• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2011

Асқаралы асуларға – әділ баға

455 рет
көрсетілді

Биылдан бастап еліміз алдағы негізгі бағыттарын айқындап алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 3 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлаудағы айқын жеңісі мемлекетіміздің қарқынды дамуының айқын көрінісі болды. Сай­лау­шылардың 90 пайызға жуығының сайлауға қатысып, олардың 95,55 пайызының Тұң­ғыш Президентке дауыс беруінің өзі еліміздің одан әрі жасампаздықпен дамуына алғышарт жасап, Қазақстан халқының бірлігін, жарасым тапқан келісімін көрсете білді. Бұл сайлаудағы жеңіс – тәуелсіз елдің 20 жыл ішінде алған асқаралы асуларына берілген әділ баға. Ата Заңымызға сәйкес Елбасы қызметке кіріскен соң, Қазақстанның жаңа Үкіметі тағайындалды. 17 сәуір, жексенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкі­мет­тің кеңейтілген мәжілісін өткізді. Бұл мәні өте зор басқосу болды. Ол жиналысқа Парламенттің қос палатасының депутат­та­ры, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» ХДП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылары, об­лыс әкімдері қатысты. Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Ел­ба­сы баяндама жа­сады. Үкіметке, салалық министрліктерге нақты тапсырмалар берді. Айқындалған міндет­тер­дің орындалуы біз үшін өте маңызды екендігін атап көрсетті. Үдемелі индустриялық-инно­ва­ция­лық бағ­дар­ламаны орындау Үкіметтің алдындағы басты міндет болып қала беретіндігін айта келіп, оны қалай жүзеге асырудың жол­да­рын нақтылап берді. Еліміз үшін қоғамды алға бастыратын инновациялық бағдарламалардың рөлі ай­рықша. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осы жылдың 1 шілдесіне дейін инно­вацияларды қолдауға қатысты мәсе­ле­лер бойынша жедел ұсыныстар әзірлеу міндетін жүктеді. Бүгінгі таңда Қазақстан да, әлемнің басқа елдері де инновацияға, жаңа технологияларға ерекше көңіл бөліп отыр. Ел келешегін ойлайтын болсақ, иннова­ция­лық технологияны меңгеруіміз қажет. Елбасы осы бағыттағы ілгерілеудің негізгі нүктелері ретінде Алматы жанындағы Ақпараттық технологиялар паркі мен жаңа университетті атады. Осы ойын жалғас­тыр­ған Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры барлық ұлттық компаниялар алдына инновациялық жобаларды енгізу жұмыста­ры­мен айналысу міндетін қоюы керектігін, әрбір министрлік пен ведомствода иннова­циялық бағыт бойынша келешек дамулары туралы жоспарлары болуы шарт екенін айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке қолға алынған индус­трия­лық жобаларды жүзеге асыру ісін белсенді түрде жалғастыруды, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді, көктемгі егісті дұрыс жүргізуді ескерте отырып, атқарушы биліктің әлеуметтік сала мәселелеріне ерекше мән беруі тиіс екенін жеткізді. Елдің экономикасын дамытуға ықпал ететін саланың бірі – инвестиция тарту. Ол ел бай­лығын арттыруға, халықтың әл-ау­қатын жақсартуға жағдай жасайды. Соны­мен бірге, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Елбасы мемлекетіміздің Эко­номикалық даму және сауда министрлігін респуб­ли­камыздағы бар­лық министрліктердің жұ­мыс­­та­рын үйлестіретін орталық ретінде қарастырылуы керектігін айтты. Сондықтан Эконо­микалық даму және сауда министрлігіне орта бизнеспен айналысатын «Даму» қоры берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, экономика саласында көп­теген жобалар бар. Биылғы жыл­дан бастап бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіп­орын­дар­ды модернизациялау тұрғысынан қай­та жаң­ғырту ісі қолға алына­тын болды. Елбасы өз сөзінде бүгінгі таңда әлемде, әсіресе, азық-түлік ба­ға­сының өсіп отырғанын айта келіп, өз елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерімен ха­лық­ты толық қамтамасыз ете алаты­ны­мызды айтты. Осы салаға инвестициялар тарту ар­қы­лы даму жолына шығуымызға анық болады. Бұған Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар. Халықтың әл-ауқатын одан сайын жақ­сарта түсетін жағдай жасалуы керек. Ол үшін үлкен жұмыстар атқарылмақ. Президент осы жолғы сөзінде жақсы бір жаңа­лықты жария етті. Елбасы: «Таяу бес жыл­да Қазақстан азаматтарының табысы жоғары елдер тобына енуі қажет. 