Спорт • 01 Ақпан, 2024

Үздіктер ұзап кетті

1358 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда өткен жылдың қорытынды рейтингі шық­ты. Бұл мәселеге баса на­зар аударуымыздың се­бебі, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми сайтында жа­рия­ланған сол тізім арқылы биыл Парижде алауы тұта­натын жазғы Олимпия ойын­дарына қай елдің балуандарына қанша жолдама бұйырғаны анықталады.

Үздіктер ұзап кетті

Әңгімеміздің әлқиссасын ерлерден бастайық. Ұзақ уақыт бойы алдына жан салмай жүрген Грузия дзюдошыларының халықаралық додалардағы толағай табысы таңдандырмай қоймайды. Хал­қының саны 3,7 миллионнан әзер асады. Жер көлемі де шағын. Соған қарамастан аталған мемлекеттен жыл сайын мықты ба­луандардың қалың шоғыры шы­ғып жатыр. Қандай жарысқа барса да, олар үнемі үздіктер қатарынан көрінеді. Дәл қазіргі кезде жеті салмақ дәрежесінің екеуінде грузин жігіттері әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап тұр. Олар – Лука Майсурадзе (90 кг) мен Илья Суламанидзе (100 кг). Сондай-ақ алдыңғы лек­те жүргендердің санатында жа­пониялық Рюдзю Нагаяма (60 кг), Денис Виеру (66 кг), әзербайжандық Хидаят Гейдаров (73 кг), бельгиялық Маттиас Кассе және тәжікстандық Темур Ра­химов (+100 кг) сынды белді балуандар бар. Міне, жеті салмақ дәрежесінің серкелері осылар.

сми

Қазіргі кезде Топ-10 дзюдо­шы­сының қатарына Грузияның – 8, Өзбекстанның – 6, Жапония, Моңғолия, Әзербайжанның – 5, Бразилия мен Францияның – 4, Оңтүстік Корея, Канада, Ресейдің – 3, Испания, Украина, Молдова, Италия, Тәжікстан, Израиль, Ку­ба, Нидерландтың – 2, Тайпей, Бель­гия, Швейцария, БАӘ, Фин­ляндия, Түркия, Мажарстан және Сербияның 1 саңлағы еніп отыр. Жалпы, IJF-тің мықтылар тізімінде барлығы 26 мемлекеттің өкілі бар.

Өкініштісі, бағы жанып тұр­ған 27 мемлекеттің қатарына қосылуға Қазақстанның бірде-бір балуанының күш-жігері жетпеді. Ал­пауыттарды айтпағанда, спорт­тық ареналардағы қарсыласымыз  Өзбекстан бізді шаңына да ілес­тірер емес. Бүгінгі таңда ала та­қиялы ағайындардың алты балуа­ны – үздік ондықта. Бұл – өте керемет көрсеткіш. Күні ке­ше ғана қазақтарға қызыға әрі қыз­ғана қарап жүрген Тәжікстан мен Молдованың да тасы өрге домалап тұр. Қос елдің әрқайсы­сынан екі спортшыдан үздіктер қатарына енуі – жоғарыда ай­тылған сөзіміздің айқын дәлелі. Ол аз десеңіздер, молдовалық Де­нис Виеру мен тәжік Темур Рахимовтың өз салмақ дәрежелері бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұр.

Ал Қазақстан жайында не ай­туға болады? Отандық дзюдоның деңгейі жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны белгілі. Мәселен, жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткішке Мағжан Шам­шиддин қол жеткізіп отыр. 60 кг салмақта сынға түсіп жүрген Сыр бойының сайыпқыраны 12-орынды иеленген. Дәл сол сал­мақта белдесетін Нұрқанат Серікбаев – 19 және Елдос Сметов 35-орындарға табан тіреді. Осы үш өреніміздің арасынан Париж Олимпиадасына кімнің баратыны алдағы уақытта өтетін бай­рақты бәсекелер барысын­да анықталады. Ақиқатқа жүгін­сек, әлемдік рейтингте кім жоға­ры тұрса, сол ғаламдық до­да­ға қатысуға тиіс. Бұл жерде еш­кімнің атақ-даңқы мен тамыр-та­ныстығына, беделі мен болмы­сына және осыған дейінгі жетіс­тігіне қараудың еш қажеті жоқ. Негізінде ұлттық құрама бапкерлері осы принципті қатаң сақтауға тиіс. Бірақ Олимпия ойындарының дүбірі естілген тұста түсініксіз жағдайлар мен қи­тұрқы әрекеттер орын алып жат­са, оған да еш таңданбаймыз.

66 және 73 кг салмақ дәреже­ле­рінде күш сынасатын Ғұс­ман Қырғызбаев пен Данияр Шәмшаевтың да аяқалысы жаман емес. Ғұсман – көпті көрген сақа спортшы. Жасы 31-де. Осыдан екі жыл бұрын Будапештте өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Данияр 22 жаста. Былтыр ол Астанада ұйым­дастырылған Азия чемпионатында барлық қарсыласын иппонмен ұтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бірақ биылғы маусымда Қырғызбаев пен Шәмшаев жарқын жеңісімен өз жанкүйерлерін қуан­та алмады. Бұл күндері IJF рей­тингінде Қырғызбаев – 14 және Шәмшаев 16-орынды еншіледі. 81 кг салмақтағы Абылайхан Жұ­баназар мен 100 кг салмақта айқасып жүрген Нұрлыхан Шер­хан дәл межеден көрінді.

Үздіктер тізімінде Жансай Смағұлов (73 кг) 27-орынды иемденсе, Дидар Хамза (90 кг) 31-сатыға тұрақтады. Бірақ олар­дың Парижге бармайтыны анық. Себебі кезінде Азия ойындарының жеңімпазы атанып, екі бірдей Олимпиадада бақ сынаған Дидар кейінгі жылдары өзі қатысқан жарыстарының барлығында же­ңіліс тапты. Сәтсіздіктің шыр­мауынан шыға алмағаннан кейін 26 жастағы саңлақ үлкен спорттан қол үзетінін ресми түрде мәлімдеді. Ал жасы 31-ден асқан Жансайға уақыт озған сайын жалынды жастармен алысып-жұлысу қиындап барады. Қазіргі кезде ол да татамимен қош ай­тысуға қамданып жүр.

Бүгінгі таңда Топ-50-лікке жо­ғарыда есімдері аталғандардан бөлек, мына жерлестеріміз енді: Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) – 29-орын, Ерасыл Қажыбай (+100 кг) – 39-орын, Ислам Бозбаев (100 кг) пен Әділ Оразбаев (+100 кг) – 43-орын және Бауыржан Нарбаев (60 кг) – 49-орын. Өзге дзюдошылардың қарқыны тым бәсең. Олар Олимпия ойын­да­рының жолдамасынан әлдеқашан күдер үзген.