Әдебиет • 13 Желтоқсан, 2024

Аруана жетектеген пәруана

191 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін жаңа мазмұнға көшуге тура келетін секілді. Бір қарағанда мұнымыз басы артық талап сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бүгінгі әдеби өмірдің шындығы осы екенін мойындауымыз керек. Бұл тұрғыда қаламгерлеріміз екі майданда қатар жұмыс істеп жатыр деуге де болады. Бірі қайткенде де ұлтқа ұнау, екіншісі әлемге танылу.

Аруана жетектеген пәруана

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Дулат Исабеков өз шығармалары­ның шет тілдерге аударылуына байланысты мына бір жайтты айтып еді. Олар Дулат ағамызға «Біз соғысты көрген жоқ­пыз» деген атау екіұштылау. Одан гө­рі кітабыңыздың атын «Соғыстың ба­­ла­­лары» деп қойғанымыз дұрыс», - десе керек. Ал енді ойланып көріңіз. Шы­нында да «Соғыстың балалары» деген та­қырып өтімдірек сияқты. Әлемде соғыс­тың кесірінен жазым болып жатқан бала­лардың тағдыры алаңдаушылық тудыруда.

Осындай бір жайт жақында жас жазушы Бақытгүл Сәрмекованың да алдынан шықты. Оның ағылшын тіліне аударылған кітабының атын ішіндегі бір әңгіменің атына өзгерткен. Ақырында кітабы «Ақындарың құрысын» деген атпен шыққан. Бұл жерде ұлттық менталитет пен модерндік ойлаудың қайшылығы анық көрініп тұр. Міне, әлем әдебиеті бізді осылай өз шарттарымен қабыл­дап жатыр. Әрі ол шығарманың атын өзгертумен ғана шектелмейтін тәрізді.

Енді не істеуіміз керек деген сұрақ туады. Меніңше әдебиет ескірмейді, бірақ жаңарады. Қазақ әдебиетінің қазіргі жағдайында осы ұстаным дұрыс.

Әйтпесе, әдебиетімізде басқаларға түсініксіз өзіміздің интригаларымыз да жеткілікті. Мәселен, соңғы жылдары Жошы ұлысына қатысты тақырыптар қайта көтерілді. Бұл Қазақ хандығы­­ның 550 жылдығы мен Жошы ұлысы­­ның 800 жылдығын атап өтудегі мем­леке­ті­міздің саясатын қолдауға ұласты. Мұнда саяси шешімдермен бірге әде­би интри­галар да бар екенін естен шығар­мауымыз керек.

Мысалы, Дулат Исабеков «Бөрте» лиротрагедиясын жазды. Жазушы «Бөр­тені туған топырағына әкелдім» деді. Соның өзі біз үшін интрига. Оны ше­телдіктер түсінбеуі мүмкін, бірақ біз жақ­сы түсінеміз. Айтайын дегенім, Дулат аға­мыз лиротрагедия арқылы осы тақы­рып­ты әлемдік, адамзаттық масштабқа алып шыға алар еді.

Бірақ барлық жерде «драма» деп қана жазып жүр. Өз басым одан батырлар жыры мен лироэпостық жырлардың арасындағы айырмашылықты көрем. Содан «бұл лиротрагедия» деп, арнайы мақала да жаздым. Егер жарнамасы мен афишасына да «лиротрагедия» деп көр­сет­­кенде, бүгінгі күннің идеяларына жа­қындай түсер еді. Себебі қазір қарусыз кәрі-жастың құрбан болып кетуі, ана мен баланың өлім-жітімге ұшырауы соғыс­ты­ бастаушылардың бетіне салық болып отыр.­ Осындай кезде жаугершілік заман­ды әйел-аналардың көзімен беру ұтымды тәсіл болған сияқты.

Бұл идея Маралтай Райымбекұлы­ның «Аруана» поэмасында жалғасын тапты. Күні кеше ғана қойылған «Хан-Сұлтан. Алтын Орда» опералық спектаклі де осы бағытта туды. Бірақ басқа дүниелер қаһармандыққа көбірек ойысып кетіп жатыр. Ал қаһармандық пен батырлық бүгінде әлем әдебиетінде өтімді тақырып ретінде қарастырылмайды. Соғыс атау­лыдан соншама қасірет шеккен адамзат қырып-жоюшылықты жабайылық деп қана түсінеді. Соған қарағанда әлем әдебиетіне тек гуманистік идеялармен ғана жол сала алатын секілдіміз.

Ал енді қаһармандық тақырыбына үйреніп қалған өз оқырманымызды қай­теміз деген сұрақ туады. Олар еш­қайда көшіп кеткен жоқ қой және көне та­қы­рыптардан жаңа сюжеттер күтіп отыр. Сонымен біздің интригамыз қандай?

Уағында Мысырды билеген бабамыз Бейбарыс сұлтанның сарайына осы Маралтай сияқты арса-арса, бидай өңді, белін қынай буынған бір жаушы кіріп келіп, әуезі құлаққа жағымды бір тілде құсша сайрап сөйлеп беріпті. Сұлтан Бейбарыс та еш мүдірместен сол тілде тебірене жауап қайырған екен. Уәзірлері қайран қалып: «Сұлтан, көзіңізде жас тұр, жаңағы тілді қапысыз түсінген сияқ­тысыз, ол сізге не айтты?» деп сұ­рапты. Жатжұрттың тағында отырған сұл­тан мен оған алыс өлкеден іздеп бар­ған жаушының қай тілде сөйлескенін іші­ңіз сезген де шығар-ау. Мұны ойдан шы­ғарғамыз жоқ, арабтардың ауызша таралған романдарынан алынған. Марал­тай міне, сол тарихты бізге Бейбарыс пен Қисса-диннің махаббаты арқылы жақындата түсіп отыр.

Күнделікті өмірде «аруана» деген сөз­ді көп қолдана бермейміз. Себебі ол қоғамдық өмірімізде сирек айтылатын сакралды ұғымды білдіреді. Сакрал­ды ұғымдар әлем әдебиетінде құрметті орын­да десек қателеспейміз. Оның зұ­лым­дыққа қарсы символдық мәні де бар. Өкі­нішке қарай, төл әдебиетімізде сак­ралды ұғымдарды ұлттық ерекшелік ретінде көрсете алмай келеміз. Көбінесе осы «аруана» секілді атаулармен ғана шектелеміз. Әйтпесе, бір ғана сакралды ұғым төңірегінде туындаған шетел әдебиеті мен киносының үлгіле­рін көрмей, білмей, оқымай жүрген жоқпыз.

Әрине, сакралды орын ретінде Сарайшық та ақынды тебірентпей қой­майды. Адам қолымен жасалған мекен сак­ралды дүние болып санала ма, санал­май ма, ол басқа әңгіме. Бірақ Марал­тай «Аруана» поэмасында қала­мына іліккен нәрсенің бәрін сакралды дүниеге айналдыруға талпынады. Оның ішінде Бейбарыс пен Қисса-дин қанат­ты сөздермен асыл сезімдерін білдіріп хат жазысып сынасатын қыш құмыра да бар.

Осы қатарда поэмадағы ақынның да, оқырманның да жүрегін бүлк еткізетін бір желіні айтпай кете алмас едік.

Тірісінде Әмірхан Балқыбекті мына заманға адасып келіп қалған ғұлама­лар­дың сарқытындай көретінбіз. Марал­тай «Аруана» поэмасында оны өз аты-жөнімен құла жирендей кісіне­тіп, үйі­ріне қосыпты. Мысырдан Сарай­шық­қа жөнелтілген көш-керуеннің ішінде Әмірхан Балқыбек есімді бір оқымысты жүр!

Қазір әлем әдебиетінде көркем шы­ғар­маға интеллектуал кейіпкер қосу сәнге емес, мұратқа айналған. Не негізгі, не қосалқы кейіпкерлердің бірі интеллектуал болып шығуы заңдылық дер едік. Себебі солардың заманы туып, бар әлем солардың аузына қарап отыр. Осы ретте Маралтай тарихи шығар­маға оқымысты тұлғаны орайын келтіріп сәтімен қосқан. Әрі замандастары жақ­сы білетін оқымысты кейіпкер мына төмендегі шетін мәселені түзеу үшін де керек болған тәрізді.

Ілияс Есенберлиннің тарихи сананы көркем сюжеттермен оятудағы еңбегі ұшан-теңіз. Алайда «Алтын Орда» романында Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның ұлы, Батудың туған інісі болып келетін Беркені кеңестік идеологияның құрбаны етіп жібереді. Берке – Шыңғыс хан ұрпақтарының арасында ислам дінін қабылдаған бірегей тұлға. Оның осы ісін өзі тұрғызған мешітінің қабырғасына тұт­қын сәулетшінің қолымен әйелдің суре­тін салғызып тәлкек қылады. Ол аздай хан сарайына құл-құтандар ұрланып кіріп, Беркені әтек қылып тастайды. Ма­ралтай Райымбекұлының «Аруана» поэ­масында осы шіркеуді бетімізден сылып алып тастағандай күй кештік, қысқасы.

Кеңестік идеология хан-сұлтан­дарымызды жеккөрінішті етіп суреттеуге мәжбүр етті. Қазір оның орнын әлемге танылам десең, тарихыңды ман­сұқта деген жалған түсінік басты. Әлем әдебиетінде сондай тенденция бары рас, бірақ ол жаңа еңсе көтеріп келе жатқан ұлт үшін абыройлы іс емес. Егер интрига керек болса, біздің қым-қуыт тарихымызда оны ойлап табудың да қажеті бола қоймас. Айтайын дегеніміз, әдебиет үшін тарих әлдеқашан жазылып қойған, жазылмаған тек шындықтар, махаббаттар, адами сезімдер ғана.

Осы көрген «Хан-Сұлтан. Алтын Ор­да» либреттосы да қаһармандық драма емес. Шерлі де әсерлі поэтикалық туынды. Мұның алдында жазылған «Аруана» поэмасымен үндес шыққан дүние. Екеуі екі шығарма болса да, Берке ханға қа­тысты бір тақырыпқа бірінде анасы, екіншісінде қызы арқылы тереңдеп барғанын байқаймыз. Көзіңе тақ тала­сынан басқа ештеңе көрінбейтін заманда Беркені аналық махаббатымен қор­ғаған Хан-Сұлтан қалай десеңіз де бұл та­қырыптағы жаңа образ. Ал «Аруана» поэмасындағы Мысырды билеген қан­дасымыз Бейбарысқа ұзатылған Қисса-дин хикаясы адамзаттық аманат арқала­ған туын­ды дер едік. Қазір әлемге адамзат бас­тан кешіп жатқан қасі­реттердің сырын ашатын, аяушылық тудыратын, аяулы сезімдерді оятатын шығармалар керек.

Маралтай эмоциясы басым, агрес­сивтіліктен ада, ізгілікті жырлауға бе­йім пәруана ақын. Біздің дертіміз сол, мұндай жақсы ақындар қазақ ортасында ғана қалып қояды. Басқа түгілі Мұқағалиды да шетелге таныта алмай отырмыз. «Аруана» поэмасында да қазақ оқыса болды деген ниет бай­қалады. Әйтпесе, бүгінде шетелде жоғары бағаланатын ізгілікті идеялар мұнда да бар. Бір елдің сұлтаны мен екінші бір елдегі хан қызының құмыра­ға қанатты сөздермен хат жазысып сезімде­рін білдіруі сирек құбылыс. Бәлкім, таусылмас қанды жорықтардың шежіресі­нен психологиялық тұрғыдан да шарша­ған өркениетті әлемге қажетті жаңа маз­мұн осы болар. Ал «Аруана» қиссасында­ғы Мысырдан шыққан көш-керуенде ең қымбат қазына – кітап артылған қос­пақ­ты жетегіне алған Әмірхан Балқы­бек бейнесі ақынның өз арманы да шы­ғар, кім білсін. Бірақ аруанасын жетекте­ген пәруана ақын әншілер мен спортшы­лардай бейбітшілік елшісі де бола алмай, қаһарлы билеушілердің жүрегіне ізгі­лік дәнін сепкен қазақ ақыны ретінде әлем әдебиетінен лайықты орнын да ала алмай, өз аспанынан басқа жұрттың көгінде жұлдыз болып та жарқырап жана алмай өтетіні өкінішті, әрине. Маралтай бұл поэ­масымен өзін онсыз да жақсы көретін қазақ оқырманының көңілінен шыққан болар. Маралтай қазір үлкен жүкті мойнына алып, кемел дүниелер жазып жүр. Піскен, толған, толысқан шағы. Алайда әлем әдебиетінің айдынына шығуға бір жігер жетпейтіндей көрінеді де тұрады. Аруана жетектеген пәруана ақын көшелі де көркем бір көшті бастап, Мойынқұм құмына сіңіп кете беретіндей елестейді. Маңдайына пәруана болу ғана жазған бұл тағдыр қалам ұстаған бәрімізге ортақ емес пе?! Жазатынымыз «аруанадай» сакралды тақырып, кешетініміз пәруанадай тасмаңдай тағдыр!

Абай заманында да солай болған, Мұқағали ғасырында да солай болды, енді Маралтайлардың дәуірінде де солай болмақ па?! «Жоқ!» дейді ішіміздегі тә­уелсіз бір дауыс, әлемге танылуға тал­пынуы­мызбен бірге әдебиетіміздеде жаңа бір тыныс ашылуға тиіс. Онда тақырып қана өзгермейді, не әлем өзге­реді, не біз өзгереміз! Бәлкім осы соң­ғысы ақылға қонатын шығар. Ендеше жұлдызқұрттары жыпырлаған құс жолында аруана жетектеген пәруаналар кетіп бара жатса, еш таңғалмаңыз дегіміз келеді.