Руханият • 03 Қараша, 2022

Байбарыстың оралуы

840 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада өткен шығыстанушы, Мысырдағы мәмлүктер тарихын зерттеуші, арабтанушы Қайрат Сәкидің «Сұлтан Байбарыс», «Ер қаруы – бес қару», «Юрта на вершине пирамиды» атты кітаптарының тұсаукесерінен алған әсерімізден әлі арыла алмай жүрміз. Мәдениет және спорт министрлігі мен осы академиялық кітапханаға алғысымыз шексіз.

Байбарыстың оралуы

Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген даңқты Байбарыс сұлтан туралы «Сұлтан Байбарыс» кітабы – деректерге сүйеніп жазылған, аты аңызға айнал­ған сұлтан туралы түпнұсқа тағылымы мол еңбек.

«Елшілікте қызметте жүргенде Сұлтан Байбарыс туралы мәліметтерді, түпнұсқа материалдарды сатып алып, аударып, кітабыма пайдаландым. Демеуші кәсіпкер Несіпбай Ахметовтің арқасында 1 мың данасы тағы да оқырманға жол тартып отыр. Бүкіл қазақ еліне бұл таралым не тәйірі, құмға сіңген судай немесе шаңы да шықпай өте шығады...», деді Қайрат Ұзақұлы.

Қазіргі Мысыр, Сирия, Иордания, Ливан, Израиль, Палестина автономиясы, Сауд Арабиясының Хиджазы мен Ирактың Евфрат өзенінің батыс жағындағы жерлерді және Түркияның оңтүстік-шығысын қамтыған Мәмлүк мемлекетін 132 жыл басқарған Қыпшақ династиясының негізін салушы Байбарыстың өмір жолы күрделі де әсерлі. Мұсылман тарихында ислам құтқарушысы атанған, ислам дінінің төрт мазhабын теңестірген билеуші. Жүздеген мешіт, көпір, керуен сарай, медресе салғызған көсем. Алтын Ордамен дипломатиялық, сауда байланыстарын орнатқан, ана тілінде сөйлеп, күнделікті өмірінде ата дәстүрін ұстанған, жат жерде он жеті жыл сұлтандық құрған және басқа да өшпес істер қалдырған Ұлы даланың перзенті – Байбарыс.

Аталған кітапта Қайрат Сәки зерттеген, аударған Байбарыс туралы жан-жақты, толық әрі ең керекті мәліметтер жинақталып берілген.

«Сұлтан Байбарыстың көзін көрген немесе одан кейінгі уақытта, бірақ сол заманда өмір сүрген тарихшылар шығармаларының негізінде жазылған, «Пирамида үстіндегі киіз үй немесе Байбарыс туралы» кітабының өңделген және толықтырылған нұсқасын «Сұлтан Байбарыс» деген атаумен ұсынып отырмын», деді Қайрат Ұзақұлы.

Кітап таныстырылымына қатысқан Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, ғылым докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов: «Сіз бас байбарыстанушысыз, оны таныту­да, зерттеуде сіздің алдыңызға түсетін адам жоқ. «Бейбарыс» емес, Байбарыс екенін, пирамидалар үстіне киіз үй тіктіргенін де ғылыми, ресми тұрғыдан дәлелдеп шықтыңыз», деді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай әлемнің 70 шақты мемлекетінде Қазақстан елшілігі жұмыс істеп жатқанын, елшілердің ішінде қазақ-мұсылман әдеби-мәдени байланысын зерделеген Ә.Дербісәлі, Нәзір Төреқұловты танытқан Т.Мансұров, ұлт құндылықтарының шығыс тамырын ба­йыптап жүрген Қайрат Лама-Шариф сияқты үлгі етер дипломаттар көп емес екенін айтты. «Солардың ішінде түпнұсқа мәтінді арқау еткен арабтанушы Қайрат Сәкидің еңбектерін ерекше айтуға болады. Жалпы, Қайрекең байбарыстанудың жаңа бағытын негіздеді. Олжас Сүлейменовтің өзі бұл кісінің кітап­тарына сүйеніп, пікір айтуы еңбегінің биік деңгейін көрсетеді», деді ол.

