Қазақстан • 31 Наурыз, 2020

Сенатта жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша парламенттік тыңдаулар болады

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенатта өткен бірқатар парламенттік тыңдаулар барысында әлеуметтік бағдардағы 2020 жылғы бюджет алдында тұрған міндеттерді орындауға арналған қосымша қаржы көздерін анықтау қажеттігі көтерілген аса маңызды мәселелердің бірі болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатта жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша парламенттік тыңдаулар болады

Тыңдау кезінде біздің экономикамыздың елеулі бөлігі шикізатқа қатысты екені және табиғи ресурстарға, бірінші кезекте мұнай және газ экспортына тәуелді болуына назар аударылды. Әлеуметтік бағдарламалардың жоспардағыдай дамуына әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі әсер етуі ықтимал.

Биылғы жылдың басында Сенат депутаттарының өңірдегі кездесулері барысында жер қойнауын пайдаланудағы проблемалар аймақтардың экономикалық және әлеуметтік дамуына әсер ететіні туралы мәселе көтерілген болатын. Бұл мәселелер жергілікті инфрақұрылымды дамытуды да (су, қиыршық тас, саз және т.б. сияқты көптеген пайдалы қазбаларды пайдалану), сондай-ақ жергілікті тауарларды пайдалану мен қатты пайдалы қазбалар және көмірсутегілерін өңдеуге атсалысатын қызметкерлерді де қамтиды. Осы талқылаулар барысында заңнамадағы геологиялық барлауды дамытуға және өңірлерде жаңа келісімшарттар жасауға елеулі әсер ететін кемшін жақтары анықталды.

Жеңіл өнеркәсіпті дамыту туралы парламенттік тыңдаулар барысында ірі жер қойнауын пайдаланушылар конкурстарын ұйымдастырушылардың жергілікті өндірушілердің мүдделеріне қысым көрсету туралы мәселелер де көтерілді.

Қазақстан Республикасы Парламентінің қазіргі кезеңдегі заң шығару қызметіне талдау нәтижесі жер қойнауы туралы заңнамада елеулі кемшіліктер бар екенін көрсетіп отыр. Депутаттар жер қойнауын пайдалану мәселелеріндегі бірқатар маңызды проблемаларға, әсіресе көмірсутегілер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондарды өткізуге қатысты түзетулерге заң жобасын әзірлеушілердің назарын аударды.

Заңда қабылданған ережелерге мониторинг жүргізу мақсатында Үкіметке тікелей келіссөздер негізінде көмірсутегілер саласындағы ұлттық компанияларға жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртібін іс жүзінде қолданудың тиімділігі туралы сауалдар жолданды. Алынған жауапқа талдау заңнамада геологиялық барлау, мұнай-газ және соған қатысты барлық салалардың дамуына теріс әсер ететін елеулі олқылықтардың бар екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану саласындағы көптеген проблемалар депутаттардың атына келген өтініштерде де айтылған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеу, халықты жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі арнайы жоспарды дайындау жөніндегі Үкіметке берген тапсырмасы аясында, сондай-ақ қажетті заңнамалық шараларды қабылдауға жедел әрекет ету мақсатында Парламент Сенаты жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың тиімділігі мәселелері бойынша парламенттік тыңдаулар ұйымдастыратын болды.

Тыңдауларда геологиялық барлауды дамытуға және өңірлерде жұмыс орындарын ашуға кедергілерді алып тастауға ықпал ететін шараларды қабылдау бойынша ұсыныстар әзірлеу ұсынылады. Сондай-ақ қазақстандық өндірушілер үшін қолжетімді әрі ашық жағдайларды және жергілікті кадрларды кеңінен тартуды реттейтін тиімді құқықтық тетікті құру мақсатында ірі жер қойнауын пайдаланушылар тендерін өткізудегі құқық қолдану тәжірибесін талдауын қарау ұсынылады.