2016 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққан­дағы көлемі кемінде 15 мың АҚШ доллары­на жетуі тиіс. Бұл үшін экономикамыз жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсет­кі­шімен дамып отыруы қажет етіледі», – деді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жер байлығын тиімді пайдалану, жаңа кен орын­дарын ашу, геологиялық жұмыстарды жүр­гізу мәселелеріне көңіл аударды. Мысалы, біздің қазір әр өңірде шығарып жатқан өнімдеріміз Кеңес Одағы кезінде табылған кен орындарынан алынуда. Сондықтан қазір жаңа ұлттық компания құрып, жер байлы­ғын барлау жұмыстарын жүзеге асырған жөн. Елбасы ядролық технологияға ерекше тоқталып өтті. Бізге атом саласының жоға­ры технологиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Атом энергетикасы агенттігін құру қажеттігін айтты. Әрине, қауіпсіздік шарасы бірінші орында тұру керек. Елімізге, хал­қымызға, даламызға ешқандай зияны келмеуі тиіс. Әуелі мұның ғылыми жағын терең зерделеп алған жөн. Осы кезге дейін ғы­лым­ның дамуы кешеуілдеп қалды. Алдағы уақытта бұл іске ғалымдарды белсенді түрде тарту керек. Қай уақытта да ғылым­ның жетістігі мен өндірістің өнім шығаруы қатар дамып отырса, оның өзара үйлесім тауып, тиімділік жағы да мол болмақ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы үшін энергия сақтаушы технологияны пай­да­ланудың маңызды қадам екенін мәлім­деді. Бүгінгі таңда озық елдер энергия үнем­деумен айналысып, үлкен жетістіктерге жетуде. Жаңа технологияның арқасында жылу ұстайтын әйнектер, іштегі жылуды жібермейтін ғимараттардың қабырғалары сапалы екендігін дәлелдеп отыр. Еуропа мен Азия елдерінің арасында Қа­зақстанның қолайлы география­лық орна­ла­суы жаңа ғасырда еліміздің транзиттік әлеуе­тін арттырып отыр. Енді соның мол мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алсақ, қол жеткізер жетістіктеріміз анағұрлым көп бол­мақ. Батыс пен Шы­ғыс­тың арасын жал­ғап жатқан ежелгі Жібек жолын қазіргі заман тала­бы­на сәйкес қайта жаңғырту, сол арқылы елімізді халықаралық эко­но­микалық сауда жолының үлкен дәліздерінің біріне айналдыру – Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған маңызды страте­гия­лық мақсаттары­ның бірі. Президент көлік дәліздерін дамыту бойынша өңірлік, мемле­кетаралық ынтымақтастықты, әсіресе, инте­грациялық келісім аясында белсенді дамыту жолдарын нұсқады. Мемлекет басшысы еліміздің орта және кәсіптік білім беру ісін дамыту мәселесіне ерекше мән берді. Астанада ашылған Назарбаев университеті қазірдің өзінде үлгі болып отыр. Қазақ жастары шетелге бар­май-ақ, өз Отанымызда әлемдік білім қай­нарынан сусындауға мүмкіндік алды. Елімізде білім саласына баса көңіл бөлініп отыр. Жиналыста «Болашақ» бағ­дар­ла­масымен шетелде оқып келген жас­тарымызды лайықты жұмыспен қамту мәселесі қозғалды. Бүгінгі таңда кәсіптік-техникалық колледждерге үлкен маңыз берілуде. Жастары­мыз бір-бір мамандықтың иесі болып, на­рық заманында лайықты жұмыс орнын тауып, бір кірпіш болып қалануы қажет. Ол үшін кәсіптік-техникалық оқу орындары­ның білім беру деңгейін анағұрлым жоғары көтеруіміз керек. Биылғы 28 қаңтарда жария еткен Жол­дауында Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланғанын айта келіп, жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін Үкіметке ин­весторлардың, бизнес-қауым­дастықтары­ның, қазақстандықтардың кү­шін біріктіруді тапсырды. Елбасы: «Бейбітшілік пен жасам­паз­дықтың 20 жылы» – біздің мерейтойымыздың ұраны осы. Тәуел­сіздік жылдарында Қазақстан жолының – бостандық, бірлік, тұ­рақтылық, өркендеу секілді ар­қау­лық құндылықтары қалыптас­ты­рыл­ды», – деп өз ойын түйіндеген болатын. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Оған бірлігі мен келісімі сақталған, ынтымағы жарасқан ел ғана жетеді! Бауыржан СМАЙЫЛОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты.