Пікір • 12 Маусым, 2024

Мемлекет бағ­да­ры­ның басты идео­логемасы

200 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері» атты мақаласында дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Әділетті Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасының мән-мағынасын жан-жақты айшықтап берді.

Мемлекет бағ­да­ры­ның басты идео­логемасы

Мұнда автор «Әділетті Қазақ­стан – баз біреулер айтып жүр­гендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идея­лық негізі» екендігін ерек­ше атап өтеді. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан» идеясының басты бес тұжырымға негізделгенін айта келіп, олардың әрқайсысының әртүрлі кезеңде саяси өмірге бір­тіндеп енгізіліп келе жатқан­дығына қоғамдық өмірден нақты дәлелдер келтірген.

Мақалада ең алдымен Әді­летті Қазақстанның идеоло­гия­лық тұғырнамасының басты қағидаты – «әділдік» ұғымы туралы: «Әділдік дегеніміз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен, құ­қық­тар мен міндеттерді бәрі­не бір­дей бөлу», делініп, оның қоғам­ның сұ­ра­нысына да, мем­лекет­тің ұста­нымына да сай келе­тіні ай­шық­­талған. Сөйтіп, «әділ­дік» деген ауқымды ұғым осы идео­ло­гия­ның арқауына, ал «Әділетті Қазақ­стан» деген түсінік мемлекет бағ­да­ры­ның басты идео­логемасына ай­налды» деген тұжырымға келеді.

Әділетті Қазақстанның идео­ло­гиялық тұғырнамасының не­гізгі қағидаты болып саналатын «әділдік» ұғымына мақа­ла­да берілген түсініктің Ұлы дала тұлғаларының ұлағат­ты, қағидатты ілімдерімен сабақ­та­сып жатқанын көруге болады. Шығыстың ғұлама-даныш­паны Әбу Насыр әл-Фараби «Қайы­рым­ды қала тұрғындары» атты шығармасында мемлекеттің өркендеуі үшін әділеттіліктің үлгілі идеяларын ұсынған еді. Отырарлық ойшылдың «әділет­ті­лік дегеніміз – бұл ең алдымен қоғамдағы адамдардың үлесіне тиетін ортақ игіліктердің бөлінуі және бұдан кейін олардың арасына бөлінген сол игіліктердің сақталуы» деген анықтамасы ма­қалада айтылған әділеттік жө­­ніндегі түсінікке толық сәй­кес келетінін анық көруге болады. Сонымен қатар ойшыл әділетсіз қоғамда адам тағ­ды­ры, оның рухани жетілуі, олар­дың арасындағы қарым-қаты­настардың бәрі саудаға түсе­тінін ескертеді. Бақытқа қол жет­кізудегі тұтыну талабын адамдар жеке даралықта емес, әділетті әкім ұйымдастырған көпшілік арасында, яғни қоғамда жүзеге асырады. Сол заманның көрнек­ті ақыны және ойшылы Жүсіп Баласағұн «кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе ретінде «ізгі іс пен әділдікті» атап, «бұл арқылы адам шын бақыт табады» дейді. Сөйтіп, түркі дәуіріндегі екі ойшылдың да тұжырымы бо­йын­ша елде әділетсіздік жойылып, әділеттік орнағанда ғана игілікке қол жетіп, қоғамда бақыт орнайтыны тұжырымдалады.

Мақалада «Әділетті Қазақ­стан» идеологемасының іске асырылу саясаты басты бес тұжы­рым­ға негізделгені айқындалған. Олар: «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат».

Әділетті Қазақстанның идео­ло­гиялық тұғырнамасын жүзе­ге асыруда маңызды тетіктің бірі – «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет», ал оның мәнісі – мем­лекет қызметшілерінің ел-жұртпен тығыз байланыста болып, олар­дың мұң-мұқтажын тыңдай білу екендігі айтылған. Әл-Фараби «...қайырымды қаланы әділетті билеуші басқару керек. Ол қайырымды іс-әрекеттер ғана жасайды. Кез келген тұлға қоғамның алдындағы қызметін абыройлы атқарып, кемел атаққа ие болу керек». Осы орайда ойшыл болашақ қайырымды іс пен мемлекетке адал қызмет жасайтын азаматтарды баулу мәселесіне ерекше көңіл аударатындығын байқауға болады. Ол әділеттілік – қайырымдылықтың негізі мен мазмұнына айналу қажеттігін уағыз­дайды. «Ел басқарудың алғаш­қы ізгілікті сабағы қалалар мен халықтар арасындағы ізгілікті тұр­­мыс салты мен ізгілікті қабі­лет­тер­ді орнықтыруды, олар­ды жан-жақты насихаттауды және мә­де­ниетсіз өмір салты­ның келең­сіз көріністерінен сақтануды қам­тамасыз ететін іс-әрекеттерден тұратынын» ескер­теді.

