Пікір • 06 Қараша, 2022

Әділ қоғамның қарапайым қағидасы

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақордада Мемлекет басшысы конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты маңызды заңға қол қойды. Назар аударсақ, бұл ресми рәсімнен алты негізгі түйін жасауға болады.

Әділ қоғамның қарапайым қағидасы

Президент биылғы 16 наурыздағы Жолдауында берген уәделерін нақты орындағанын, осылайша мемлекетті демократиялық бағытта алға бастау курсын табанды жалғастыра беретінін көрсетті. Мемлекет пен азаматтар арасындағы сенім кредитін Президенттің өзі қалыптастырып, ашық әрі әділ қоғам құрудың қарапайым да қастерлі қағидасын айқындап берді.

Адам – басты құндылық қағидасы. Демократиялық қоғамның басты құндылығы – адамның құқығы, оның еркін өсіп, дамуы. Ата Заңымыздың алғашқы бабының өзі «Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталады. Конституцияның үштен бірінің өзгеріп, тарихи реформа жасалуы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде үлкен бетбұрыс жасалғанын көрсетеді. Бастысы, мұның бәрі адам үшін жасалып отыр.

Әділдік принципі. Әл-Фараби «Қайы­рымды қаланың өркендеуі үшін бас­ты талаптың бірі – әділдік, бірлік пен жана­шырлықта» дейді. Сократтан бері қарай­ғы ойшылдардың сөз тұжырым түйіні мемлекеттік басқаруда әділдік пен жария­лылық болуы керек екенін айтып келеді. Әділеттілік идеясы – Әділетті Қазақ­станның басты ұраны. Экономиканың әлеу­меттік салаға бағытталуы, әлеуметтік әділдік қағидасының бек орнауы Әділетті Қазақстанның жаңғырған жолы. Президент бүгінгі сөзінде жер және оның байлығы халыққа тиесілі екенін, Ұлттық қорда ана-мен баланың өз үлесі бар екенін шегелеп көрсетті. Бұл да әділдік қағидатының бүгінгі өмірде орындалып отырғанын айғақтайды.

Азаматтық қоғам белсенділігі. Президент өз сөзінде азаматтардың қоғам өміріне белсене араласуы керектігін айтты. Плюрализм, сөз еркіндігі, билік тармақтарының тең бөлінуі – осының барлығы азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Әл-Фараби сөзімен сабақтасақ, «әр адам – мемлекеттің бір бөлшегі, ал сау дене саламатты мүшелерден құралады». Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қоғамдық бірлестіктер, еріктілік, әлеуметтік жауапкершілік туралы заң қабылданды. Қоғамдық кеңестердің әртүрлі деңгейінде белсенді азаматтар еңбектеніп, мемлекеттік шешімдердің қабылдануына тікелей атсалысып жүр.

Жастарға ашылған жол. Қол қойылған алты заңның аясында жастарды қолдаудың нақты қадамы жасалды. Жоғарыда айтылған әділдік идеясы, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрес әлем аядай болған жаhандану дәуірінде өз елінде, құқықтық қоғамда бақытты өмір сүруіне негіз қалады. Бағамдасақ, бұл үлкен қадам.

Инклюзивті қоғам құру. Бұл жай сөз емес. Елдердің дамуы туралы зерттеп жүрген ғалымдар экстрактивті экономиканың мемлекеттерді құлдыратып, инклюзивті, мемлекеттік институттары түгел жұмыс істеген ел өсетінін нақты дәлелдеген. Мемлекет басшысы барлығына тең мүмкіндік беретін қоғам құруды бастады, ендеше оған үн қосу, атсалысу, мемлекетке мен не берем деп қимылдау – ұлт болып өркендеуіміздің алғышарты.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

Ақпарат және қоғамдық даму министрі

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024