
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жалпы, Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары 9 бағыт бойынша түзілген. Әрі қарайғы іс-әрекет осы 9 бағыттың төңірегінде түгенделеді. Кешенді жоспар кедергісіз әрі кешікпей, жүйелі жүзеге асатын болса, облыстың дамуына бағытталған 1,9 трлн теңге инвестиция 2023-2027 жылдары Абай елінің игілігіне жұмсалады. Бұл ретте қаражаттың 515 млрд теңгесі республикалық, 110 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінеді. Ал 1,3 трлн теңге жеке инвестициялар арқылы қарастырылса, қалған 22 млрд теңгесіне Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы қол жеткізеді.
Кешенді жоспардың басым бағыттарының бірі – өңірдегі өнеркәсіпті өркендету. Осы салаға серпін беретін 8 жобаны жүзеге асыру алдағы бес жылдың жоспарына енген. Өңірде тау-кен байыту комбинаты салынса, бұдан бөлек Аягөз ауданында құны 560,5 млрд теңге болатын «Айдарлы» мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру міндеті тұр.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, 2028 жылға қарай облыстағы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1,4 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Ал ауылшаруашылығы өндірісінің көлемі 725,9 млрд теңгеге дейін өсім көрсетуі керек деген болжам айтты.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 100,3 млрд теңгеге 13 жоба іске асырылады. Семей қаласында ет өңдеу комбинаты салынса, Бесқарағай және Жарма ауданында тауарлы сүт фермасының құрылысы жоспарланған. Бұдан бөлек облыстағы суару жүйелерін жаңғырту жайына да көңіл бөлеміз», дейді Н.Ұранхаев.
Инфрақұрылым оңып тұрған жоқ
Абай облысының аумағы – тұнып тұрған тарих. Туризм саласын дамытуға өңірде өзгелерді қызықтыра алатын және баруға болатын киелі жерлер көп. Сондықтан өңір туризмін түлетуге кешенді жоспарда көп көңіл бөлінген. Бес жылда 41 млрд теңгенің 6 жобасын жүзеге асыру көзделген. Бұл ретте Семейде сауда ойын-сауық орталықтары мен қонақүй кешені салынады. Ал дертке шипа, жанға дауа айдынды Алакөлдің жағалауы жаңаша кейіпке еніп, 6,1 млрд теңгеге демалыс базалары бой көтереді. Әлбетте, туризм саласына серпін керек болса, көлік инфрақұрылымын дамыту маңызды. Оның үстіне Абай облысы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Барыс-келіс, алыс-беріске қолайлы. Ресеймен де, Қытаймен де шектесіп жатыр. Бұл – облыс үшін үлкен мүмкіндік. Мүмкіндікті мейілінше тиімді пайдалану үшін күре жолың қауіпсіз, теміржолың тұрақты, әуе жолың әуресіз болуы ләзім.
«Халықаралық көлік дәліздерінің байланыстырушы буындарын ашу және облысымыздың транзиттік-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін кешенді жоспарға 137,8 млрд теңгенің 9 жобасы енді. Мысалы, «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» учаскесінде теміржол салып, құрғақ порт пен логистикалық парк құрып, 2 мың шақырымға жуық автожолды жөндейміз. Осылайша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыздан 98 пайызға дейін артады», дейді облыс әкімі.
Жасыратыны несі бар, облыстың инфрақұрылымы оңып тұрған жоқ. Жағдайы жақсы деп айтуға ауыз бармайды. Абай облысы бойынша инженерлік желілердің тозуы 58,6 пайызды құрайды. Оның ішінде жылу желілерінің 68 пайызы тозған. Су құбырларының да 67-68 пайызы ескірген. Ескіні қашанғы жамап-жасқай бересің. Осыны ескерген облыстық әкімдік өңірдің инфрақұрылымын жақсарту үшін кешенді жоспарға жылу көздерін, электр, сумен жабдықтау желілерін, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларын енгізген. Жоспарға енген кейбір жобалар қазірдің өзінде жүзеге асуда. Мәселен, осыдан жарты ғасыр бұрын салынған Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпірдің жанынан жаңасы салынып жатыр. Сонымен қатар аспалы көпірді қайта жаңарту да ұмыт қалған жоқ. Н.Ұранхаевтың сөзіне сүйенсек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамытуға 732,9 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен кешенді жоспарға Семей қаласында заманауи жылу электр орталығын салу жобасы да енгізілген. Жаңа жылу электр орталығын салуға 481,8 млрд теңге қаражат қарастырылған.
Басым бағыт – әлеуметтік сала
Әлеуметтік саланы дамытуға 194 млрд теңге бөлінген. Абай облысында апатты, саманнан салынған мектептер әлі де бар. Оның үстіне мектеп тапшылығы да сезіледі. Білім ошақтарында 9 мыңға жуық оқушыға орын жетіспейді. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатынан облыста 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп салынады. Бұған қоса 500 орындық оқушылар сарайы да бой көтермек. Абай облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевтің айтуынша, кешенді жоспарда көрсетілген мектеп құрылыстары негізінен ауылды жерлерде салынады.
2028 жылға дейін Абай облысында 7 медициналық нысан салу жоспарда бар. Оның ішінде 400 орындық облыстық көпсалалы аурухана, 300 орындық көпбейінді балалар ауруханасы және облыстық қан орталығының құрылысын айтуға болады. Сондай-ақ 8 мәдениет мекемесін, жүзу бассейнін және 5 спорт модулін салу да кешенді жоспардың еншісіне енген.
Міне, Абай облысының жаңаруына жол ашатын, дамуына дәнекер болатын негізгі бағыттардың бастысы осы. Өңірдің өркендеуі үшін кешенді жоспардың көмегі көп болатынына аға буын өкілдері бек сенімді. «Бесжылдықтың басты құжатын бекітілгенін әсіресе абайлық көзіқарақты қариялар қуанышпен қабылдады. Көз алдымызда Семейдің тозып бара жатқаны жанымызға қатты бататын. Бұл – кешенді жоспар үлкен мүмкіндік. Өз басым қуанып отырмын. 14 мың жұмыс орны ашылады дейді. Жетпей жатқан жоғымызды түгендейтін уақыт жетті. Оң өзгерістер енді басталады», дейді Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әлин.
Ендігі кезекте кешенді жоспардың кедергісіз, кешікпей іске асқаны керек. Ойға алған іс орындалатын болса, Абай облысының жаңарған кейпін, жаңғырған жетістігін көретін күн де алыс емес тәрізді.
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,
журналист
Абай облысы