Хакім Абай әділетті тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет ретінде қарастырған. «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде:

«Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет-шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,

Біте қалса қазаққа.

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа?» – дейді. Көріп отырғанымыздай, ойшылдың білуінше, адамға бақыт қонуының басты шарты – әділеттің иесі болу. Әлемдегі орасан қаржылық дағдарыстар да, белгілі бір мемлекеттегі ұлт­тық байлықтың толығынан халық­тың игілігіне айналмауы да әділет­сіздіктен туындайтындығы анық.

Мақалада өзекті тұжырым­ның бірі ретінде «Заң және тәртіп» аталып, оның қоғамда әділдік орнатудағы рөлі айқын­далған. Заңды мүлтіксіз сақтау, бар­шаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты болатындығы көрсетіледі. Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанының басты идеясы – мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Билікті дұ­рыс құрудың бірінші шарасы – заңды дұрыс жасай білу және оны дұрыс қолданудың барлық мүм­кіндігін қарастыру. Жүсіп Баласағұнның бұл ойларынан «заңның жалпы­ға бірдей міндеттілігі» қағидатын сол кездің өзінде-ақ күн тәртібіне қойғандығы байқалады. Әділ заңмен басқарылса қара халық та билеушінің соңынан ереді, дейді.

Бұл жерде Ж.Баласағұнның:

«Екі нəрсе елдің бағын ашады,

Заң мен сақтық – ел тұғыры қашанғы...» – дегенін келтірген орынды. «Құтты білік» мемле­кеттік билікті заңмен реттеудің нақ­ты қолданбалы жолдарын көр­сетіп береді. Оның осы тұрғы­дағы пікірлері мен ұсыныс­та­рының маңызы мен құндылығы қазіргі заманда да төмендеген жоқ.

Данышпан Абай да заңның үстемдігін қажет деп санады. Егер ол әділ заң болса қоғамды, адамды дұрыс жолға салуға болатынына сендіреді. Мұны Отыз жетінші қарасөздегі: «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деп, ой толғайды.

Мақаладағы бесінші тұжы­рым – «Адал азамат» ұғымы «Әділетті Қазақстанды кім қалып­­тастырады?» деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұрты­мыз­дың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Осы ретте айта кету керек, Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші оты­рысында: «Адал азамат» жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам» деген қағидалы сөзін айтқан еді. Осыған орай, отаршылық бұғауында болған қазақ еліндегі көріністерді Абай өзінің Он бірінші қарасөзінде: «Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр», деп сынай отырып, өз заманындағы адал еңбек пен адал табыс таба алмай, жалған бақыт іздегендерді ойшыл нақтылы мысалдармен келтірген.

Мақалада аталған жалпы­құн­ды­лықтар туралы Ұлы дала тұлға­ларының ілімдері олар­дың ғылыми танымының тереңдігін, әлеумет жөніндегі ой-қағидаларының кемелдігі мен іргелілігін анық көрсетеді. Сондықтан қай заманда болсын қоғамның алға ілгерілеуіне олар негіз бола алады. Ендеше, «Әділетті Қазақстанның идеоло­гема­сының да жүзеге асуы­на бұл ілімдер әдістемелік тұрғы­дан маңызды қызмет ететіні анық. Сондықтан мақалада айтыл­ғандай, «жалпыұлттық құнды­лық­тарды әдістемелік тұрғыда негіздеу бірден нәтиже бермесе де, стратегиялық жағынан алғанда әлдеқайда тиімді» екен­дігінің ақиқатына ерекше көңіл аудару қажет.

Мақаланың басты түйіні – жалпыұлттық құндылықтардың бір тұжырымдамаға бірік­ті­ріліп, ұлттың жаңа сапасын қа­лыптастыруға мүмкіндік бе­ретін идеологиялық бағыт-бағ­дарымыздың бірыңғай жүйе­сінің жасалынғаны, ал мұның өзі сайып келгенде, қазіргі таңдағы ұлттық идеямыздың «Әділетті Қазақстан» екендігіне көз жеткізу.

 

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҰҒА құрметті академигі