақты даму мақсаттарына» тақырыбымен жаһандық конференция өтуде. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша ұйымдастырылған алқалы жиынның алғашқы күнінде Астана декларациясы қабылданды.

Астана декларациясы қабылданды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 140-тан аса елден 1500-ге жуық өкіл қатысқан басқосуға бейне-құттықтау жолдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана декларациясын қабылдау әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды кезең болатынын айтып, бұл жаһандық деңгейде адамдардың денсаулығын жақсартуға үлес қосатын бағдарламалық құжат екенін жеткізді. «Осыдан 40 жыл бұрын әлем жұртшылығы Алматы қаласына жиналып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттер алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясын қабылдады. Онда халықты санитарлық бағытта ақпараттандыру, ана мен баланың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, оның ішінде вакцинация мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету секілді маңызды қағидаттар болды. Одан бері әлемнің денсаулық сақтау бағыты осы негізгі бағыттар бойынша дамып келе жатыр», деді Президент.

Қоршаған ортаның бұзылуы, қозғалыстың азаюы, дұрыс тамақтанбаудан созылмалы аурулардың көбейіп бара жатқанын жеткізген Елбасы бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мен цифрландыру аса маңызды екенін атап өтті.

Конференцияның ашылу салтанатына және жоғары деңгейлі сессиясына қатысқан Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Астанада жаһандық конференцияны өткізудің маңыздылығын атап өтті. «ДДСҰ-ға мүше елдердің, халықаралық ұйымдар мен академиялық қауымдастықтың бірігіп күш-жігер салуының нәтижесінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек туралы жаңа Декларация әзірленді. Оның қабылдануы кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесінің негізі ретінде МСАК-тың дамуы үшін бағыт-бағдар болады. Жаңа Декларацияда жетілдірілген МСАК арқылы баршаның денсаулыққа қол жеткізуі үшін мемлекеттің, адамдардың, қауымдастықтардың, денсаулық сақтау жүйесі мен серіктестерінің міндеттемелері көрсетілген. Бұл қуатты МСАК стратегиясын ХХІ ғасырда да жалғастыруға деген ұлттардың ортақ ерік-жігерінің айқын көрінісі», деді Б.Сағынтаев.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, Астана декларациясының қабылдануы кез келген елдің денсаулық сақтау саласының негізі болған XXI ғасырдағы МСАК жүйесін дамытуға мүмкіндік береді. Жаңа декларацияда тұрақты МСАК арқылы денсаулық сақтаудағы мемлекеттердің, қауымдастықтардың және жекелеген адамдардың міндеттемелері көрсетіледі. Аталған құжат 2019 жылы қыркүйек айында мемлекеттер басшылары деңгейінде БҰҰ Бас Ассамблеясындағы жоғары деңгейлі кездесуде ұсыну көзделіп отыр.

Алматы декларациясы қабылданғалы бері Қазақстанда ғана емес, әлемде де көптеген өзгерістер орын алғанын айтқан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дүниежүзі бойынша созылмалы аурулардың жиілеп кеткенін жеткізді. «Бұған әлеуметтік факторлар да әсерін тигізіп жатыр. Біз осы мәселені көтеріп, дүние жүзінің медицина саласының, алғашқы медициналық көмектің келешегінің даму бағыттарын айқындау үшін өткен жылы Женева қаласындағы Дүниежүзілік денсаулық ассамблеясында бастама көтердік. Алматы декларациясы негізінде жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту декларациясын қабылдауды ұсындық», деді Е.Біртанов.

Денсаулық сақтау министрі 40 жыл бұрын қабылданған құжат пен бүгінгі жаңа декларацияның айырмашылығына да тоқталды. «Астана декларациясы уақыттың талабы мен Алматы декларациясынан бері қабылданған саяси құжаттарды есепке алады. Ең алдымен, Астана декларациясы – БҰҰ-ның тұрақты дамуының мақсаты. Екіншіден, жаңа декларация адами капиталды дамытуда, цифрлы технологияларды қолдануда Үкіметтерден қосымша күш-жігер жұмсауды сұрайды. Демек, Астана декларациясы 40 жылдан бергі ғылыми-техникалық прогресті есепке алып отыр. Үшіншіден, бұл құжат өзінің жүзеге асырылуы жолында қол қойған мемлекеттерге талапты күшейтуді ұсынады. Себебі, бүгін айтылып жатқандай кейбір елдер осыдан 40 жыл бұрын қабылданған Алматы декларациясының қағидаттарын іске асырып үлгермеген. Осыған байланысты, декларацияны қолдаған мүше-мемлекеттер, ДДСҰ, ЮНИСЕФ осы декларацияның қағидаттарының орындалуына үн қосады», деді ол.

Майгүл СҰЛТАН,

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар