Ең алғаш «Апамның астауы» арқылы қол бұлғаған балаң армандар есейе келе «Қар қызы» болып шақырды. «Ауыл хикаяларының» ішіне таңырқай кіріп, сол Зарқұмар ата, Иғаң, Биғаң мен Нина апайлар сынды ауылдың сан алуан мінезді аңғал да ақжарқын адамдарының боямасыз өмірлерін өзіміз де кешіп жүргендей әсерленіп, кітаптың соңғы бетін ерекше тебіреніспен жапқанымыз әлі есте. Кей сәттері қаланың бірсарынды қытымыр тірлігінен жалығып, ауылды аңсап, ата-әжемізді сағынған кезде де көкірегімізге тұнған сары сағынышты сұлу сырлы суреткерге, қаламгердің «Ауыл хикаяларына» оралу арқылы басатынбыз. Міне, осылай, суреткердің әр туындысын қолымызға алып, өзіміз де сол шығарма кейіпкерлерімен бірге өмір кешіп, бірге қуанып, бірге мұңайғанбыз. Шығармаларының шынайылығынан болар, Шығыстың талғампаз табиғаты, кербез Алтайы мен маңғаз Мұзтауы өмірбақи сол аймақта ғұмыр кешкендей таныс болып алғаны. Шырайлы Шыңғыстай жерін көзбен көрмесек те, қасиетті топыраққа табанымыз тимесе де, сұлулығына тамсанып, әсемдігіне бас иер екінші туған жерімізге айналып үлгергені қашан. Міне, осы арман бізді талай мәрте Шығысқа бағыт бұрғызып, Шыңғыстайға шақырғаны...
Әйтпесе өр Алтай мен маңғаз Мұзтау туралы талай қаламгер жазды ғой. Бірақ не құдірет екен, дәл Орағаң шығармаларындай есте қалып, жадымызда жатталғаны сирек. Өйткені Орағаң қара сөзбен жырлады. Ақ өлең болып төгіліп кете беретін стиль даралығы оны үнемі жүректерге жақын ететін. Есіңізде ме, Шерхан Мұртазаның «Оралхан еске түскендегі елес пен ойлар» деген әйгілі естелік-эссесі бар ғой. Сондағы мына бір жолдарды еске түсіріп көріңізші: «Лениншіл жасқа» қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім. Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап, былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы, жанын ұғып-білу жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған. Әйтпесе сол құмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы. Шопан үйі, қойы, иті, т.б. Ал Оралханның көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені тұңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен. Әдебиет пен әуен – егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры, музыкасы жоқ әдебиет – көркем әдебиет емес».
Міне, дөп сөз, тура баға! Оралханның стилі сонау Антика дәуірінің алыптары: Эсхил, Софокл, Еврипидтердің, бергісі У.Шекспир, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтің қара өлеңмен өріліп кете берер жазу өрнегімен арналас. Айтар ойын ақ өлеңмен төгілтер Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин үнімен өзектес. Негізгі бастауын да сол арнадан алады. Жүсіпбек Аймауытұлының құнарлы көркем тілі мен кейіпкерінің психологиялық күйін берудегі сұңғылалығының исі Оралхан Бөкей туындыларынан да аңқып сезіліп тұрса, Бейімбет Майлиннің жазушы шығармашылығына белгілі дәрежеде әсері болғандығын қаламгер қолтаңбасынан аңғару қиын емес. Қос жазушының кейіпкер сомдаудағы және оны ашудағы ұқсастықтарымен қоса, кейіпкерлерінің сөз бастауларынан да үндестікті көруге болады. Мәселен, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесіндегі кексе жолаушының «Сіз білмейтін шығарсыз, жас болдыңыздар ғой» дейтін сөйлемі мен Оралханның «Сіз білесіз бе, әй, қайдам, сіз білмейтін шығарсыз» деп келетін тіркестер – Б.Майлиннің О.Бөкейге рухани әсерінің айғағы. Сол секілді екі жазушының кейіпкер іс-әрекеті арқылы оның психологиясын берулерінде де көптеген ұқсастық бар.
Оралханның кейіпкерлері кітаптың қызыл сөзіне бармай, артық сөйлеп, жасанды ділмарсымай, өмірдің өзіндей қарапайым да шынайы тіл табысады. Оқиға ауанына қарай әңгіме өрбітеді. Мәселен, «Қасқыр ұлыған түнде» аталатын хикаятындағы қыз бен жігіттің мына бір әңгіме өрбіту әдісін алып қарайықшы. Алтайдың аязды қысында суық автобуста тоңып отырған Нұрлан мен Арай есімді жас жолаушының диалогі мынадай:
«...Менің осындай мүшкіл халімді сезді ме, қыз:
– Пима киіп шықпаған екенсіз, – деді.
– Сол құрғырың жоқ қой.
– Не? Ақша ма, пима ма?
– Екеуі де.
– Түрмеден босап шығып па едіңіз? – Әзілдеді ме, шыны ма, айыра алмадым...
– Ә, түсінікті. Бұдан былай есіңізде болсын, Алтай – Алматы емес, қатал».
Әңгіме осылай жалғасып кете береді. Оқып отырып әрі жағдайға қанығасыз әрі қызық сұрақ пен қызық жауапқа еріксіз жымиясыз. Екеуара өрбитін диалогтің толымсыз формаға құрылғанына қарамастан, бәрі орнында, әңгіме де, сөз де мағынасын жоғалтпаған. Күнделікті сөйлесуді берген диалогтері ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздермен, ретіне қарай көбінесе қысқа, шағын сөйлемдермен келеді. Соның нәтижесінде Алтайдың саршұнақ аязында дірдек қағып, берекелері қашып отырған адамдардың бұл сөз саптасы ешқандай әсірелеу, қоспасыз нанымды шыққан. Сөз оқиға атмосферасын көз алдыңызға келтіреді.
Жалпы, Оралхан Бөкей қолтаңбасы тіл құнарымен, сөз саптау ерекшелігімен ғана дараланбайды, Оралхан әлемі оқиға дамыту динамикасы мен сюжет құрудағы оқиға сонылығымен, кейіпкер сомдаудағы таным тереңдігімен де айрықша есте қалады. Жазушының әр кейіпкері – өзінше бір жұмбақ кеңістік. Ал Оралханның өзі – кілті әлі табылмаған оқшау әлем, түпсіз терең тұңғиық. Біз Сізді іздеп жүрміз...