Автордың зерттеушілігін тілге тиек еткен Сәрсенбай Құрманұлы бұл кітап Атырау мемлекеттік университетінің ғалымдарына, зиялы қауымға, студент-жастарға зор әсер беріп, үлкен резонанс туғызғанын жеткізді. Ендігі осындай ғылыми-танымдық дәрістер Ақтөбе облысында, тағы басқа да өңірлерде өткізілсе деген тілек білдірді.

Бұдан соң сөз алған заң ғылымдары­ның докторы Қуатжан Уәли, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек кітап авторы еңбе­гін­дегі дерекнамалық мазмұнды, қыпшақ мәмлүктерінің тарихтағы орнын тереңінен байыптады. Олар Мысырдағы білім беру, медреселер, халыққа қызмет ету жайы нақты деректермен келтірілген, Байбарыстың крест жорығына қарсылығы, өмірі, тағдыры шынайы әуезеленгенін алға тартты. Баланы сүндетке отырғызу, саятшылыққа баруы, мешіт салдырып, қамалдарда дабылхана орнатқаны, білім ошақтарын және металдан бұйым жасау шеберханаларын ашқаны мұсылман шығысына өнеге болып тарихқа енгені зерделенді.

«Юрта на вершине пирамиды» – Бақты­бай Жұмаділдин мен Қайрат Жаңабаев аударған «Пирамида үстіндегі киіз үй» кіта­бының орыс тіліндегі нұсқасы. Ол Олжас Сүлейменовтің алғысөзімен жарық көрді. Кітаптың электрондық нұсқасы http://kazneb.kz/сайтында тұр.

Аударма авторының бірі Бақтыбай Жұмаділдиннің айтуына қарағанда, олар кітапты тегін, өз еркімен тәржімалаған. «Қайраттың ерлігі – өзі тікелей түпнұсқадан аударып, елге түсінікті тілмен жеткізуі, ұлт­тың қоржынына баға жетпес байлықты сыйлағаны, бір үлкен ғылыми институт жасай алмағанды бір өзі жасағаны. Бұл қандай құрметке де лайықты», деді аудармашы.

Профессор, халықаралық қатынастар саласының маманы Дарико Мағауия­қы­зы Қыпшақ династиясының негізін салушы Байбарыстың Алтын Ордамен дипло­матиялық қарым-қатынасы туралы ойын ортаға салса, журналист Сұңғат Әліпбай газет беттерінде жарық көрген автордың ғылыми мақалалары жайында оң пікір білдірді.

«Ер қаруы – бес қару». Бұл кітапта Қайрат Сәки садақ, найза, қылыш, айбал­та, шоқпар секілді жеке қару түрлерін баба­ла­рымыздың қалай қолданғаны мәмлүк әскери трактаттары мен қазақ ауыз әдебиеті үлгі­лерінде сақталған материалдарды салыстыра отырып көрсетеді.

Қыпшақ мәмлүктері қалдырған соғыс өнері жөніндегі жазба мұра мол. Оның себебі, Мысыр мен Шамды билеген түркі-қыпшақ билеушілері бірінші кезекте сұлтан Байбарыс кезінде соғыс ісі өзінің даму шыңына жетті. Әскери тактика мен стратегия туралы еңбектерді айтпағанда, адам мен малды сынау, жауынгер даярлау, ат баптау мен емдеу, қару түрлерін жасау мен пайдалану егжей-тегжейлі баяндалған араб және парсы тілдеріндегі әскери трактаттар біздің заманымызға жетіп отыр. Олардың авторларының басым бөлігі – XIII-XV ғасырларда тағдыр тәлкегімен Халифат аумағына барған Ұлы дала перзенттері. Бұл әскери трактаттар қазақ эпосында ұшырасатын жауынгерлік ақпаратты кең түрде зерттеуге мүмкіндік береді.

Иә, тәуелсіз Қазақстанға Қайрат Сәки­дей ізденімпаз, отаншыл азаматтардың арқа­сында рухани тұрғыда оралған Байбарыс және оның билігі туралы білгенімізден білмегеніміз көп. Шүкір, еліміздегі тарихи қыпшақ-мәмлүк сұлтанына деген құр­меттің бір үлгісі – дүниеге мыңдаған Байба­рыстардың келуі. Бір әттеген-айы, олар­дың көбі өзге тілдің заңдылығымен «Бейба­рыс» болып құжаттанған. Байбарыс туралы Қ.Сәки кітаптары осы қателікті де түзетеді деп ойлаймыз.

 

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ,

журналист

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024