Пікір • 04 Қараша, 2022

Байсалды ізгілік актісі

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кез келген рақымшылық қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған қадам ретінде қарастырылады. Амнистияға ілігетін адамның келісімі қажет болғандықтан, құқықтық тәжірибеде рақымшылық актілері тек тірі адамдарға қатысты қолданылады. Сондықтан да рақымшылықты оңалту актісімен шатастырмаған жөн.

Байсалды ізгілік актісі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған бұл жолғы ра­қым­шылық – тек қаңтар оқи­ғасына қатысушыларға қатысты бір реттік акт. Бұл рақым­шы­лық­тың басты мақсаты – жазадан босату немесе оның мер­зі­мін қысқарту. Өз кінәсін мо­йындаған және істеген ісіне толық өкінген азаматтар тағылған айыптардан толық босатылады. Бұл ең алдымен көп­ші­ліктің ық­па­лымен бұқараға іле­сіп кеткен, бірақ алдын ала теріс ниеті болмаған азаматтарға қатысты. Жап­пай тәртіпсіздіктерді ұйым­дас­тырушылар, билікті асыра пайдаланып, азаптауға жүгін­ген адамдар, қайталап қыл­мыс жа­сағандар, зорлаушылар, террористер мен экстремистер рақым­шы­лыққа жатпайды. Сондықтан ауыр қылмыскерлер осы заң арқылы бостандыққа шығады деген пікір шындыққа жанаспайды.

Парламенттегі заң шығару үде­­рі­сіне қатысты барлық рәсім­ді ес­кер­генде «Рақым­шылық жасау туралы» заң айтарлықтай қысқа мерзімде қабылданды. Мұны Пар­­ла­мент депутаттары тара­пы­­нан қаң­тар мәселесіне ерекше назар салып, маңыз бергені ре­тінде қабылдауға болады. Заң­­­­ды қабылдаудың алдында аза­­маттардың қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәр­тіпсіздіктерге және басқа да заңсыз әрекеттерге қатысуы бо­йын­ша қоз­ғалған іс­тер­ді тергеу жүргізіл­ге­нін де ес­­керген жөн. Жан-жақты тер­геу­сіз заң жобасын әзірлеуге кірісу, әрине, ертерек болар еді.

Рақымшылыққа жататын әрбір істі сот жеке қарастырады. Про­курор мен сот ра­қымшылық туралы заңды қолданудың заңдылығын қамта­ма­сыз етеді. Әрбір азаматтың жағ­дайын жеке қарастыру болуы мүмкін қател­ік­тердің алдын алып, әрбір жеке азамат бойынша барынша әділетті шешім шығаруға жол ашады.

Қаңтар оқиғасы кезінде жа­на­­­шыр­лық ниетпен немесе қара­пайым қы­зығу­шы­лық­пен алаңға шығып, қалың топтың ықпа­лы­мен келең­сіз­дік­терге ұшы­раған азаматта­рымыз аз емес. Бұл заң дәл осындай күйге түскен аза­­мат­тарға қатыс­ты әділ­дікті ор­на­туға мүмкін­дік береді. Ке­­рі­­сінше, кінәсі анықталған жаппай тәр­тіп­сіздіктерді ұйым­дас­­ты­ру­шыларға, билікті асыра пай­да­лан­ған адамдарға, бірнеше қайтара қыл­мыс жасағандарға қатысты рақым­­шы­лықтың шектелуі бұл те­тікті асыра қол­дануға жол бер­мей­ді.

Мемлекет басшысы рақым­шы­лық туралы заңның қабылда­натынын жария­­ла­ғаннан кейін адамдар рақым­шы­лық­қа ілін­ген­дердің туыстары мен жақын­да­рына қатысты қандай да бір келеңсіз жағдай туындай ма деп сауал қоя бастады. Осы жерде айта кететін бір жайт, қолда­ныс­та­ғы заңнамаға сәй­кес рақым­шылыққа ілінген­дер­дің жақын туыстары ешқандай жауап­кер­шілікке тартылмайды. Олардың туыс­тары мен жақындарына қа­тыс­ты қан­дай да бір заңдық шек­теу­лердің болуы заңдық тұрғыда мүмкін емес. Осылайша, құқық бұ­зу­­шыларға рақымшылық жасау олардың балаларының бола­шақта мемлекеттік немесе әскери қызметке орналасуына еш кедергі бола алмайды, басқа азаматтық құқықтарына да еш қия­нат жасалмайды.

 

Жанна КӘРІМОВА,

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024